Ұлы іс отбасынан басталады
Шараны ұйымдастырушылар: Қазақстан Республикасы Президентiнiң жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөнiндегi ұлттық комиссия, Астана қаласының әкімдігі, «Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қоры» АҚ, Іскер әйелдер кеңесі, «Kazakh Tourism» Ұлттық компаниясы АҚ, «SAMRUK-KAZYNA TRUST» әлеуметтік жобаларды дамыту қоры және «ОТБАСЫМ» республикалық саяси-әлеуметтік журналы.
Шетте жүрген қандас-бауырларымызды атамекенге шақыру, туған жерге тағзым еткізу тәуелсіздігімізді алғаннан кейінгі Елбасының саясатымен бірден-бір қолға алынған іс еді. Осы орайда 1992 жылы дүниежүзілік тұңғыш Қазақ құрылтайы болып өтті.
«Бүгінгі күн – ерекше күн. Орта толды деген осы. Дәл осынау сәтте өзін қазақпын деп сезінетін әрбір адам жүрегі лүпілдеп, атамекеніне, тәуелсіз Қазақстанның астанасы Алматыға көз тігуде. Өйткені мұнда дүниежүзінің түкпір-түкпіріндегі исі қазақ атаулының өкілдері тұңғыш рет бастарын қосып, алқалы жиын, салтанатты мәжіліс – Құрылтайға жиналып отыр. Күні кеше ғана мұндай болады деген ой көбіміздің қиялымызға кірмеген шығар. Енді, міне, аңсаған арманның тағы біріне қол жеткіздік. Сан ғасырға созылған отаршылдықтың бұғауынан босанып, таяуда ғана тәуелсіздік алса да, қысқа мерзім ішінде бүкіл айдай әлем түгел мойындап, абыройы асып үлгірген Қазақстан жұртшылығы сіздерді, ардақты ағайын, туған жерде құшақ жая қарсы алып жатқанын өздеріңіз көріп отырсыздар. Мен Республика Президенті ретінде бәріңізді Дүниежүзі қазақтары құрылтайының салтанатты ашылуымен шын жүректен құттықтаймын! Баршаңызға: «Туған жерге қош келдіңіздер!» – деймін», – деп ыстық ықыласын білдірген болатын.
Туған жерлерінде Дүниежүзі қазақтарының құрылтайы өткізіледі дегеннен бастап Түркия қазақтары Дәлелхан Жаналтай ақсақалдың басшылығымен 104 адам қазақ жеріне жеткен еді. Сол алғашқы жиынға Түркиядан жасы жетпістегі Қанағат деген ақсақал да келген. Ұшақтан жерге табаны тие салып, жайнамазын жерге жая салып, басын сәждеге тигізіп уа Алла Тағала, саған мың бір шүкіршілік, атамекенмен де қауышатын күн болады екен” деп көз жасын төккен атамыз көз жұмар сәтінде: «Жетпіс жылдық ғұмырымдағы ең мәнді, сәнді күндер Атамекенімде болған кездерім» деп толғанып айтқан екен. Енді міне, сол уақыттан бері туған жерде үлкен өзгерістер болып, Елбасының бастамасымен Есілдің жағасында әдемі, ару қала Астана бой көтерді. Сол Түрік еліндегі Қанағат ақсақалдың ұрпақтарына бүгін, міне, бас қаламыздың 20 жылдық мерейтойына келу бұйырыпты.
10 000 адамнан тұратын Түркиядағы қазақ диаспорасының Ыстамбұл консулдық округінде шамамен 2 000 қазақ отбасы тұрады. Ыстамбұлда диаспора өкілдеріне әлеуметтік және экономикалық көмек көрсету мәселелері төңірегінде үкіметтік емес қоғамдық ұйымдар жұмыс жасайды. Дүниежүзі қазақтарының қауымдастығы «Қазақ-Түрік білім, ғылым және зерттеу қоғамымен» тікелей байланыс орнатқан. Аталған қоғамның басшысы Шабан Серкан Динчтүрк 2017 жылғы 22-23 маусымда Астанада өткен Дүниежүзі қазақтарының 5-ші құрылтайында Қауымдастықтың төралқа мүшелігіне сайланды.
Түркияда жоғары білім алу ақысы жоғары болғандықтан, оған көптеген қазақ жастарының қолы жете бермейді. Жоғары оқу орнына түсетін қазақ жастарының өкілдері негізінен ең озат студенттердің арасынан табылып жатады. Қазіргі кезде шамамен 150-дей қазақтың ұл-қыздары Түркиядағы жоғары оқу орындарында экономика, құрылыс, журналистика, медицина және заңгерлік сияқты мамандықтар бойынша білім алуда.
