KZ RU

ЖАҢА НӨМІР

ОҚУ

×
×
Выделенный текст:
×

Ұлы іс отбасынан басталады

Отбасылық-тұрмыстық зорлық-зомбылық үшін жауаптылықты күшейту

Отбасындағы зорлық-зомбылық қазіргі заманғы әлемнің негізгі проблемаларының бірі болып табылады, ол қоғамда жиі белсенді талқылау тақырыбына айналуда.
Мерейлі отбасы
2020-06-22

Әдетте үйдегі зорлық-зомбылық құрбандарының басым көпшілігі әйелдер болады, күйеуі немесе серігі тарапынан қорлық көретін де осылар.

Жиі бұл өлімге әкеп соғады. Мысалы, өткен жылғы қазанда Нұр-Сұлтан қаласының тұрғыны қызғаныш салдарынан әйеліне бензин құйып өртеп жіберген, нәтижесінде күйік шалған әйел көз жұмды. Ер адам 15 жылға бас бостандығынан айырылды. Алты бала ата-анасыз қалды.   

Жалпы, отбасылық-тұрмыстық салада құқық бұзушылық жасауға жұмыссыздық, тұрақты табыстың болмауы, дұрыс тәрбие алмау, алкогольді асыра пайдалану, психологиялық тұрақсыздық және т.б. әсер етеді.

Осы саладағы құқық бұзушылықтарға ықпал ететін жағдайларға жеке адамға қарсы зорлық қылмыстарын жасауға бейім адамдарды анықтау бойынша профилактикалық және алдын алу шаралары кешенін формальді жүргізуді жатқызуға болады.

Интернет пен бұқаралық телекоммуникацияларды пайдалану арқылы алкоголь, қатыгездік, зорлық-зомбылық, порнографияны насихаттау жүргізіледі және күштеп таңылады, отбасы институтының маңыздылығы, әйелдің қадір-қасиеті, оның қоғамдағы рөлі төмендетіледі, осының салдарынан жағдай одан әрі ушыға түседі.

Жәбірлеушілер көбінесе әртүрлі қылмыстар үшін соттылығы бар адамдар болып табылады.

Мысалы, ағымдағы жылғы мамырда соттылығы бар астаналық тұрғын бұрын бірге тұрған әйелдің пәтеріне заңсыз кіріп, күш көрсетіп және қорқытып, оны белгісіз бағытта алып кеткен. Кейінірек ол ұсталды, қазір Қылмыстық кодекстің 125 (адамды ұрлау), 110 (қинау) және 149 (тұрғынжайға қолсұғылмаушылықты бұзу) баптары бойынша қылмыстық жауаптылыққа тартылуда.  

Үйдегі зорлық-зомбылық әйелдерді қоғам өміріне толыққанды қатысу мүмкіндігінен айырады, сондай-ақ оның эмоциялық және психикалық жай-күйіне теріс әсер етеді. Жалпы отбасына, оның ішінде еріксіз зорлық-зомбылықтың куәгері болатын балалардың дамуына теріс әсер етеді.    

Ұлттық заңнама жасалған құқық бұзушылықтың ауырлығы мен қоғамдық қауіптілігіне байланысты әкімшілік не қылмыстық жауаптылық туындайтындай етіп құрылған.

Бұл ретте қылмыстық жауаптылық теріс қылықтардан аса ауыр қылмыстарға дейін жіктеледі.

Отбасылық-тұрмыстық саладағы ең көп тараған құқық бұзушылықтар - денсаулыққа жеңіл зиян келтіру және ауырлық дәрежесі бойынша ұрып-соғу әкімшілік теріс қылықтарға жатқызылды, ал адамды жүйелі түрде қорлау үшін қылмыстық жауаптылық туындайды.

Қазақстан Республикасының Президенті Қ.К.Тоқаев 2019 жылғы 2 қыркүйекте «Сындарлы қоғамдық диалог – Қазақстанның тұрақтылығы мен гүлденуінің негізі» атты Қазақстан халқына жыл сайынғы жолдауында әйелдерге қарсы тұрмыстық зорлық-зомбылық үшін жазаны күшейту қажеттігін атап өтті.

