KZ RU

ЖАҢА НӨМІР

ОҚУ

×
×
Выделенный текст:
×

Ұлы іс отбасынан басталады

«Smart City»: бүгінгі күннің шындығы немесе болашақтың көрінісі

Бүгінде әлеуметтік даму биігіне ұмтылған өркениетті елдерде «ақылды» қалалар қалыптастыру дәстүрі әлемдік трендке айналған. Бұл үрдісті ұстанған мемлекеттердің басты мақсаты – шаһардағы тұрмыстық қызмет көрсету сапасын арттыру арқылы тұрғындардың өмір сүру дәрежесін жоғары деңгейге көтеру.
Білім
2018-08-10

«Ақылды» қалалар қатарына экономикалық, экологиялық және әлеуметтік ахуалы тұрақты, қызмет көрсету инфрақұрылымы дамыған қалалар жатады. БҰҰ-ның статистикалық мәліметтеріне сүйенсек, 2030 жылға қарай Жер шары тұрғындарының  80 пайызы ірі қалаларда тұрмақ. Әлем бойынша апта сайын 1 млн-ға жуық адам ауыл-аймақтардан қалаға көшеді. Себебі жыл өткен сайын жаңа технологиялар дамып, адамдардың қажеттілігі де артып келеді. Ал кез келген саланың технологияға өтуі сіз бен біздің өмірімізді жеңілдедіп, уақытымызды үнемдеуге септігін тигізетіні белгілі. Байқасаңыз, қазір айналамыздың барлығы «смартқа» айналды. «Смарт сити», «Смарт үй» және т.б.

Ең алдымен озық елдер қатарында «ақылды» қалаға айналған шаһарларға тоқталсақ. Жалпы, «Smart City» жобасы дамыған мемлекеттерде ХХ ғасырдың аяғында-ақ қолға алынып, халыққа қолайлы қалалар пайда болған. Халықаралық сарапшылардың пайымдауынша, әлемде 2 500 қала «ақылды» статусына ие. Алайда «Easy: Park» IT швед компаниясының зерттеуінше,  500 қала ғана «Смарт сити» атағына сай болған. Ол тізімде Дания астанасы Копенгаген көш бастап тұр. Яғни, Копенгаген – Жер шарындағы ең «ақылды» қала атанған. Дания астанасы 2025 жылға дейін экологияға зиянды зат шығармайтын шаһарға айналуды көздейді. Бүгінде мұнда зияткерлік көлік жүйесі, автокөліктерді ауыстыру қызметі (каршеринг) қарқынды дамып келеді.

Сингапур да «ақылды» қала бағдарламасын игілігіне айналдыра білді. Жаңа технологиялардың мүмкіндігін тиімді пайдаланып, көлік кептелісін реттеудің амалын тапқан қала. «Ақылды» жолды ғана емес, «ақылды» сауда электронды жүйесін де дамытты. Ақпараттық технология – адам өмірін де құтқарып қалуға қауқарлы. Мәселен, сингапурлық ғалымдар үйде жалғыз қалған қарт кісілердің қозғалысын бақылайтын арнайы датчиктерді де ойлап тапқан. Егер жүйе адамның құлап қалғанын байқаса, ауруханалар мен туысқандарына хабар береді.

Жаңартылған ресурстарды өңдеуде көшбасшы мемлекет Швеция елінің астанасы Стокгольмде жылу жүйесін тиімді пайдаланумен қатар, қоғамдық көлік желісі жақсы дамыған. Қала тұрғындары оптикалық интернетпен қамтылғандықтан, қоғамдық көлік қатынасы бірыңғай ақпараттық жүйеге біріккен.

Ал роботтарды өндірістік жұмыстарға тартып, экономикасын дамытқан Токио – барлық саланы сандық жүйеге айналдырған қала. Біз «көкжәшіктен» ғана көретін көліктер, яғни адамның басқаруынсыз жүретін темір тұлпарды Сан-Францискода кездестіруге болады. Алдағы жылда бұл шаһарда жанар-жағармаймен жүретін көлік болмайды.

