KZ RU

ЖАҢА НӨМІР

ОҚУ

×
×
Выделенный текст:
×

Ұлы іс отбасынан басталады

«Ұлы Дала бірлігі» концерті

29 мамырда Астана қаласында ашық аспан астында «Ұлы дала бірлігі» атты шоу-концерт болып өтті. Аталмыш концерт Елордамыздың 20 жылдық мерейтойының шымылдығын ашып берді.
Жаңалықтар
2018-06-13

Концерт Астана қаласы әкімдігінің ұйымдастыруымен «Қазақ елі» монументі алаңында болып өтті.

Мерекелік концертте Қазақстан мен Ресейдің музыкалық рейтингтерінің көшін бастап тұрған, ең танымал 30-ға жуық беделді әнші-әртістері қатысты.

Ашық аспан астындағы шоуға қазақ эстрада жұлдыздарынан Айқын, Мәдина Сәдуақасова, Тамара Асар, Ninety One, Әлішер Кәрімов, Маржан Арапбаева, Бейбіт Кушкалиев, Артур мен Райм, Мөлдір Әуелбекова, Ерке Есмахан, Нұржан Керменбаев, Ринат Мальцагов,  Кәмшат Жолдыбаева, Қайрат Нұртас, «Ринго», «Алашұлы», «МузАрт Life» топтары өнер көрсетті.

Астананы мерейтойымен құттықтап көрші Ресей елінен Дима Билан, Сергей Лазарев, Джиган, Тимур Родригез, Юлиана Караулова, Анна Седакова, Анна Семенович, Макс Барских, Натан, Миша Марвин, Елена Темникова, Artik & Asti және «Градусы» тобы келді.

Кеш жүргізушілері Азат Әбікен, Айнұр Ілиясова, Ғалым Махамбетов, Гүлназ Жоланова, Азамат және Антон кештің көркін кіргізді.

Өткен жылы ЭКСПО-2017 көрмесі аясында ұйымдастырылған «Ашық аспан астындағы» шоуға 50000-нан аса көрермен жиналса, биыл Елорданың 20 жылдығы аясында өткізіліп отырған бұл шараны 80000-нан аса көрермен тамашалауға келген екен.
 

«Самғау» халықаралық театр фестивалі

Астанада елорданың 20 жылдығы аясында VI «SAMGAU» халықаралық театр фестивалінің шымылдығы ашылды. Аталмыш шара – елордалық театр сүйер қауымның көптен күткен оқиғасы. Шараның ашылуына Астана қаласы әкімінің орынбасары Ермек Аманшаев қатысты.

Апта бойы 16 маусымға дейін қалалық театрлардың сахналарында Қазақстанның өңірлерінен және таяу шетелден әкелінген үздік қойылымдар көрермендердің назарына ұсынылды.

Биылғы фестивальдің атауы да, мазмұны да өзгеше. Бұрын ол «Сахнадан сәлем» деп аталып келген еді.

Фестиваль Астана қаласының Мәдениет және спорт басқармасының ұйымдастыруымен алты жыл қатарынан өткізіліп келеді. Оның басты мақсаты – театр өнері саласында ынтымақтастықты нығайту.

Фестивальдің биылғы бас жүлде қоры  2 миллион теңгені құрады.

Биыл фестивальге Қырғызстан, Өзбекстан, Татарстан, сонымен қатар Петропавл, Өскемен, Шымкент және Астана театрлары қатысты.

Альментьев татар мемлекеттік драма театры Х.Мюллердің «Медеясын», Бішкектің Т.Абдомомунов атындағы Қырғыз ұлттық академиялық драма театры мен М. Рыскулов атындағы Нарын облыстық академиялық музыкалық драма театры фестивальде К. Иманалиевтің «Коркут Ата» атты шығармасын және «Маң» драмасын көрсетті. Өзбекстандық Самарқанд музыкалық драма театры көпшілік назарына Т.Жужануглидің «Лавина» қойылымын ұсынды. Елордалық «Жастар» театры фестивальге Н. Гогольдің «Ревизор» трагифарсын дайындады. Горький атындағы театр А.С. Пушкиннің «Евгений Онегин», ал Қ. Қуанышбаев атындағы қазақ музыкалық драма театры Дж.Патриктің «Қымбатты Памела» туындыларын сахналады.

Театр фестиваліне қатысушылар арасында Шығыс Қазақстан облыстық драма театры да (Өскемен) бар. Аталмыш мекеменің ұжымы «Аршын мал алан» мюзиклін көрсетті. Сонымен қатар, Ж. Шанин атындағы облыстық академиялық қазақ драма театры (Шымкент) М. Әуезовтың «Қарагөз» трагедиясын, Оңтүстік Қазақстан облыстық орыс драма театры (Шымкент) Д. Вассерманның «Полет над гнездом кукушки» және С. Мұқанов атындағы Қазақ музыкалық драма театры (Петропавл) өз қойылымын ұсынды.

«Самғау» фестивалі аясында қатысушылар өз репертуарларындағы үздік қойылымдарды көрсетіп, тәжірибе алмасты. Театр өкілдері вокал, сахнада сөз сөйлеу, қозғалу және актерлік шеберлік бойынша шеберлік дәрістерін өткізді.

