KZ RU

ЖАҢА НӨМІР

ОҚУ

×
×
Выделенный текст:
×

Ұлы іс отбасынан басталады

«Мерейлі отбасы-2019» ұлттық конкурсының жеңімпаздары анықталды

Бүгін елордадағы «Қазақстан» орталық концерт залында «Мерейлі отбасы-2019» ұлттық конкурсының марапаттау рәсімі өтті
Мерейлі отбасы
2019-09-07

«Мерейлі отбасы» ұлттық конкурсы Елбасының бастамасымен 2013 жылы бекітілген. Конкурсты өткізудің мақсаты – отбасы институтын нығайту, отбасылық және рухани-адамгершілік құндылықтарды насихаттау, ерлі-зайыптылардың, ата-аналардың балалар тәрбиесіндегі жауапкершілігін арттыру, қарт аналарға қамқорлық жасау болып табылады.

Алты жылда конкурсқа барлығы 15 197 отбасы қатысты. Қатысушылардың жалпы санының 62%-ауылдық жерден, 36%-көпбалалы отбасы, 18%-жас отбасылар, еңбек династиясы-17% құрайды. Қатысушылардың саны да жыл сайын артуда. 2014 жылы конкурсқа 1298 отбасы қатысса, биылғы жылы 3204 отбасы қатысты.

Аталған шараға ҚР Президентінің жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссияның төрайымы Гүлшара Әбдіқалықова, ҚР Парламентінің  депутаттары, мемлекеттік органдардың, ҮЕҰ және БАҚ өкілдері қатысты.

Ашылу рәсімінде сөз сөйлеген ҚР Премьер-министрінің орынбасары Бердібек Сапарбаев қатысушыларға арналған ҚР Президенті Қ.К. Тоқаевтың құттықтау сөзін оқып берді.

Бұл мемлекеттік іс-шара – Қазақтанның әлеуметтік саясатының маңызды бөлігі. Елімізде жыл сайын халықтың өмір сүру жағдайы мен тұрмыс сапасын жақсартуға бағытталған маңызды шешімдер қабылдануда. Осыған байланысты еліміздің мерекелер күнтізбесіне «Отбасы күні» мейрамы енгізілді. Сондай-ақ  ырыс-берекесі мен ынтымағы жарасқан мәуелі әулеттерді насихаттайтын «Мерейлі отбасы» ұлттық байқауын өткізу дәстүрге айналды. «Мерейлі отбасы» дәстүрлі ұлттық конкурсының жеңімпаздары отансүйгіштік, еңбекқорлық, мейірімділік сияқты үлгі тұтарлық өмірлік ұстанымдарды жан-жақты меңгергенін көрсетті»-делінген құттықтауда.

Салтанатты іс-шарада ҚР Премьер-министрінің орынбасары Б.Сапарбаев пен Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссияның төрайымы Г. Әбдіқалықова 17 финалист отбасыға диплом және ҚР Тұңғыш Президенті-Елбасы қорының атынан сертификаттар табыс етті.

Жеңімпаз отбасы 30 тамыздан 6 қыркүйекке дейін өткізілген sms/интернет арқылы дауыс беру қорытындысы бойынша анықталды. 2019 жылғы «Мерейлі отбасы» ұлттық конкурсының бас жүлдесін Атырау облысынан Тілекқабыловтар әулеті еншіледі.

Бүгінде сегіз перзент өсірген «Алтын алқа» иегері Аймекен әжей  олардан 22 немере, 6 жиен, 16 шөбере сүйіп отырған іргелі әулет.

Бұл отбасы «Отбасы – адам баласының алтын діңгегі» дегенді ұстанады. Өйткені адам баласы ең алғаш шыр етіп дүниеге келген сәтінен бастап ата-анасының жанында ер жетіп, отбасының тәрбиесін алады. Сондықтан отбасы – барша адамзаттың аса қажетті әрі қасиетті алтын мекені деп есептейді.

Премьер-министрдің орынбасары  жеңімпаз отбасыға естелік мүсінше мен шағын автобустың кілтін табыс етті.

Марапаттау рәсімі қазақстандық танымал эстрада әртістерінің қатысуымен өткен мерекелік концертпен аяқталды.


 

 

 

Біз сіздермен «Otbasym.kz» порталындағы басты жаңалықтармен бөлісіп отырамыз