1,6 млн тұрғыны бар Қытайдың Нинся-Хуэйна автономды ауданының әкімшілік орталығы Иньчуань қаласының тұрғындары банк картасы, жол жүру билеті, қолма-қол ақшаны қажет етпейді. Себебі бұл қызметтердің орнына адамның беті қолданылады. Яғни кез-келген қызмет ақысын төлеу үшін жүйеге бет-бейнеңді көрсету арқылы қажетті сома бет иесінің шотынан автоматты түрде алынады. Қысқасы, жасыл экономика, электрокарталар, стереокамералар ақпараттық технологиялар мен жасанды интеллект дамыған заманда сандық жүйе арқылы басқарылады.

Былтырдан бастап Қазақстанда «Smart City»  тұжырымдамасы мықтап қолға алынды. Оның негізгі мақсаты – жайлылық, қауіпсіздік, тиімділік және  қоршаған ортаға зиянды төмендету. Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев биылғы «Төртінші өнеркәсіптік революция жағдайындағы дамудың жаңа мүмкіндіктері» атты Жолдауында «ақылды» қалаларға басымдық беріп, экономикалық дамудың локомотивіне айналдыруды ұсынды.

«Цифрлы Қазақстан» бағдарламасы аясында еліміздің ірі 5 мегаполисін «ақылды» қалаға айналдыру көзделген. Олар: Астана, Алматы, Қарағанды, Шымкент пен Ақтөбе қалалары. «Smart City» жобасы ең алдымен елордамыз – Астанадан бастау алып, бүгінде бас қала жаңа технологияларды тиімді пайдалану жағынан өзге шаһарларға үлгі. Басты меже айқын – Астана алдағы уақытта әлемдегі ең ақылды 50 қаланың біріне айналуы тиіс. Іргелі жобаны іске асыруды «Astana Innovations» АҚ қолға алды. Жалпы, «Smart Astana» жобасының үлгісіне мынандай алты тұғырнамаға негізделген еуропалық «ақылды» қалаларды дамыту моделі алынған: ақылды экономика, ақылды басқару, ақылды өмір сүру деңгейі, ақылды жұмылу, ақылды адамдар және ақылды қоршаған орта. Компания басшылығы «Миллион тұрғыны бар қала – ең алдымен қауіпсіз шаһарға айналуы тиіс» деген оймен қаланың барлық бұрышына бейнекамера орнатты. Қауіпсіздікке жаңадан құрылған «Жедел басқару орталығы» жауапты.  Яғни қаланың тыныс-тіршілігі осы орталықтың дерек қорына түседі. Сонымен қатар су құбыры, электр желісі мен инженерлік жүйелер туралы ақаулар «Жедел басқару орталығында» өңделіп, тиісті мекемелерге шұғыл жөнелтіледі. Енді мекемедегі «ақылды» құрылғылар арқылы онлайн-тәртіптегі бейнесараптаманы, бейнежазбаны 30 тәулікке дейін сақтауға, жолда жүру ережесінің бұзылуын қолма-қол тіркеуге, тас жолда жүйіткіп бара жатқан автокөліктің жылдамдығын автоматты түрді анықтауға болады.

«Ақылды» құрылғылар өз кезегінде адамдарға жайлылық сыйлаумен қатар, ел экономикасының қарқынды дамуына да септігін тигізуде. ҚР Ақпарат және коммуникациялар министрі Даурен Абаевтың Үкімет отырсында есеп бергендегі ақпаратына сай, смарт технологияларды енгізу аясында Астана көше жарығына қызмет көрсету шығындарын 30 пайызға, энергия қорларын – 60 пайызға дейін төмендеткен. Электр энергиясының берілуі қажеттілігіне байланысты автоматты түрде реттеледі. Ал Шымкент қаласында жол-көлік оқиғаларын, фото-бейне түсіру жүйесін енгізу арқылы жол жүру ережелерін бұзу жағдайлары 17 пайызға азайған.

«Ақылды» қалалар – ақыл-ойдың жемісі екенін ескерген Елбасы әрдайым зияткер жастарға қолдау көрсетеді. Елордамызда ашылған «Astana Hub» орталығы соның айғағы. Бірнеше ай ғана жұмысын бастаған ұйым бүгінде жүздеген жастың идеясын жүзеге асыруға мүмкіндік беріп отыр.

 

Алтынай Сәлімгерей

 

 

Біз сіздермен «Otbasym.kz» порталындағы басты жаңалықтармен бөлісіп отырамыз