KZ RU

ЖАҢА НӨМІР

ОҚУ

×
×
Выделенный текст:
×

Ұлы іс отбасынан басталады

Ұлт болашағы–ұлттық тәрбие – Абдол-Бахи Хамза

Otbasym.kz» редакциясында психология ғылымдарының докторы, профессор Абдол-Бахи Хамза отбасының заман талабына сай мәселелері жайлы өз ойымен бөлісті.
Дәстүр
2018-08-07

Отбасы өмірінің негізгі қызметі – бала тәрбиесі жайлы айта кетсеңіз.

Бала тәрбиесінің  алтын бесігі – отбасы. «Ұяда не көрсең, ұшқанда соны ілерсің» демекші, бала тәрбиесіне бірден-бір әсерін тигізетін нәрсе- отбасындағы ерлі-зайыптылардың бір-бірімен қарым-қатынасы.  Әр  ұлттың қай  кезеңде  болмасын  алдында   тұратын ұлы міндеттерінің  ең бастысы өзінің ісін,  өмірін жалғастыратын  салауатты  саналы  ұрпақ  тәрбиелеу. Болашақ қоғам  иелерін  жан-жақты жетілген, ақыл  парасаты  мол, мәдени, ғылыми  өрісі озық етіп тәрбиелеу  аға  буынның  қоғам алдындағы  борышы. Тәуелсіздік туы желбіреген  егеменді еліміздің болашақ ұрпағын тәрбиелеуде,  олардың  бойына  ізеттілік,  қайырымдылық, кішіпейілділік,  әдептілік, елін, жерін,  Отанын  сүюшілік секілді  ең  асыл қасиеттерді  қан мен  жанына  сіңіруде   осы ата-бабамыздың   салт-дәстүр негізін ұстансақ өте  ұтымды болар еді.

Баланың қалыптасуына әсер ететін фактордың бірі, дәстүрлі мәдениетіміздің бір бағыты халықтың ұлттық ойындары. Ата – бабамыз ойынды тек баланы алдандыру, ойнату әдісі деп қарамай, ол халықтың ғасырлар бойы жасаған асыл қазынасы, баланың көзқарасы, мінез-құлқын қалыптастырып, бір жүйеге келтіретін тәрбие құралы деп санаған. Сондықтан  ата-ана   өзінің  баласын  еңбекқор, елінің  қамқоршысы  азаматы  етіп  тәрбиелеуге міндетті.

Ұлттық тәлім-тәрбие үрдісінің маңызы мен ерекшеліктері неде?

Әр ұлттың өзіндік ерекшеліктері бар. Қазақ  халқының  тарихы дәстүрге  өте бай. Отбасы  үшін ежелден  тән  қасиеті  балаларды  еңбексүйгіштікке  тәрбиелеу,  үлкенді  құрметтеу,  достық, ізгілік  қатынастар-осының  бәрі  қазақ  халқының  тұрмыс қалпына  байланысты болған. Қазақ қыз-келіншектері мен ер-азаматтарының  бойынан  көрінетін  даралық  қазақы  болмысының  жарқырай  көрінуі,  әсемдік  пен  әдептілік  үйлесімділік  тауып отырған.  Мәселен, ата-ана  құқықтары  қыз беріп,  қыз алу,  құда  түсіп  құдалы  болу қазақ некелерінің  ерекшеліктері,  бала асырау, әмеңгерлік   мирас  пен  мұра  жайындағы  мағлұматтардан  қазақ  халқының  отбасына   ерекше мән  бергенін,  шаңырақ  шайқалып,  босаға босамауына  назар  салғанын  көреміз.

Соңғы  кезде  қазақ  халқының  табиғатына   тән  ана  сүтімен  сүйекке сіңген ізгі әдет - ғұрыптардан тыс қалып  бара  жатқандаймыз.  Өз  ұлтының  өткені мен болашағына  бей-жай  қарайтын  тәрбиеден  тысқары  қалған  жастар  аз емес. Ата-ананы  сыйлау  үлкенге  құрмет  көрсету,   кішіге  ізет білдіру  әдеп   сақтаудан  хабарсыз  кей  жастардың  қылығы  әркімнің-ақ  намысына тиері сөзсіз.  Халық  өнерін  игеру  жастарды  еңбексүйгіштікке, әсемдікке  бағыттап халқының  тарихын біліп, мәдени мұрасын  қадірлеп,  жақсы әдет- ғұрыптарын жалғастыруға баулиды.  Ұлттық  тәжірибеміз  отбасынан  басталып,  кейінде   жалғасын  тауып жатса,  қазіргідей   қазақ  халқының  қанында  жоқ ата-баба тәрбиесіне  жат  өзін  жарық дүниеге  әкелген анасын,  әлпештеп  өсірген  асқар  тауы әкесін қарттар  үйіне  өткізген,  нашақорлық пен  маскүнемдікке  салынғандардың    шаңырағы  ортаға  түспес  еді.

