KZ RU

ЖАҢА НӨМІР

ОҚУ

×
×
Выделенный текст:
×

Ұлы іс отбасынан басталады

Ана мен бала денсаулығын қорғаудың заманауи мүмкіндіктері

Салтанат Байқошқарова, Қазақстан Президенті жанындағы әйелдер істері және отбасылық демографиялық саясаты жөніндегі ұлттық комиссияның мүшесі, «Экомед» адам ұрпағын өрбіту клиникалар тобының ғылыми директоры, биология ғылымдарының докторы, репродуктолог-эмбриолог
Жаңалықтар
2020-02-06

Ана мен бала денсаулығы – қай кезде де өзектілігін жоймайтын мәселе. Себебі біз қазақ – өмірдің мәнін ұрпақпен өлшейтін  халықпыз. Олай ететін жөніміз бар, өйткені біздің – жеріміз кең, санымыз аз. Сонау «Ақтабан шұбырындыны» айтпай-ақ кешегі ХХ ғасырдың өзінде ашаршылық, эпидемия,соғыс пен репрессияда  қазақтың тең жартысы қырылған дейді ресми деректер. Қала берді, қаншама адам, соның ішінде жаңа туған сәбилер аурудан көз жұмды, өйткені ол заманда медицина мүлдем жоқ кезі. Мысалы, әжелеріміз он шақты бала тапса, соны ең көбісі шетінеп,бір-екеуі ғана тірі қалып отырған. Ал, бүгінде заман тыныш, медицина көші ілгері дамыды. Соның нәтижесінде жаңа туған сәби мен ана өміріне қауіп азайды.

Алғашқы қадамнан-ақ сәттілік: сәби 9 айдан соң дүниеге келді

Бала сүю – әр адамның арманы, бірақ өкінішке орай, бір перзентке зар болатын жандар қай кезде де ұшырасады. Менің жалпы әу баста экстракорпоралды ұрықтандыру мәселесіне ден қойғаныма осы мәселе тікелей түрткі болды. Күніне қаншама әйел келіп, еңірегенде етегі жасқа толып кететін. Бірақ, біз ол кезде олардың бәріне көмектесе алатындай халде емес едік. Себебі біріншіден, ол кезде бедеулік тек 32 жасқа дейін ғана емделетін. Екіншіден, техника да нашар еді. Қарапайым ультра дыбыстық зерттеу аппаратының өзі қалада 1-2 жерде ғана болатын. Сондықтан адамдарды сондай шарасыз күйден құтқаруға деген құлшыныс менің осы салаға біржола бет бұруыма себеп болды. Бірақ, кімнен, қалай, не үйренемін, ол жағы да беймәлім еді.  Сол үшін көп ізденуге тура келді, оқулық та тапшы болды, интернет ол кезде мүлдем жоқ кез еді. Эмбриология жайында зорға дегенде бір кітап пен бір журнал таптым. Сосын Харьковта «Криобиология және криомедицина институты» барын білдім. Ол кездері бұл – мүлдем игерілмеген тың сала болатын, екі лаборатория – Мәскеуде, біреуі – Санкт-Петербургте, бірі – Украинада бар екен. Солардың ішінен Мәскеуден орыстың атақты В.Здановский деген профессорын таңдадым. Әріптестері сыртынан «Мәскеу бұзақысы» /московский хулиган/ дейді екен. Өйткені сол бұзықтығы, яғни, батылдығының арқасында осы істі бастап, 4 жыл талмай ізденіп, алғашқы жүктілікке қол жеткізген. Сол кезде 50 баланың дүниеге келуіне себепкер болып үлгеріпті. Профессордың әлі көзі тірі, келесі жылы бұйырса 80 жасқа толады. Жалпы, ең алғаш Здановскиймен Сочиде өткен Ресей-Американ конференциясында танысып, «осы саланы үйренгім келеді, тереңірек зерттегім келеді» деп, талап-тілегімді айтқан болатынмын. Ол кісі бірден мені Мәскеуге шақырды. Әр барған сайын бір апта, лабораториясына 10 күндей болатынмын, ол үшін менен ақы алған емес. Сөйтіп 1991 мен 1995 жыл аралығында 4 жыл Мәскеумен екі ортаны жол қылып жүріп, үйрендім. Бірақ ол кез құлдыру кезеңі еді, жаңадан мемлекет құрылып жатқандықтан, елде жағдай қиын болатын. Әйтпесе мен о баста экстракорпоральды ұрықтануды (ЭКҰ) мемлекеттік клиника негізінде ашқым келді. Алайда ол тұста оған мемлекеттің шамасы келмеді, шыны керек. Ол кезде тіпті қарапайым ультрадыбыстық зерттеу (УДЗ) аппаратын бірер сағатқа зорға сұрап алатынбыз. Солайша бір ай жұмыс істеп көрдік те басында, кешкісін жарықты өшіріп тастайтын. Жалпы, ол кезде мемлекеттік емханалардың жағдайы сондай болды. Ал, біз жарықсыз, электр қуатынсыз жұмыс істей алмаймыз. Электриктерге жалынып жүріп, әйтеуір қостыратынбыз. Бірақ, соған қарамастан 1996 жылы осы әдісті қолдана отырып, алғашқы баланы дүниеге алып келдік. Бір қызығы, лаборатория жұмысын бастаған кезден есептегенде алғашқы баламыз тура 9 айдан кейін туды. Сол кезде Здановскийдің өзі келіп: «Бұл – өте сирек кездесетін жағдай, таңғажайып құбылыс болып тұр. Себебі тіпті Ресейдің өзінде осы уақытқа дейін мұндай жолмен 9 айда бірде-бір бала туған жоқ» деп телеарнаға сұхбат берді. Сол қыз бала қазір 23 жастан асты, Англияда білім алып жатыр.

