Ұлы іс отбасынан басталады
Форумға Қазақстан және шетел қаламгерлері мен әдебиеттанушылары, облыстық балалар мен жасөспірімдер кітапханаларының басшылары, мамандары, баспагерлер және Астана қаласының кітапханашылары қатысты.
Қазақ тілінде жазылған балалар әдебиетін жетілдіру және жас жазушыларға қолдау көрсету мақсатымен ұйымдастырылған форумда балалардың қазіргі заман талабына сай қандай кітап оқуы және саналы ұрпақ өсірудің әдістері талқыланды.
Форум аясында Ұлыбританиядан келген зерттеуші Джилл Браунның «Балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету» атты шеберлік сағаты болды.
Ол әлем бойынша өзекті мәселе болып отырған балаларға қатысты зорлық-зомбылық және қатыгездіктің алдын алумен Ұлыбритания елі қалай күресетіні жайлы сөз қозғады.
Джилл Браун он алты жасынан бастап балаларды қорғау мәселесіне ден қойып, қызыққан екен. Ол нәрестенің құрсақта жатқан кезінен бастап қоршаған орта үлкен ықпал ететінін мәлімдеді. Бүгінгі таңда Ұлыбританияда осының бәрі зерттеле отырып, балаларды қатыгездіктен қорғаудың тиімді жолы арқылы жұмыс жүргізіліп жатқанын айтып өтті.
«Мұның бәріне біз үлкен жауапкершілікпен қарауымыз қажет, себебі, қазіргі бүлдіршіндер ертеңгі жарқын болашақтың кепілі»- деді ол.
Бүгінде ол балалармен тікелей қарым-қатынаста бола отырып, елдегі құзырлы органдарға бала психикасы жайлы кеңес береді екен.
Интернеттің пайдалы тұстарымен қатар, зиянды жақтары да бар екені белгілі. Бұл психикасы жете дамымаған, әлі де эмоционалды түрде әлсіз балаларға кері әсерін тигізетіні анық. Мектептерде, қоғамдық орындарда кішкентай балаларды ұрып-соғуды, оларға әлімжеттік жасауды ашық көрсететін бейнежазбалар, қатыгездік, зорлық-зомбылық интернет арқылы кең таратылуда. Бұл ретте, ең бастысы, баланың компьютер алдында отыру уақытын шектеген жөн. Ал егер баланы күні бойы қадағалауға шама келмеген жағдайда интернетке қол жеткізуге белгілі бір шектеулер қоятын сан түрлі бағдарламалар бар. Соның бірі – «КиберМама» бағдарламасы.
«КиберМама» - ата-ананың өз баласына қажетті бағдарламаларды жоспарлап, сол арқылы перзентінің әрекеттерін бақылауда ұстап, оны керексіз ақпараттан шектеуіне мүмкіндік береді.
Біз сіздермен «Otbasym.kz» порталындағы басты жаңалықтармен бөлісіп отырамыз