Ұлы іс отбасынан басталады
Отаншылдық сезім – адамға туа біткен қасиет емес. Ол адамның саналы өмірімен қабаттас қалыптасатын психологиялық, саяси-әлеуметтік құбылыс. Патриоттық сезім жалпы адам баласының еліне, жеріне, өз тілі мен мәдениетіне, ұлттық құндылықтарына жеке қатынасын, өзіндік бағасын түйсінуін, қуаттап қолдауын пайымдайтын сезім көрсеткіші болып табылады.
Мемлекеттік таңбалар қазақ мәдениетінің жемісі, мазмұны мен мәні жөнінен келгенде татулық пен бейбітшілік тәрізді жалпы адамзаттық игіліктерге қызмет етуге бағытталған және Қазақстан азаматтарының барлық күш-жігерін Отан даңқын арттыруға, оның ерікті елдің бақыты мен гүлдене беруіне шақырған белгі. Мектеп жасынан балаларды мемлекеттік рәміздерді біліп қана қоймай, әр таңбасына терең үңілдіріп, түсіндіруді қажет етеді.
Мемлекеттік әнұран – бойға зор патриоттық сезім ұялататын асқақ та сыршыл әуен. Онда ел деп соққан жүректердің дүрсілі бар. Өн бойынан өміршең оптимистік рух лебі еседі. Одан өзінің туған елі үшін, оның ұлы мұраттары жолында «гүлі болып егілуге, жыры болып төгілуге» әзір азаматтық позиция айқын сезіледі.
Ежелден «намысын бермеген» халықтың бүгінгі-ертеңгі ұл-қыздарының аузына: «Біздің ел бақытты, біздің ел осындай!» деген салмақты сөздер салады. Ізгі мақсаттар жолында елдікке, бірлікке шақырады. Ертеңіне үкілі үмітпен қарап, болашаққа батыл сезіммен қадам басқан барша қазақстандықтардың кәделеп-қастерлейтін рухани қазынасы деуге лайық.
Ұлтына, нәсіліне, сенімі мен нанымына, саяси көзқарасы мен ұстанған бағыт-бағдарына, ерекшеліктеріне қарамастан, республикамыздың әрбір азаматы өзі өмір сүріп, ауасын жұтып, игілігін пайдаланып отырған мемлекетін «туған елім, Отаным» деп тануы қажет.
Мемлекетке есімін беріп отырған ұлттың салт-дәстүріне құрметпен қарау, оның тілі мен дінін сыйлау, заңдарына бағыну, рәміздерін ардақтап, жетістіктеріне шаттану – қоғамның әрбір мүшесінің басты міндеті.
P.S. Бүгінгі мереке - Қазақстан Республикасының мемлекеттік рәміздері күні құтты болсын, ағайын! Бұлтсыз көк аспанда елдігіміз бен ерлігіміздің белгісі-қасиетті көк байрағымыз әрқашан желбіреп, Қазақ елі тек биік шыңдардан көріне берсін!
Дидархан Құрманғазыұлы
Біз сіздермен «Otbasym.kz» порталындағы басты жаңалықтармен бөлісіп отырамыз