Жалпы, ең алғаш дүниежүзінде осындай әдіспен дүниеге келген бала да сол Англияда  болатын. 1978 жылғы қыз бала – аты-жөні Луиза Браун. Ал біздің елімізде сол 1996 жылдан бері 10 мыңнан астам бала дүниеге келді.

Дүние жүзі бойынша ең арзан ЭКҰ– Қазақстанда

Бізге арнайы шетелден келіп, балалы болып жатқандар бар. Мысалы, бір Араб елінің елшісі осы біздің көмегіміз себепші болып ұлды болды. Себебі, Орта Азия елдерінде тек бізде ғана ЭКҰ саласы дамыған. Кейде бізде діндарлар «мұндай жолмен балалы болу харам» деп қарсы болып жатады ғой. Егер ол ерлі-зайыптылардың ұрықтарынан жасалса, онда ешқандай дінге де, заңға дай қайшы келмейді. Ал егер донорлық ұрық немесе суррогат ана болса, онда кез келген дін қарсы, бірақ әр мемлекет оны өзінше шешеді. Біздің елімізде осының барлығына рұқсат берілген. Біз негізі мүмкіндігінше ері мен әйелінің ұрықтарын жаратуға тырысамыз, тіпті 1 % мүмкіндігі болса да. Сондықтан бұл жоғарғы технология бедеуліктің 95-98 %-да  көмектесе  алады. Жалпы, бұл – дүние жүзінде өте қиын және соған сай өте қымбат технология. Себебі бізге де ол қымбатқа келеді. Десе де, соған қарамастан дүниежүзі бойынша Қазақстанда ЭКҰ ең арзан саналады. Шамамен, 1-2 ай жасалатын ұзақ ЭКҰ технологиясы  350-500 мың теңгеге бағаланады, басқа мемлекеттерде бұл әдіс  Ресей, Украинада 2-3 есе, ал дамыған мемлекеттерде 5-6 есе, АҚШта 30 есе қымбат. Дәріханалардан алынатын гормондық дәрілер қымбатқа түседі.

Нәтижелілік туралы айтсақ, адам неғұрлым жас болған сайын балалы болу мүмкіндігі жоғары. Сондықтан жастарға айтар едім, «кейін отбасын құрамын» деп кешеуілдетіп жүре бермеу керек. Өйткені қазір «әлеуметтік бедеулік» деген ұғым бар. Ол – осылай отбасын құруға асықпау немесе отбасын құрса да, ата-ана болуды кейінге ысыру. Сөйтіп жүргенде бір күні адамның табиғи мүмкіндігі таусылады. Біз қазақ «ер адам елуге келсе де, балалы бола береді» деп арқамызды кеңге салып жүре береміз ғой. Ол дұрыс емес немесе ескірген ақпарат дер едім. Себебі бүгінде ер адамдар елу түгілі 40 жасында бедеу, белсіз болып қалуы мүмкін, болмаса 50 жасында да балалы болуы мүмкін, бірақ баланың денсаулығы әлсіз боп қалуы әбден мүмкін.

