KZ RU

ЖАҢА НӨМІР

ОҚУ

×
×
Выделенный текст:
×

Ұлы іс отбасынан басталады

Махаббаттың мәңгілік символы: Айша бибі кесенесі

Мәңгілік мұра, рухани байлық, бағасы жоқ саф алтынға айналған, махаббаттың мәңгілік символы болған Айша бибі кесенесі — XII ғасырдан бері келе жатқан ұлттық құндылығымыз. Әулиелі Әулиеата өңіріне аяқ басқан адамның бәрі ең алдымен осы кесенеге келіп, тәу етпей кетпейді.
Дәстүр
2018-03-07

Құрылысы

Жамбыл облысы, Айша бибі ауылында орналасқан, сырты керамикалық плиталармен қаланып, ойып жасалған өрнектің көз тоймайтын әдемілігі мен кереметтілігіне елімізде оған тең келетіні жоқ. Бүгінде бұл кесене ЮНЕСКО тізіміне алынған. Сан ғасырлар соқпағынан аман өткен кесененің тек батыс бөлшегі ғана сақталып қалған болатын. Қайта қалпына келтіру жұмыстары 2001-2004 жылдар аралығында жүргізілді. 72 түрлі белгі салынған плиткалар дайындалып, кесененің іргетасын қатайтып қабырғаларын көтеріп алғашқы кейпіне келтірді. Мазар сырты ерекше қапталған, оны тек Бұхарадағы Исмаил Самани мазарымен ғана салыстыруға болады. Айша-бибі кесенесі көне Орталық-Азия түріктер халқының ою-өрнектерінің бай мұражай-сақтаулылардың байлығы болып келеді.

Аңыз

Аңыз бойынша, Айша бибі асқан сұлулығымен қатар, ақылдылығымен де елге есімі жайылған ару болған деседі. Ол әйгілі шығыс ақылшысы Зеңгі бабаның қызы болып келеді. Сұлу Айша мен батыр Қарахан арасындағы шексіз махаббат та осы күнге аңыз бойынша жеткен. Айша бибінің кім екені жөнінде ғасырлар сорабынан жеткен аңыз болмаса, тарихи деректер жоқтың қасы. Айтулы аңызға құлақ түрсек. Айша бибі киелі Түркістан жерінде жас батыр Қараханмен кездесіп. бірін-бірі ұнатқан екі жас бас қосып, өмірлік қосақ болуға уағдаласады.

Жан-жақтан жау анталаған заманда елін, жерін қорғаумен жүрген Қараханның айтқан уағында Айша бибіге баруға мүмкіндігі болмайды. Араға айлар түседі, жылдар жылжиды. Ақыры шыдамы таусылған Айша бибі Қараханның мекені – Тараз жеріне өзі іздеп бармақ болып, қасына күтушісі Баба әжені (кей жазбаларда Бабаджа хатун) ертіп, жолға шығады. Сүйгенінің ауылын алыстан көріп, енді сәл уақыттан кейін онымен кездесетінін ойлап, ұйықтап кетеді. Сол кезде улы жылан Айша бибіні шағып алады. Бүкіл тәнін у жайлап, тынысы тарылып бара жатқан Айша бибі дереу сүйгені Қараханға ат шаптырады. Қарахан емші-тәуіптерін алып жеткенде ару қыз ісініп, талықсып жатыр екен. Қарахан молдаға екеуінің некесін қиғызады. Содан кейін ол жаны үзіліп бара жатқан Айшаның құлағына: «Айша сен енді бибі болдың!», – деп үш рет айқайлапты. Ғашығынан айырылып, қайғыдан қан жұтқан Қарахан сүйген жарының денесін арулап жерлеп, басына әсем күмбез орнатады.

Бүгінде Айша бибі кесенесі бір шаранаға зар болып жүргендердің тәу етіп келетін қасиетті жеріне айналған. Әрине, тілектің қабыл болуы бір Алланың қолында екені рас. Әулиелі жердің топырағын басып, кесенеге ізгі ниетпен келгендердің тілегі қабыл болып жататындығы да таңғалдырады. Жаңадан шаңырақ көтерген жастар ескерткіш басына келіп тағзым етіп жатады.

Біз сіздермен «Otbasym.kz» порталындағы басты жаңалықтармен бөлісіп отырамыз