Ұлы іс отбасынан басталады
Жақсылық пен жамандықтың аражігін ажыратып берген, жер бетіндегі алғашқы ұстаздар саналатын Адам ата мен Хауа анадан кейінгі адамдарға тіршілік етуді пайғамбарлар үйреткен екен. Мәселен, Ибраhим пайғамбар құрылыс салуды, Жүсіп пайғамбар түс жоруды, Нұх пайғамбар кеме жасауды, Ілияс пайғамбар іс тігуді, Сүлеймен пайғамбар жануарларға иелік етуді үйреткені аңыздардан белгілі. Бар білгендерін адамдар бойына дарытқан олардың үйретушілік қызметтері замана бойы заңды жалғасын тауып келеді. Негізін пайғамбарлар салған осы ұстаздықты кейде «пайғамбарлар мамандығы» деп те атайды. Бар мақсат-міндеті адам бойына ізгі қасиеттерді дарытып, дүниетанымдық көзқарасын қалыптастыру болып табылатын бұл кәсіпті «ұлы мамандық» деп те атауы тегін емес.
Бүгінде еліміз еңсесін тіктеп, өркениет көшіне бет түзеді. Саналы ғұмырында осындай ұлы мамандықты таңдап, сан жылдар жүздеген шәкірт тәрбиелеген ұстаздардың бірі – Ақмола облысындағы Толқынкөл негізгі мектебінің директоры болған Төлеубай Ақсейітұлы Ақсейітов. Тәжірибесі мол тәлімгер ғана емес, ұйымдастырушылығы мен іскерлігі ұштасқан көреген басшы. Осы кісінің алдынан дәріс алған оқушылар, ол кездері Кеңес Одағының түкпір-түкпірінде, ал бүгінде кең байтақ Қазақстан Республикасында жоғары лауазым иелері.
Сабақ беру, түсіндіру әдісінің оңтайлы да тиімділігі соншалық, мектеп бітіргендеріне көп уақыт болып, қазіргі кезде өздері де ата-әже болған шәкірттері бұл кісінің сабақ барысында ұстаздық аса бір ептілікпен ұсынған әлеміне мойынсұнып, сабақ аяқталғанын хабарлаған қоңырау дауысын да елемей отыра беретіндерін ауыздарынан тастамай айтып отырады.
Өзі дәріс беретін химия-биология пәнінің мұғалімі ретінде оқушыларға терең де түбегейлі білім беруден қашан да жалыққан емес. Оқу барысында алған білімдерін жинақтау мақсатында конференция, практикум, семинар тұрғысындағы сабақтарды жиі өткізіп, шәкірттерінің пәнге деген қызығушылығын арттыру үшін сыныптан тыс жұмысқа да үлкен мән бере білген. Оның үстіне биология пәні бойынша көлемді де мәнді жеке кітапханасы бар.
Жұбайы - Рысты Мұхамедрахымқызы да жоғары категориялы, халыққа білім беру саласындағы ерекше еңбегі үшін, Қазақ ССР халық ағарту ісінің озық қызметкері атанған бастауыш сынып мұғалімі. Бүгінде төрт бала тәрбиелеп, он шақты немере сүйіп отырған абзал жандар құрметті демалыста.
Қашанда білікті білімімен, беделді парасат-пайымымен, зор адамгершілігімен, әрдайым ізденістегі шығармашылығымен, талғампаздығымен танылған сыйлы ұстаздар – Төлеубай Ақсейітұлы мен Рысты Мұхамедрахымқызын біз әрқашан мақтан етеміз!
Көгершін МАҚҰЛБАЕВА
Біз сіздермен «Otbasym.kz» порталындағы басты жаңалықтармен бөлісіп отырамыз