Ұлы іс отбасынан басталады
Тәуелсіздік алған жылдар ішінде елде қоғамдық қатынастардың демократияландырылуы, ашық қоғам құруға бағытталған саясат, БАҚ саласындағы ырықсыздандыру бұрын көп жазыла бермейтін бірқатар «жабық» тақырыптардың ашық талқылануына жол ашты. Солардың ішінде гендерлік теңдік проблемаларына қатысты материалдар да бар. Бұл мәселенің қозғалуы адамның қарым-қабілеті ескерілмей, тек биологиялық белгісіне қарай қалыптасқан «алтын басты әйелден бақыр басты еркек артық» деген көзқарасты ұстанушыларға ұнамағаны, сөйтіп, олар жоғарыдағыдай ұшқары пікір айтушылардың қатарын толықтырғаны анық.
Дегенмен, елде әйелдердің құқықтары мен мүмкіндіктері туралы мәселенің талқылана бастауы, әйелдердің арта түскен саяси әлеуеті, әйелдер басқаратын үкіметтік емес ұйымдардың тиімді қызметі, әйелдердің табысты кәсіпкерлігі сияқты құбылыстар гендерлік теңдік тақырыбының көтеріліп, басыла салмайтынын, барған сайын күш-қуат алып, қоғамдық күн тәртібіне айналатынын байқатты. Бұл – ұл-қыздарының соғысқа баруына, тұтқынға түсуіне, зорлық-зомбылыққа ұшырауына ұдайы қарсылық танытып келе жатқан әйелдердің балалары мен бауырлары бейбіт, тұрақты қоғамда өмір сүруін қамтамасыз ету үшін күреске дайын, рухани, саяси тұрғыдан өскенінің де белгісі.
Халық шаруашылығының түрлі салаларында білімді де білікті маман, саяси салада ел мүддесін көздейтін ойлы, білгір көшбасшы ретінде танылған әйелдер қарасы көбейіп келе жатқаны да – соның белгісі. Олардың атын атап, түсін түстеп отыру – бұл мақаланың мақсаты емес. Дегенмен, бір-ақ салада – халық атынан сайланған, сол халықтың мүддесі үшін адал еңбек етіп жүрген, өз әріптестерімен білімі мен біліктілігі жағынан иықтас, теңдес депутат ханымдардың әлеуеті қоғамда дұрыс пайдаланылып отыр ма?
Иә деу қиын. Өйткені бізде әйелдердің билік саласына баруы туралы да стереотипті көзқарас қалыптасқан. Депутаттық корпусты орынды-орынсыз сынауға құрылатын пікірлердің арасында халық мұқтажын шешуде жемісті қызмет етіп жүрген депутат ханымдар да кетіп қалып жатады. Көпшілік елдегі шағын және орта бизнестің дамуына орасан зор кедергі – рейдерлік тартып алуға тосқауыл қою мәселесін көтеріп, арнайы заң жобасын қабылдау қажеттігіне Үкіметтің көзін жеткізген; компаниялардың коммуналдық қызметтер тарифтерін негізсіз өсіріп, халық есебінен күн көру қулығын әшкерелеген Меруерт Қазбекова; білім беру саласындағы келеңсіз жағдайлардың бетін ашып, мектеп оқулықтарын шығару, оқушылардың тамақтануы есебінен пайда табу жағдайларымен күресіп жүрген Ирина Смирнова сияқты депутаттар екенін біле ме?
Бұлар ең алдымен біліктіліктерінің, саяси сауаттылықтарының және гендерлік теңдіктің арқасында халықтың мұң-мұқтажын айтып, ел үстінен күн көруді доғаруды талап етіп қана қоймай, оның орындалуын бақылау құзыретіне ие болып отыр.
Тағы бір депутат, елдің дамуын тежеп отырған сыбайлас жемқорлық жанжалдарында ерлер мен әйелдер санының арасындағы айырмашылық жер мен көктей екенін мәлімдеген Дания Еспаева таяуда өткен президенттік сайлауда жеті кандидаттың бірі болып тіркелді. Қазақстан тарихында тұңғыш рет әйел адамның президенттікке үміткер ретінде тіркелуі біздің қоғам үшін үлкен жаңалық болса, сырт елдер үшін де күтпеген жай екендігін бұқаралық ақпарат құралдарындағы талқылауларлардан бәріміз де көріп, білдік.
Негізінен бұған дейін де мұндай талпыныстар болған, бірақ нәзік жандылар өкілінің тіркеуге де жетпей қалуы, біздіңше, ол әйелдердің талапқа сәйкессіздігінен емес, қоғамдық сананың дайын еместігінен деп ойлаймын. Осыған орай Бейімбет Майлиннің «Берен» әңгімесінде мал үшін кәрі шалға байлап-матап берілген қыз көңілі ұнатқан жігіті іздеп келгенде «қатарым, теңім, құтқар мені» дейтіні еске түседі. Яғни, бұл жерде жазушы кейіпкерінің аузына осы сөздерді сала отырып, адамдардың бірін-бірі бойындағы жақсы қасиеттеріне, қабілет-қарымының теңдігіне қарай бағалап, таңдауы керектігін меңзейді. Және бұл өмірдің барлық саласында көрініс табуы керек.
