KZ RU

ЖАҢА НӨМІР

ОҚУ

×
×
Выделенный текст:
×

Ұлы іс отбасынан басталады

Дария Мүслімқызы: «Ирактағы жылдарым...»

Өмір толқынында ағысқа қарсы жүзіп, қиындықтарды жеңу жолында тайсалмаған қайсар қыз 22 жасында өмірлік серігі Қадырмен отау құрып, шаңырақ көтереді.
Мерейлі отбасы
2018-03-07

Жетпістің жетеуін артқа тастап, сексенді алқымдаған қария өткен өміріне ойша сапар шегіп, әңгіме шертіп отыр. Теміржолшылар отбасында дүниеге келген 8 ағайындының ортасында үлкенге – құрметті, кішіге ізетті Дария Мүслімқызы Әбдіқарапова Балқаш қаласындағы мектепте оқып, жоғары сыныпты педагогикалық бағытта тәмамдайды. Сол педагог мамандығы бойынша білім алып, еңбек жолын білім ордасында тәлімгер ретінде бастаған Дарияны кейіннен Мемлекеттік сақтандыру мекемесіне сақтандыру агенті қызметіне жұмысқа жібереді. Осы орында тапжылмай 20 жыл еңбек еткен өнегелі жанның фотосуреті құрмет тақтасынан түспейтін. Одан кейінгі қызметі Жарылыс шахтасындағы амональды қоймада жалғасады. Жауапкершілікті молынан талап ететін бұл жұмысты да Дария Мүслімқызы 12 жыл бойы қалтқысыз атқарып, еңбегі еленіп, құрметке бөленеді.

Өмір толқынында ағысқа қарсы жүзіп, қиындықтарды жеңу жолында тайсалмаған қайсар қыз 22 жасында өмірлік серігі Қадырмен отау құрып, шаңырақ көтереді.

«Жолдасым өте еңбекқор болатын. Ол Балқашқа қарасты Қоңырат ауылында еңбек етіп, кейін танк әскерінде парызын өтеп келген соң да сол ауылда эксковаторшының көмекшісі, эксковатор машинисі қызметтерін атқарып жүрген жан еді. Сол еңбегінің жемісін жеп, «Еңбек ардагері», «Социалистік жарыс жеңімпазы», «Кеңес Одағының маршалы Г.К. Жуков» медальдарымен, В.И. Лениннің туғанына 100 жыл толуына орай «Адал еңбегі үшін» мерейтойлық медалімен марапатталды. 1974 жылы жұмыс бабымен бізді Мәскеудегі басшылық отбасымызбен 2 жылға Ирактың Бағдат қаласындағы Эль-Фелудже поселкесіне жіберді. Ол жақта қыс деген мүлдем жоқ, күн көлеңкеде 60 градус, ал күн көзінде 100 градус ыстық болды. Сондай жағдайда тәжірибелі эксковаторшы ретінде шақырылған жолдасым сол жақта Тартар-Эвфрат каналын қазды. Иракқа барғанда біздің 2 ұлымыз бар еді. Үлкеніміз сонда Совет адамдарына арналған арнайы мектепте 1-ші сыныпқа барды. Оған Мәскеу мұғалімдері білім берді. Кішіміз небәрі 4 жаста болатын. Тілі енді шығып, Ирак балаларымен ойнап, ағылшын тілін тез меңгеріп кетті. Үлкен ұлымыз Асқар мектепте жақсы оқыды. Демалыс сайын онда экскурсияға баратынбыз. Ол жақтан оралған соң, балаларымызды бірден қазақ мектебіне бердік. Жолдасым болса, Балқаш тау-кен металлургиялық техникумын бітіріп, Қоңырат карьерінде цех бастығы қызметін атқарды. Кейін, Балқаштағы Қазақмыс патимында зейнетке шыққанша еңбек етті" – деп сыр шертті қарт әже.

Дария мен Қадырдың шаңырағында арыстандай 2 ұл, 1 қыз дүниеге келіп, ұлдары ұяға, қызы қияға қонған. Қыздары Гүлфайруз мамандығы бойынша технолог-фотограф болса, ұлдары Асқар – Балқаш тау-кен металлургиялық техникумында, Ахат Алматы политехникалық институтында білім алған. Бүгінде 9 немере, 4 шөбере сүйгізіп отыр. 50 жылға жуық отасқан асыл жарынан осыдан бірнеше жыл бұрын айрылған кейуана мен оның арқасүйер отағасының өмірі, қиындыққа мойымай, отбасына, бала тәрбиесіне зор көңіл бөліп, еңбек жолында да зор жетістіктерге жеткен мерейлі шаңырақ жас отау иелеріне, жастарға өнеге боларлық.

Гүлжан ҚАДЫРОВА

Біз сіздермен «Otbasym.kz» порталындағы басты жаңалықтармен бөлісіп отырамыз