KZ RU

ЖАҢА НӨМІР

ОҚУ

×
×
Выделенный текст:
×

Ұлы іс отбасынан басталады

«Ұлы даланың жеті қыры» басымдықтары аясында мәдениетті жаңғыртудағы әйелдің рөлі»

Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт вице-министрі Ақтоты Рахметоллақызы Райымқұлованың мәдениетті жаңғыртудағы әйелдің рөлі тақырыбындағы ойын назарларыңызға ұсынамыз
Мәдениет
2019-04-10

«Ұлы дала» және бүгін

Олжас Сүлейменовте: – Біз жанымызға қымбат дүниенің бәрін, ардақты Әйел қауымы, саған теңейміз: Отан – Ана, Тарих – Ана. Ерлік пен Ар. Тіпті, Өлеңнің өзін саған телиміз,– деген мазмұнда келетін өлең жолдары бар.

Қай дәуір, қандай заманда да поэзияның Әйел-Ананы жырлауда жастығына жантайып дамылдаған кезі болған емес, сұлулығы мен жылулығы үшін де, әйел атаулының сүйгенін де, махаббат жолында от-жалынға күйгенін де ғашық көңілмен өлеңге қосты, ынтызар жүрекпен ән қып шырқады. Ақбас тарихтың қойнауынан мысал іздесең, қадам басқан сайын сүрінесің. Қазіргі заманауи Қазақстанымызға қарай ат басын бұрсаң да, айдап отырып айдала тақырға шықпайсың: айнала – құдды ну орман, жынысты тоғай, гүлзарлы бақ іспетті. Көп алысқа бармай-ақ, Тұмар ханымды еске алса жетеді – парсылардың ешкімге бас имеген ІІ Ұлы Кир секілді көш бастаушы серкесінің жауырынын жерге қадаған жоқ па. Күллі Месопотамия мен Вавилонды тізесінің астына басып, аузына қаратқан қандықол қолбасшы, Ахеменид державасының негізін қалаушы осындай алпауытпен жекпе-жек жаға жыртысуы: былайғы кезде көздің жауын алып жүрген құмырсқа бел құралай сұлудың ең қымбат қазынасы – отбасы мен Отанына қауіп төнген кезде – аяқ астынан көзіне қан толып, арыстандай ақырған жаужүрек жауынгер болып шығарына куә болмай ма, сірә.

Сөз арасында айта кетейік, Ұлы Дала әйелдерінің басқа шығыс қыздарынан басты айырмасы – жастайынан жеке бас еркіндігі мен бұла еркелігін қатты қадірлеген, қажет жерінде ерлермен иық қағыстыра отырып, ел мен жер тағдырына қатысты келелі кеңесте қамшы тастап сөз ұстаған. Тарихшылар айтып жүргендей, әйел-үзеңгі жолдас, хан кеңесшісі, ру басы, сөз тапқыш шешен, ең ақыр аяғы әйел-жауынгер деген ұғымдар алғаш рет осы Ұлы Дала бесігінде тербелген.

Сөз арнасын сезімнен сәл бері бұрсақ, әйел бір ғана отбасының тірегі, ошақ отын сөндірмей ұстаушы шырақшысы емес, Отанының да қоғамдық өміріне бел шешіп белсене кірісіп кететін қайраткер, әрқашан қоршаған ортаны жаңғыртуға әрекеттеніп отырған. Тіпті күні бүгін әйелдердің өмірдегі орнына қарап қоғамның қаншалықты өркениет деңгейіне көтерілгенін, сонымен бірге қоғам мүшелерінің ізгілік, теңдік пен қайырымдылық ұстанымдарына қаншалықты беріктілігін көз жұмып тұрып айқындауға болады.

Нұрсұлтан Назарбаевтың «Ұлы Даланың жеті қыры» бағдарламалық мақаласы осындай ойларға жетелейді. Тұңғыш Президентіміздің бұл жаңа жұмысы оның кең ғылыми мағлұматтылығымен тәнті қылатын ұзақ жылдарғы тарихи-сараптамалық монографиясын жалғастырып қана қоймайды, болашаққа бағышталған идеялық ұшқырлығымен, толыққанды қолданбалы бағытымен ерекшеленеді.

Ақиқат үшін айтып өткен парыз, Елбасының «Ұлы Даланың жеті қыры» мақаласын «ұлттың қайталанбас манифесі» деп атауға болады, өйткені мұнда рухани-зияткерлік саланың ең маңызды дегендері сөз болады, алыс және жақын тарихи келешекке байланысты нақты іс-әрекет жоспары жасақталған. 