Түркияда қазақша оқу-әдістемелік әдебиет тапшы. Әліпбилер графикасының әртүрлі болуына байланысты қиындықтар бар. Қазақстаннан келетін оқулықтар кириллицада жазылған, сондықтан диаспора өкілдеріне қазақ тілiн үйрететін мамандар жоқ. Осы тұста ел Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың 2017 жылы 12 сәуірде «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласында: «Біріншіден, қазақ тілін біртіндеп латын әліпбиіне көшіру жұмыстарын бастауымыз керек. Біз бұл мәселеге неғұрлым дәйектілік қажеттігін терең түсініп, байыппен қарап келеміз және оған кірісуге Тәуелсіздік алғаннан бері мұқият дайындалдық» деп айтқан еді. Сондай-ақ, Елбасымыз өзінің 2012 жылғы 14 желтоқсандағы «Қазақстан – 2050» Стратегиясы қалыптасқан мемлекеттің жаңа саяси бағыты» атты Қазақстан халқына Жолдауында: «Мемлекет өз тарапынан мемлекеттік тілдің позициясын нығайту үшін көп жұмыс атқарып келеді. Қазақ тілін кеңінен қолдану жөніндегі кешенді шараларды жүзеге асыруды жалғастыру керек. Біз 2025 жылдан бастап әліпбиімізді латын қарпіне, латын әліпбиіне көшіруге кірісуіміз керек. Бұл – ұлт болып шешуге тиіс принципті мәселе. Бір кезде тарих бедерінде біз мұндай қадамды жасағанбыз. Балаларымыздың болашағы үшін осындай шешім қабылдауға тиіспіз және бұл әлеммен бірлесе түсуімізге, балаларымыздың ағылшын тілі мен интернет тілін жетік игеруіне, ең бастысы – қазақ тілін жаңғыртуға жағдай туғызады», – деп латын әліпбиіне көшудің қажеттілін атап өткен еді.
Латын әліпбиіне көшкен тұста қаншама шет елдердегі қазақ бауырларымыздың жоғарыда айтылған мәселелері де шешіледі. Бұл жағын ескерген Елбасының үлкен көрегендігін тағы да мойындауымыз керек.
Қазақ диаспорасының белсенділері Қазақстан Елшілігi және Бас консулдығымен тығыз байланыста. Атап айтқанда, диаспораның қолдауымен Түркияда Наурыз мерекесі, Қазақстанның өнер шеберлерінің концерттері, көрмелері және құрылтай кездесулері жиі ұйымдастырылады.
Түркия Астананың «ЭКСПО-2017» Халықаралық көрмесіне үміткерлігін қолдай отырып, Қазақстан Республикасының дипломатиялық өкілдігі жоқ Африка және Латын Америка елдерінде де қолдауға атсалысты. Түркия «ЭКСПО-2017» көрмесіне ең белсенділерінің бірі болып қатысты. Түркияның көрмедегі павильоны ең үздік үштіктің ішінде болды. Осындай екі ел арасындағы жылы, бауырмалдық қарым-қатынас әрқашан жалғасын таба бермек. Қазақ елі Түркия мемлекетіндегі қандас бауырларымызды әрқашанда қолдап, туған жерге деген ұмтылыстарына әрдайым демеу көрсету үстінде. Оған дәлел осы кездесудегі қазақ студенттерінің толқуы мен қазақ еліне деген шексіз алғыстарынан білуге болады. «Мен он сегіз жастамын. Ыстамбұл қаласындағы Кадир Хас университетінің студентімін, - деп бастады өз сөзін Мұхаммет Едіге ДОҒАН Мемлекет хатшысымен болған кездесуде.
«Астананың 20 жылдық мерейтойы қарсаңында біздерді шақырып отырған ұйымдастырушыларға, Түркиядағы қазақ жастарының Елорда мерейтойына қатысуын Қазақстан Республикасының Мемлекет хатшысы ретінде қолдаған Сізге, Гүлшара Наушақызы, көп рахмет айтамын.
Астананың мерейтойына қатысу біз үшін зор қуаныш әрі мәртебе.
Бүгінде Астана – Қазақстан Республикасының күш-қуатын әлемге танытқан қасиетті ордаға айналып, Тәуелсіздік тірегіне айналды. Әлемге танымал қаланың бірі атанды.
