Ұлы іс отбасынан басталады
Халқымыздың тұрмыс-тіршілігіне байланысты өнеріміз ғасырлар бойы тек қана жеке орындаушылық формада дамыды. Ол әр дәуірдің мәдениетінде дарынды тұлғалардың дүниеге келуіне мүмкіндік тудырды. Аты аңызға айналған Кетбұға, Асан қайғы, Қарт Науай сияқты таңдаулы есімдер біздің заманымызға жетті. Одан соң бертін келе, Құрманғазы, Тәттімбет, Дәулеткерей, Дина, әншілеріміз Ақан сері, Біржан сал, Жаяу Мұса, Мұхит, Кенен сияқты алты алашқа аттары мәлім болған біртума дарындыларымыздың қазақ дәстүрлі ән және аспаптық өнеріне сіңірген еңбектері ұшан-теңіз. Қазақ даласы ежелден ән мен күйге толы. Қазақ музыкасына оның әуендік көркемділігімен, тақырыптық ерекшеліктеріне қанық болған академик Б.В.Асафьев «Қазақтардың суырып салма әні мен аспаптық шығармашылығы бұл ең алдымен мағыналы әсем саз, нақты өмір шындығы» деген болатын.
Қазақ қоғамында домбыра, қобыз, сыбызғы және дауылпаз сияқты аспаптар кең қолданыста болды. Аспаптық музыка тарихында ХХ ғасырдың 60-жылдарында елеулі өзгеріс орын алды. Яғни, аспаптарды этномузыка танушы, профессор Болат Сарыбаев бүге-шігесіне дейін зерделеп музыкалық аспаптардың классификациялық жүйесін құрды. Осы уақытқа дейін санаулы ғана аспаптар қолданыста болса, ендігі таңда назардан тыс қалған көне аспаптарды қайта тауып, ғылыми тұрғыда анықтап музыкалық аспаптарды қазақ қоғамына қайта қосты. Бұл аспаптану ғылымы саласында аса ірі, бұрын-соңды болмаған жаңалық еді. Жазушы Жарқын Шәкәрім:
«Музыкалық аспаптарды жіктеу кестесі ғалым өмірінің зерттеу нысанасы. Қазақтың пайдаланудан қалған ұмытылған музыкалық аспаптарын жаңғыртқандағы еңбегінің жемісі және бүгінгі ұрпаққа қалдырған мұрасы деп те негіздеуге болады» – деп, [1,14] өз еңбегінде ойын осылай тұжырымдайды.
Б.Сарыбаев кестесінде аспаптарды 5 топқа бөлді:
1) Үрлеп тартылатындар тобына – сыбызғы, қурай, ысқырғыш, саз сырнай, үскірік, тастауық, қамыс сырнай, қос сырнай, қауырсын сырнай, мүйіз сырнай, ұран, бұғышақ, керней;
2) Ішекті тобына – жетіген, шертер, домбыра, қыл қобыз;
3) Мембраналы тобына – даңғыра кепшік, дабыл, дудыға, дауылпаз шыңдауыл;
4) Сым тілшелі топқа – шаңқобыз;
5) Сілкіп ойналатындарға – асатаяқ, шың, сылдырмақты қамшы және қоңырау аспаптарын жатқызды [2, 58]. Осылайша ХХ ғасырдың 2 ширегінде қазақ аспаптандыру саласында ерекше бір дүмпу болды. Сол Б.Сарыбаев құрған кестенің құрылымы мен құрылысы әлі күнге дейін өзгерген жоқ. Тіпті, өзгертуді де қажет еткен емес. Міне, Б.Сарыбаев жасаған еңбегінің ғылыми, теориялық тұрғысынан алғандағы сапалылығының мәні осыдан көрініп-ақ тұр. Б.Сарыбаев кестесінің қазақтың музыкалық аспаптарының жіктелуіндегі ішекті тобының шертіп ойналатын аспаптар қатарындағы ерекше көзге түсетіні – домбыра аспабы.
