KZ RU

ЖАҢА НӨМІР

ОҚУ

×
×
Выделенный текст:
×

Ұлы іс отбасынан басталады

Әке болу – өнердің өрі, адамзаттың асқақ шыңы

Бақытбек Смағұл, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты, ҚР Президенті жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссияның мүшесі
Жаңалықтар
2020-01-23

Қазақ халқында әке әрдайым ұрпақ тәрбиелеудегі, тұлға қалыптастырудағы маңызды әрі ең байырғы әлеуметтік институт болған. Бүгінде әкелерге тарихи миссия жүктеледі: олар алтын тіні үзіле жаздап барып, қайта ұштасқан ата-баба мирасы мен жас ұрпақ арасын жалғар буынға айналуы, яғни ұрпақтардың асыл сабақтастығын қамтамасыз етуі керек.

Осыдан он жылдай бұрын, 2008 жылы бүкіл Батыс әлемін дүрліктірген оқиға болды және ол Еуропа беталысын айқындаған жәйттердің біріне айналды. Әңгіме Германия азаматының жоғарғы сот органы арқылы өз баласының тәрбиесіне қатыспауға және онымен араласпауға қол жеткізуі туралы болып отыр. Әрине, өз баласынан қашқан әкелер қай заманда да, әр елде де кездеседі. Бірақ бұл олардың ар-ожданының, ұят, парасатының мәселесі ретінде қарастырылатын. Өйткені барлық дін мен ұлтта кіндігінен тараған ұрпағына қамқорлық жасау әкенің парызы мен міндеті. Бұл – табиғат заңдылығы, тұқымды сақтаудың шарты. Аң екеш аң да, мал екеш мал да перзентін жан сала қорғайды, қанаттыға қақтырмай, тұмсықтыға шоқтырмай өсіреді. Жануардан жаман болғанымыз ба?

Атап өткен жөн, ұзақ жылға созылған, Еуропа қоғамын қаққа жарған бұл атышулы сот ісі германиялық судьялардың санасын да сарсаңға салды. 2004 жылы Бранденбург жер соты ананың жағына шығып, егер әкесі некесіз туған ұлын тәрбиелеуден бас тартар болса, 25 мың еуро айыппұлмен жазаланатыны жөнінде үкімін жариялады. Судьялар балалар құқығын қорғау маңызды және барлық бала ата-анасымен қарым-қатынас жасауға құқылы екенін алға тартты. Алайда ер адам бұған тоқтамай, немістің жоғарғы сот инстанциясына дейін шағым түсірді. Ақыры 2008 жылы Германия Федералдық конституциялық соты «ешкім де ата-ананы өз баласымен қарым-қатынас жасауға мәжбүрлей алмайды» деген негіздемемен әлгі «көкек-әкенің» көкейін тескен аңсарын заңдастырып берді.

Мұның барлығын не үшін егжей-тегжейлі айтып отырмыз. Әрине, бір жағынан, әкені күштеп тәрбие жұмысына тарту балаға да еш жақсылық әкелмеуі мүмкін. Әке тәрбиесі адал ниеттен, ақ жүректен, ізгі тілектен туғаны жөн. Сонда ол баланың бойына нұр болып дариды.

Басқа жағынан алғанда, бұл оқиға қазақ халқына да сабақ: ол қазіргі жаһандану дәуірінде ұлттық құндылықтарымыз мен ұлттық болмысымызды сақтаудың маңыздылығын көрсетеді. Олай болмағанда, қазақ халқы жаһандану жұтқыншағына жұтылған ұлттар мен ұлыстардың кебін құшады: пенде ретінде тірі жүргенімен, ұлт ретінде этникалық және рухани ерекшеліктерінен жұрдай болады.

Бұл жайында Елбасы-Тұңғыш Президентіміз Нұрсұлтан Назарбаев «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақаласында жақсы айтты. «Жаңа тұрпатты жаңғырудың ең басты шарты – ұлттық кодыңды сақтай білу. ...Жаңғыру атаулы бұрынғыдай тарихи тәжірибе мен ұлттық дәстүрлерге шекеден қарамауға тиіс. Егер жаңғыру елдің ұлттық-рухани тамырынан нәр ала алмаса, ол адасуға бастайды», – деді Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев.

