Ұлы іс отбасынан басталады
Енді мұнымен қоймай, кейбір жерлерде «өсіп елдің көркі болар» қыздарымыз ұятты ысырып тастап, қолдарына плакат алып, әділдік іздеуде. Сондағы мақсаты - өздеріне еркектер тарапынан жасалынған зорлық-зомбылыққа нүкте қою. Немесе билік тарапынан Заңмен жазалануды қатаңдастыруды талап ету. Ал билік тарапы жеңіл жүрістілердің жолын қалай қысқартсақ екен деп жүргенде, кейбір телеарналар инстаграм жұлдыздарының төс, ерін сияқты тағы да басқа көрнікті жерлерін қанша теңгеге әдемілеткенін «жарнамалап» әлек. Бұл бір баланың секіріп ойнайтын батутындай болды, бір жағын бассаң, екінші жағынан секіріп шығып, көпшіліктің назарын өзіне қаратады.
Ұлттың болашағын тәрбиелер қаракөз қыздарымыз әуел баста Алланың берген тәнін өз дегенімен «тәрбиелеуде». Қаракөз демекші, қазір тіпті тұнық қаракөзді сирек кездестіресің. Қоғамдық орталарда екі қыздың бірінің көзінде линза. Шарасынан шығып кетер ме екен деп, жақындауға да қорқасың. Бұрындары қалың қара бұрымымен мақтанатын қазақ қыздары, қазіргі таңда жалаң төс, жылтыр санмен мақтануды өнерге айналдырды. Өйткені «демократия», «цивилизация» ұғымдарын қазіргі жас «біреуге еліктеу» немесе «ұяттың есігін жауып қою» деп өздігінше түсінеді. Көпшіліктің пайдалануы түгілі, көруіне рұқсат етілмеген тәнін - қыздарымыздың жарнамалап, онысымен қоймай табыс көзіне айналдыруы ұлт жанашырларының жанына батары сөзсіз. Көпшілік бұл індетті батыстың әсері деп ойлап, заманның өзгеруі, интернеттің дамуымен байланыстырады. Бірақ заманның емес, адамның өзгеретінін ескерсек, интернет дамуы, әртүрлі ағымдардың қаптауы - санасы төмен, өзіне сенімсіз адамның ғана бойын баулайтыны рас.
Отан – отбасынан басталады!
Иә, расында да тілге жеңіл тиер осынау ұлы сөздің түпкі мағынасы адам жүрегіне ауыр жауапкершілікті жүктейді. Біз баламызды қалай тәрбиелеудеміз? «Болмасаң да ұқсап бақ...» деп ұлыларға еліктеуді жөн санайтын Абай ұрпақтары баламыздың кімге ұқсауына үгіт жасаудамыз?
Расында қайсымыз болсақ та баладан қолдан келген жақсылығымыз бен барымызды аямаймыз. Бір ғана мысал, бала 2-3 жасқа жеткенде балабақшамен қоса, психолог, логопед, футбол, каратэ, би, балет сынды толып жатқан баланы қосымша дамыту курстарына жазамыз. Сондағы ой- балам жан жақты болсын дейміз. Ал психолог, логопедке апаратындардың баласы отбасында агрессивті немесе ешкіммен сөйлеспейді, тілі кеш шығуда. Осы сынды толып жатқан кемшіліктің алдын алу үшін немесе жою үшін білікті мамандарға жүгінеміз. Ал қаржылай шамасы төмен отбасылар түнімен күнімен жұмыс жасап, көптен қалмауға тырысады. Кейбіреулер бала туғанша жақсы, туғаннан кейін түрлі себептермен ажырасып кетеді. Немесе күйбең тіршіліктің қамы деп, ұрыс жанжалмен баланың «адам» екендігін де ұмытып жатады. Осы жағдайға мән берсек, көп отбасы баланың тәрбиесімен емес, тәлімімен немесе ішіп-жеуін жеткізумен немесе жай ғана өз басының қамымен айналысады екен. Сонда балаға кім тәрбие береді? Баланың тәлімін түгелдейміз деп жүргенде тәрбиесін қайтпекпіз?! Психологтардың пайымдауы бойынша баланың өскенде немесе балалық шағындағы қателіктері , өмірден өз орнын таба алмауы, тұлға ретінде қалыптаспауы – отбасында жетпеген көңілден туындайды екен.
Тәрбиенің басы – баланың тамақ ішіп-жеу әдебі мен киім киюінен басталады. Ол қымбат немесе әдемі емес, бәлки таза, әурет жерін жауып тұратын киім. Өйткені тамақ ішке кірген соң қан арқылы адамның бойына сіңіп, мінез құлықты қалыптастырады. Егер адам баласын кішкентайынан далада жүргенде емес, үйде дастархан басында тамақтанып, таза тамақ ішіп, таза жүруді үйретіп, қыз балаға жабық, жинақы киім киюді әдетке айналдырса, ол баланың өне бойын әдептілікке қалыптастырады.
Қазіргі таңда заман ағымы деп заманауи өмір салтын ұстанатын жас отбасылар баланың, соның ішінде қыз баланың киіміне салғырт қарайды. Қыздың биязы, сыпайы, таза болуы үшін еңбектенетіндер аз. Отағасының қабағына қарап сөйлейтін отанасы, бүгінде еркегінің қыз баласының іш киімін ауыстырып, жууына дейін жеткізді. Әкенің көз алдында қыздың жалаңаш, оңды солды жүріп тұруына көз жұма қарап, баланың алдында әкенің қадірін жоғалтумен қатар, қыздың ұятсыз, арсыз болып өсуіне жол ашуда. Кішкентайында сөзге түсінбес, еркелігі деп мән бермей қарайтын баламыздың еркелігі өсе келе өзімізге теріс шабары сөзсіз. Баланың материалдық емес, рухани дамуына, адамгершілігі мен еңбекқорлығына мән берсек, қызымыздың жеңіл жүріп, ұлымыздың намыссыз болғандығына Заң мен Батысты кінәламас едік.
Баланы тәрбиелеу – ер мен әйелдің отбасын құруынан басталары сөзсіз. Егер әйел таңдап, теңім деп тиген еркегін аш болсын, тоқ болсын құрметтесе, еркек отбасында әйелге ана деп қараса, оны көрген бала әкені аттап, ананы таптамас еді. «Махаббатпен жаратқан адамзатты...» деп Абай атамыз айтқандай, махаббатпен жаратылған адам баласы әрқашан сүйіспеншілікке зәру. Егер бала отбасында мейірім мен жылулық көрсе, қыздарымыз даладан мейірім іздеп, арын сатпас еді, ал ұлдарымыз қызды қарындасым деп, бүгінгідей зорлықты жасамас еді. Балаға қатарынан қалмасын деп смартфон мен ақшаның қамын бірінші орынға қоймай, махаббатпен көңіл бөлсек, ол өскенде интернеттен жұрттың көңілін қаратуды ойламас еді. Туғаннан балаға Алланың берген үлкен сыйы деп тұлға ретінде қарасақ, бүгінгідей баламызды жетектеп, психолог пен логопедтің табалдырығында жүрмес едік .
Барлығымыз күн көрудің қамымен адамилығымызды ұмытсақ, ертең елдің үміт артар жастарын кім тәрбиелемек?! Мәселенің мән-жайын есіктен емес, бесіктен іздейік...
Азиза Ахметова
Біз сіздермен «Otbasym.kz» порталындағы басты жаңалықтармен бөлісіп отырамыз