KZ RU

ЖАҢА НӨМІР

ОҚУ

×
×
Выделенный текст:
×

Ұлы іс отбасынан басталады

Отбасылық қатынастардың бала тәрбиесіндегі ықпалы

Отбасындағы кез келген жағдаятта ата - ана мен үйдің үлкендері бала алдындағы сөздері мен іс - әрекеттерінде әдептілік танытқаны жөн.
Мәдениет
2018-07-31

Отбасы – бала тәрбиесін қалыптастырушы ең алғашқы бесік. Қазақстан Республикасының Конституциясында «Балаларына қамқорлық жасау және оларды тәрбиелеу – ата-ананың табиғи құқығы әрі парызы» деп отбасының міндеті анық көрсетілген. «Қазақстан - 2050» бағдарламасында балаларымызды алыс болашақта қандай сапада көруіміз керектігі туралы айтылған. Сонымен бірге «Отбасы туралы Заң», «Жоғары және орта білім тұжырымдамасында» әрбір отбасында өзінің ұрпағын тәрбиелеп, қатарға қосу міндеті жүктелген. Сөйтіп, отбасының әуел бастан - ақ өзіне тән киелі міндетін орындау қажеттілігі бекемделе түсті. Отбасы – адам үшін ең жақын әлеуметтік орта. Отбасы белгілі дәстүрлердің, жағымды өнегелердің мұралар мен салт-дәстүрлердің сақтаушысы. Отбасында бала алғаш рет өмірмен, қоршаған ортамен танысып, мінез-құлық нормаларын игереді. Отбасы баланың азамат болып өсуінің негізі болып табылады.

Адамның жеке басының алғашқы қалыптасуы отбасынан басталады. Оның ер жетіп өсуі, бойындағы алғашқы адамгершілік белгілер отбасында қалыптасады, сондықтан да туған үйдің жылуы – оның көкірегінде көп жылдар бойы сақталып, мәңгі есінде жүреді. Ақын сөзімен айтқанда: «Отбасы – табиғат сыйлаған кереметтердің бірі», - десек артық емес. Жеке адамның бойындағы ар-ұяты, ақыл-ойы, адамгершілігі, отбасы мүшелері мен және қоғамдағы басқа адамдармен қарым-қатынаста, мәдениеттілікті тәрбиелеуде отбасы алғашқы қадам. Сондықтан, отбасы өте қажетті, басқадай ешнәрсемен өзгертуге (ауыстыруға) болмайтын баспалдақ. Отбасы – сыйластық, жарастық орнаған орта. Отбасы – бала тәрбиесінің ең алғашқы ұжымы. Отбасы – баланың әлемге, қоршаған ортаға деген қарым-қатынасының негізі қалыптасатын маңызды орта.

Қандай да тұйық, жабық отбасы болғанымен ол қоғамсыз өмір сүре алмайды. Өйткені оның мүшелері жан-жақты әлеуметтік топтарға, яғни өндірістік, оқу ұжымдарына, балалар ұйымдарына, қоғамдық ұйымдарға, сонымен қатар сауда, денсаулық орындарына қатысты, ондағы адамдармен тығыз байланыста болады. Сонымен қатар отбасы қоғамдық қарым-қатынасқа оның барлық өмірінің үрдісіне ықпалын тигізе алады. Отбасы адамдарға қажеттілігін қанағаттандырып қана қоймай, бірқатар әлеуметтік функциялар орындалып, қоғамның әлеуметтік құрылымы, бір элементі болып табылады. Отбасы мүшелелері бір-бірімен тығыз байланыста, ерекше жанашырлық, сүйіспеншілік сезімде болады. Олар бір-бірінің өміріне, тағдырына елеулі ат салыса алады. Бұл жерде бір немесе бірнеше ұрпақ отбасы болып іріктелінеді. Екі ұрпақты отбасыда: әйелі мен ерінің, әке мен шешенің, балалардың, ағалардың және қарындас, сіңлілердің рөлі негізделеді. Ал, үш ұрпақтық отбасыда ата мен әженің, ене мен атаның, күйеу бала мен келіннің, қайындар мен балдыздардың рөлі қосылады. Ғалым-педагогтар мен психологтардың ойынша балаға әке-шешесінің қарым-қатынасы мен олардың берген тәрбиесіне жететін өмір жоқ. Балалардың дұрыс қалыптасуы олардың отбасындағы сүйіспеншілік, кішіпейілділік, сыйластық, жауапкершілік, қайырымдылық, сезімталдық, т.б. адамгершілік қасиеттерінің даму негізіне байланысты болады.