Бүгінгі таңда қазақты нағыз қазақ етіп жүрген домбыра аспабының қай уақытта, қай кезеңде біздің тұрмыс-салт, өнерімізге енгендігіне ой тастап, көз жүгіртіп көрелік. Әрине, тарихи аңызбен нақты зерттеу тұжырымдамаларын салыстыра зерттеу көкейдегі ойды, пішімді нақтылай түсуіне көмектеседі. Домбыра аспабының қалай пайда болғаны жайлы аңыз әңгімелер аса мол. А.Сейдімбек «Күй шежіре» [3] еңбегінде домбыра аңыздарына ерекше назар аударған. Соның бірі Шығыс Қазақстан облысы Күршім ауданынан Арғынбек Қилыбаев ақсақалдың баяндауындағы «Қос ішек» күйінің аңызы.
Ертеде биік таудың қиясын тұрақ еткен, бұғы-маралды аулап азық етіп күнін көрген бір аңшы жігіт болады. Бірде жолы болып, биік таудың қиын қиясынан теңбіл марал атып алады да, маралды етекке түсіру үшін ішек қарынын ақтармалап тастайды. Содан, арада айлар өткенде, аңшы жігіт аң атуға ұрымтал тұс еді ғой деп, баяғы теңбіл маралды атқан жерге соқса құлағына бір ызыңдаған дауыс естіледі. Барып қараса, өткенде атқан маралдың ішегін қарғақұзғын іліп ұшқан болу керек, қарағайдың бұтағына қос тін болып керіліп қалғанын көреді. Ызыңдаған дыбыстың сол ішектен шығып тұрғанын аңғарады. Қарағайдың бұтақтарына керіле кепкен ішекті сәл ғана жел тербесе ызыңдап, жанға жайлы дыбыс шығарады. Бірде уілдеп, бірде сарнап, енді бірде сыңсып жылағандай болып, аңшы жігітті алуан түрлі күйге түсіреді. Сол жерде аңшы жігіт қой мына қос ішекке тіл бітейін деп тұр екен, бір амал жасайын деп, ішекті үйге алып келеді де, бір аспап жасап, соған қос ішекті тағады. Содан тартып көрсе шынында да қос ішекке тіл біткендей сұңқылдап қоя береді. Бұл үн жігіттің ғана жанын жадыратып қоймайды, тыңдаған жанның бәрін ұйытады. Осылайша домбыра көптің сүйіп тыңдайтын аспабына айналады [3,192].
Аңызда домбыра жайлы осылай десе, осыдан ХV ғасыр бұрын яғни V-VI ғасырларда жасалған «Моңғол Алтай жотасының бір сілемі Жарғалант Қайырхан тауының бір үңгірінде сақталып бізге жеткен кәрі домбыра шанағының сыртқы бетіне бұғының, бұланның суреттері ойылып салынған екен. Онымен қоса домбыраның басы бұғының, бұланның басы. Сонда бұл кездейсоқтық па, әлде шындық па? Аңызда не айтса мына кәрі домбыра бітім тұрпатымен соны дәлелдейді. Бірін-бірі толықтырып, бірін-бірі дәлелдеп аңызда айтылған әңгіменің ақиқатын айғақтап тұрғандай» – деп [4], Қаржаубай Сартқожаұлы пайымды пікір білдіреді.
