KZ RU

ЖАҢА НӨМІР

ОҚУ

×
×
Выделенный текст:
×

Ұлы іс отбасынан басталады

Тәуелсіздік: халық бірлігі мен ұлттық қасиет

Тәуелсіздік – ең алдымен қазақ халқының бостандыққа ұмтылған асқақ армандары мен қайсар рухының жемісі. Сондықтан да біз үшін Тәуелсіздік күні – ең қастерлі күн.
Мәдениет
2018-12-12

Бүгінде тәуелсіздіктің туын тігіп, егеменді ел іргесін бекемдегеніне де ширек ғасырдан астам уақыт өтті. Осы мерзім ішінде өзімізді-өзіміз тәуелсіз ел ретінде әлемнің түкпір-түкпіріне таныттық. Оның бір дәлелі, 2010 жылы Еуропадағы қауіпсіздік пен ынтымақтастық ұйымына төрағалық етуіміз – әлемдік қауымдастықтағы беделіміздің өскенін нақты айғақтағаны сөзсіз. Өйткені, Қазақстан – Орталық Азиядағы көшбасшы мемлекет ретінде халықаралық саяси оқиғаларға белсенді қатысып қана қоймай, батыл бастамаларымен көзге түсуде. Одан кейін 2011-жылы елімізде VII Қысқы Азия ойындарының туы желбіреді. Төрт жылда бір келетін дүбірлі доданы да зор абыроймен атқарып шықтық. Қазақ спортшылары намысты қолдан бермей, тәуелсіз ел болғалы алғаш рет жалпы командалық есепте бірінші орын алды. Ал, әлемдік және дәстүрлі дін лидерлерінің съезі дін көшбасшыларының басын қосып, ашық үнқатысуға шақырғаны дүниежүзілік ынтымақтастыққа жол ашты деп білеміз. Еліміздегі діни ахуалдың тұрақтылығы – ішкі және сыртқы қауіпсіздіктердің, бірлік пен татулықтың жемісі, бейбітшіліктен артық құндылық, тыныштықтан артық рахат болмайтынын әрбір саналы адам бағамдаса керек. Сондықтан да, Қазақ елі – әлем халықтарының да бейбітшілікте, келісіммен өмір сүргенін қалайды. Астана мен еліміздің барлық өңірлері күш жұмылдырғанының арқасында «ЭКСПО-2017» көрмесі де ойдағыдай аяқталды. «Болашақтың энергиясы» аясында озық идеялар мен технологиялардың дамуына түрткі болған және әлемде ғылымның өзара ықпалдастығын нығайтуға септігін тигізген көрменің бірқатар жағымды тұстары орын алды. Осы жетістіктердің барлығы Ұлт көшбасшысы Н. Ә. Назарбаевтың сарабдал саясатының арқасы екенін мұқым қазақстандықтар біледі.

Елбасы тәуелсіздік таңы атқан алғашқы күннен бастап ұлтаралық келісімді, ел бірлігін басты қағида ретінде ұстанып келеді. Жүзден астам ұлт пен ұлыстың басын біріктерген Қазақстан халқы Ассамблеясының дүниеге келуі осыған айғақ. Жалпы, Президенттің әлемдік деңгейдегі парасат-пайымына, саяси аренадағы беделіне, тиянақты шешім қабылдаудағы көрегендігіне, ат тепкендей есеңгіреген экономиканы өркендету жолындағы тиімді саясатына, уақыт талабына қарай ойластырылған әдіс-тәсілдеріне, стратегиялық ұстанымдарына қапысыз сенген қазақстандықтар үнемі қолдау білдіріп  келе жатыр. Ел тізгінін сенімді қолға тапсыруының нәтижесінде  ел жаңарды, дәулетіміз толыса түскенін айқын аңғарудамыз. Көзге көріне бермейтін кедергілерді  байсалды саясаттың арқасында жеңіп, еңсере білдік. Әлемдік тарихта мұндай жағдайды Сингапурдың әлемдік беделін нығайтып, оның Азиядағы жетекші ел ретінде қалыптасуы үшін орасан күш-жігер жұмсаған Ли Куан Ю тұлғасынан көруге болады. Сингапурды тәуелсіздік алған жылынан басқарған Ли Куан Ю тағдыры Қазақстанмен ұқсас бұл мемлекетті таңғажайып табыстарға жеткізді. Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті тәуелсіз ел мүддесі үшін және оның өркенді жолмен дамуына қажетті деген небір өте ауыр реформаларды тиімді жүргізе білді. Тіпті, қажет болған жағдайда төтенше шаралар қолдануға да барды. Өзіне сенім артқан, жауапкершіліктің бар жүгін өзіне ғана артқан халқына сенді. Істеп жатқан ісінің бас сарапшысы деп тек халқын ғана таныды. «Сынға назар аудармаңдар! Егер біз табысқа жетер болсақ, халық бізге баға береді, сол кезде барлық сын бос сөз болып қалады да, біз үстем болып шығамыз. Табысқа сеніп жұмыс істейік, табыс сонда келеді», – деп айтудан танбаған Елбасы сол кезде өзінің серіктестерін жігерлендіріп, қанаттандырып отырған.

