KZ RU

ЖАҢА НӨМІР

ОҚУ

×
×
Выделенный текст:
×

Ұлы іс отбасынан басталады

Жазғы демалысты қалай өткізуге болады -маман кеңесі

Елорданың «№78 мектеп-гимназия» КММ психологы Тураева Роза Ғаниқызы «Otbasym.kz» порталының тілшісіне балалардың жазғы демалысын ұйымдастыру туралы өз ойымен бөлісті
Денсаулық
2019-07-23

Роза Ғаниқызы, жазғы демалысты, жалпы бос уақытты қалайша тиімді пайдалы өткізген жөн?

Жаз - жылдың ең керемет мезгілі. Жаз айлары – балалардың толыққанды демалып, денсаулықтарын нығайтуларына, жаңа оқу жылын тың күшпен бастауларына қолайлы уақыт. Мектеп оқушылары үшін ерекше ықыласпен күтілетін мезгіл. Әрбір бала демалысты жанға жайлы, қызықты өткізуді армандайды. Отбасылық демалыс – бұл әр ата-ананың өз баласына ең көп уақыт бөлетін кезеңі.

Сабақ барысында берілетін демалыс күндері жаз кезіндегідей демалыстың мол мүмкіндігін бере алмайды. Жазғы демалыс – мектеп оқушыларының жалпы физиологиялық, сана-сезімдік, дүниетанымдық тұрғыда даму, жетілу кезеңі. Жазда балалардың жазғы лагерьге шығуына, туыстарға баруға, өзенге шомылып, орманда қыдыруына тамаша мүмкіндіктер туады.

Балаларға арналған әр түрлі интеллектуалды жиындар, баланың дамуына септігін тигізер бірден-бір таптырмас шара. Жайма шуақ жаз айларында баланың ой-өрісін кеңейтуге зор мүмкіндік туғызар ауасы экологиялық таза және тұрмыстық жағдайы жоғары деңгейдегі демалыс орталықтарына жіберуге болады.

Егерде жазғы демалысын бала үш ай бойы тек қана лагерде, ауылда немесе бірыңғай үйде өткізсе, іші пысып, ештеңеге қызығушылығы оянбай, алға қарай ұмтылмасы анық, сондықтан жаз айларына белсенді демалыс ұйымдастырған жөн. Мысалы маусым айында балаңызды ауылға жіберсеңіз, шілдеде сауықтыру лагерінде демалдырып, ал тамызда үйде отбасымен бірге өткізіп, келер оқу жылына дайындалғаны абзал.

Мектеп базасындағы жазғы лагерлерде демалысты ұйымдастырудағы тәрбие жұмысының ең негізгі бөлігінің бірі бұл балалармен ойнатылатын ойындар болып табылады. Сондықтан әрбір ұстаз ойынды тәрбие берудің ең бір керекті құралы ретінде дұрыс таңдап, сауатты пайдалануы керек. Ойын балалардың жас ерекшеліктеріне сай таңдалады. Ал, жақсы ұйымдастырылған ойын жасөспірімнің дұрыс бағытта дәріс алып, болашақта жарқын жолды таңдауына бағыт-бағдар береді. Ойналатын ойындар сан түрлі. Қимылды ойындар, жаттығулар, қоршаған ортамен танысу, шытырман оқиғалар сайысы, сюжеттік-рөлдік ойындар, ой-өрісті дамытатын логикалық ойындар, және т.б.

Баламен ойнатылатын ойындардың әр түрлі мақсаттары болады. Ойындар арқылы балалар біріншіден жауапкершілікке үйренеді, екіншіден жұмысқа тартылады, үшіншіден уақыттары тиімді өтеді. Тәжірибеде жиі қолданатын баланың ойлау, шығармашылық қабілеттерін жетілдіретін іскерлік ойындарды да ерекше атап өтуге болады. Іскерлік ойындардың негізгі құрылымы өмірдегі әр түрлі жағдайларды сипаттау болып табылады. Мысалы, ойын барысында әрбір бала өзін ұстаз, президент, әр түрлі маман ретінде сынап көреді. Іскерлік ойындарды пайдалану топтағы балалардың жақындасуына, әрбір баланың шығармашылық мүмкіндігінің ашылуына көмектеседі. Ойын ойнау барысында тосын жағдайларға тап болу, оның шешімін табу, пікір алмасу сияқты әрекеттер баланы шығармашылыққа жетелейді. Жазғы лагерлердегі дема­лыстың толыққанды қызықты өтуі, тәрбиешілердің кәсіби шеберлігіне педагогикалық мәдениетіне, балаларды кызықтыра білуіне байланысты.