«Жеті қыр» қазақ халқының тасқа қашалған жазу, атты-көшпелі өркениет құбылысы, халықтық музыка мен құдіретті сөз кені секілді аса сирек кездесетін ұлы мұраларын күнделікті өмірге ұластыру, ұрпаққа жалғастыру, қолданысқа енгізу құқығымен бірге қарастырады.

Қазақстан халқының ұшан-теңіз жасампаздық бағытын өзек қылған бұл құжаттың кең құлаштылығы еріксіз таң қалдырып таңдай қақтырады. Президент сөзінің күші – біздің мемлекетіміз қандай орасан зор адами және зияткерлік әлеуетке ие болса, соған берік арқа сүйейді. Бұл, әлбетте, әйелдер қауымының орны алабөтен мәдениет саласы, олай болатын себебі, мәдениет басқа салалармен салыстырғанда руханият әлемімен тонның ішкі бауындай араласып жатыр. Ал, руханилық – әйелдің табанды мінезінің ажырамас құрамдас бөлігі, алтын тамыры.

Әдетте ерлердің ғана еншісінде деп есептелетін қиындықтар мен ауыртпалықтарды адамзаттың «нәзік жанды екінші бөлігі» деп саналатын әйелдер қауымы еш қиындықсыз өз иығына арта алатынын әзелден дәлелдеді. Бүгінгі таңда әйелдің президент, саясаткер, әскери, ғалым, жазушы болып жүргені ешкімге таңсық емес… «Темір ханшайым» Маргарет Тэтчер бір кездері былай деп тегін айтпаса керек: «Егер тапсырылған іс туралы пікір естігіңіз келсе, еркекке жүктеңіз, ал сөзсіз орындалғанын қаласаңыз, әйелге тапсырыңыз».

 Шын мәнінде, әйелдер билікке келген жердің бәрінде олар «нәзік жандылардың» темірдей берік тұстары жеткілікті екенін іс жүзінде көрсетіп келеді, тіпті жаһандық деңгейдегі ауыртпалықтардың өзі ер адамның қатал, сыни және тегеурінді ойлау жүйесіне ғана емес, әйелдің нәзік те сезімтал жүрегіне мойынұсынып бағынатынын дәлелдеді. Біздің Қазақстанда да әйелдер қауымы ерлермен бір сапта мемлекеттік мекемелерде, заң шығарушы органдарда, министрліктерде, қоғамдық ұйымдар мен партияларда, білім мен денсаулық, мәдениет пен спорт, бизнес салаларында жемісті еңбек етіп келе жатыр.

Ел есіндегі есімдер

Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев өзінің аталмыш мақаласында атап көрсеткендей, «Көпшіліктің санасында тарихи үдерістер, негізінен, тұлғаландыру сипатына ие болатыны белгілі. Көптеген халықтар өз елінің ерекше елшісі сынды ұлы бабаларының есімдерін мақтан тұтады.

Мысалы, өткен дәуірлердегі Тутанхамон, Конфуций, Ескендір Зұлқарнайын, Шекспир, Гете, Пушкин және Джордж Вашингтон сияқты дүние жүзіне белгілі тұлғалар бүгінде «өз мемлекеттерінің» баға жетпес символдық капиталы саналады әрі сол елдердің халықаралық аренада тиімді ілгерілеуіне септігін тигізіп отыр».

Ұлттық мәдениетіміздің алғашқы қарлығаштары болған әйелдердің есімі ел тарихында алтын әріптермен жазылды. Мәселен, қазақтың кәсіби суретші қызы Гүлфайрус Исмаилова, Қазақстанның халық суретшісі атағына ие болған, ҚазКСР еңбек сіңірген өнер қайраткері. Қазақстанның халық әртісі Бибігүл Төлегенова мен қазақ қыздары арасынан шыққан тұңғыш суретші Айша Ғалымбаевамен бірге тұтас бір дәуірдің айнасына айналды.