Сөз арасында айта кетейін, сонау 1994 жылы астананы Сарыарқа өңіріне көшіру жөніндегі ұсынысы жұртшылық үшін күтпеген жәйт болды. Себебі, халқымыз ауыр кезеңді бастан өткеріп жатты. Экономикалық дағдарыс та жан-жақтан қыспаққа алып тұрды. Дәл сол бір қиын-қыстау кездері астананы көшіру жөніндегі Елбасының бұл бастамасын батылдық пен батырлық демеске және де амалың жоқ. Жаңа әсем астананы тұрғызуы Елбасының модернизациялық жобасының басты табысының символына айналып, ерке Есіл бойында бой көтерген кербез қала – жаңа дәуірдің шаһары бола алды. Биыл жиырма жылдығы аталып өткен еліміздің бас қаласы төрткүл дүниені тамсандырған тарихи құбылысқа айналғаны ақиқат. Арқа төсіндегі сәні мен салтанаты жарасқан елорда бүгінде озық идеяларды, жаңа ғылыми шешімдер мен сәулет өнерінің озық үлгілерін өмірге әкелетін жерұйық іспеттес.

Шынында да, мемлекеттің тәуелсіздігін қалыптастыру кезеңінде бір де бір мемлекет басшысы мұндай түбегейлі батыл қадамға барғаны тарихта болған емес. Осы орайда Ұлыбритания  үкіметін 1979-1990 жылдары басқарған Маргарет Тэтчер  Елбасының бұл қадамын құптап: – «Мемлекеттердің іргесін салған негізін қалаушылар әрдайым дерлік қалыпқа сыймайтын тұлғалар болып келеді, ал Нұрсұлтан Назарбаевты толық мәнінде осы санатқа жатқызуға болады. Мұндай көшбасшылар өздеріне қатысты түрлі үйлесімдегі қауырт сүйсініс секілді даңғаза сынды да туындатуы мүмкін. Президент Назарбаев Қазақстанды бүгінгі шыққан биігіне жеткізу үшін батылдық пен сақтықтың үйлесімін пайдаланды. Экономика мен қоғамның ашықтығына ұмтылды, ол сөйтіп Қазақстан үшін халықаралық ұйымдарда айтарлықтай беделге  қол жеткізді»,– деп оң баға беріп жазған еді.

Сондай-ақ, Елбасы мемлекеттік тілдің дамуына да ерекше мән беріп келеді. Біз – озық елдердің қатарына мемлекеттік тілімізбен енуіміз керектігін баса айтқан болатын. Осыған байланысты: «Дауға салса, алмастай қиған, ойға салса, қорғасындай балқыған, өмірдің  кез-келген орайында әрі қару, әрі қалқан болған, әрі байырғы, әрі мәңгі жас, отты да ойнақы ана тілінен артық, қазақ үшін бұл дүниеде қымбат не бар екен!- дей келе, «Қазақстанның болашағы - қазақ тілінде», деп ой қорытады. 

