KZ RU

ЖАҢА НӨМІР

ОҚУ

×
×
Выделенный текст:
×

Ұлы іс отбасынан басталады

Отбасы – ұлттың тірегі

15 мамыр –Халықаралық отбасы күніне орай, ҚР Парламенті Сенатының депутаты, Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссия мүшесі Динар Жүсіпәліқызы Нөкетаева отбасы тәрбиесі, құндылықтары туралы ойымен бөлісті
Мерейлі отбасы
2019-05-15

Отбасы шағын мемлекет. Отан отбасынан басталады. Отбасы – табиғат сыйлаған құндылықтардың бірі, әрі мемлекеттің тірегі. «Отбасында адам бойындағы асыл қасиеттер жарқырай көрініп, қалыптасады. Отанға деген ыстық сезім – жақындарыңа, туған-туысқандарыңа деген сүйіспеншіліктен басталады» деген Тұңғыш Президентіміз – Елбасы Н.Ә. Назарбаев Қазақстандағы «Отбасы күнін» белгілеп әр жыл сайын қыркүйек айында атап өтілуі де тектен-тек емес деп ойлаймын.

Соңғы жылдары елімізде отбасы тәрбиесі, құндылықтары мәселесіне мемлекеттік деңгейде көп көңіл бөлінуде. Бұл қызметте Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссияның алатын орны ерекше. Комиссия бірнеше жылдан бері отбасы мүдделерін қорғау, әйелдердің елдің саяси, әлеуметтік, экономикалық және мәдени өміріне қатысуы үшін қажетті жағдайларды қамтамасыз ету мақсатында жұмыс жасап келеді.

Отбасы – адам үшін ең жақын әлеуметтік орта. Отбасы белгілі дәстүрлердің, жағымды өнегелердің мұралар мен салт-дәстүрлердің сақтаушысы. Отбасында бала алғаш рет өмірмен, қоршаған ортамен танысып, мінез-құлық нормаларын игереді. Отбасы баланың азамат болып өсуінің негізі болып табылады.

Адамның жеке басының алғашқы қалыптасуы отбасынан басталады. Оның ер жетіп өсуі, бойындағы алғашқы адамгершілік белгілер отбасында қалыптасады, сондықтан да туған үйдің жылуы – оның көкірегінде көп жылдар бойы сақталып, мәңгі есінде жүреді. Ақын сөзімен айтқанда: «Отбасы – табиғат сыйлаған кереметтердің бірі», - десек артық емес. Жеке адамның бойындағы ар-ұяты, ақыл-ойы, адамгершілігі, басқа адамдармен қарым-қатынаста, мәдениеттілікті тәрбиелеуде отбасы алғашқы қадам. Сондықтан, отбасы өте қажетті, басқадай ешнәрсемен өзгертуге болмайтын баспалдақ. Отбасы – сыйластық, жарастық орнаған орта. Отбасы – бала тәрбиесінің ең алғашқы ұжымы.

Отбасының ең маңызды қызметтерінің бірі – тәрбиелеушілік міндеті, оны қоғамдық тәрбиенің ең тиімді деген жүйесі де алмастыра алмайды. Оның негізгісі – баланы өмірге келтіру ғана емес, сонымен бірге оған әлеуметтік-мәдени ортаның құндылығын қабылдату, үлкендердің тәрбиесін жас ұрпаққа жеткізу, бойына сіңіру, яғни балаларын өздерін қоршаған ортаға және қоғамға пайдалы азамат етіп өсіру әке-шешенің ең маңызды міндеті. Ата-ананың, басқа да отбасы мүшелерінің өмір сүру тәжірибесі, жүріс-тұрысы, өз міндеттерін таза атқару, бір-бірін құрметтеп сыйлауы – бәрі де үлкен мектеп, тәрбиелік мәселе. Қазақ халқының отбасы тәрбиесіндегі өзіне тән жарасымдылықтың бүгінгі күні құлдырауға ұшырауына байланысты қоғамда бірқатар керітартпа әрекеттердің пайда бола бастағанын байқауға болады.

