Ұлы іс отбасынан басталады
Тәрбие – өмірдің өзі сияқты күрделі де көп қырлы. Еңбекке тәрбиелеу, патриоттық, эстетикалық, адамгершілік, құқықтық, дене тәрбиесі т.б. Осы айтылған тәрбие жалғыз әрекет етпейді, ол айтылған тәрбие түрлерімен бірігіп, адамзат құндылығын қалыптастырады. Барлық тәрбиенің өзегі – патриоттық тәрбие. Осы орайда, патриоттық тәрбиенің негізі отбасында, білім беру мекемелерінде, еңбек ұжымдарында, қоғамдық ұйымдарда қалыптасатынын ескеріп, бір бағытта жүйелі жұмыс жүргізу қажет.
Еліміздің одан әрі дамуы, жалпы мемлекеттің тағдыры оның азаматтарының тілегі мен саналы іс қимылына олардың отаншылдық сезіміне де байланысты екені ақиқат. Жас жеткіншектерден бастап үлкендерге дейін өз ұлтына сүйіспеншілігін ояту мақсатында ұлттық руханиятқа баулу, ғылым, өнер, спорт әлеміне жетелейтін телебағдарламалар түсіріліп, балалар әдебиетін көбейткен абзал. Қазақ халқының табиғатпен үндестігі, шешендігі, батырлығы сынды тамаша қасиеттерін әрбір ұрпақ бойына сіңіру үшін әр отбасы, әрбір ата-ана өз ұрпақтарын ана тілімен сусындатып, бала тәрбиесін балдырған кезден бастау, яғни, М. Әуезов: «Ел боламын десең, әуелі бесігіңді түзе» дегендей, бала тәрбиесін отбасы, балабақша, мектеп болып жан-жақты ұштаса отырып, ұлт болашағының тәрбиесін қолға алу керек.
Бала тәрбиесіндегі алғашқы ұстаз — ата-ана. Бала үшін үй ішінен, ата - анадан артық тәрбиеші жоқ. Адамгершілік, бауырмалдық, татулық, қайырымдылық, әдептілік, инабаттылық сияқты қасиеттер —балаға сөзбен, теориямен дамымайды, үлкендердің үлгісімен сіңеді.
Біз сіздермен «Otbasym.kz» порталындағы басты жаңалықтармен бөлісіп отырамыз