Қазақ тілі – бұл Қазыбек, Төле, Әйтеке сынды билер, Жамбыл, Абай, Мұхтар сынды әлемге әйгілі данагөйлер сөйлеп өткен тіл. Ол бай ауыз әдебиетінің, би-шешендерінің, даналардың дарасы – Абайдың тілі. Сөзді сүйектен өткізіп, өң бойынды шамырқандыратын да, санаға түрлі ой салдыратын да, шешендік сөзбен құмарыңды қандыратын да, ентелеп келген дұшпанды ымыраға келтіретін де, батырды намысын жанып, «Отан үшін отқа түсіретін де» тіл емес пе?!.. Өз тілімізді құрметтеу арқылы ғана өзге тілді де, оның мәдениетін де қадірлейміз.

Қазақ тілінің жаңа деңгейге, халықаралық дәрежеге шығуына жол ашатын бірден-бір жол – латын әліпбиіне көшу. Себебі, түбі бір түркі халқының ортақ дүниесі бұл. Рухани, ғылыми, мәдени, экономикалық қарым-қатынасты, тығыз байланысты нығайтып, компьютерлік жаңа технологиялар арқылы халықаралық ақпарат кеңістігіне енуге тиімді мүмкіндіктер ашылады. Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты іргелі мақаласында жарияланған бұл мәселе басты жобалардың біріне айналып отыр. Сонымен қатар, бəсекеге қабілеттілік, ұлттық бірегейлікті сақтау, өткеннен сабақ ала отырып, болашаққа нық қадам жасай білуге шақырған, ұлттық санамызға серпіліс берген бағдарлама өскелең ұрпақ үшін қажет дүние деп айтуға толық негіз бар. Өйткені, тілімізді, ұлттық мүдделерімізді насихаттайтын да, өзімізді-өзгелерге танытатын да, өскелең ұрпақ! Бұдан бір жарым ғасыр бұрын Шоқан бабамыз: «Халықтың кемеліне келіп, өркендеу үшін ең алдымен, азаттық пен білім керек» деген екен. Азаттыққа қолымыз жетті. Енді тәуелсіздік туын биік тұғырға асқақтатқан еліміздің бүгіні мен ертеңі, тынысы мен тіршілігі ендігәрі оның ең басты қазынасы – Қазақстан Республикасы азаматының біліміне, біліктілігіне тікелей байланысты болып отыр.

Кезінде Конституциясын АҚШ жазып берген Жапония, білім алу үшін жастарын шетелге жіберді. Экономикасы мығым, ғылыми технологиялардың озық тұсын зерделеген жапон жастары алған білімдерін өз елінде бөлісіп, кәдеге жаратып, Жапонияны әлемдегі ең мықты елдердің біріне айналдырды. Әрқашан ізденіп, білім алуға, ғылым үйренуге құлшыныс танытқан біздің жастар да, Елбасы бастамасымен құрылған «Болашақ» бағдарламасы арқылы әлемнің түкпір-түкпірінде білім алып жатыр. Нәтижесі де жоқ емес. Бірқатар болашақ түлектері қазіргі таңда ел дамуына үлестерін қосып, қызмет атқаруда.


Мен – қайсар қазақтың парасатты пайымына сенемін! Біздің халқымыз адалдық пен әділдікті паш еткен мерейі үстем, ұрпағы ұлағатты жұрт болатыны сөзсіз. Тәуелсіз елдің ұланы әрі құрдасы ретінде, еліміздің бәсекелестікке қабілетті дамыған елдердің қатарына қосылуы үшін өз үлесімді қосуға қашан да дайынмын.

Надандықтың емі – білім, тәкаппарлықтың емі – имандылық, яғни, мейірім, бауырмалшылдық. Олай болса ағайын, ойымыз түзу, ниетіміз таза болғай!

  Дидархан Құрманғазыұлы

Біз сіздермен «Otbasym.kz» порталындағы басты жаңалықтармен бөлісіп отырамыз