Отбасы - баланың ең жақын әлеуметтендіру ортасы қатарында өмірдің мақсаты, оның құндылықтарын біліп, өзін қалай ұстау керектігі туралы алғашқы мәліметтерді береді және онда басқалармен қарым - қатынас орнатуына іс жүзінде дағдыланады. Сөйтіп өзінің «кім» және «қандай» екенін практикада сынап байқап көреді. Отбасында әртүрлі жағдаяттар мен төтенше ахуалдарда өзін ұстаудың нормаларын, мінез - құлқын реттеудің өлшемдерін меңгереді. Ата - ананың түсіндіруі, үгіт – насихаты, үлгі - өнегесі, бір-бірімен қарым-қатынасы, үйдегі ахуал, отбасының психологиялық тынысы арқылы балалардың әдет, мінез - құлық, жақсы - жаманды бағалау критерийлері қалыптасып, қандай қылықтары үшін сөгіс алып, не үшін жазаланатынын, әділдік пен адалдық туралы ұғынып түсінеді. Сол себепті ата - аналар бала тәрбиесінде мына жағдайды ескеруі керек:

Әрбір ата - ана өз баласының болмысын жете тани білуі қажет;

Ата - аналардың жеке тәрбиесі мен беделі, отбасында орнатқан қатынастар сипаты;

Ата - аналардың тәрбиелік істерінің бірлігі, іс - әрекеттер әдістерінің басымдығы болуы;

Отбасылық тәрбие ережелерін қалыптастыру.

Отбасындағы жалпы қарым - қатынас, үйдегілердің бір - біріне деген сый құрметі немесе басқалармен болған байланысы, сөз шеберліктері, яки болмаса, жағымсыз қылықтары жас баланың қалыптасуына үлкен әсер етеді. Әсіресе, отбасындағы ата - аналардың ажырасып кетуі, ортада қалған балаларға қатты әсер етеді. Соның салдарынан анасыз немесе әкесіз тәрбиеленген балалар жасық немесе кекшіл, көңілі жарым болып өседі. Ал ата - анасы ішімдікке салынып, бір - бірімен жанжалдасып, адамның көңіліне дақ түсіретіндей сөздермен бір - бірін балағаттау, осындай кикілжің отбасындағы ұрыстардың кесірінен өз балаларын да ұрып - соғу немесе баланың әрбір сөзіне жеки жауап беру де баланың психологиясына кері әсер етеді. Отбасындағы кез келген жағдаятта ата - ана мен үйдің үлкендері бала алдындағы сөздері мен іс - әрекеттерінде әдептілік танытқаны жөн. Осы жерде тағы бір айта кетерлік жайт, ата-ананың бір-бірімен болған қарым-қатынасы. Мәселен, біздің халықта ер адамды ұлық тұтқан. Әке - әулет басшысы, отбасы мүшелерінің тірегі, асырап сақтаушысы, қамқоршысы. Отбасындағы ұл тәрбиесінде әке мен апалардың орны ерекше. Әке үйі барлық балалары үшін үлкен үй, қара шаңырақ деген киелі ұғымдармен сыйлы да құрметті. Әкемен қатар айтылатын аналар үшін басты міндет – отбасы беріктігін сақтау, бала тәрбиелеу, ерлерін барынша сыйлау, рухани қолдау көрсету,  отбасы мүшелерінің арасында татулық, достық, бауырмалдық карым-катынасты орнату болып табылады.

Ата-ананың бала өсірудегі басты мақсаты – қоғамдық өмірге көпшілікпен қатар «түзу кірпіш» қалау. Үйде анасы жұбайын құрмет тұтып, оның абыройын балаларының алдында көтеріп ұстаса, бала да әкесіне ұқсап, беделді болып өсуге ұмтылады. Керісінше, әке де зайыбына жылы сөйлеп, оны «ана» деп құрметтесе, балалар ананың өмірдегі құдіретін түсініп, оның көңіліне қаяу салмауға тырысады. Ал үйдегі ата мен әженің орны ерекше екенін айтып өту орынды. Олардың сөзін жерде қалдырмай, өмірден көрген тәжірибелерінен сабақ алу - таптырмайтын өмір мектебі десе де болады. Түйгені көп шешесі қызымен, келінімен өмір тәжірибелерін бөлісіп, болашақ үлкен өмірге дайындайды. «Жас шыбықты қалай исең, солай өседі», «Ұяда не көрсең, ұшқанда соны ілерсің» деген мақал осыған дәлел. Мысалы, біз жұбайымыз екеуміз құрған отбасымызда 5 перзентті дүниеге әкелдік. Олардың әрқайсына ерекше көңіл бөліп, саналы тәрбие, сапалы білім беріп, әлпештеп өсірдік. Бала тәрбиесінде ұлтымыздың салт-дәстүрлеріне, ата мен әже өнегесіне, имандылыққа, адамгершілік қасиеттерге аса мән бердік. Болашақта балаларымыздың білімді, адал, тәрбиелі азамат болып, жеке тұлға ретінде қалыптасуын алға мақсат етіп қойдық. Бүгінгі таңда әрқайсысы беделді азамат болып, жеке отбасын құрып, өз балаларына өнегелі тәрбие беруде. Осы ұлттық тәрбие мен сүйіспеншіліктің, отбасылық қатынастағы әділдіктің негізінде үлкен шаңыраққа айналып, немерелеріміздің тәрбиесіне де өз үлесімізді қосудамыз. Сондықтан ата - ананың берген тәрбиесі, отбасы мүшелерінің бір-біріне деген қарым-қатынасы, көзқарасы  бала өмірінде үлкен із қалдыратынын ескерген жөн. Бала ата - аналар арасындағы байланысқа, басқа адамдармен қарым - қатынас орнатуына, отбасы ішіндегі тұрмыс - тіршілігіндегі жағдайларға, барша отбасылық іс - әрекеттерге қатысады. Сондықтан да баланы тәрбиелеу үшін арнайы шарт, жағдайлар жасаудың тіпті де қажеті жоқ, тек қана ата - ана мен отбасы мүшелері тарапынан дұрыс, инабатты, адамгершілік әдебі сақталған қарым - қатынас арқылы баланы тәрбиелеп, өз болашағында осы қасиеттерді басты ұстаным етіп алуын ұғындырған жөн.