Олардың бірі қазіргі тұрмыс құрған жастардың ажырасуға деген бейімділігі. Елбасы Н.Ә. Назарбаев Жастар жылының ашылу рәсімінде сөйлеген сөзінде «Жастарды жаңа әлеуметтік рөлдерге және отбасылық өмірдің шынайылығына дайындау қажет. Мұны орта мектептердің жоғары сыныптарынан бастау керек. Ана институтын қолдаумен бірге әке институтын дамыту, жасөспірімдерде өз отбасына жауапкершілік сезімін қалыптастыру маңызды. Отбасылық қатынастардың барлық аспектілері бойынша қолжетімді психологиялық және консультациялық көмекті қамтамасыз ету қажет. Отбасылардың ажырасуы біздің ерекше алаңдаушылығымызды тудыруда. Ғалымдар, қоғам, бұқаралық ақпарат құралдары бұл мәселеге елеулі назар аударуы тиіс.» – деп атап өткен болатын.

Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінің ақпаратына сәйкес, 2016 жылы елімізде 140 840 неке тіркеліп, 51 775 неке бұзылған, 2017 жылы 141 785 неке тіркеліп, 54 948 неке бұзылған, ал 2018 жылы 138 876 тіркеліп, 54 859 неке бұзылған. Бұзылған некелер сәйкес жылы тіркелген некенің 2016 жылы 36,8%-ын, 2017 жылы 38,7%-ын, ал 2018 жылы 39,5%-ын құраған. Жыл сайын ажырасу санының ұлғаю үрдісі байқалады. Мәселенің күрделісі, 2018 жылдың ішінде шаңырақтары шайқалған 109 мыңға жуық адамның 80 пайызға жуығында балалары бар.

Отбасы – баланың әлеуметтенуінің алғашқы факторы. Толық емес отбасында, бұл процесс отбасының қалыпты құрылымының жоқтығынан өзгереді. Жүргізілген зерттеулердің нәтижесіне сүйенсек, кішкентай бүлдіршіндер ата-анасының ажырасуы салдарынан психологиялық зардап шегетіні анықталды. Ерлі-зайыптылардың арасындағы туындаған кикілжіңдердің салдарынан балалар депрессияға ұшырайды және дамуының артта қалуына бейімді болып келеді. Осылайша, ажырасу фактісі баланы ауыр психологиялық салдарға (құқық бұзушылыққа, суицидке, өз-өзіне сенімсіздікке) душар етеді. Толық емес отбасының проблемасы – бұл баланың әлеуметтенуінің бұзылу проблемасы.

Қоғам ішін құртша кемірген бұл мәселе қатаң шаралар қабылданып, дер кезінде шешімін таппай, осылай жалғасын таба беретін болса, қазақ халқын қандай қасірет төңіректеп жүргенін өздеріңіз бағамдай беріңіздер. Ұлттық құндылықтарды қастерлеудің заңдық жауапкершілік нормасын енгізу бүгінгі күннің талабы деп есептеймін.

Некенi бұзу туралы талап қою арыздарынан алынатын мемлекеттік баж салығының жоғарылауы ерлі-зайыптылардың ажырасуға деген ниетін төмендету шараларының бірі болары анық.

Мысалы, көрші мемлекеттердің тәжірибесіне сүйенетін болсақ, елдеріндегі ажырасу көлемі 10% шамасында ғана екендігіне қарамай, 2018 жылы некені бұзу туралы талап арыздардан алынатын мемлекеттік бажды төрт есеге ұлғайту туралы шешім қабылдағандары бар. Егер бұрын ажырасқысы келетін адамдар ең төменгі жалақы мөлшерінің 50%-ын төлеген болса, енді оларға 200%-ын төлеу керек. Сонымен қатар, некені қайта бұзу туралы арыздардан мемлекеттік баж ең төменгі жалақы мөлшерінің 120%-нан 400%-ға дейін артқан.