Қазақстан басым көпшілігі Батыс мемлекеттерінен тұратын дамыған елдердің «отыздығына» кіруге бет алды. Осыған орай республика жұртшылығы да уақыт өткен сайын бойы-басын сол мемлекеттерге, яғни өзінің «референттік тобына» қарап түзеп, солардың стандартына, деңгейіне ұмтыла бастауда. Қазақстандықтар әлеуметтік нормалар мен құндылықтық бағдарларды қалыптастыруда дамыған әлем үлгілерін басшылыққа алады. Сонымен бірге Елбасы ол ортаға ұлттық кодымызды сақтап қосылуымыз керектігін атап өтті.

Әлгі айтылған оқиға ернеуінен асып-тасып қайнаған қазандай біразға дейін еуропалық ақпарат құралдарындағы буырқанған талай пікірталастарға тамыздық болды. Батыстық қоғам бұлқына, жұлқына келе, ақыры дәстүрге қарсы, бірақ заңдастырылған үкімге көндікті. Оқиғаның түйінін айтсақ, еуропалық алапат дау-жанжал дауылының тап ортасы, эпицентріне түсіп қалған байғұс бала ең соңында қос ата-анасынан да тірілей айырылып, балалар үйіне тасталды.

Жасыратыны жоқ, некеге және ұрпақты, тұқым-текті жалғастыруға құрылған дәстүрлі отбасы институты дамыған елдерде, әсіресе, Батыс жұртында бірте-бірте күйреп, жойылып барады. Мысалға, зерттеу нәтижесі көрсеткендей, Германия тұрғындарының 39 пайызы ғана отбасылы болып шыққан. Бұл ретте осы есепті түзген немістің статистика мамандары «отбасы» деп ең болмағанда бір баласы бар ата-ананың өзін есепке алған.

Мұның барлығы ғасырлар бойғы небір нəубеттерді, есепсіз қиянат-азаптарды басынан өткеріп, қазір ғана саны 18 миллионнан асып отырған Қазақстан халқы үшін жарамайды. Мамандардың болжамдық бағалауынша, республикамыз тұрғындарының саны 2050 жылы 24,5 миллион адамға әзер жетпек.

Оның үстіне бала тарбиесінен безіну қазақтығымызға да, иманымызға да жат. Пайғамбарымыз (салааллаһу ғалейһи уә сәлләм) өз хадисінде: «Әкенің балаға беретін ең үлкен сыйлығы – дұрыс тәрбие» деп, әке тәрбиесінің бала өміріндегі мән-маңызын ерекшелейді.

Заманауи әкелердің біразы баламды асырасам, күнделікті керек-жарағына ақша беріп, қажеттіліктерін өтеп отырсам жеткілікті деп есептейді. Шынында, қазақ халқында әке тәрбиесі сан-қырлы және ол физиологиялық, рухани, әлеуметтік, психологиялық, эстетикалық, экономикалық, яғни бала өмірінің барлық жақтарын қамтиды. Осы қырлардың ең құрығанда бір-екісі әке назарынан қалыс қалса, тәрбие де толыққанды болмайды.

Әрине, жұбайының тастап кетуі не өмірден өтуі салдарынан бар баланы бір өзі бағып-қағуға мәжбүр жалғызбасты әкелер, немесе баласын таңертең жұмысқа кеткенде және түнде оралғанда тек ұйықтап жатқан күйінде ғана көретін жұмысбасты әкелердің терең тәрбиеге құлаш ұруға мүмкіндігі де, уақыты да жетпеуі мүмкін. Бірақ балаға күніне бірер сәт болса да уақыт тауып, көңіл бөлген абзал.

Балаларға дұрыс һәм толыққанды тәрбие беру асыл дініміз – Исламның аса маңызды қағидаттарының бірі болып есептелетінін естен шығармауымыз қажет. Әрбір қазақстандық әкенің қасиетті бір парызы – баласын ақты қарадан, шындықты жалғаннан, жарықты түнектен, жақсылықты зұлымдықтан айыра білуге баулу болмақ.

Дүниеге келе сала әлем сырын ашып, өмір құпиясына қанығуға құмарланатын кез келген бала үшін әке – жолбасшы. Демек, ол баласына өмірлік оң тәжірибесін табыстауға, оның бойындағы қажырлылық пен қайсарлық қасиеттерін ұштауға, білімі мен мәдениетін дамытуға, оның интеллектуалдық деңгейін көтеруге мән бергені абзал. Әке сүйемелдеуімен үлкен өмірге аяқ басқан бала батыл болады, жаңаны тануға ұмтылады. Өз кезегінде әке мақтауына лайық болу үшін бала өз әлеуетін жарқырата жүзеге асыруға ынтығады. Сондықтан да әкенің қас-қабағы – баланың бас сабағы.

Біз сіздермен «Otbasym.kz» порталындағы басты жаңалықтармен бөлісіп отырамыз