Қазір тәуелсіз Қазақстанымыз Елбасының жүргізген саясатының арқасында дүние жүзі мойындаған ел болып отыр.
Түркия мен Қазақстан – бауырлас мемлекеттер. Қазақстанның Тәуелсіздігін алғаш таныған – Түркия Республикасы. Сонымен қатар, Қазақ елімен ең алғаш дипломатиялық қатынас орнатқан мемлекеттің де бірі – Түрік елі болатын.
Алдағы уақытта да екі ел арасындағы қарым-қатынас нығайып, дами берсін дегім келеді».
"Менің аты-жөнім Тұғба Динчтүрк. 23 жастамын. Түркиядағы Анадолу университетінде білім алып жатырмын.
Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың жүргізіп отырған сарабдал саясаты арқасында Қазақ елі әлем мойындаған ел болды.
Мемлекет басшысының идеясы мен қайраткерлігі арқасында салынған Астана қаласы тәуелсіз Қазақстанның басты символдарының біріне, дүниежүзіне белгілі қалаға айналды. Бүгінде әлемге танылған осы мәртебелі, керемет қаланың 20 жылдық мерейтойына қатысу мүмкіндігіне ие болғанымызға қуаныштымыз. Қайда жүрсек те, тарихи Отанымыз, атажұртымыз саналатын Қазақ елі – біздің мақтанышымыз. Қазақстанның қол жеткізген табысына біз де мерейленіп жүреміз. Алдағы уақытта да абыройы асқақтай беруіне тілектеспіз. Ел тәуелсіздігі мәңгілік болсын!», – деген қазақ жастарының көздерінен қуаныш, сөздерінен мақтаныш сезімін байқауға болады. Бір-бірінен қалмай алғыстарын жаудырған, атамекенім деп келген қазақ жастарының қатарында Анадолу университеті ағылшын тілі факультетінің студенті Тұғба ДИНЧТҮРК, Хажеттепе университеті Химия факультетінің студенті Элиф КАТРАН, Ыстамбұл Боғазичи университеті Халықаралық қатынастар және саясаттану факультетінің студенті Муневвер Бусе ГАЙНЕТУЛЛАХ, Ыстамбұл Кадир Хас университеті Құқық факультетінің ағылшын тілінен дайындық курсының студенті Мұхаммет Едіге ДОҒАН, Бейкент университеті Ішкі архитектура факультетінің студенті Нұрбану ҚАРА, Ыстамбұл Техникалық университеті Мұнай және табиғи газ факультетінің студенті Фуркан ТҮРКЕР, Йылдыз Техникалық университетінің Менеджмент бағдарламасы бойынша студенті Элиф Айтөре ДӨНМЕЗ, Йылдыз Техникалық университеті Жаратылыстану факультетінің студенті Элиф Хажер АРЫ, Думлупынар университетіне қарасты Колледждің логистика бөлімінің студенті Эсра Өзлем КӨКСАЛ, Ыстамбұл Медипол университеті Тіс дәрігері факультетінің студенті Мерве Бүшра МУТЛУКАН бар. Бәрі бірдей талантты, дарынды, оқу озаттары екі елдің де мақтанышына айналған жастарға Мемлекеттік хатшы Г. Әбдіқалықова туған жерлеріне келгендері үшін алғыс айтып, болашақтағы екі елдің арасындағы дәнекер екендіктерін айтты.
Елордамыз Астана қаласының 20 жылдық мерейтойына орай, KATEAD төрағасы, Дүниежүзі қазақтары қауымдастығының төралқа мүшесі Шабан Серкан ДИНЧТҮРК үстіміздегі жылдың ақпан айында еліміздің Мемлекеттік хатшысы Г. Әбдіқалықова ханымға елімізге ата жұртпен танысу мақсатында Түркия мемлекетінен жастар келетінін, оған көмек көрсету керек екенін айтып, өтінішпен хат жолдаған еді. Міне, осы өтініш хат бойынша жасалған жұмыс қорытындысымен жоғарыда өздеріңіз таныстыңыздар. Осы балалардың жол шығынын, күтіп алу, қаламен таныстыру тағы да басқа материалдық жауапкершіліктерін және осы бастаманы өз қолдарына алған «Іскер әйелдер кеңесіне» және оның басшысы Бейсенбаева Бағиля ханымға зор алғыс айта отырып, елімізде осындай Қоғамдық бірлестіктер көбейе берсін демекпіз.
Біз сіздермен «Otbasym.kz» порталындағы басты жаңалықтармен бөлісіп отырамыз