Қатысушылардың өнерінеөз бағаларын театр өнерінің көрнекті қайраткерлері береді.

Баспасөз маслихатына қатысушылар биылғы фестивальдің өзгешеліктері туралы айтқан соң көңілді мимдермен оркестр музыкасының сүйемелдеуімен дәстүр бойынша қызыл кілемнің үстімен жүріп өтті. Ең алдымен фестивальдің қазылар алқасы көрінді. Айта кетейік, оның құрамына үздік отандық, сонымен қатар Ресей мен Қырғызстанның театр сыншылары енді. Атап айтқанда, Есенгелді Тұяқов, Елена Митченкова, Жаныш Құлмамбетов, Сәния Қабдиева, Еркін Жуасбек, Мұрат Әбзелбаев, Гүлдана Сапарғалиева, Назерке Жұмабай.

Олардан кейін «SAMGAU» фестиваліне қатысушылар қызыл кілеммен жүріп өтті – Астана, Петропавл, Шымкент, Өскемен қалаларының театрларының труппалары, сондай-ақ Сербия, Татарстан, Қырғызстан және Өзбекстаннан келген қонақтар.

Әдеттегідей, шеру «Жастар» театрының сахнасында концерттік бағдарламамен және фестивальдің ашылу салтанатымен жалғасты. Жиналған қауым елордалық актерлердің өнерін тамашалады. Бағдарламаны фестивальдің алғашқы көрсетілімі – «Жастар» театрының Нұрқанат Жақыпбай қойған «Ревизор» трагифарсы жалғастырды.

Қойылымдар орыс драма театрының, қазақ драма театрының, сондай-ақ «Жастар» театрының сахнасында қойылды.

                      Салт аттылар экспедициясы

Маусым айында Астана қаласы әкімдігінің қолдауымен «Рухани жаңғыру» бағдарламасының және Астана қаласының 20 жылдығын тойлау аясында «Астана – ұлы дала елордасы» атты көпкүндік салт атпен жүріп өту экспедициясы бастау алды.

Экспедиция Ақмола, Павлодар, Қарағанды облыстарындағы ұлттық парктер Бұйратау, Баянауыл және Қарқаралы арқылы өтеді, турдың жалпы ұзындығы – 600 шақырымды құрайды. 10 адамнан құралған еріктілер тобы  бас қаламыздан бағыт алып Сарыарқаның сары төсін басып өтіп, ат басын Қарқаралыға тіремек. Топ құрамында екі жасөспірім және екі мажарлық бар.

Сапарға аттанушы азаматтарды шығарып салу салтанатында сөз сөйлеген Мәдениет және спорт басқармасы басшысының орынбасары Берік Маржықпаев шерушілерге ақ жол, сәт-сапар тілесе, Ардагерлер кеңесі төрағасының бірінші орынбасары Өмірзақ Озғанбайұлы бата берді.

Ал Венгрияның Төтенше және өкілетті елшісі Барани Андраш сөйлеген сөзінде қазақ пен мажарлықтардың туыстас халық екенін, мажарлықтар өздерін ежелгі қыпшақтардан тарағанбыз деп есептейтіндігін айта келе, «бабаларымыздың ат тұяғының ізі қалған Сарыарқа төсімен жүріп өту бізге мақтаныш, бақыт» деді. 

«Біз 10 күннің ішінде Бұйратау, Баянауыл және Қарқаралы ұлттық парктеріне тоқтаймыз деген ойдамыз. Жалпы, сапардың ұзындығы шамамен 600 шақырымды құрайды. Мен мұндай жобаға екінші жыл қатысып отырмын. Осы жобаға мұрындық болып отырған Берік Ақылбек ағамыз. Биыл біздің қатарымызда екі венгрлік азамат бар. Ата-баба жолымен жүріп өту, елдегі ішкі туризмге үлес қосу. Болашақта осындай салт атпен жүріп өтетін туристік бағыттар болады деген ойдамын», – дейді сапарға қатысушы Айдос Нұрақышев.

Топ жетекшісі Берік Ақылбек мұндай шараны 3 жыл қатарынан өткізуде, алғашқы салт атты шеруді 2016 жылы қазақ елінің тәуелсіздігінің 25 жылдығы құрметіне және былтыр халықаралық ЭКСПО көрмесіне арнаған.

Экспедицияға қатысушылар күніне жүз шақырым жүруді жоспарлауда, өздерімен бірге ас-су, далаға қонуға арналған палаткалар алған. Барлық керек-жарағымыз өзімізбен бірге дейді жігіттер. Мұндай іс-шараға сіз де қатыса аласыз, дәл осы жолғы экспедиция құрамында Павлодар, Ақмола, Қарағанды облыстарынан келген азаматтар бар.

Бұл іс-шара қазақстандық патриотизмді тәрбиелеуге және қазақстандықтардың қоғамдық санасында еліміздің тәуелсіздігінің даму жолындағы елорданың тарихи рөлін нығайтуға бағытталған.

 


 

Біз сіздермен «Otbasym.kz» порталындағы басты жаңалықтармен бөлісіп отырамыз