Біз көп нәрсені ұсақ-түйек санаймыз. Ал мән беріп қарасақ, жазғы лагерлер – тек демалыс орны ғана емес, үлкен тәрбие мен үгіт-насихат құралы. Мәселен, балалар онда демалып қана қоймай, денсаулығын түзейді, қоршаған ортаны танып, еңбекке, достыққа бейімделеді. Туған жерінің орман-тауын, өзен-көлін, даласын көріп-білу және оның сұлулығын сезіну әрбір баланың бойында туған табиғатын аялай сүю, қорғау сезімдерін оятып, ұлттық сана­ның қалыптасуына алғышарт болады. Айналып келгенде, балаға бүгінгі жасалатын қамқорлық елдің ертеңін ойлау мақсатынан туындайтыны түсінікті жайт. Жалпы ата-ананың балаға жасаған кез-келген қарым-қатынасы мен қабылдаған әрбір шешімі баланың болашағына тікелей әсер ететінін естен шығармаған жөн.

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

Кітап оқуға деген қызығушылықты қалай оятуға болады?

Адам өмір сүріп отырған қоғамның қазыналары мен кереметтерін кітапханадан, яғни кітап оқу арқылы табады. Кітапты ғылым, білімнің адамзат ақыл-ойының жиынтығы сақталған қазыналы сандық десек болады.

Бүгінгі күні жас ұрпаққа берілер білім мен тәрбие күн тәртібінде тұрған өзекті мәселе екендігі баршамызға аян. Кітапхана – дүниедегі ештеңеге теңестірілмейтін білім бұлағының көзі болғандықтан, оқушыларға өмірлік, рухани азық болатын  «кітап» атты құнды мұраны қастерлеуді үйретуіміз қажет. Қазіргі заманға сай білімді, мәдениетті, оған қоса адамгершілік, кішіпейілділік, қайырымдылық, шындық, адалдық, үлкендерді құрметтей білу сияқты асыл қасиеттер бала бойына кітап арқылы біртіндеп сіңетінін ұмытпаған жөн. Баланы кітап оқуға көбірек баулу үшін, ең алдымен балаларға кітапты сүюге және құрметтеуге көмектесу керек.

Қазіргі балалардың көбінің қиялдары компьютерлік ойындарға және ұялы телефондарға ауып кетуіне қарамастан, ұзтаздар мен ата - аналарда, балаларды кітап әлеміне саяхат жасату мүмкіндігі бар. Біз сол мүмкіндікті дұрыс пайдалана білуіміз керек. Баланы кітап оқуға үйрету үшін ең алдымен ата - аналарға кеңес беру керек. Балаға бір жасынан - ақ кітап ұстатып үйреткен дұрыс. Яғни, ол сәби кезінен бастап кітапты көруі тиіс. Баланы кітапқа қызықтыру үшін әр түрлі түсті суретті шағын кітаптардан бастау қажет. Үнемі газет - журнал, кітап оқып отырған ата - ананы көрген бала да кітапқа қызығып өседі. Өсіп келе жатқан балаға 4 - 5 жастан бастап әңгіме, ертегілер оқуға болады. Кітап оқу баланың ой - өрісін кеңейтеді, ойлауға үйретеді, сөйлеу қабілетін, есте сақтауын және қиялын дамытады. 

Психологиялық тұрғыда талдау жасайтын болсақ, алдымен баланың бойындағы бейімділігін яғни нақты қай бағытқа қызығушылығы бар соны анықтау керек. Адам баласының бойындағы қызығушылығы мен бейімділігі әртүрлі болады. Мысалы кітап оқу, спорт, ән айту, би билеу, әртүрлі затттарды қүрастыру және т.б. болып бөлінеді. Баланың бойындағы қызығушылығы қай бағытта екенін, үй жағдайында оны бақылау арқылы анықтауға болады. Нақты бір бағыт анықталғаннан кейін сол бағыттағы қызықты кітаптарды сатып алып беру арқылы баланың оқуға деген, кітапқа деген қызығушылығын оятуға болады. Баланың өзіне қызықты әлемді зерттеуге деген құштарлығы әрқашан жоғары болады. Сондықтанда баланың бойындағы қызығушылықтары мен ерекшеліктерін ескере білген жөн.