Шара Жиенқұлова – қазақ кәсіби би өнерінің бастауында тұрған адам және актриса. М.Әуезовтің «Айман-Шолпан» драмасында, Евгений Брусиловскийдің «Қыз Жібек», «Жалбыр» және «Ер Тарғын» операларында халық билерін орындады, «Қалқаман-Мамыр» тұңғыш ұлттық балетінде Мамырдың партиясын билеп, «Амангелді» кинофильмінде Балымның рөлін ойнады. Шара Жиенқұлова Қазақстан музыкалы-пластикалық өнерінің жауһары. Замандастарының айтуына қарағанда, тамаша грация, қол қимылдарымен сурет салу, бас және саусақтар арқылы сөз ұғындыру сияқты айрықша қасиеттерімен көзге түскен. Гүлфайрус Исмаилова «Қазақ вальсі» деген картинасын арнады.

 Күләш Байсейітова – кәсіби опера өнерінің алғашқы қарлығашы, Сталиндік сыйлыққа екі мәрте ие болған, сонымен қатар КСРО халық әртісі. Ұлы Отан соғысы жылдарында Күләш Байсейітова майданның алғы шебінде өнер көрсетті, осындай ерлігі үшін «Ұлы Отан соғысындағы ерен еңбегі үшін» медалімен марапатталған. 1949 жылы Кеңестік бейбітшілікті қорғау комитетінің құрамына енді. Бейбітшілікті жақтаушылардың ІІ Бүкіләлемдік Конгресінің жұмысына қатысты.

Әншінің есімін ел есінде мәңгі қалдыру мақсатында Қазақстанның Мемлекеттік сыйлығы тағайындалған. Қазақстанда Күләш Байсейітова атындағы әншілер байқауы жыл сайын ұйымдастырылады. Есімі Нұр-Сұлтан және Алматы қалаларының көшелеріне берілген.

Роза Бағланова өнер көгінде өз алдына дара жұлдыз, Абай атындағы Қазақ Мемлекеттік академиялық опера және балет театрының, одан кейінгі жылдары Қазақ мемлекеттік филармониясының әншісі. Бағланованың репертуарына әлем халықтарының әндері, классикалық және эстрадалық шығармалар енген. Әртістер бригадасының құрамында соғыс жылдары алғы шептегі Кеңес әскерлерінің алдында өнер көрсеткен. Оның шығармашылығының шырқау шыңы «Ах, Самара городок» әнін шырқаған өткен ғасырдың 60-шы жылдарына келеді.

Роза Бағланова «Ленин», «Еңбек Қызыл Ту», «Халықтар достығы», «Құрмет белгісі» және басқа да ордендердің кавалері, 1945 жылы «Әскери ерлігі үшін» медалімен марапатталған. Қазақстан Республикасының «Халық қаһарманы» ең жоғарғы атағына ие болды. Роза Бағланованың есімі әлем әйелдеріне арналған алғашқы «Кто есть кто» ағылшын-американдық энциклопедиясына енгізілген.

«Қазақтың бұлбұлы» Бибігүл Төлегенова Құрманғазы атындағы Мемлекеттік академиялық халық аспаптары оркестрінің әншісі ретінде Қазақстанның ұлттық өнерін Одақ көлемінен асырып жер жүзіне насихаттады.

Атап өткен ләзім, Бибігүл Төлегенова – КСРО халық әртісі атағына ие болғандардың ішінен бүгін көзі тірі жалғыз қазақ әйелі.

КСРО халық әртісі Хадиша Бөкеева М. Әуезов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық драма театрының сахнасында жарқырай өнер көрсетті.  «Ленин», «Халықтар достығы» және «Құрмет белгісі» ордендерінің иегері болған өнер майталманы көркем сөздің құдіретті шебері болып танылды.

Тума дарын қазақ киноактрисалары өз талантының арқасында шетелдік экран жұлдыздарынан бір мысқал кем қалып көрген емес. Мысалы, Қазақ КСР халық әртісі Әмина Өмірзақова А. Қарпықовтың «Ана туралы аңыз» фильмінде сомдаған бейнесі арқылы қазақ әйелінің экран мен сахнадағы кесек образын қалыптастырды.

Меруерт Өтекешева «Қыз-Жібек» картинасындағы тамаша рөлінен кейін өнер көгінде жұлдыз болып жарқырады. Сол кезде Қазақстанның түгел ерлер қауымы маржан тісі жарқырай күлген сұлу қызға, сыр-сымбаты келісті аруға ғашық болған еді.

