KZ RU

ЖАҢА НӨМІР

ОҚУ

×
×
Выделенный текст:
×

Ұлы іс отбасынан басталады

Отбасылық құндылықтар басты назарда

Халықтың сұранысынан, қоғам қажеттілігінен ашылған «Жанұя» орталығына бүгінде қанша адам келіп үлгерді, азаматтардың мәселелері қаншалықты шешілуде, халықты жұмыспен қамту мәселелері бойынша қандай жобалар жүзеге асырылуда? Осы және өзге де сұрақтар бойынша «Жанұя» орталығының үйлестірушісі Әйгерім Тәңірбергеновамен болған эксклюзивті сұхбатты назарларыңызға ұсынамыз.
Мерейлі отбасы
2019-09-23

Сұхбаттың видеонұсқасы

Әйгерім ханым, алғашқы сұрақ, «Жанұя» орталығының қызметі туралы айта кетсеңіз.

«Жанұя» отбасы институтын қолдау орталығының ең басты мақсаты – отбасыларға заңдық, әлеуметтік және психологиялық көмек көрсету болып табылады. Орталық «бір терезе» қағидаты бойынша қала тұрғындарына көрсетілетін мемлекеттік қызметтерді біріктіріп, отбасылармен жеке жұмыс жүргізеді. Атап айтқанда, астаналық тұрғындарға жұмыс табу, жүзеге асырылып жатқан мемлекеттік бағдарламалар бойынша нақты және толық ақпарат алу мүмкіндігі беріледі. Сонымен қатар, қоғамдық денсаулық сақтау, білім беру, тұрғын үй алу мәселелері, бизнесті ашу және мемлекеттік қолдауға ие болу, жұмысқа орналастыру мәселелері бойынша қадамдық және жүйелі көмек көрсетеді.

Біздің орталықта тұрғындарға психологиялық көмек көрсететін психолог маман да бар. Көптеген азаматтар өз мәселелері бойынша жүгінуде. Осы азаматтармен жұмыс жүргізу барысында алимент төлемеу мәселелері де анықталды. Сондықтан да біз заңгерлерді, медиаторларды және жеке сот орындаушыларын шақырдық. Аталған мәселелер бойынша бүгінде осындай шаралар жүргізілуде. Мекемеде барлық жағдай жасалынған: ерекше қажеттіліктері бар адамдарға арналған лифтілер, балалар үшін арнайы ойын аймағы ашылған. Ата-аналар қызмет алу барысында балаларына еш алаңдамай, толығымен кеңес алуларына мүмкіндік жасалды.  

Халықтың сұранысынан, қоғам қажеттілігінен ашылып отырған орталыққа бүгінде қанша адам келіп үлгерді? Азаматтардың мәселелері қаншалықты шешілуде?

Нұр-Сұлтан қаласының әкімі Алтай Сейдірұлы азаматтармен кездесу барысында тұрғындар өздерін толғандыратын сұрақтарға жауап ала алатын орталық ашуды сұраған болатын. Атап айтқанда, АӘК алу, кәсіптік оқудан өту, жұмысқа орналастыру, жаппай оқыту бағдарламасына қатысу, балабақшаға кезекке қою, қамқоршылықты орнату, жәрдемақылардың барлық түрлерін алу мәселелері бойынша «бір терезе» қағидатымен қызмет көрсететін орталық қажет болды. Осындай қоғам сұранысынан ашылған орталыққа бүгінде 1000-ға тарта сұрағымен 500-ге жуық адам жүгінді. Сұрақтардың басым көпшілігі АӘК алу туралы, тұрғын-үй, білім беру мәселелері, балаларды мектепке, балабақшаға орналастыру.

Орталықтың жобаларына келсек, «Кәсіпкер ана» атты жоба қолға алынған екен. Аталған жобаның мақсаты неде?

Басты мақсат – әйелдерді жұмысқа орналастыру, көпбалалы және аз қамтылған отбасыларға өз кәсібін ашуға жан-жақты көмек көрсету болып табылады. Яғни, жоба аясында үйде отырып, өз ісін бастауға мүмкіндіктері бар. Бет әрлеу, IT, дизайн және басқа да бағыттар бойынша кәсіпкерлік негіздеріне оқыту жүргізіліп, сертификаттар табысталып, өз ісін ашуға қолдау көрсетілуде. Бұдан өзге, кәсіпкерлер мотивациялық бизнес-тренингтер, семинарлар өткізіп отырады.

Халықты жұмыспен қамту мәселелері бойынша бұдан өзге, тағы қандай жобалар жүзеге асуда?

Халықты жұмыспен қамту орталығының базасында тұрақты жұмыс орындарымен қатар, уақытша жұмыс орындары да бар. Бұл дегеніміз, қоғамдық жұмыс, жастар тәжірибесі және 1-3 айға дейін созылатын қысқа мерзімді оқыту курстары. Қазіргі еңбек нарығында сұранысқа ие мамандықтарға қысқа мерзімді оқыту курстарын өткізіп, тұрақты жұмыс орындарына орналастыру жұмыстары жүргізілуде. Оқыту курсы барысында азаматтарға ай сайын 16 000 теңге шәкіртақы тағайындалады. Кейін өз ісін бастау кезінде қолдау көрсетіліп, жәрдемақы бөлу шаралары қарастырылған.

Орталықта азаматтарды жеке қабылдау жүргізіле ме?

«Жанұя» орталығы азаматтарды жеке қабылдаудың бірден-бір орталығы болып табылады. Күні кеше қала әкімі А. Сейдірұлы өзінің жеке қабылдауын өткізді. Сонымен қатар, аудан әкімдері, басқармалар мен басқа да ұйымдардың басшылары кестеге сәйкес азаматтарды қабылдайды.

Орталықтың жоспарланған іс-шараларына тоқталып өтсек.

Біздің орталық тек қана қызмет көрсетіп қана қоймай, қыркүйек айына бекітілген жоспар бойынша 50-ге жуық іс-шара өткізуді жоспарлап отырмыз. Біраз шарамыз жүзеге асып та үлгерді. Мысалға айтатын болсақ, қала әкімі 49 мектеп түлегіне білім гранттарын табыстады. Біздің мақсатымыз – отбасы құндылықтарын дәріптеу, насихаттау, осы тұрғыда орталықта апта сайын ата-аналармен, жасөспірімдермен, барлық отбасы мүшелерімен семинар, тренингтер өткіземіз. 

Сұхбатыңызға рақмет!

Біз сіздермен «Otbasym.kz» порталындағы басты жаңалықтармен бөлісіп отырамыз