KZ RU

ЖАҢА НӨМІР

ОҚУ

×
×
Выделенный текст:
×

Ұлы іс отбасынан басталады

Ұрпағың қуантсын десең, қазақы тәрбие бер!

Арман, Абзал, Асхат, Анар, Айнаш, Артур, Алмаз, Аман......... Атырауда есімдерінің бас әрпі тек «А»-дан басталатын ерекше әулет тұрады. Бұл ұрпақтан – ұрпақ жалғасқан дәстүрді бір кездері шаңырақтың отағасы қалыптастырған.
Мерейлі отбасы
2019-09-25

Жақсы аты туған өлкесіне кеңінен танымал Төлеш Тілекқабылов осылайша өзінің сүйген жарына деген құрметін көрсетіп, перзенттеріне ана алдында мәңгілік тағзым етуді өсиет еткен екен. Саналы ғұмырын білім саласына арнаған ардагер ұстаз бүгінде өмірде жоқ. Қазір сексен жасты алқымдаған жұбайы Аймекен әже әулетке бас болып отыр.

Тлекқабыловтар әулеті жуырда өткен республикалық «Мерейлі отбасы» республикалық байқауының жеңімпазы атанды!

Конкурстың барлық талаптарына сай болсақта еліміздің түкпір-түкпірінен келген 17 отбасының ішінен суырылып бас жүлдені жеңіп аламыз – деп ойламадық. Өң мен түстің арасындай ғажайып күй кештік. Біз сияқты ауылдан шыққан қарапайым мұғалімдер отбасы жетістіктерінің жоғары бағалануы, ұстаздарға деген құрметті көрсетті.

Шыны керек, салтанатты шарада біраз толқыдық, кеудемізді қуанышпен қатар өкініш те кернеді. Бұл күнге ұрпағын осындай дәрежеге жеткізіп, тәрбиелеген ата - анамыздың қасымызда болмағаны жанымызға қатты батты - дейді Нарни Тлекқабылова.

Нарни – атты ерекше есімді келіншек бүгінде қара шаңыраққа ие болып қалған Асхат Тілекқабыловтың жұбайы. Екеуі де әке жолын қуған педагог мамандар. Асхат Төлешұлы мектеп директоры, ал Нарни Абдоллақызы сол мектепте ағылшын тілі пәнінен сабақ береді. Өздерінен өрбіген балаларына «менде болмаған дүниені балам ұстасын» - деп дүние әпермей, «мен білмегенді білсін» - деп білім берген ата-ана.

Тұңғыш қыздары Айбибі Әл-Фараби атындағы Қазақ мемлекеттік университетін үздік бітіріп, Ақпарат және қоғамдық келісім министрлігінде еңбек етіп жүр. Үлкен ұлдары Абылай спорт әлемінде айшықтап өз орнын алған панкратионнан әлемнің екі дүркін чемпионы. Алтынай студент, теннистен жетістіктері көп, ел тәуелсіздігінің 25 жылдығына арналған республикалық ғылыми конференцияның «Үздік жоба» номинациясының жеңімпазы, кіші ұлдары Айбын «Алтын белгiге» үміткер, ал 8 сыныпқа аяқ басқан кенже қыздары Айымгүл халықаралық, республикалық, облыстық, аудандық олимпиадалар жеңімпазы.

Тілекқабыловтар отбасы қазақы тәрбиені ұстанады. Балаларымыздың ұяң, тіл алғыш, мұқият, сабақтарын жақсы оқып, ата-анасын қуантуға тырысулары соның нәтижесі – дейді олар.

Бұл шаңырақта қонақ келсе қой сойылып, кең дастархан жайылады. Отбасы мүшелерінің туған күнінде ағайын-туыстың басын қосу игі дәстүрге айналған.

Өмірге білім, спорт үздіктерін әкелген отанасы Нарни Абдоллақызы Ұлы Отан соғысына қатысқан ардагер әкесі ырымдап қойған ерекше есімі өміріне ақжолтай болғанын айтады. Сонау қанды қырғын жылдары бір топ Кеңес жауынгерлері Италия арқылы жау тұтқынынан қашып, Нарни қаласының мейірімді тұрғындарының арқасында аман қалған екен. Сол кезден бастап Нарни атауы олардың отбасы үшін жеңіспен, қуанышпен байланысты болып кеткен. «Өмірімде жеңісті, қуанышты сәттерім көп. Жақсы әулетке тап болдым. Ардақты азаматқа жар болдым. Мерейлі отбасы болудың құпиясы қарапайым сыйластықта, қазақы салт-дәстүрде» - дейді отанасы.

 

Біз сіздермен «Otbasym.kz» порталындағы басты жаңалықтармен бөлісіп отырамыз