Әлемнің көптеген еліне тараған ысып орындалатын қобыздың өзін б.з.д. Х ғасырдан бері қолданыста деген тұжырым айтылады. Ал, домбыра қобыздан да әріректе пайда болғандығын V ғасырда жасалынған Алтай тауынан жас жігіттің мәйітінің жанынан табылған қара домбыра тарихи дәлме-дәл мысал. Домбыраның формасы Қазақстан аумағында әр өңірлерде әр қалай болған. Мысалы, Батыс Қазақстандық үлгісі (12-16 перне), Орталық және Шығыс Қазақстан үлгісі (12-16 перне), Оңтүстік және Жетісу өңірінің (7-9 перне) үлгілері болды. ХХ ғасырдың басында Қазақстан Ресейдің құрамында болған кезде еліміздің арман қуып, білім іздеген жастарының дені Мәскеу, Ленинград қалаларының оқу орындарында оқыды. Елімізге кәсіби білімімен оралған түлектер музыка саласында да тың өзгерістер әкелді. Сондай азаматтардың бірі академик Ахмет Жұбанов. Ол қазақ музыка саласындағы кәсіби маман атанған қазақ ғалымдарының бірі. А. Жұбанов Ленинград консерваториясында білім алып жүргенінде орыс халық аспаптары оркестрімен танысып, шығармашылығына қызығады. Жан-жақты байыған, күрделі шығармаларды оңай орындай алатын сол оркестр кейін А. Жұбановтың қазақ халық аспаптар оркестрін құруына түрткі болды. Ұлттық оркестрдің құрылуы негізінде айтарлықтай өзгерістер орнады. Ұлттық аспаптарды бір жүйеге келтіру керек болды. Аспапты шеберханадағы көптеген ізденіс, зерттеу жұмыстарының нәтижесінде бұрынғы қойдың ішегімен тартылып келген домбыра енді желкіге ауыстырылды. Күй ноталық жүйеге түсіп, домбыра құлақ күйі «соль-ре» нотасына келді. Тенор домбырада перне саны 18-ден 22-ге дейін жеткізілді. Форма жағынан Батыс Қазақстандық үлгісі таңдалынды. Сонымен қатар, жүйелік өлшемдер орнатылды. Қазақ аспаптарының Еуропа өлшеміне сәйкестендірілуі, диапазондарының кеңеюі сияқты өзгерістер осы кезеңге тән. Қазақтың қара домбырасы ХХ ғасырдың 30-шы жылдары кезінде кәсіби тұрғыда жетіліп дамыды.
Домбыра жасаудағы айтулы шеберлер жайлы сөз қозғағанда ең алғаш А. Жұбановпен бірге эксперименталды көптеген ізденістер барысында домбыраға реканструкция жасаған Эмануэль Иосифович Романенко шеберден бастаймыз. Ол дыбыс тербелісін физика, математикалық тұрғыда өлшеп, перне санын 19-ға жеткізіп дамытты. Ол қазақтың халық аспаптары оркестрі үшін домбыра мен қобыздың түрлері: пикколо, прима, альт, тенор, бас жасап шығарды. Ал, қазіргі таңда домбыра аспабын жасаушы шеберлер осы кезеңнің бағыты бойынша жасауда. Домбыра жасауда өзіндік қолтаңбасын қалыптастырған қазіргі заманның айтулы шеберлері дегенде: Жолаушы Тұрдығұлов, Жақсылық Оспанов, Мұса Әділов, Сұлтан Мұсаев, Нарбек Оханов, Айтмұхамбет Тежекенов, Азат Өзенбаев, Ердос Рақымбеков т.б сынды қол өнер шеберлерін айта аламыз.
Домбыра өткен ғасырдың 30-шы жылдары халық аспаптары оркестрінің құрылуының нәтижесі барысында жаңашыл өзгерістер еніп дамыған болса, ал 90-шы жылдарының ортасына таман күйді, әуенді компьютермен әрлеу домбыраға тың тыныс берді. Яғни, ДЭККО жанры. Кеңірек айтар болсақ, домбыра мен эстраданы ұштастырып, күйді компьютерде орындау дегенді білдіреді. Оны жасаған сазгер, күйші Жасарал Еңсепов еді [5,74].