«Дәстүрге арқа  сүйемегеннің  көсегесі  көгермейді»  - деген  атамыз. Яғни   отбасы  ауыл-аймақ, көпшілік,  қоғам  болып  тәрбиелеу  қазақ  халқының  өмірінен  өзекті  орын алған.  Салт-санасы , әдет-ғұрпы,  ойын-тойы осы  мақсатты іске  асыруға  бейімделе  жүргізілген.

Қазақ табиғатында отбасы  иелері  балаларының  алдында  өздерінің   тіршілік әрекетінде   барлық  адамгершілік қасиеттерін   үлгісін  көрсете  білген.  Оның  басты себебі «ұлдың  ұяты  әкеде,қыздың  ұяты  шешеде»   деп  бағалағандықтан.    Сондықтан   ата-ана  балаларын   тұрмыс пен салтқа  бейімдеп,  шешеден  көріп  тон  пішуге, әкеден көріп  оқ  жонуға  баулитын болған.  Осылайша  ұрпақтың  отбасы   тәрбиесі  ешқашан  күн тәртібінен   түскен емес. Бұрынғы қазақ  жастары  тәрбиені    мектеп  пен  медреседе  оқып білмесе  де,  қызы  анадан, ұлы  әкеден үлгі-өнеге  алған.

Бүгінгі қоғамның дерті – ажырасудың себебі неде?

Соңғы кезде некеге немқұрайлы қарайтындардың саны расында да артып отыр. Күнделікті тіршілікте бұл жағдайдан бәріміз хабардармыз. Ажырасу — өте қауіпті дерт дей тұра, бұл жағдай толастар емес. Әсіресе, өзіміздің қаракөз қандастарымыз бен бауырларымыздың арасында мұндай жағдайлардың кездесуі жанымызды жабырқатады. Көп жастар негізінен әлеуметтік қиыншылықтардың кесірінен осындай қадамға амалсыздан барады. Таршылықты сылтауратып, барлық жағдайды қаржыға тіреп қоятындары рас. Иа, шаңырақты шайқалтуға әкеп соғатын жағдайлардың бірі – материалдық теңсіздік. Шыны керек, жас жұбайлардың бір-біріне сенімсіздігі, өсек - аянға жол беруі де өкінішке ұрындырады. Тағы бір мәселе, ата-ананың жөнсіз араласуы ажырасуға бірден-бір себеп болып отыр. Әрине, оларды ренжітуге хақымыз жоқ. Алайда, кейбір ата-аналар жас отбасының ішкі ісіне араласып үйдің шырқын бұзатын жағдайлар да қазіргі қоғамда кездесуде.

Өмірлік жарды дұрыс таңдай алмау, бір-бірін сыйламайтын жас жұбайлар ақыр соңында екіге айырылысып тынатындығын айта кетуге тиіспіз. Діни тұрғыда ерлі-зайыптылардың тату болуы, мейірімділік пен өнегеліліктің белгісі.

Жас отбасыларға айтар ағалық тілегіңіз.

«Бүгінгі жастар – еліміздің ертеңі», «Бала – біздің болашағымыз» деген әдемі сөздер көп айтылады. Ең алдымен бір-бірлеріңізді жақсы таныңыздар дегім келеді. «Жақсы әйел – жігітке біткен бақ, жақсы жар, жайлы қоныс – алтын тақ» -  дейді. Барлықтарыңызға шаңырақтарыңыздың шайқалмауын, бір-бірлеріңізге сенімдірек болуларыңызды тілеймін.

 

Сұхбатыңызға рақмет!

Біз сіздермен «Otbasym.kz» порталындағы басты жаңалықтармен бөлісіп отырамыз