Ал біздің елімізге келсек, Салық кодексінің 610-бабына сәйкес, некенi бұзу туралы талап қою арыздарынан 0,3 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде, яғни 757,5 теңге ғана мемлекеттiк баж алынады.

Сонымен қатар, «Неке (ерлі-зайыптылық) және отбасы туралы» ҚР Кодексінің 19-бабының 3 тармағында, ерлі-зайыптылар некені бұзу туралы сотқа өтініш берген күннен бастап бір ай өткен соң неке сот тәртібімен бұзылады делінген. Іс жүзінде соттар ерлі-зайыптыларға татуласуға қосымша уақыт беретін болса, неке бұзылу саны азаяры сөзсіз. Кеңес Одағы кезінде соттарда неке бұзу туралы талапты шешер кезде 6 айға дейін міндетті түрде татуласуға мерзім берілетін және ол тәжірибе отбасын сақтап қалуға едәуір мүмкіндік беретін.

Одан басқа, Жоғарғы соттың бастамасымен «Отбасылық сот» пилоттық жобасы 2018 жылдың қыркүйек айынан жұмысын бастаған болатын. Аталған соттың судьялары ажырасу, алимент өндіру сынды тек неке-отбасылық істерді қарауға мамандандырылған. Судья істі қарап қана қоймайды, басты ұстаным ретінде ерлі-зайыптыларды қайта табыстыруға күш салады. Яғни, міндетті түрде сотқа арнайы тартылған психологтың көмегіне жүгінуге кеңес береді. Нәтижесінде, ерлі-зайыптыларды татуластырумен аяқталған істер саны артқаны байқалады. Осы жоба еліміздегі барлық сот жүйесіне енгізілсе, оң нәтижеге қол жеткізетініміз анық.

Біздің қоғамда отбасы рухани және мәдени дәстүрлердің сақтаушысы, ұрпақтар сабақтастығының жалғастырушы болып табылатын ұлттық құндылық. Шаңырақтың шайқалуы, яғни ерлі-зайыптылардың ажырасуы – тек сол отбасы үшін моральдық зардап қана емес, ел демографиясына төнген қатер деп қабылдануы керек. Осы мәселенің заңдылық өлшемін, қоғамдық жауапкершілігін нақты айқындау қажет деп есептеймін.

Ендігі бір еліміздің өзекті мәселелерінің бірі – жетімдік мәселесі. Балалардың, оның ішінде жетім балалар мен ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалардың құқықтары мен заңды мүдделерін қорғау мемлекетіміз ұстанған саясаттың басым бағыттарының бірі болып табылады. Бүгінгі таңда Қазақстан Республикасында осы санаттағы балалардың құқықтарын қорғау саласына қажетті нормативтік-құқықтық база жасалынды. Нәтижесінде, балалар үйінің саны соңғы үш жылда 24-ке азайып, 122-сі қалғаны туралы Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігі өкілдері ақпарат беруде. Сонымен қатар, жетім балалардың саны жыл сайын 1000-1500 балаға азайып келеді. Қазір оларда көп жағдайда үлкен балалар қалған. Патронаттық отбасы жүйесі іске қосылған. Қуантатын тағы бір жәйт, соңғы үш жылда бірде-бір бала шетелге әкетілмеген екен.

Тағы бір көкейкесті мәселе – қарттар үйі. Ақ сақалды аталарымыз бен ақ жаулықты аналарымызға бұл орталықтардың қара шаңыраққа айналып бара жатқаны жанымызға батады.

Өткен жылы Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев «Мерейлі отбасы» ұлттық байқауында «Егде жастағы 7 мыңнан астам адам қарттар үйін пана қылуда. Олардың көбінің дені сау, балалары бар. Қартайған ата-анасын тастап кету қазағымызға жат қылық, ата салтымызда болмаған. Бүгінгі қоғам туған баласы мен ата-анасын тастап кету секілді әрекеттерді қатыгездіктің ең жоғары деңгейі деп бағалауы тиіс», деп айтқан болатын.