Актриса Раиса Мұхамедиярова – «Ән шақырады», ал Наталья Аринбасарова  –  «Алғашқы ұстаз» кинокартиналары экранға шыққаннан кейін үлкен танымалдылыққа ие болды. Аринбасарованың осы фильмдегі басты рөлі Венециандық кинофестивальдің жүлдесін жеңіп алды. Кейін бірнеше мәрте басқа да кинофильмдерге түсті, дарынды актрисаның өнер жолы 60 шақты фильммен толықты.

Қазақ әйелдері музыка өнерінде де өзінің айшықты қолтаңбасын қалдырды. Бір ғана КСРО халық әртісі, Қазақстандағы композиторлық мектептің негізін қалаушылардың бірі Ғазиза Жұбанованың есімін атасақ жеткілікті. Ол соңына 3 опера, 4 балет, 3 симфония, 3 концерт, 6 ораторий, 5 кантата, 30-дан астам камералық музыка туындылары, әндер мен хорға арналған шығармалар, сонымен қатар спектакльдер мен кинофильмдерге арналып жазылған музыкалар, халық әндерінің өңделген нұсқаларын қалдырды.

Қазақтың тамаша қызы Айман Мұсақожаеваның есімін қазақстандық мәдениеттің ұлттық бренді деп атауға толық негіз бар, өйткені еліміздің атауын шартарапқа жайды деуге болады. Оның талантына әлем қол соққанына Европа, Азия мен АҚШ ең үздік концерт залдары куә болды. Музыка сыншылары Айманның қайталанбас дарыны мен Қазақстанның музыка мәдениетінің дамуындағы тың бағыттарды айқындаудағы батыл жаңашылдығын айрықша таңданыспен таң-тамаша қалып жазады.

А. Мұсақожаеваның шығармашылық өміріндегі жарқын белестің бірі 1998 жылы Нұр-Сұлтан қаласында Қазақ Ұлттық музыка Академиясын (қазіргі Қазақ ұлттық өнер университеті) ашуы еді  – музыкалық білімнің барлық баспалдақтарын: мектеп, колледж, жоғары оқу орны, бакалавриат, магистратура және докторантураны қамтитын өте сирек кездесетін жоғарғы оқу орны.

Бүгінгі таңда Елордалық Өнер университетіне табысты басшылық жасап келеді.

Айман Мұсақожаева дүниежүзі мемлекеттері арасындағы мәдениет және өнер саласындағы ынтымақтастықты нығайтуға үлес қосатын мәдениет елшісі болып табылады.  Қазақстан Республикасының халық әртісі, халықаралық шығармашылық Академиясының академигі, ЮНЕСКО-ның «Әлем әртісі» құрметті атағының иегері. 2000 жылы Айман Мұсақожаева Қазақстан Республикасының әдебиет, өнер мен архитектура саласындағы Мемлекеттік сыйлығының лауреаты атағына ие болды, аса үздік жетістіктері үшін 2014 жылы – еліміздің ең жоғары атағы «Қазақстанның Еңбек Ері».

Роза Рымбаева – қазақ эстрадасының жарқын өкілі, Қазақстанның халық әртісі, ҚР Мемлекеттік сыйлығының лауреаты. Ол халықаралық конкурста КСРО атынан шыққан алғашқы қазақ қызы болатын. 1977 жылы Рымбаева Бүкілодақтық «С песней по жизни» телевизиялық конкурсында бас жүлдені жеңіп алды, сонымен бірге Болгарияда «Алтын Орфей» фестивалінде бас бәйгеге ие болды. Польшада Сопот қаласындағы халықаралық фестивальде Гран Приді қанжығасына байлады. Роза Рымбаеваның кең тынысты дауысы (лирическалық сопрано) төрт октаваны қамтиды. «Қазақстанның алтын дауысы» деп тегін атамайды. 2005 жылы Мәскеу қаласындағы эстрада жұлдыздарының алаңында Роза Рымбаеваның жұлдызы жанды.

Қазақстанның түкті кілемдей жарасып тұтасқан мәдениетінің сан түрлі бояуын республикадағы ұлттық театрларсыз елестету мүмкін емес. Олардың ішіндегі жасы үлкені – Мемлекеттік республикалық корей музыкалық комедия театры. Бұл біздің мемлекетіміздің этномәдениет саясатының жарқын жемісіндей болған, этникалық атажұртынан тыс жердегі әлем бойынша құрылған бірінші және әзірге жалғыз театр.

