Әр халықтың бала тәрбиесіндегі өзіндік ерекшеліктері арқылы мәдени құндылықтары қалыптасады. Ата-бабамыз ұл баланы ертеңгі абыройлы әке, елді қорғайтын ержүрек батыр, ұлттың намысты азаматы ретінде әділдікке, қайсарлыққа, өнерге, білімге тәрбиелеген. Отан қорғаушылар күні қарсаңында «Otbasym» редакциясы ер балаларға айтылған бабалар ұлағатын назарларыңызға ұсынады
Атасы тұрып, ұлы сөйлегеннен без,
Анасы тұрып, қызы сөйлегеннен без.
Жомарт бергенін айтпас,
Ер айтқанынан қайтпас.
Ер азығы мен бөрі азығы – жолда.
Мал қонысын іздейді,
Ер жігіт туысын іздейді.
Ердің жақсысы - елімен ойласады,
Әйелдің жақсысы - ерімен ойласады.
Адам болатын жігіт алдымен өз нəпсісін билейді.
Сонан кейін ауылын билейді.
Ауыл билеген - аймағын билейді.
Пайдасы бар жігіттер - дария шалқар көлмен тең,
Пайдасы жоқ жігіттер - ем қонбайтын шелмен тең.
Ел болатын жігіттер - ел намысын жыртады.
Ел болмайтын жігіттер - елін ұрлап құртады.
Алғыр жігіт ақылына қарай іс қылар,
Олақ жігіт оңай жұмысты күш қылар.
Қойдан қойдың несі артық,
Қол басындай еті артық.
Ерден ердің несі артық,
Ойлап айтқан сөзі артық.
Бай болайын деген жігіт - айырбасшыл келеді,
Адам болайын деген жігіт - қарындасшыл келеді.
Болатын жігіт - епшіл,
Болмайтын жігіт - кекшіл.
Жаман болатын жігіт шегіншек келер,
Кедей болатын жігіт еріншек келер.
Емен ағаштың иілгені - сынғаны,
Ер жігіттің екі сөйлегені - өлгені.