Қазірде елімізде елуге жуық қарттарға арналған әлеуметтік қызмет көрсету орталықтары бар. Қазақстан Республикасының Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің ақпаратына сәйкес, Қарағанды облысындағы 5 қарттар үйінде мыңнан астам, Шығыс Қазақстан облысындағы 8 қарттар үйінде 700-ге жуық, Қостанай облысындағы 5 қарттар үйінде 600-ге жуық ата-әжелеріміз тұрады екен.

Бұрындары қарттар үйіндегі қарияларымыз саусақпен санарлықтай ғана болатын, соңғы жылдары ондағы ата-әже қатарлары қалыңдап келе жатқаны байқалуда. Расында, бұл мекемелердің есігіне қарияларды қатал өмір тағдыры айдап келеді. Жалғыз қалған қарттар үшін аталған үйлерде барлық қолайлы жағдай жасалған. Дегенмен, жетімін жылатпаған, жесірін қаңғытпаған қазақ арасынан қазір сол жаққа ақ сақалды аталары мен ақ жаулықты аналарын ойланбастан апарып өткізіп жатқандар да аз емес.

Дана Елбасымыз елордада өткен VIII Азаматтық форумда қарттар мен балалар үйлерін біріктіру мәселесін қарастыруды тапсырған болатын. «Біз қартаятындығымызды ешқашан ойламаймыз. Барлығымыз да қарт боламыз. Бүгін жаспыз және алдымызда мыңдаған жыл бардай көрінеді. Бұл өте жылдам өтеді, көз алдыңа елестетіп те үлгере алмайсың. Әсіресе, біздің қазақтарға ата-анасына қамқорлық жасау деген ата-бабамыздан қалған салт болатын. Қазір мен ақсақалдардың үйіне барып, қазақтың үлкен аталары мен әжелері отырғанда жаным ауырады. «Ақсақал балаларыңыз бар ма?» деп сұрасаң, «қайтесің», деп теріс қарап жылайды. Сонда қалай болғаны? Сонда біз өзіміздің салтымыздан, ғұрпымыздан ажырағанымыз ба? Әке-шешемізді қарттар үйіне апарып тастап үйде қалай отырамыз?»- деген Елбасы батыста мұндай үйлердің бар екендігін атап өтті. Бірақ, ондағы қарттар өз үйлерінде сұхбаттасар серігі, көршілері, қатарластары болмағандықтан өз еріктерімен баратындығын айтты.

Өзім бұл идеяны толығымен қолдаймын. Қазір әлемнің АҚШ, Канада, Қытай, Сингапур сияқты бірқатар елдерінде қарттар мен жетімдер үйін біріктіру қарқынды дамып келе жатқаны белгілі.

Зерттеулер көрсеткендей, мұндай қарым-қатынас егде жастағылардың денсаулығына оң әсер етеді. Айтуларынша, күн сайын кішкентай бүлдіршіндермен сөйлескен қарияның көңіл-күйі жақсарып, жалғыздық сезімі ұмтылып, қан қысымы реттеледі. Олар бірге музыка, би, сурет салумен айналысып, әңгіме-дүкен құрып, тамақ дайындайды. Осылайша мейірімге зәру балалар махаббатқа бөленіп, ал үлкендер өнегесін балапандарға мирас ететін еді.

Қорыта айтқанда, жоғарыда атап өткен мәселелердің бәрі ұлт тәрбиесіне тіреліп тұр. Өзгеден үлгі алатын бүгінгі ұрпақ санасына «үлкенге – құрмет, кішіге – ізет» ұғымдарын, адамгершілік сезімдерін ұялату керек. Бізге тәрбие беріп, бүгінге дейін жеткізген ата-анамызды, ата-әжелерімізді құрметтеп, алақанымызға салып, жан жылуымызды молынан сыйлауымыз қажет.

 

Динар Нөкетаева                       

ҚР Парламенті Сенатының

депутаты, Әйелдер

істері және отбасылық-демографиялық

саясат жөніндегі ұлттық комиссия мүшесі

Біз сіздермен «Otbasym.kz» порталындағы басты жаңалықтармен бөлісіп отырамыз