KZ RU

ЖАҢА НӨМІР

ОҚУ

×
×
Выделенный текст:
×

Ұлы іс отбасынан басталады

«Егер адам талантты болса, барлық жағынан талантты» - Е. Бақтыгерей

Мемлекет басшысы Н.Ә. Назарбаев өзінің «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласында көрсетілген маңызды жобалардың бірі – «Қазақстанның 100 жаңа есімі».
Мәдениет
2018-08-13

«100 жаңа есім» жобасының мақсаты – табысты, бәсекеге қабілетті болу, прагматизм мен білім культі идеяларын Тәуелсіздік жылдары Қазақстанның дамуына елеулі үлес қосқан адамдардың тарихын үлгі ете отырып насихаттау.

Бұл жобаға қатысқан үміткерлер – өзінің қызмет саласында елдің жағымды имиджін қалыптастыруға үлесін қосқан, көпшілікке өзінің ісімен үлгі болған жандар. Солардың бірімен сұхбаттасудың реті келіп, бұл мүмкіндікті біздің рекдакция да жібермеуге тырысты. Сонымен, таныс болыңыздар, бүгінгі кейіпкеріміз – дирижер, кәсіпкер, көп балалы әке - Ерлан Бақтыгерей.

Ерлан Әбдінәбиұлы, «Қазақстанның 100 жаңа есімінің» қатарына кіргеніңізге бақытты шығарсыз? Қуанышыңызға ортақпыз!

Бақыттымын, рахмет!

«100 жаңа есім» жобасына қатысу сіз үшін қаншалықты маңызды болды? Сізді бұл жобаға кім ұсынды?

Маңызы өте зор дер едім. Себебі мен өз тәжірибемді болашақ музыканттарға, дирижерларға жеткізгім келеді. Ең басты нәрсе – танымал болу емес, халыққа қызмет ету. Мені бұл жобаға ұсынған халықаралық «Болашақ» бағдарламасына алғысым шексіз.

Іріктеуден өтіп, жеңімпаз атанған соң, сіздің өміріңізде не өзгерді?

Менің өмірім қатты өзгерді деп айта алмаймын. Бәрі сол қалпы сияқты. Тек өзімнің туған жерім Жамбыл облысына концерттермен барып, сол жерге жұмысқа шақыруы болмаса. Шығармашылық концерттерімді туған жерімде бердім.

Дирижерлікті атақ пен ақша әкелетін кәсіп деу қиын. Дегенмен, сіз осы жолды таңдапсыз. Неліктен?

Бұл күрделі жолды таңдауыма ұстаздарым себепкер болды. Олардың арасында әйгілі Нұрғиса Тлендиевтен бастап, Фуат Мансуров, Шамғон Қажғалиев, Нұрлан Жарасов сияқты есімдері елеулі музыканттар бар. Дирижерлық жол – өте қиын жол, себебі кейде жасаған еңбегің бағаланбай жатады. Мысалы, концертке неше күн, неше ай дайындалғаныңмен, бәрі бір сәтте өтіп кетеді. Оркестр жақсы ойнаса, «оркестр керемет» дейді, ал жаман ойнаса, дирижер кінәлі болады.

Өнер жолында біраз тәжірибе жинаған музыкантсыз. Еңбегіңіздің жемісін көрдіңіз бе?

Әрине, әлі де көріп келемін, себебі мен жасаған күйлер мен әндерді бүкіл Қазақстанның оркестрлері ойнап жүр.

Жеке кәсібіңіз де бар екен. Сіз бұл салаға түбегейлі кеттіңіз бе? Әлде шығармашылық жұмыспен қатар алып жүрсіз бе?

Жеке кәсіпке кетуіме бірнеше себептер болды. Қазақта «аяқтан шалу» деген жаман әдет бар. Бір кездері өнерден кетуіме тура келді. Оған қоса денсаулығым сыр бере бастады. Бірақ соның бәріне қарамастан, қиыншылықты жеңе алдым. Сол қиын кездері мені қолдап, жанымнан табыла білген жұбайым мен балаларыма мың алғыс. Шығармашылықты біржолата тастаған жоқпын. Жақында Астананың 20 жылдығына орай 2000 адамдық Симфониялық оркестріне Мәдениет және спорт министрлігінің тапсырысы бойынша Құрманғазы бабамыздың «Сары арқа» күйін түсіріп бердім. Өте тамаша шықты. Сондықтан, әлі де сахнаға оралып, тыңдармандарымды талай қуантамын деп сенемін.

Көпбалалы  шаңырақтың отағасы болып отырсыз. Енді өзіңіздің отбасыңызға тоқталсақ.

Өмірлік серігім Меруеш Башайқызы – әнші, Қазақстан Республикасы мен Моңғолияның мәдениет қайраткері. Екеуміз бірге Алланың берген 7 ботақанын өсіріп жатқан жайымыз бар. Үлкен екі балам менің жолымды қуып, биыл Құрманғазы атындағы Алматы мемлекеттік консерваториясына «виолончель аспабы» бөліміне түсті. Қызым Қарағанды қаласының Құрылыс техникалық колледжінің 2 курсында дизайнер мамандығы бойынша оқиды. Тағы бір ұлым Астананың Жамбыл Жабаев атындағы мектеп-лицейінде оқиды. Бір балам Қарағанды қаласының кадет мектебінде оқып жатыр, ал қалған екеуі балабақшада.

Сіз үшін «Бақытты отбасы формуласы» қандай болуға тиіс?

Жұбайлар өзара сыйластықта болып, балаларды тек мейірім мен махаббатқа бөлеп өсіру керек деп санаймын.

 

Біздің ақпарат: Ерлан Бақтыгерей – Ш.Қажығалиев атындағы I Республикалық дирижерлар конкурсының лауреаты. Астана қаласындағы Академиялық филармония симфониялық оркестрінің бас дирижері және көркемдік жетекшісі (2013 – 2015 ж). Дирижер Нұрғиса Тілендиевтің «Алтын тау» және Еркеғали Рахмадиевтің «Алпамыс» операларын сахналады. Ол – Түркі әлемі композиторларына арналған «Түріксой» концертін ұйымдастырушылардың бірі. Ерлан Бақтыгерей қазақтың халық әндері мен күйлерін, классикалық шығармаларды халық аспаптары оркестріне бейімдеп жазды.

P.S. Ерлан Бақтыгерейдің өмірлік ұстанымы: «Егер адам талантты болса, барлық жағынан талантты». Расымен де дарыны, білімі, қабілеті бар адамдар бірнеше саланы қатар меңгеріп жатады. Сынаптай сырғыған заманда адам үшін тұрақты ешнәрсе жоқ. Бүгін ісің өрге домаласа, ертең бастан бақ кетер. Бүгін салың суға кетіп отырғанымен, ертең-ақ бақ жұлдызың жарқырар. Ол тек уақыттың еншісіндегі дүние. Ал қандай бөгетке жолықса да соны бұзып, жігерін жеңдірмеу – ол тек жігіттікті көрсететін, әр адамда бола бермейтін қабілет. Бәлкім, сондай адамдар жаңа заманның жаңа қаhармандары болар. Оны, әрине, тарих таразылайды. Ал әзірге олар Қазақстанның «100 жаңа есімінің» бірі болуға әбден лайық екенін ісімен көрсетуде.

 

Сымбат Талғатқызы

 

Біз сіздермен «Otbasym.kz» порталындағы басты жаңалықтармен бөлісіп отырамыз