Ұлы іс отбасынан басталады
Тарих, саясаттану, социология, философия, психология, мәдениеттану, дінтану,лингвистика, медиа, экономика, менеджмент, кәсіпкерлік, инновация ғылымдары бойынша студенттерге толыққанды білім беру үшін алдағы бірнеше жылда әлемдегі ең жақсы 100 оқулықты әр түрлі тілдерден қазақ тіліне аудару жоспарланған. Маңызды жоба аясында оқулықтардың аудармасына тікелей қатысқан мамандарды сөзге тартқан едік. Солардың бірі - журналист, көркемсөзші, филология ғылымдарының кандидаты Есенгүл Кәпқызы.
Есенгүл Кәпқызы, осы оқулықтарды аударуға қанша уақыт кетті?
Ол кітаптың көлеміне, тілінің күрделілігіне байланысты болды. Мәселен, өзім тікелей аудармасына қатысып, жауапты редакторы болған С. Тер-Минасованың «Язык и межкультурная коммуникация» кітабының аудармасын маусым айында бастап, қазан айына дейін жасадық. Шамамыз келгенше, «Ұлттық аударма» бюросы белгілеген графиктен қалмауға тырыстық. Екінші кітап – «Медиа этиканың» редакторлық жұмыстарына да шамамен 3 айдай уақытымызды жұмсадық.
Көбінесе қай тілдерден аудардыңыздар?
Былтыр аударылған 18 кітаптың ішінде орыс тілінде бір ғана кітап болды. Бізге сол орыс тіліндегі кітапты аудару бұйырған екен. «Медиа этика» ағылшын тілінде болды.
Термин сөздерді аудару мәселесі қалай шешілді?
Әрине, аударма барысында бізді қинағаны да тығырыққа тірегені де термин мәселесі болды. Тіпті Терминком қабылдаған, бірақ жалпы халықтық қолдауға ие болмаған терминдердің өзін аса сақтықпен пайдалануға тура келді. Мәселен, «носители языка» деген тіркестегі «носитель» деген сөз терминкомның бекітуімен «иелмен» деп қабылданып кетіпті. Бірақ біз оны қабылдамадық. Сол секілді терминдердің бір ізге түспеуі – әркімнің өз нұсқасын ұсынуы, ол нұсқалардың жалпыхалықтың түсінуіне қиын болуы – біраз тер төгуге тура келді. Сол себепті терминдерді біріздендіруде істейтін жұмыстар көп екеніне көзіміз жете түсті. Осы ретте айта кететін бір мәселе – қазақ тіліндегі электронды сөздіктерді көбірек жасау қажеттігі. Әрине, біз олардың жасалғанынан, интернетке орналастырғанынан хабардармыз. Бірақ, аударма барысында ол сөздіктерді интернеттен таппадық. Бәлкім, қолжетімді ресурстарға орналастырып, іздеу жүйесінде табылуын оңайлату қажет шығар. Сондай-ақ, үш тілді фразеологиялық сөздіктер мен мақал-мәтелдердің түсіндірме және балама сөздіктерін жасау керек. Өйткені, мақал-мәтелдерді сөзбе-сөз аудару мүмкін емес қой. Ал тілдің жілігін шағып, майын ішкендер олардың бір-бірімен мағыналастарын тауып, түсіндірмесін қоса жасаса, аудармашыларың жұмысы біраз жеңілдер еді.
Бұл оқулықтар бұған дейінгі аударылған оқулықтардан несімен ерекшеленді?
Біріншіден, оқулықтардың барлығы – түпнұсқадан, жазылған тілінен аударылды. Бұған дейін аудармалардың басым көпшілігі – орыс тілі арқылы жасалатын. Құдайға шүкір, бізде өзге тілдерден қазақ тіліне тікелей аударатын, аудара алатын мамандар тобы қалыптасқан екен. Екіншіден, бұл оқулықтардың халықаралық дәрежеде жоғары сұранысқа ие болуына көбірек маңыз берілді. Яғни, ол оқулық өзі жазылған тілінде бірнеше рет басылған болуы керек. Үшіншіден, қазақ тілінде дәл осындай көлемде гуманитарлық саланың оқулықтары бұрын-соңды аударылмаған екен. Төртіншіден, бұл қазақ тіліндегі ғылымның дамуына өз септігін қосатын болады.
Оқулықтар неше дана болып шықты? Сұраныс қандай?
Оқулықтардың әрқайсысы 10 мың данадан басылып, Қазақстаннң түкпір-түкпіріндегі кітапханалар мен оқу орындарына тегін таратылып берді. Сатылымға шығарылған жоқ. Электронды нұсқасымен де танысуға мүмкіндік бар. «Қайдан алуға болады?», «Қаншадан сатылады?» деген сауалдармен хабарласқандар өте көп болды. Бірақ, өкінішке қарай, кітаптар сатылмайды.
Бүгінгі күні АҚШ, Ресей, Ұлыбритания және Швейцарияның ең үздік деген алғашқы 18 еңбегі аударылып, жоғары оқу орындары мен кітапханаларға таратылды. Бұл оқулықтардың алғашқы легі А.Байтұрсынов атындағы Қостанай мемлекеттік университетіне жетті. Оқулықтарды оқу жүйесінде қолданып жатқан мамандардың бірі де өз пікірін білдірген болатын.
Амангелді Шурентаев, А.Байтұрсынов атындағы Қостанай мемлекеттік университетінің аға оқытушысы, ЕҰУ докторанты :
Қазіргі таңда оқулықтар университеттің білім беру үдерісіне енгізіліп, оқытушылар мен студенттер сабақ барысында пайдалана бастады. Мәселен, журналистика мамандығы бойынша білім алушылар Ли Энн Пек және Гай С.Рилдің «Медиа этика» оқулығын «Медиаменеджмент», «Журналистиканың құқықытық негіздері» пәндері бойынша, М.Ломоносов атындағы Мәскеу мемлекеттік уиверситетінің профессоры С.Тер-Минасованың «Тіл және мәдениетаралық коммуникация» еңбегін «Бұқаралық коммуникация және халықаралық қатынастар» пәнін оқыту бағдарламасына енгізілді.Елбасымыз айтып өткендей «Рухани жаңғыру» бағдарламасы жастардың болашағы үшін іске асырылып жатыр, сондықтан бұл оқулықтар студенттер мен жас мамандардың білімі мен біліктілігін жетілдіруге, жалпы қазақ ғылымы дамуына жаңа серпіліс беретініне сенімдімін.
Сымбат Талғатқызы
Біз сіздермен «Otbasym.kz» порталындағы басты жаңалықтармен бөлісіп отырамыз