KZ RU

ЖАҢА НӨМІР

ОҚУ

×
×
Выделенный текст:
×

Ұлы іс отбасынан басталады

Әлеуметтік саясат: жаңару мен жahандану

ҚР Конституциясында белгіленгендей, еліміз – әлеуметтік мемлекет. Яғни, мемлекет өзінің бар мүмкіндігін, қамқорлығын өз қоғамының дамуы үшін, ондағы азаматтардың өмір сүру деңгейін көтеруге бағыттайды.
Бизнес
2018-03-12

2018 жылдың наурыздың 5-і күні Парламенттің бірлескен отырысында Елбасы ел игілігіне арналған, ауқымды әлеуметтік бастамалар көтеріп, халыққа үндеу жариялады.

Жарияланған 5 әлеуметтік бастама – Елбасының халқына жасаған ерекше қамқорлығы мен жанашырлығының айқын көрінісі десек болады. Елдің бірлігін нығайтуға арналған әлеуметтік жобалардың ішінде халықты қолжетімді баспанамен қамту, салық жүктемесін азайту арқылы жұмыскерлердің жалақысын көбейтуге бағыттау, жоғары білім алудың қолжетімділігі мен сапасын арттыру сияқты маңызды әлеуметтік жобалар қарастырылған.


«Әрбір отбасына баспана алудың жаңа мүмкіндіктерін беру» атты бастамасы бойынша 7 пайызбен 25 жылға дейін берілетін, бастапқы жарна 20 пайыз болатын тың «7–20–25» бағдарламасы іске қосылатын болды.

Былтыр 11,2 млн. шаршы метр тұрғын үй қолданысқа беріліп, рекордтық көрсеткішке қол жеткізілгенімен, әлі де талай отбасы үшін баспана мәселесі өзекті болуда. Осы мәселені шешу мақсатында «7–20–25» бағдарламасы қолға алынды. Оның тиімді жүзеге асырылуы үшін жан-жақты талдап, талқылаудың маңызы зор болмақ әрі аталған бағдарламаны жүзеге асыру тұрғын-үй құрылысына жаңа серпін береді деген ойдамын. Себебі, бүгінгі қолданыстағы несие алу шарттарына қарап, халықтың қаржылық мүмкіндігіне сай келетін бастама деуге толық негіз бар. Нәтижесінде азаматтардың баспана алудағы қолжетімділігі артып, елімізде алғаш жүзеге асырылатын осынау ауқымды бастама құрылыс нарығын да, өнеркәсіптік нарықты да жандандыруға мүмкіндік береді. Сондықтан «7-20-25» бағдарламасы шын мәнінде халқымыз үшін қажеттіліктен туындаған бағдарлама болып отыр.


Сонымен қатар, төмен жалақы алатындарға салықтық жүктемені жеңілдету туралы да айтылды. Жалақысы төмен (ең төменгі есептік көрсеткіштің 25 еселенген көлемінен аз жалақы алатындар) қазақстандықтарды қолдау мақсатында 2019 жылдың 1 қаңтарынан бастап олардың салық жүктемесін 10 есеге азайтып, 1% салық салу ұсынылды. Бұл ретте, салықты азайтудан шығатын қаржының олардың жалақысын көбейтуге бағытталуы тиіс. Бастаманың басты мақсаты – табысы аз азаматтардың әлеуметтік жағдайын жақсарту. Нәтижесінде елдегі 2 миллионнан  астам азаматқа қолайлы жағдай жасалмақ.

Экономиканың даму үдерісі кезінде салық жүйесіне де бірқатар өзгерістер енгізіліп отырды. Қазір сол өзгерістерді қайта қарап, жеке табыс салығының прогрессивті шкаласын енгізу қарастырылуда.


«Жоғары білім алудың қолжетімділігі мен сапасын арттырып, студент жастардың жатақханадағы жағдайын жақсарту» бастамасында 2018-2019 оқу жылында студенттерге қосымша 20 мың грант бөлінеді. Бұл өз кезегінде адами капиталға, білімге салынған кезекті салым. Қазіргі кездегі тағы бір өзекті мәселе – студенттерді жатақханамен қамту. Осы мәселені шешу мақсатында мемлекеттік-жекешелік әріптестік аясында жатақхана тұрғызу қолға алынатын болды және 2022 жылға дейін 75 мың орындық студенттік жатақхана салуды тапсырды.

Білімді жастар – жарқын болашақ кепілі. Бұдан бір жарым ғасыр бұрын Шоқан бабамыз: «Халықтың кемеліне келіп, өркендеу үшін ең алдымен, азаттық пен білім керек» деген екен. Азаттыққа қолымыз жетті. Енді тәуелсіздік туын биік тұғырға асқақтатқан еліміздің бүгіні мен ертеңі, тынысы мен тіршілігі ендігәрі оның ең басты қазынасы – Қазақстан Республикасы азаматының біліміне, біліктілігіне тікелей байланысты болып отыр. Сондықтан да әлеуметтік тұрмысы жақсарған еліміздің жастары барлық салада өз үлестерін қосады деген сенім мол.