Өткен сайлау туралы шетелдік БАҚ, ішкі-сыртқы саясаттанушылар не десе о десін, біздіңше, биылғы президенттік сайлау науқанында осындай қадам жасалғандай. Және қарапайым жұртшылық мұны іс басындағы биліктің демократияшыл бағытты ұстануға белді бекем буғанының белгісі деп қабылдаған сияқты. Оның үстіне, сайлау нәтижесі бойынша әйел кандидаттың үшінші нәтижеге қол жеткізуі де оның тұғырнамасының халыққа ұнағанын көрсетеді. Айтыңызшы, «Әйел, ана ретінде мен көп балалы аналар проблемасын бүге-шігесіне дейін түсінем және шешу жолдарын таба аламын» деген сөзге әйелдер неге құлақ аспауы керек, елдің басым көбін солар құрайды емес пе? Және бұл жай сөз емес, оның алдында депутат Д.Еспаеваның ардақты аналар жалдамалы пәтер алу кезегінде басым құқыққа ие болуы керектігі деген ұсынысы қабылданғаны да белгілі.
Бірақ әйел-кандидаттың депутат ретінде басқа да батыл ұсыныстары болса да, бұл сайыста жеңіске жетпейтіні түсінікті еді. Оған кінәлі – кандидат емес, «әйел орнын білуі керек» деген гендерлік стереотип, біздің қоғамның қабылдауы өте қиын, әсіресе, ер-азаматтардың құлақтарына жақпайтын «гендер» термині.
Және, бір өкінішті жағы, сол терминнің өгей баладай күн кешуіне кейде бұқаралық ақпарат құралдары да әсер етеді екен. Бұған мен аттары алты алашқа белгілі тұлғалардың осы тақырыпта қойылған сұрақтарға жауаптарын тыңдай, оқи жүріп көз жеткіздім. Бұл жерде өкпені жауап берген үлкен кісілерге емес, қолына қалам, микрофон ұстаған, журналистика мамандығы бойынша білім алып, елге ақпарат тарату ісіне қызмет етіп жүрген адамдарға айту керек шығар.
Өйткені, дәрігерлер қашан, қандай жағдайда болмасын науқас адамға көмек көрсетуі міндетті болса, журналистер тап солай, халықты шатастырмайтын дұрыс, сауатты ақпарат беруге міндетті деп ойлаймын. Ол үшін ең алдымен тақырыпты зерттейтін журналистің өзінің осы саладағы білім-танымы жеткілікті болғаны дұрыс. Екіншіден, ол ақпарат бергенде белгілі бір адамдардың, топтың сойылын соғуды немесе өзінің бір ішкі қыжылын басуды мақсат етпей, бейтарап ұстанымда болғаны жөн.
Орайы келгенде, ер-азаматтар үшін сүйкімсіз «гендер» деген терминнің қайдан шыққанын, қандай мағына беретінін айта кетейік. Бұл – бізге көптеген халықаралық терминдер сияқты шет тілінен енген сөз, түп-тамыры латын тілінде жатыр. Әуелі ағылшын тіліне келген («дженде» деп айтылады), олардан орыс тіліне көшкен. Біздің елде белсенді айналымға түсуі өткен ғасырдың 90-шы жылдарынан басталады.
Бұл термин адамның биологиялық жынысы мен атқаратын әлеуметтік рөлінің ара жігін ажырату мақсатында шыққан. Осы бағытта зерттеу жүргізіп, 1968 жылы «Gender and sex» деп аталатын кітап жазған америкалық ғалым Роберт Джесси Столлер терминді биологиялық және мәдени тұрғыдан ажырата қарау қажеттігін бірінші болып көтерген. Осылайша, «жыныс» (ағылшынша – sex) биология мен физиология саласының зерттеу пәніне, ал «гендер» (ағылшынша – gender) психология, әлеуметтану, мәдени-тарихи құбылыстарға талдау жасау саласына жатқызылды.
Ал біздің қоғамда, әсіресе таза қазақы ортада, осы екеуінің ара жігін ажырату мәселесі ақсап тұр. Соның салдарынан, өкінішке қарай, басым көпшілікте гендерлік саясат дегеніміз – тек әйелдердің мүддесін қорғайтын саясат деген ұғым қалыптасқан. Кейбір көпке танымал ағаларымыздың «гендерлік саясат дегеніміз – еркектерді төмендету» деген ұшқары пікір айтулары да соған негізделген.