Мемлекет басшысының тапсырмалары «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне қылмыстық, қылмыстық-процестік заңнаманы жетілдіру және жеке адам құқықтарының қорғалуын күшейту мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» 2019 жылғы 27 желтоқсандағы №292-VI Заңды қабылдау арқылы іске асырылды.

Заңды әзірлеуге мемлекеттік органдардың өкілдері ғана емес, сондай-ақ әйелдердің құқықтарын қорғау жөніндегі қоғамдық ұйымдар, тәуелсіз заңгерлер мен құқықтанушылар да қатысқанын атап өту қажет.

Жаңа өзгерістерге сәйкес Қылмыстық кодекстің 110-бабының 2-бөлігі (қинау) 4 жылдан 7 жылға дейін бас бостандығынан айыруды көздейді (3 жылдан 7 жылға дейін болған).

Жауаптылықты күшейту мақсатында ҚК-нің 110-бабының 1-бөлігі (қинау) жеке-жариялы айыптау санатына ауыстырылды, бұл отбасындағы зорлық-зомбылықтың неғұрлым тиімді алдын алуға мүмкіндік береді, өйткені жәбірленушінің арызы бойынша қинау фактісін құқық қорғау органы арқылы мемлекет тексереді.

Түзетулер әкімшілік құқық бұзушылық бойынша жауаптылықты күшейтеді.

ӘҚБтК-нің 73-бабы бойынша (отбасы-тұрмыстық қатынастар аясындағы құқыққа қарсы әрекеттер) санкция 3 тәуліктен 7 тәулікке дейін ұзартылды, ӘҚБтК-нің 73-2 және 73-3-баптары бойынша (денсаулыққа жеңіл зиян келтіру және ұрып-соғу) құқық бұзушымен отбасылық-тұрмыстық қатынастағы адамға қатысты іс-әрекеттер жасағаны үшін жауаптылық енгізілді, ол тиісінше 20 және 15 тәулікке дейін қамауға алу түріндегі жазаны көздейді.

Сонымен қатар соттың құқық бұзушыларға өз бастамасы бойынша ерекше талаптарды қолдан өкілеттігі кеңейтілді (іс бойынша процеске қатысушылардың және ішкі істер органдарының өтініші бойынша ғана емес).

Сот құқық бұзушыға жәбірленушінің еркіне қарамастан жәбірленушіні іздеуге, ізіне түсуге, оған баруға, алкогольдік ішімдіктерді, есірткі құралдарын, психотроптық заттарды және т.б. пайдалануға тыйым салуға құқылы.

Талаптарды орындамағаны үшін құқық бұзушыға 5 АЕК мөлшерінде айыппұл салынуы немесе 7 тәулікке дейін қамауға алынуы мүмкін, егер ол осы бұзушылыққа қайтадан жол берсе, онда оны 10 тәулікке дейін қамауға алады (ӘҚБтК-нің 669-бабы).

Бұрын мұндай жауаптылық болған жоқ.

Татуласуға байланысты сот ӘҚБтК-нің 73, 73-2 және 73-3-баптары бойынша әкімшілік құқық бұзушылықты бірінші рет жасаған адамдарды ғана жауаптылықтан босата алады.

Қайталап жасалған құқық бұзушылықтар кезінде татуласу көзделмеген.

Жалпы, енгізілген түзетулер бірінші кезекте отбасылық-тұрмыстық қатынастар саласында зорлық-зомбылыққа ұшыраған азаматтарды қорғауға, сондай-ақ Президенттің Қазақстан халқына Жолдауында айтылған тапсырмаларын іске асыруға бағытталған.

Осы бағыттағы жұмыс жалғасын тапқанын айта кеткен жөн, қазіргі уақытта Бас прокуратура Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаттары бастамашылық жасаған «Отбасылық-тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қарсы іс-қимыл туралы» Заң жобасын қарау жөніндегі жұмыс тобының отырыстарына қатысуда.

                                                

Қазақстан Республикасы
Бас прокуратурасының
Қоғамдық мүдделерді қорғау
қызметінің бастығы                                                               С. Нұрпейісов

Біз сіздермен «Otbasym.kz» порталындағы басты жаңалықтармен бөлісіп отырамыз