KZ RU

ЖАҢА НӨМІР

ОҚУ

×
×
Выделенный текст:
×

Ұлы іс отбасынан басталады

Жаңа дәуір: мүмкіндіктердің көптігі – ел игілігіне

2018 жылы «цифрлық дәуір» өнеркәсібін қалыптастыруға арналған индустрияландырудың үшінші бесжылдығын әзірлеуге кірісу керек. Бұл – Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың биылғы «Төртінші өнеркәсіптік революция жағдайындағы дамудың жаңа мүмкіндіктері» атты Жолдауында айтқан тапсырмаларының бірі. Қазақстанда осы «цифрлық дәуір» үрдісі қаншалықты жүріп жатыр? Мемлекет басшысы мақаласында көрсетілген міндеттер орындалып жатыр ма? Жалпы, цифрландыру туралы не білеміз?
Мәдениет
2018-09-09

Минут тұрмақ, секунд санаулы заманда адамзат қауымы цифрландыру ғаламына еніп барады. Ал цифрлық технологиялар дегеніміз не? Түсініктеме беріп өтейік. Бұл – бұрын-соңды әлемде болмаған жаңа ақпараттық құралдар. Ал цифрландыру – Қазақстанның ең үздік ел атануына сеп болатын бірден-бір күш. Осы орайда елімізде биылдан бастап 2022 жылға дейін сандық жүйені дамыту үшін «Цифрлы Қазақстан» бағдарламасы құрылды. Жоба экономика саласын цифрландыру, цифрлық Жібек жолын іске асыру, адами капиталды дамытумен қатар, инновациялық экожүйені құру бағытын қамтыған. Жалпы, Қазақ елі әуелден цифрлы технологияларды өз игілігіне пайдалануда. Ең алдымен оқу орындарында жаппай компьютерлендіру қолға алынып, халық компьютерлік сауаттылығын арттыра бастады. Бұл құрылғы алпауыт ақпарат құралы ретінде танылды. Тиісінше, барлық жұмыстар компьютердің көмегімен атқарыла бастады. Цифрлы бағдарламаның арқасында смартфондар мен «көк жәшік» те де түрлі түсті реңге боялды. Осылайша ел тұрғындары желілік телеарналарды тамашалауға мүмкіндік алды. Естеріңізде болса, 2011 жылы Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың қатысуымен ұлттық желсеріктік «Отау ТВ» телерадиохабар тарату желісі іске қосылған болатын. Ауылды жерлерге тұратын азаматтар цифрлы стандартқа көшкелі жерсеріктік жүйе абоненттерінің саны да артты. Отандастарымыздың өмір сүру сапасын арттырумен қатар, экономикамызды цифрландыру бағдарламасын жүзеге асыруға бағытталған бағдарлама – 2020 жылға дейін ғаламтор желісін қолданушылардың санын 80 пайызға дейін көбейту мен тұрғындардың 95 пайызын цифрлы хабар таратумен халықтың цифрлық сауаттылығын 80 пайызға дейін арттыруды көздейді. Жалпы, «Цифрлы Қазақстан» бағдарламасы қандай бағыттар бойынша жүзеге асырылатынын бағамдайық. Ірі жобаны жүзеге асыруда 4 бағыт қарастырылған. Алғашқысы – ауыл-аймақты кең жолақты интернетпен қамту, еліміздің транзиттік әлеуетін арттыру. Екіншісі – экономика салаларына сандық технологияны енгізу. Үшінші бағыт – мемлекеттік органдардың сапасын арттыру, ал төртіншісі – IT-мамандарды даярлау. Бүгінде аталған бағыттар бойынша бірнеше жұмыстар атқарылды. Қазақстан қазірдің өзінде ақпараттық технологияларды енгізу мен сауаттылық, ғаламторға қосылу, «Электронды» үкімет жұмыстарын ұйымдастыру көрсеткіші бойынша ТМД елдері ішінде көш бастап тұр. Сондай-ақ, біздің ел цифрландыру бағдарламасын әлемдегі 20 елдің қатарында алғашқылардың бірі болып қабылдады. 2021 жылға дейін елде жаппай цифрландыру дәуірі жүрмек. Бағдарлама нәтижесінде алдағы үш жылда еліміздің сауда нарығындағы электронды сауда үлесін 0,8 пайыздан 2,3 пайызға дейін арттыру қажет. Ал халыққа e-gov порталы арқылы көрсетілетін қызметтердің қатарын қазіргі 35 пайыздық көрсеткіштен 80 пайызға дейін ұлғайту керек. Бұқараның сандық сауаттылық деңгейін 75 пайыздан 81 пайызға көтерумен қатар, өздерін ғаламторсыз ғаламат ғаламның ғажабынан мақұрым қалғандай сезінетін желі пайдаланушылардың 77 пайыздық көрсеткішін 81 пайызға дейін өсіру жоспарланған. Ал Қазақ елі үшін алдағы талаптарды орындау қиын емес дейді шетелдік сарапшылар. Статистикалық көрсеткіштерге сүйенсек, Қазақстан цифрлық экономикаға тарату деңгейі жағынан Ресей, Біріккен Араб Әмірліктері, Аргентина мен Чили сынды елдермен деңгейлес. Еліміздің сауда саласы да біртіндеп электронды жүйеге көшуде. Қазіргі кезде электронды коммерция көрсеткіші – 0,8 пайыз. Ресейде бұл сауда түрі – 3 пайыз, Қытайда – 8,3 пайыз. 2023 жылға дейін Мәңгілік елдің де электронды нарықтық бөлшек саудасы 750-800 млн доллар болуы тиіс дейді сарапшылар. Себебі цифрландыру – әлеуметтік-экономикалық салалардың барлығына ортақ дүние.