Елімізде «Нәтижелі жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамыту бағдарламасы» жүзеге асып келеді. Бұл мақсатта несиелеу ауқымы кеӊейіп, азаматтардың бизнеспен айналысу мүмкіншілігі арта түсті. 2017 жылдың қорытындысы бойынша жалпы сомасы 32 миллиард теңге болатын 7200 шағын несие берілсе, 2018 жылы шағын несиелердің жалпы сомасын 62 миллиард теңгеге жеткізу міндеттелді. Бұл өз кезегінде ауылдық жерлердегі кәсіпкерлікті дамытуға мүмкіндік береді.


Елбасы атап өткен 5-бастамада Қараөзек (Қызылорда облысы) - Жезқазған - Қарағанды - Теміртау - Астана бағыты бойынша газ магистралін салу жобасын іске асыру еліміздің орталық және солтүстік аймақтарын газдандыруға мүмкіндік береді және экологиялық ахуал біршама жақсарары сөзсіз. Құрылыс барысында шамамен 800 жұмыс орны және оны пайдалану кезеңінде 225 жұмыс орнын ашу көзделуде.  

Осы бастамалардың әрқайсысына қарап отырсақ, халықтың көкейінде жүрген ең маңызды мәселелерді қамтиды. Қарапайым азаматтарға арналған арзан ипотека, табысы төмен жұмыскерлерге салынатын салықты азайту, жоғары білім саласына қосымша грант бөліп, кемі 75 мың орындық жатақхана салу, шағын несие көлемін 20 миллиард теңгеге арттыру–қай-қайсысы да халықтың әлеуметтік өміріне түбегейлі өзгерістер алып келетін аса маңызды жұмыстар екені даусыз. Гүлденген мемлекет деген бұл - тиімді басқару жүйесі мен қуатты экономика ғана емес. Ол – ең алдымен, рухани кемел және әлеуметтік жағынан барынша қорғалған азаматтар екенін, еліміз – әлеуметтік мемлекет екендігінің тағы бір көрсеткіші болса керек.

Бұдан өзге, Қазақстандағы заманауи ақпараттық-коммуникациялық технологиялардың қарқынды дамуымен және қолданылуымен шартталған қоғамдық өмірдегі экономикалық, әлеуметтік-саяси және рухани өзгерістер қоғамды ақпараттандыруға – дамудың жаңа кезеңіне қарай қадам басуын білдіреді. Халықты әлеуметтік қорғау саласында инновациялық технологиялардың одан әрі дамуы қоғам дамуының тұрақтылығын, еліміздің бәсекеге қабілеттілігін арттыруға, азаматтардың әл-ауқаты мен өмір сүру сапасын жақсартуға бағытталған. Осылайша, мемлекеттік қызметтер көрсету саласында енгізілетін барлық инновациялар, ең алдымен, 2050 жылға дейінгі стратегиялық міндеттер аясында Қазақстанның әлемнің дамыған 30 елінің қатарына енуіне жетелейтін халықтың қажеттілігіне бағдарланған.

Елдің әлеуметтік-экономикалық және қоғамдық-саяси дамуын ақпараттық тұрғыдан қамтамасыз ету ісінде бұқаралық ақпарат құралдары елеулі рөл атқарады. Себебі,  XXI ғ. – ақпарат заманы болғандықтан, осы бағытта атқарылып жатқан жұмыстар, жүзеге асып жатқан бағдарламалар, түрлі мәселелерді жеткізуде медианың кеңістігі кең ауқымды қамтиды. Мемлекеттің әлеуметтік саясаты сол елдің бастан кешіріп отырған экономикалық даму кезеңінен, мемлекеттің ұстанып отырған экономикалық саясатына тәуелді және халықтың әлеуметтік жағдайын жақсартуға бағытталған сындарлы саясатына байланысты. Бүгінде еліміз әлеуметтік-экономикалық жаңару мен саяси демократияландырудың жаңа кезеңіне қадам басты. Тәуелсіздіктің ақ таңы атқаннан бері, мемлекетіміз әлеуметтік бағытқа үлкен мән беріп келеді, себебі біз нарықтық әлеуметтік бағытты таңдадық. Қазақстанның әлеуметтік саясатының стратегиялық мақсаты болып әлеуметтік бағдарланған экономиканың қалыптасуы болып табылады.

 

Дидархан Құрманғазыұлы

Біз сіздермен «Otbasym.kz» порталындағы басты жаңалықтармен бөлісіп отырамыз