Гендерлік стереотиптер тек бізге ғана тән құбылыс емес. Ол барлық елде: бірінде азырақ, бірінде көбірек деңгейде кездеседі және сол қоғамда ерлер мен әйелдердің жыныстық айырмашылықтары олардың жеке, сапалық қасиеттерінен басым болғандықтан туындаған. Тіпті Платонның өзі «...жаратылысына қарай әйел де, еркек те барлық істерге қатыса алады, алайда әйел бар істе еркектен әлсіздеу келеді» (аударма - менікі) деген. Яғни, гендерлік стереотиптер дегеніміз ұрпақтан ұрпаққа дәстүр бойынша жалғасып келе жатқан, тамыры тереңге кеткен, белгілі бір жыныс өкіліне тән деп бекіген қасиеттерді сипаттайды.
Шынтуайтында, адамдардың бойында гендерлік әділетсіздіктерге немесе теңсіздіктерге деген сыни көзқарас ұдайы бола бермейді. Өйткені, олар өз ортасында қай замандардан бері қалыптасқан белгілі бір ұғымды, түсінікті жас кезінен бастап бойына сіңіреді. Ол түсініктің ескіргені, заманның өзгергені, адамның қасиетін сипаттайтын басқа көзқарастар қалыптасқаны, ол – ол ма, белгілі бір стереотиптердің кереғар ұғым тудыратыны ескеріле бермейді.
Айталық, әйел ер адамға қарағанда науқас, әлсіз адамдарға жақсырақ күтім жасайды деген ұғым бар. Себебі «Ол қамқорлық жасауға бейім. Жаны нәзік, мейірімді» дейді. Сонда қалай болғаны, ер адамдардың қолынан қамқорлық жасау келмей ме? Оларда мейірімділік қасиеті кем бе? Міне, осындай сұрақтар, бәлкім, бұл бір кездері осындай міндеттерді әйелге жүктеу үшін қалыптастырылған ұғым болар деген ой салады. Себебі, уақыт өте, қазіргі заманда «әйел еркекке қарағанда мейірімді, қамқор» деген стереотиптің ажырасу процестерінде, бала тәрбиесіне байланысты даулы мәселелерде ер адамдардың құқықтарын шектеуге әсер еткенін көріп жүрміз. Мұндай мысалдарды тағы да көптеп келтіруге болады.
Бір нәрсе анық: әйелдер мен ерлердің рөлдері, оларға тән қасиет-қабілеттер туралы стереотиптік ұғымдар адамның таңдау жасау мүмкіндігін, адами бостандық дәрежесін шектейді. «Дұрыс әйел» және «дұрыс еркек» болу туралы сенімдер гендерлік теңдікке кедергі келтіреді.
Бұл мәселе философтар, антропологтар, психологтарды толғандырып, олар жүздеген жылдар бойы әйел мен ер адамның айырмашылықтары туралы том-том зерттеу жазып, жалпылама айтсақ, «сезім әйелге тән, ақыл еркекке тән» деген сыңайлы стереотипті қалыптастырды. Бірақ соларға сүйеніп, біз ақылды әйел мен сезімтал еркек жоқ деп айта аламыз ба? Немесе белсенді, қатал талап қойғыш әйел мен бағынғыш, әрекетке бейімсіз еркектер кездеспейтініне сенімдіміз бе? Билеп-төстегіш әйел мен көнбіс еркек болмайды дей аламыз ба? Жоқ.
Таза біздің ортамызға келетін болсақ, халқымыздың қазынасы – ауыз әдебиетінде нәзік жандыларға қатысты «Жұмақ ананың табанының астында», «Қыз – елдің көркі», «Алып – анадан» деген тұжырымдамалармен жер мен көктей айырмашылығы бар «әйелдің шашы ұзын, ақылы қысқа», «қатын бастаған көш қараң қалады» деген сөздердің де болуы ақылға сыймайды. Ойлай келе мұны да халқымыздың салты бойынша бетін қақпай еркін өсіріп, аға-інілерімен жауға қарсы бірге шапқан өр қызды, әлдебір себептерге байланысты мұқату үшін бір пенде оқыс айтып қалған сөз-ау деп болжадық. Ал, отыз тістен шыққан сөз отыз рулы елге жайылатыны белгілі. Өкініштісі – осы бір ұшқары ұғымды бәз біреулердің стереотип ретінде қабылдайтыны.
Әйтпесе, халықтың жартысынан астамын құрайтын және білім алу рейтингісі де басым санаттың ішінде елді алға апару үшін қызмет етуге қабілеті мен тәжірибесі жететін әйелдер кемшін дегенге кім сенеді? Яғни, бізде қалыптасқан еркек не әйел осындай болуы керек, сондай мінез көрсетуі, қызмет атқаруы керек деген түсініктер – әр халықтың ғасырлар бойғы даму жолында қалыптасқан, ал қазір бастапқы мәнін жойған стереотиптер ғана.
Камал ӘЛПЕЙІСОВА
Қазақстан Республикасы Президенті жанындағы
Әйелдер істері және отбасылық-
демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссия
Сарапшылар кеңесінің хатшысы
Біз сіздермен «Otbasym.kz» порталындағы басты жаңалықтармен бөлісіп отырамыз