Ұлы іс отбасынан басталады
Астана қаласындағы Оқушылар сарайында Ішкі істер министрі Қалмұханбет Қасымовтың қатысуымен әртүрлі төтенше жағдайларда ерлік көрсеткен 20 баланы салтанатты түрде марапаттау рәсімі өтті.
Іс-шараның мақсаты – «Бақытты балалық шақты қорғау» жылы аясында өскелең ұрпақты азаматтық, ар-намыс және патриоттық рухта тәрбиелеу, сондай-ақ қоғамда батыр балалардың ерлік істерін баяндауға мүмкіндік жасап, кішкентай батырларға алғыс білдіру.
Балалардың барлығы да көпке үлгі болып, қысылтаяң шақта ержүректік көрсетіп,ерлік әрекеттерімен танылған.
Ұлдана Совет - Көкшетау қаласы Красный Яр кентінің №3 мектебінде 3- сыныпта оқиды. Оқушы өрт шыққан үйден сіңлілері мен бауырын алып шыққан. Сол күні балалардың анасы түнгі ауысымға жұмысқа кетіпті. Кенеттен, түн ішінде үйден өрт шығады. Сол кезде, кішкентай 8 жасар қыз, еш саспастан, құтқарушылар келгенше кішкентай балаларды алып шыққан.
Имран Қуанышұлы ата-анасымен бірге Көкшетау қаласында тұрады. Жазғы демалысын жыл сайын атасы мен әжесінде, Уәлиханов ауданы Кішкенекөл ауылында өткізеді екен. Бір күні ойнап жүрген Имран аузы ашық кәріз жаққа жүгірген баланы байқап, соңғы сәтте баланы құдықтан әрі қарай итеріп жіберіп, құдық ішіне өзі құлаған.
Ал, өз өмірін қатерге тіге отырып, 8 жастағы бүлдіршінді зорламақ болған педофилден арашалаған 16 жастағы Қуаныш Мейрамбекұлы қылмыскерді қолға түсіруге едәуір көмегін тигізген.
Міне, осындай ерлік танытқан ержүрек балалар бүгінде көпке үлгі.
«Мен сіздерге үлкен құрмет көрсете отырып, Астана қаласына қош келдіңіздер деймін. Еліміздің жүрегі – Астана биыл өзінің 20 жылдық мерейтойын атап өтеді. Елбасы саясатының арқасында бүгінде Астана –тәуелсіз Қазақстанның мақтанышына айналды. Астана тек қана еліміздегі қоғамдық-саяси, экономикалық және мәдени өмірдің орталығы емес, бүкіл Еуразия кеңістігінің жүрегі саналады», – деді ҚР Ішкі істер министрі.
Қалмұханбет Қасымов барлық балаларға денсаулық, табыс тілеп, болашақта да осындай батыр, рухы биік, ержүрек қалыптарын сақтап, тек биік шыңдардан көріне берулеріне тілектестігін білдіре отырып, «Төтенше жағдайдағы ерлігі үшін» медалімен марапаттады.
Біз сіздермен «Otbasym.kz» порталындағы басты жаңалықтармен бөлісіп отырамыз