KZ RU

ЖАҢА НӨМІР

ОҚУ

×
×
Выделенный текст:
×

Ұлы іс отбасынан басталады

Басқа ұлтқа қыз бермеу дәстүрін қатты ұстанып келеміз

Кезінде Германияның Кельн қаласына Стамбулдан қоныс аударған қандасымыздың бүгінгі тыныс-тіршілігін білмек мақсатында болған сұхбатты ұсынамыз.
Мерейлі отбасы
2018-04-12

Менің аты-жөнім Шұғайып Ерроглы. Қазақша Ерболұлы болады. Шүркейде қазақтардың қоныстаған Алтай бауырындағы ауылда дүниеге келгенмін, 16 жасымда Германияға қоңыс аудардық. Міне содан  бері 40 жылдан астам Германияда тұрамын. Отбасымда Асқар, Жәнібек, Айгүл атты 3 балам бар.

Қазіргі қызметіңіз қандай?

Германияда «Форд» зауытында жұмыс істеймін. Бүгінгі таңда қарап отырсам, жұмыс жасағаныма 39 жыл болыпты. «Форд» алып зауыттардың бірі. Машинаның түр-түрі осы зауыттан шығады.  Алла нәсіп етсе, зейнеттік демалысқа да шығып қаламын.

Еуропадағы қазақтармен байланыстарыңыз қандай?

Кельнде қазақтар бұрыннан тұрады.  Түркияға барған қазақтар Еуропаға кеткен сәтте, ең алдымен, осы Кельнге келіп қоныстанғаны мәлім. Германияның бұл қаласы қазақтар көп тұратын аймақтың бірі. Қазақтардың бір-бірімен қарым қатынасы жақсы. Өзіміз біріге отырып,  «Қазақ мәдени орталығын» құрғанбыз. Орталыққа бәрі мүше. Жиын- тойларды басшылық өз мойнына алған. Тойларда біз қазақтың қара домбырасымен қазақша ән айтып, күй тартамыз.

Кельнде шамамен қанша қазақ отбасы бар?

Енді Кельнде біз танитын Шүркейден келген 148 отбасы тұрады.  Қазақстаннан неміс азаматтарына үйленген студенттер де бар, солармен де жақсы араласамыз. 200-дей отбасы деп айтуға болады.

Өзіңіз құрылтайларға қатысып тұрасыз ба? Еуропада өтіп тұратын Кіші құрылтайлардың маңызы қандай?

Жалпы Еуропада 10 қазақ қоғамы бар. Мәселен, Франция, Англия, Германияда қазақ қоғамдары жұмыс істеп жатыр. Әр жылда сол мемлекеттердің мекемесі құрылтайды міндетті түрде өткізеді. Біздің тарапымыздан кем дегенде 60-70 адам барады. Өткен жылы Жастар конференциясын өткіздік. Алдыңғы жылы Голландияның Амстердам қаласында өтті. Ендігі кезекте біздің Кельн қаласы қабылдауға дайын. Соған қызу дайындық үстіндеміз.

Осы Кельнге Түркиядан көшіп келіп жатқандар бар ма?  Жалпы қанша пайызды құрайды?

148 отбасы дегенімнің жүз пайызы Түркиядан көшіп  барғандар. Ал енді Қазақстаннан келген отбасылар 60%-ға жуық.

Қазақстанға оралғандар бар ма?

Қазақстанға көшіп келгендер жоқтың қасы. Енді зейнетке шығып біржола барам дегендер болмаса, қазақтардың көпшілігі  Кельнге келіп дүкен ашты. Бизнестері осында деуге болады.

Қазақтардың жағдайы қандай? Жұмыс барысы, оқу жағы қалай?

Енді Германияда осы күнде жұмыссыздық көбейіп кетті. Экономикасы да әлсіреуде десек болады. Оның үстіне қазір үлкен зауыттарда дағдарыс. Әлемде жеңіл көлік өндірісі де тұрақсыз. Машина алатын адамдардың саны азаюда. Енді біздің бұрынғы қазақтарымыз жұмыс тапса, сол орында тұрады, ал жастар жоғары оқу орнын бітірмесе, жұмыс табу оларға қиындау. Сондықтан қазақ балаларының бәрі жақсы оқып, білімді болғысы келеді. Өйткені бұрынғыдай сауда ғана емес, оларды өз білімі асырайтындығына көздері жетуде. Германияда тұратын басқа ұлттармен салыстырсақ, қазақтардың жағдайы жақсырақ.

Қазақтардың ертеден келе жатқан дәстүрі бар. Ол басқа ұлтқа қыз бермеу және қыз алыспау. Осы дәстүр әлі күнге сақталып келе жатыр. Айтып отырғанымдай, 148 отбасының ешқайсысы да неміске қыз беріп, олардан қыз алған емес.

Еуропада туған қазақ жастары шетелде алған білімін атажұртына келіп пайдасына жарату жағын ойластыра ма?

Әрине, ол жағын ойластырады, бірақ әлі бұл жерге ешкім келген жоқ. Біздің қазақта біреу бір істі қолға алса, екіншісі де соған дем беріп, соны қайталауға даяр тұрады ғой. Енді жастар Қазақстанға келіп қызмет істесе, оған мүмкіндіктер өте көп. Алайда Германияда да жастарымыз жұмыссыз емес, жоғары оқу орнын бітіргеннен кейін міндетті түрде жұмысқа орналасады.

Жағдайымыз жақсы дегенмен, атамекеннің ауасы бөлек қой. Туған жерге келу ойда бар ма?

Әрине, осы жерде бір баспанамыз болсын дейміз. Германияда туыстарымызбен бірге Қазақстанға ораламыз деп жоспарлағанбыз. Алдымен табыс табайық деп бір кішігірім бизнесті қолға алдық. Алматының іргесіндегі Ұзынағашта бастаған істі әрі қарай дамыта алмадық.  Жергілікті жердің заңын білмегеніміз кедергі болды. Дегенмен  келешекте зейнетке шыққан кезде осы жерге  келуді армандаймыз.

Отбасыңызда қай тілде сөйлесесіздер?

Үй-ішінде жастар неміс, түрік тілдерінде сөйлеседі. Бірақ қазақ тілін түсінеді. Мен өзім отбасымда көбінесе қазақ тілінде сөйлеймін. Кельнде түрік тілі қазақ тіліне ұқсас болғаннан кейін, мұнда  бәрі түсінеді. Жастарға қазақ тілін үйрету мақсатында қазақ елшілігінен кітаптар әкелінді, сол оқулықтардың арқасында үйреніп жатыр.   Қызығушылық өте жоғары. Мұндағы бұрыннан тұрып келе жатқан жасы үлкендер де осы орталыққа барсақ дейді. Болашақта оларды жастарына қарай екі уақытқа бөліп оқытуды қолға алмақпыз.

Әңгімеңізге рахмет.

Сұхбаттасқан: Еркін Шәкірұлы

Біз сіздермен «Otbasym.kz» порталындағы басты жаңалықтармен бөлісіп отырамыз