Жаңа жанр жаңалығы қазақ елін, тіпті, шетелдіктерді де таң қалдырды. Домбыра аспабы жаһандану заманының жаңа сатысына қадам басты. Бұл күндері ДЭККО жанрында: «Ұлытау», «Арт Дала», «Белес», «Думан» топтары, Асылбек Еңсепов, Айгүл Үлкенбаева, Олжас Сүлейменов, Мұрагер Сауранбаев, Нұржан Тәжікенов т.б орындаушыларды атауға болады.
ХХ ғасырдың 90-шы жылдарының жаңалығы деп ДЭККО жанры саналынған болса, ал, қазір ХХ ғасыр жаңалығы электро домбырада. Электро домбыраның ішегі сымнан жасалынған болса да ұлттық колориттен тым алыстай қойған жоқ. Оны осы аспапты жасаған «Алдаспан» этно-рок тобының жетекшісі Н.Тойшы былай дейді:
«…соль-ре күйінде аспаптың дыбысы өте жіңішкеріп кетті. Сондықтан, кішкене түсірдік. Бұл электро домбыра қазақтың байырғы нағыз домбырасының күйіне жақын келеді ғой деп ойлаймын» [6,37].
Қалай десекте, бұл артиндустриядағы ерекше жаңалық. Аталған жаңалық бойынша қолына домбыра ұстаған жас күйшілерге жаппай электронды домбыраны қолданып тартыңдар деген ой емес. Бұл қазақ күйін, қазақ домбырасын әлем тыңдармандарына жаңашыл бағытта жеткізудің бірегей жолы деп түсінуіміз керек. Электронды домбыра аспабы арнайы дыбыс күшейткіш құрылғымен дыбыс күші күшейіп, үлкен аудиторияларға концерттер беруге жарамды. Бұл аспап шетелдік аспаптармен терезе теңестіріп, орын алмастыра алады.
Қазіргі таңда қазақ қоғамы, экономикасы қалай қарыштап дамыса ұлттық мәдени өнерімізде де сондай дамушылық айқын көрінеді. Домбыра аспабы А.Жұбановтардың тұсында өзгеріске ұшыраса, онымен қоса фортепианоның сүйемелдеуімен шетел шығармаларын орындау және эстрада бағытында орындау сияқты қырлары, электро домбыра ұлттық аспаптың даму сатылық деңгейін аңғартады.
Қалай десекте уақыт ағымына сай кез келген дүние заманға лайықталып, түрленіп тұратыны рас. Ал, домбыра болса қаншама өзгеріске ұшырап дамығанымен өзіне тән қоңыр бояуын, түрлі ерекшеліктерін жоғалтпағаны абзал. Домбыра қазақ халқының жан серігі, жан сезімі. Домбыра көшпелі елдің көне шежіресі, қазыналы қарияның көкірек күйі. Ол халықтың тарихи тағдырымен тамырлас. Қаншама қиындықтарда тар жол, тайғақ кешу замандарында қазаққа сүйеніш бола білген киелі аспабымыз. Саусағың ішегіне тиіп кетсе сөйлей жөнелетін құнды жәдігер домбырамыздың ғұмыры мәңгі болмақ.
Алтынай Джумагалиева,
Ерасыл Қаумбаев
Пайдаланылған әдебиеттер:
1. Ж. Шәкәрім. «Көне дүние күмбірі». Алматы 2013ж.
2. Б.Сарыбаев. «Қазақтың музыкалық аспаптары». Алматы 1981ж.
3.А.Сейдімбек «Күй шежіре» Алматы 1997ж.
4. Қ.Сартқожа ұлы «Ерте орта ғасырдан жеткен ата домбыра» мақаласы
5. Ж.Еңсепов «Домбыра» журналы Алматы 2007ж. наурыз айының №1саны.
6. Б.Абишева. Темір үзер қылыштың аты болар «Алдаспан». «Новая музыкальная газета» № 2 2011ж.
Біз сіздермен «Otbasym.kz» порталындағы басты жаңалықтармен бөлісіп отырамыз