Осы театрдың әншісі Зоя Кимнің сылдырлаған күміс дауысы барлық қазақстандықтарға танымал. Ол бүкіл КСРО бойынша КХДР мен Корея Республикасына танылған жалғыз әнші. Мәдениетімізге сіңірген еңбегі еленіп, Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген әртісі атанды.

Опера әншісі Мария Мудряк – қазақстандық әртістердің жаңа толқынының өкілі. Бала күнінің өзінде, бес жасында өзінің жеке дискісін жаздырып, жер шарындағы ең жас әнші ретінде рекордтардың Гиннес кітабына енді. Әрі қарай 10 жасында – Ла Скала жанындағы Милан музыка жоғары академиясы, 12 жасында – «Болашақ» стипендиясы, 14 жасында Миландағы Верди консерваториясына түсіп, 18 жасында аяқтап шықты. Мария Мудряк қазір әлем бойынша гастролде жүр.

Бұл қыздардың есімдері қазақстан мәдениетінің тарихына қашалып жазылды. Бұлар – бір-біріне мүлдем ұқсамайтын жеке тұлғалар тарихының ортақ Отанымыздың тарихын құрайтындығына дәлел. Әркім өз саласында, өз дәуірінде тұрып-ақ Қазақстанымыздың дамуына мәңгі қызмет жасай береді.

Ой жүгіртіп қарасақ, Қазақстанда адамзаттың екінші жартысы табысты қызмет жасамайтын сала жоқтың қасы.

Сірә, пайдалы бола білу, ұдайы іздену, тәжірибемен бөлісу және шабыт беріп қанаттандыру, махаббат сыйлау, жарасымды ынтымақта өмір сүру – әйелдің пешенесіне бұйырған қасиет шығар.

Ұрпақ ұмытпасын десек

Тұңғыш Президентіміздің «Ұлы даланың жеті қыры» мақаласына қайтып оралар болсақ, «Ұлы даланың ұлы есімдері» атты оқу-ағарту энциклопедиялық саябағын ашу мәселесін ерекше атап өтуге тұрады. Нұрсұлтан Әбішұлы атап көрсеткендей, қазақстандықтардың жаңа буыны ғана емес, күллі әлем біздің тарихи атақты тұлғаларымызды білгені жөн, соның ішінде, әрине,  ұлттық мәдениетімізді айдай әлемге танытқан әйелдерді де.

«Мақсатты мемлекеттік тапсырыс ұйымдастыру арқылы қазіргі әдебиеттегі, музыка мен театр саласындағы және бейнелеу өнеріндегі ұлы ойшылдар, ақындар және ел билеген тұлғалар бейнесінің маңызды галереясын жасауды қолға алу қажет. Сондай-ақ бұл жерде классикалық қалыптан тыс, баламалы жастар өнерінің креативті әлеуетін де пайдаланудың мәні зор. Осыған орай, бұл іске тек отандық қана емес, сонымен бірге шетелдік шеберлер мен шығармашылық ұжымдарды да тартқан жөн», – деп ескертеді Елбасы.

Бұдан басқа Нұрсұлтан Назарбаевтың пікірінше, жоба аясында бізге «Дала фольклорының антологиясын» жасау керек. Мұнда Ұлы дала мұрагерлерінің өткен мыңжылдықтағы халық ауыз әдебиетінің таңдаулы үлгілері – ертегілері, аңыз-әфсаналары, қиссалары мен эпостары жинақталады.

Сонымен қатар қазақтың қобыз, домбыра, сыбызғы, сазсырнай және басқа да дәстүрлі музыкалық аспаптарымен орындауға арналған маңызды туындылар топтамасын – «Ұлы даланың көне сарындары» жинағын басып шығару қажет.

Сондай-ақ, аталмыш мақалада «Ұлы Даланың фольклоры мен әуендері заманауи цифрлық форматта «жаңа тыныс» алуға тиіс. Бұл жобаларды жүзеге асыру үшін көшпенділердің бай мұрасын жүйелеуге қабілетті ғана емес, сондай-ақ оның өзектілігін арттыра алатын отандық және шетелдік кәсіби мамандарды тарту маңызды» делінген.

Біздің мәдениетіміздің негізгі сюжеттерінде, кейіпкерлері мен сарындарында шекара болмайды, сол себепті оны жүйелі зерттеп, бүкіл Орталық Еуразия кеңістігі мен барша әлемде дәріптеуге тиіспіз»,– деп баса айтты Елбасы.