Ұрпақ саулығына ең алдымен әйел жауапты

Қазіргі заманда бедеуліктен емделуге, балалы болуға мүмкіндік өте көп. Және техника мен технологияның да дамығаны сонша, бүгінде салмағы 500 граммнан жоғары шала туған сәби өмірін құтқарып қалуға болады.   Қазақстанда күн сайын 1000-ға жуық, ал жылына 400 мыңға тарта бала дүниеге келеді екен, солардың біразы шала туып жатқанмен, осы озық технологиялардың әдісімен көбісін дәрігерлер аман алып қалуда. Соңғы 10 жылда бала туу көрсеткіші 25% артқан. Елімізде тәуелсіздік жылдары дамыған мемлекеттердегідей қаншама зәулім, заманауи жабдықталған медициналық ғимараттар салынды, оларда сапалы жұмыс істеу үшін «Болашақ» бағдарламасы арқылы дуниежүзілік алдыңғы қатардағы оқу орындарында оқытылып, көптеген жас мамандар даярланды.

Десек те, ана мен бала өлімі әлі де бар. Осы ретте мен ұрпақтың саулығына ең алдымен әйел жауапты дер едім. Әрбір қыз бала, әр келіншек дәрігерге қаралып, ана болуға алдын ала дайындалуы шарт. Себебі бүгінде ана мен бала өлімі неден болып жатыр? Ең бірінші себебі – әйелдің өз денсаулығына немқұрайлы қарауының салдарынан. Дәрігер оның бойынан қандай да бір ауруды байқап «сізге бала көтеруге болмайды, қан қысымыңыз жоғары немесе бүйрегіңіз дұрыс жұмыс істемейді» деп айтуы мүмкін. Бірақ бізде көп адамдар «дәрігерлер айта береді» деп қабылдайды. Содан босану үстінде шынымен өміріне қауіп төнсе немесе көз жұмса, дәрігер кінәлі болып шығады. Негізінде біз 70 жыл Кеңес одағының қоластында болдық та, психологиямыз дұрыс қалыптаспады. Біз өз денсаулығымызға өзіміз жауаптымыз  деп ойламаймыз, дәрігерге міндет артамыз. Ол дұрыс емес. Дәрігер кемі 10 жыл оқиды, қала берді қаншама жүйкесі тозады, маман болып қалыптасуға қаншама жыл жұмсайды. Сөйткен жандарды біз қазір қастерлеудің орнына, аяқтың шұлғауы секілді ең төменгі дәрежеге дейін жеткіздік. Әрине, дәрігерлердің бәрі бірдей емес, білімі, мінезі жағынан да, кездейсоқ медицина саласына келгендер де бар. Дәрігер халықтан шығады, адамдар бір келкі болмайды ғой. Дәрігер болғысы келетін жастарды білім жағынан да, психологиялық тұрғыдан да жетік зерттеп, шын жүрегімен медицинаны таңдағандарын оқуға алу керек. Бірақ, біздің елімізде қаншама күнде ерлік жасап жатқан нағыз дәрігерлер де баршылық. Сондықтан, дәрігерлердің бәрін бір бояумен бояп, жәбірлеу – өте үлкен қателік. Дәрігерді сыйлау керек. Себебі дәрігер – адам өмірінің арашашысы. Германияда дәрігер деген жарты «құдай». Онда біздегідей дәрігердің ұялы телефонына қоңырау шала салу деген жоқ. Дәрігерге қаралу үшін қаншама ай бұрын жазылуыңыз керек. Ол – бір, екіншіден, дәрігер сізбен психологиялық сұхбат жүргізуге міндетті емес. Ал бізде қалай? Пациент кез келген уақытта емін-еркін келе алады, болмаса таныс-тамырды ортаға салса да, қалаған дәрігеріне көріне алады. Осы көзқарас дұрысталмай, бәрі бекер. Адам адамға жалпы, бір-бірінің уақытына, жоспарына құрметпен қарауы керек. Әсіресе, дәрігерлерге. Себебі олар – адам өмірін құтқару жолында бастарын қауіп-қатерге тіккен қайсар жандар.

Таяуда бір үлкен басқосуда әріптесіміз бір суретті көрсетті, онда науқас жатыр, жанында орындыққа сүйенген бір дәрігер отыр, арғы жағында тағы бір дәрігер жерде сұлайып жатыр. Сурет «Жүрекке 23 сағат бойы жасаған операциядан кейін» деп аталады екен. Өкінішке қарай, әр науқас үшін соншалықты жанын беретін дәрігерлердің жұрт бірін көрсе, бірін көрмейді.

Біз сіздермен «Otbasym.kz» порталындағы басты жаңалықтармен бөлісіп отырамыз