Халық сандық технологияларды күнделікті өмірде пайдалану үшін елімізде түрлі бастамалар бар. Солардың бірі – «Электронды үкімет» жобасы. Сол арқылы үйде отырып-ақ ғаламтордың көмегімен бірнеше жұмыстарды бітіруге болады. Кеңірек айтсақ, электронды қызмет – мемлекет тарапынан көрсетілетін қызметтердің электронды түрі. Мәселен, сіз сыртқа шықпай-ақ өзіңіздің атыңызда жылжымайтын мүліктің бар-жоғын, теміржол немесе әуе билеттерін брондау, ұялы байланыс қызметтеріне ақы төлеу, жол жүретін карточкаларыңыздың шотын толтыру, өтініш беру, лицензия алу сынды заң саласындағы сауалдарыңызға жауап алып, басқа да қызметтер жайлы ақпарат ала аласыз. Бұл қызметтердің барлығы «Электронды үкімет» порталына жүктелген. Аталған порталда 500-ге жуық онлайн қызмет түрі бар. Оның 50-ден астамын мобильдік қосымша арқылы да алуға болады.

Қосымша ақпарат: «Электронды үкімет» жобасын құру идеясын Елбасы Н.Ә.Назарбаев 1997 жылы «Қазақстан-2030» мемлекеттік бағдарламасында көтерген болатын. Біле білсеңіз, ең алғаш Америкада пайда болған бұл жобаны әлемнің дамыған мемлекеттері жемқорлықты азайту мақсатында қолданған. Қазақстанда да сыбайлас жемқорлыққа қарсы күш ретінде пайдаланылары хақ. Технологиясы дамыған ел ғана мықты. Электронды үкіметтің арқасында ғаламтор арқылы жүргізілетін қызметтердің сапасы одан әрі дами түсті. Адами капиталды дамытып, халықтың сапалы өмір салтын қалыптастыруға септігін тигізетін порталдың жетістіктерін жүйелі пайдаланатын елдердің алдыңғы қатарында Сингапур тұр. Олар мемлекетті басқару бойынша барлық қызметтерді порталға шоғырландыру арқылы әлеуметтің әлеуетін арттыруды мақсат етті. Олардың ақпараттық-коммуникациялық технологиялар саласында да алдыңғы қатарда болуының себебі де осында.

Қазақстан инновациялық экожүйені қалыптастыру үшін білім беру саласына да баса назар аударуда. Мектеп бағдарламасына робототехника үйірмесін қосып, мектеп оқушыларын жастайынан техникаға баулып жатыр. Елордадағы Оқушылар сарайында тегін робототехника сабақтары жүргізіледі. «Мемлекет тарапынан көрсетіліп жатқан мұндай мүмкіндіктер болашақта еліміздің цифрландыру саясатын одан әрі дамыта түсетініне сеніміміз мол» дейді ата-аналар. Барлығымыз көріп отырғандай, айналаның барлығы цифрландыру жүйесіне бейімделуде. Сот та «цифрлық дәуір» талаптарына сай болуы қажет. Бұл – Елбасының тапсырмасы. Ол әр Жолдауында сот жүйесіне деген сенімнің артуына қол жеткізу қажеттілігін айтады. Ел ағасының тапсырмасы біртіндеп орындалуда. Енді соттарда бітпейтін қағаздар мен кезектер жойылып, құжаттардың барлығы электронды порталда жүйеленді. «Сот төрелігінің жеті түйіні» шеңберіндегі SMART сот бағдарламасы – соның айғағы. Бұл жүйе соттардың IT-қолданудағы жоғары деңгейін қамтамасыз етуге бағытталған. Болашақта сот жұмысына блокчейн, ауқымды деректермен жұмыс пен жасанды интеллект технологияларын енгізу жоспарлануда. Жоғарғы сот төрағасы Жақып Асановтың айтуынша, бүгінде азаматтық талап-арыздардың 91 пайызы электронды түрде беріледі екен. Ал «Сот кабинеті» сервисін қолданушылар саны соңғы 3 жылда 7 есеге артып, 272 мың адамға жеткен. Қысқасы, цифрландыру жүйесіне көшу әлемдік бәсекелестікке төтеп беріп, дамыған 50 елдің қатарына қосылуымыз үшін қажет.

Біз сіздермен «Otbasym.kz» порталындағы басты жаңалықтармен бөлісіп отырамыз