Тұңғыш Президент Нұрсұлтан Назарбаев рухани және адамгершілік мәселелерінің маңызы экономика, немесе материалдық сұрақтардан бір мысқал да кем емес деп ылғи айтып келеді.

Шынтуайтында, егер мәдениет дамымайтын болса, ешбір экономикалық және әлеуметтік жетістіктер мемлекетті күшті және гүлденген дәрежеге жеткізе алмайды. Сондықтан барша мәдениет қайраткерлеріне, мәдени құндылықтарды қалыптастыру деп аталатын осы ізгілікті іске қатысы бар әрбір адамға көп нәрсе байланысты.

Әлемнің әр жерінен бір наразылық бұрқ ете қалып жатқан бүгінгідей алмағайып заманда қайырымдылық, ізгілік және толеранттылық негізінде адамзаттың қолы жеткен бар жақсыны сақтап қалу – аса маңызды.

Бар жылулықты бір бойына сыйдырған поэзия немесе әдебиеттің басын біріктірген мәдениеттің бұл бағыттағы қуатты күші саясатта да, экономикада да, тіпті идеологияда да жоқ. Бақай есеп етекбастылықтан ада, ұрпақ сабақтастығы негізінде адам жанына ізгі әсер етіп отырады.

Елбасының өз мақаласында біз үшін бір қауіп – тарихқа бөлшекті көзқараспен жұрнақтап қарау деп атап көрсеткені бекер емес. Өйткені, бөлшектенген сана тұтасты түгел қамти алмауы себепті дұрыс жұмыс жасамайды.

«Ұлы Даланың жеті қыры» бізді протоқазақ түбімізге қайта оралтып қана қоймайды, сонымен бірге әлемдік өркениеттің ошағы ретінде Ұлы даланың тарихына еріксіз үңілтеді. Тек осылай – жүйелі түрде, бәрін қамту арқылы – тарихқа шегініс жасау. Осы тұрғыдан келгенде жекелеген адамдарды ғана емес, тұтас бір халықтардың, ұлы мәдениеттердің басын біріктірген Ұлы Жібек жолы дәстүрін, керуен-сарай дәстүрін қайта ой елегінен өткізу жаңа мәнге ие болады. Осы жерден қазіргі заманауи бір міндет маңызды пайда болады – жас қазақстандықтардың бойына патриотизм, әдеп нормалары және кісілік, ұлтаралық келісім мен толеранттылық секілді адамдық құндылықтардың дәнін егу.

Түйіндеп келгенде, мұның бәрі – адам мен қоғам өмірінің барлық қызметі мен өмір саласын қамтитын «мәдениет» деп аталатын ұғымды құрайды. Басқаша айтқанда, мәдениет – қоғамның жаны, негізі, ядросы. Оның басты мұраты – адамды Адам жасау. Елбасының мәдениетті біз сақтап, жетілдіріп отыруға тиіс ұлттың генетикалық коды ретінде қарастыруы тегін емес.

Қарапайымнан – күрделіге қарай жүру керек.

Халқымызда алғаш тәй-тәй қадам басқан баланың жолын ашу мақсатында қолданылатын «Тұсау кесер» деген тамаша дәстүр бар. Сәби кезден бастап оның бойында адами мәдениеттің алғашқы негіздері қаланады, әрі бұл белгілі бір білім мен машықтың жиынтығы емес, бірінші кезекте адам жанының қалыптасуы. Бұл орайда басты рөл әйел-анаға жүктеледі. Әуелі баланы үлкендер жақын туысты жақсы көріп сыйлауға үйретеді, көмекке ділгер адамға қол ұшын беруге тәрбиелейді. Есейе келе ар деген не, намыс пен құрмет, өзге адамның қиындығын бөлісу деген сияқты дүниелерді адам өзі ұғады.

Біз қазір бүкіләлемдік экономикалық дағдарыс туралы ғана айтып жатқамыз жоқ, адамшылықтың азайып бара жатқаны туралы да дабыл қағамыз, ал мұның тамырын жас балаға жөргектен бастап мәдениет ұрығын еге алмағанымыздан іздеу керек, адамның жадын ұмыттырмайтын, жақсы қасиеттерді насихаттайтын тәрбие ғана мәңгілікке бастайды.

Әлем рухани құндылықтарсыз өмір сүре алмайды, осы аксиома бала күнімізден санамызға сіңіп өссе, қанекей.

 

Біз сіздермен «Otbasym.kz» порталындағы басты жаңалықтармен бөлісіп отырамыз