Жаз уақытында бала денсаулығын нығайту шаралары жайлы айта кетсеңіз.

Жазғы демалыс уақыты  жыл бойына оқушының ең көп демалатын мерзімі, бос уақыты көп болады. Жазғы демалыс уақытында баланың жыл бойындағы сабақ оқуынан шаршап қалғандығы білінеді, ол тынығып, күш жинап, денсаулығын нығайтып, шығармашылық жұмыс жасау қабілетін арттырады.

Денсаулық- табиғаттың берген құнды байлығы, оны бастапқы  күйде сақтау ол адамның жеке салауатты өмір салтын сақтап өмір сүруіне байланысты. 

  • Жазғы уақытта балалар дене шынықтыру, спортпен айналысу сияқты  сауықтыру шараларына көбірек уақыт бөле алады. Бұл шаралар баланың дұрыс дамып-жетілуіне, өсуіне, денсаулығының мықты болуына бағытталады. (дұрыс тамақтануы, медициналық көмектің дер кезінде көрсетілуі, таза ауада серуендеуі, сауықтыру, дене шынықтыру, мәдени іс-шараларға қатысуы, саяхат жасау, жорыққа шығу, түрлі ойын-сауық құру, т.б.) 

Күнделікті жасалатын дене тәрбиесі балалардың ақыл- ой, адамгершілік, еңбек және эстетикалық жағынан тәрбиелеу жұмысын жүзеге асыруға, олардың сергек, шат көңілді және белсенді болуларына мүмкіндік тудырады. Дене жаттығуы баланың жан-жақты жетілуіне ықпал етеді. Дене тәрбиесінің негізгі мазмұны денені жаттықтыру болып табылады. Ол мынадай түрлерге бөлінеді.

  • Таңертеңгілік жаттығу;
  • Қимыл- қозғалыс ойындары, спорт ойындары;
  • Спорттық жаттығулар.

Шыныққан бала аз ауырады, тәбеті мен ұйқысы жақсы, бітімі үйлесімді, әрі сымбатты келеді және ауа-райының кез келген жағдайына дайын болады. Баланың бақытты болуы және денінің сау болуы үшін ата-аналар тарапынан үлкен қамқорлық жасалуы қажет. Ата-аналар балаларын өздеріне ұнайтын спорт түрлерінің үйірмелеріне қатысуына қолдау көрсетуі керек.

Қай спорт түрін алсаңыз да, әрқайсысының адам денсаулығына тигізер пайдасы зор. Соның ішінде суда жүзу спортының орны ерекше. Жаз мезгілінде суда жүзу спортымен айналысуға балалардың мүмкіндіктері көп. Суда жүзудің пайдасы жайында Миннесота Университетінің ғалымдары зерттеу жүргізген. Олардың айтуынша, жас кезінде суда жүзіп үйренген адамның миы кеш «қартаяды» екен. Сондай-ақ, олар бойды сергітіп, жағымсыз әсерлерден арылудың бірден-бір жолы – осы екенін атап өткен. Шаршаған денеге энергия, қажыған ағзаға иммунитет сыйлайтын бұл спорт түрінің балаға берер пайдасы өте көп.                    

Судың ішінде адам салмақсыз болатындықтан, денеге көп күш түспейді де омыртқа жотасы созылады, бұлшық ет талшықтары ұзарады. Соның әсерінен адам тұлғасы сымбаттанып, қимыл-қозғалысы еркін де әсем көрінеді. Дені сау бала ақыл-ойы айқын, өз-өзіне сенімді, жан- жағына қуанышпен шаттана қарай алады.



Сұқбатыңызға рақмет!

 

 

Біз сіздермен «Otbasym.kz» порталындағы басты жаңалықтармен бөлісіп отырамыз