Бүгінгі күнде Қазақтанда 4 миллионнан аса отбасы бар екен. Бүгінгі күннің ағымы қоғамдағы отбасының рөлiн өзгертіп қана қоймай, отбасының қызмет аясын, сипатын, мазмұнын да өзгеріске ұшыратқан. Қазір ата-аналардың қызмет аясы отбасылық шаруашылықты жүргiзумен ғана шектелiп отырған шаңырақтар кездеседі. Тәрбие негізінен балабақша, білім беру мекемелерінің шаруасы дейтіндер де бар. Ол аз десеңіз, БАҚ арқылы кең көлемде насихатталып жатқан шетелдiк мәдениеттiң әсерін қосып қойыңыз. Өмірдің шындығын ата-анасынан естіп, отбасынан көрмеген бала теледидарға сенбегенде қайтпек? Міне, осы себептерге байланысты отбасы деген ұғымның өзі «заманына орай» өзгеріске түскен, «түзету мен толықтырулар» енгізілген. Бір ғана мысал, осы күні ажырасу мен толық емес отбасы – қалыпты дүние есебінде қарастырыла береді. Жалғызілікті отбасы мүшесіне біздің қоғамның еті үйренген. Әкесіз өсуге бейімделген бала да бар. Әйел өзінің ұлын, не қызын жалғыз өзі дүниеге әкеліп (некесіз), асырап бағуы (ажырасу) ұят саналмайды. Қазақта «шеше көрген тон пішер» деген сөз бар. Мұндай тәрбие көрген қыз баланың болашақтағы әдеп-қылығының қандай болмағын айтып жату артықтық етер. Ал жалғызілікті әйелдің перзенті ұл бала болса ше? Күндердің күнінде ол бала ержетіп, шаңырақ көтергісі келмей ме? Ал қазақта – «келін қайын ененің топырағынан». Яғни, бала өз анасына ұқсас әйел алса, ол келін де жалғыз өмір сүргісі келмесіне кім кепіл?

Бүгінгі қоғамда әйелдердің өзімшілдігі байқалады. Себебі, заманауи әйел ер-азаматпен бір деңгейде жұмыс істеп, кіріс кіргізуге қабілетті. Бұл әйелді қаржылық, әлеуметтік тұрғыдан тәуелсіз ете түспек. Нарық заңы да – осы. Міне, осындай өзімшілдік меңдеген қоғамда ер мен әйелдің бір-бірін түсініп, бір-бірінің ығына жығылып, айтқанына көнуі, бір-бірінің сөзіне құлақ асуы, отбасы мүшелерінің ортақ шаңырақ астында бірігуі жылы қарым-қатынас орнатуы – күрделі мәселеге айналып кеткендей. Нарықтық қатынастар да баланы өмірге әкеле бергенше, мансап қуу керек екенін айтады.

Бүгінде отбасыға мынадай анықтама беруге болады: қазіргі заманғы отбасы – ерлі-зайыпты екі адамның арасындағы некеге құрылған негізгі әлеуметтік топ, отбасыға сонымен бірге ұрпақтары (ұл-қыздары) да кіреді. Отбасы нақты қоғамда өмір сүреді, сондықтан отбасының жалпы сипатымен қатар өзі өмір сүретін қоғамдық қатынастардың мазмұнына сәйкес ерекше белгілері де болатыны түсінікті.

 

Акишева С.Н.,

ҚазмемҚызПУ «Нұр Отан»

бастауыш партия  ұйымының төрайымы,

Біліктілікті жетілдіру орталығының директоры

Біз сіздермен «Otbasym.kz» порталындағы басты жаңалықтармен бөлісіп отырамыз