Ұлы іс отбасынан басталады
- Бұл Абзалдың бүйрегін беріп, ота жасатқаннан кейін бір апта өткенде болған жай еді. Бір күні «В контакте» желісінде жаңалықтар оқып отырған едім, Абзал жайлы жаңалықты көзім шалды. Оқып шығып, мына заманда осындай соншалықты мәрт, жүрегі кең адамдардың бар екеніне қуандым да, таңғалдым да. Мұндайды тек кинода болады деп ойлайтынмын. Сонымен танысып, араласқым келді. Достығымды ұсыну үшін аты-жөнін іздеп таптым. Сол сәттен бастап танысып, бір-бірімізді бұрыннан білетін адамдай жақын араласа бастадық. Кейін, Шымкентте кездесуге уағдаластық.
Сол кездесуде Абзалмен және оның достарымен таныстығымыз одан әрі жалғаса түсті. Бір күні ол маған сөз салып, өзімен бірге Оралға кетуге ұсыныс жасады. Бір жағымда ата-анам, екінші жағымда жақсы көретін адамым, екі оттың ортасында қалғандай күй кештім. Ойлана келе, кетуге бел байлап, желтоқсан айында бізді барлық достар жолға шығарып салды.
Оралда Абзалдың нағашысы күтіп алды. Сол жақтан отбасыма хабарласқанымда, ата-анам алғашында қарсы болып ренжігенімен, кейін батасын берді.
- Осындай мәрт мінез, үлкен іс жасаған, үлгі болатын азаматтың тілін табу оңай ма? Мінездеріңіз, тұлға ретінде өмірге деген көзқарастарыңыз бір жерден шыға ма, әлде өзіндік қиындықтар бар ма?
- Ең бастысы – біз бір-бірімізді түсінеміз. Түсіністік пен сыйластық бар жерде ешқандай қиындықтың болуы мүмкін емес.
- «Үйлену оңай, үй болу қиын» деп жатады ғой халық даналығы. Танысқандарыңызға аз ғана уақыт өтсе де, шаңырақ көтердіңіздер. Асығыстық болды деп қорықпайсыз ба?
- Жоқ. Асығыстық деп ойламаймын. Мен өз бақытымды таптым. Өмірдің қызығын да, қуанышын да бірге бөлісеміз. Жас шаңырақ болған соң, болашақта өз баспанамыз болса екен деп, қаражат жинап жатырмыз. Мен дипломымды қолыма алып, тәрбиеші боп жұмысқа орналастым. Өз жұмысым өзіме ұнайды. Отағасы екеуміз қандай мәселе болса да бірігіп шешеміз. Ойымыз көбіне бір жерден шығып жатады.
- Өмірде осындай ерлікке барған жігіттің жүрегі алтын екенінде сөз жоқ. Осындай бір ағзасын беріп отырған азаматпен отау құруға бел байлағанда, ол кісінің денсаулығы, өз өміріңіз үшін алаңдау болмады ма?
- Өмірде бір бүйрекпен де өмір сүріп жатқан адамдар баршылық қой. Сондықтан ондай ой мүлдем болмады да. Махаббат пен сүйіспеншілік бар жерде еш нәрсе кедергі бола алмайды деп ойлаймын.
- Өмірде қанша сәби сүйгіңіз келеді?
- Алланың қалауы болады ғой. «Балалы үй – базар» деген. Үй іші жанға толып жатса, содан артық қуаныш бар ма?!
- Жолдасыңыздың бойындағы мәрттік қасиетті өзгенің бойынан да көргіңіз келе ме? Өзіңіз тәрізді жастарға, жалпы барлық денсаулығым жақсарса екен деп үміт күткен жандарға, сол адамдарға көмек қолын созғысы келетін кісілерге не айтар едіңіз?
- Шыны керек, бұл өмірде өз дене мүшесін өзге біреуге бере салатындар кемде кем. Өзге былай тұрсын, өз туғандарына бермей жатқандар бар. Сондықтан, арқа сүйер азаматымның бұл қасиетін ерлікке бағалар едім. Өзгеге үлгі тұтар едім. Өмірде жақсы, жанашыр жандардың барына сенемін. «Үмітсіз – шайтан» демекші, Алладан ешқашан үміт үзуге болмайды.
Әңгімеңізге рахмет. «Otbasym.kz» редакциясы атынан жас шаңырақтарыңызға тек шаттық, бақыт тілейміз.
Біз сіздермен «Otbasym.kz» порталындағы басты жаңалықтармен бөлісіп отырамыз