KZ RU

ЖАҢА НӨМІР

ОҚУ

×
×
Выделенный текст:
×

Ұлы іс отбасынан басталады

Шаңырағы шаттыққа толы отбасы

Қ. Қуанышбаев атындағы театр актеры Нұркен Өтеуловтің жары, актриса Айнұр Бермұхамбетовамен болған сұхбатты назарларыңызға ұсынамыз.
Мерейлі отбасы
2018-05-28

– Нұркен Өтеуловпен қалай таныстыңыз? Танымал актер сізді несімен баурап алды?

Нұркенмен университетте бірге оқыдық. Басында курстастар ретінде араласқан едік. Бірінші курстың соңында ерлі зайыптылардың рөлін ойнап жүрдік. Біздің махаббат оты сол кезде лаулай бастаған сияқты. Нұркен өз ортасында беделді, белсенді жігіт еді. Әрбір ортаның шырайын кіргезетін серілігімен баурап алған шығар. Негізі Ресейдің жоғары оқу орнына түсіп тұрған жерімнен бір себептермен бара алмай қалдым. Сосын Алматыда оқуыма тура келді. Кейде ойлаймын, Нұркенмен кездесу маған осылай бұйырған шығар деп. Ол кезде қазіргі жастар сияқты қызды арнайы мейрамханаға шақырып, ансамбльге серенада айтқызып, жүзік ұсыну деген болмайтын. Біз бірге оқып, бірге Астанаға арман қуып келдік. Бақыттан басымыз айналып құлап қалдық деп айта алмаймын. Уақыт сынынан өткен махаббатымыз ары қарай бірге шаңырақ көтеруге ұласатынын екеуміз де жақсы түсіндік және соны қаладық.

– Тойдың қызықтарын айта отырсаңыз?

Біздің үйлену тойымыз туралы қазіргі жастарға айтсақ, қызық естілер. Мен жақта қыз ұзату өткеннен кейін, Нұркеннің елінде үйлену тойы болды. Ауылда палатканың астында бес жүз адамға ас та төк той жасалды. Кілемге мақтамен есімдеріміз жазылып, аққудың суреті салынып, Жигули мен Москвичтерден ауылда "той кортежі" жүрді. Менің бетімді о дүниелік болған белгілі ақын Оразалы Досбосынов ашып, ақын Бақыт Беделхан екеуі тойымызды басқарды. Ол кезде барлық тойлар шамасы солай өтетін еді ғой. Нұркеннің ағасы да бізбен қатар үйленгесін, екі жұпқа бір той болды. Үйге бірден екі келін түсіп отырғасын, көз тимесін деген ниетпен "Бір келін есіктен,бір келін тесіктен" деп ырым жасайды екен. Мені кіші келін деп терезені алып тастап, сол жерден түсірді. Қызықтың қызығы сол болып, тойға келген бүкіл елдің есінде қалған-тын. Қазіргі келіндер торттан, гүлден, шаңырақтан, каретадан шықса, мен терезеден түскенмін.

– Балаларыңыз туралы айтып беріңізші.

Үлкен ұлымыздың есімін Бейбарыс деп қайын атам қойды. Мен перзентханаға түскенде ол кісі түс көріпті. Түсінде қолына бүркіт қонған екен. Жақсы ырымға балап, есімін солай қойды. Кіші ұлымыздың есімін сол кезде депутат болған ел ағасы, қоғам қайраткері Уәлихан Қалижан деген азамат Ақарыс деп қойды. Екеуінің де реңі әкесіне тартқан. Менің тіпті қатысым жоқ сияқты бұл балаларға. Бала тәрбиесінде әкенің де, ананың да рөлі маңызды ғой. Бірақ біздің отағасы түздің адамы болғасын, көбінесе балалармен мен айналысамын. Қарапайым қазақтың отбасындағыдай "Әкең келе жатыр", "Әкең естімесін" деп тәрбиелеймін. Бала әкесінен ығу керек деп ойлаймын. Ал өзім анасы болсам да, керек кезде қаталдаумын, бірақ балаларымның құрдасы сияқты болып кететін де кездерім жиі болады.

– Үйде кім бастық?

Үйде, әрине, жолдасым бастық. Ол кісі біздің үйдің Президенті, ал мен Денсаулық сақтау, Білім және Қаржы министрлерінің қызметіндемін деуге болады. Барлық маңызды шешімді отағасы өзі қабылдайды.

– Қайын жұртпен қалайсыз?

Мен келін болып түскенде өз ата мен енемнен бөлек сол үйдің қариялары бар еді. Атасы мен әжесіне немере келін әкеліп, ол кісілерді қуанта білген Нұркен де, кария ата-ененің батасын алған мен де бақытты жандармыз деп есептеймін. Қайын енемді анамдай көремін. Басқа келіндер сияқты емес, қызы сияқты еркелеуге де қысылмаймын.

– Уақыт өте келе жұбайлар туыстай болып кетеді дегенге келісесіз бе? Жұптарыңыздың романтикалық көңіл-күйін қалай сақтайсыздар?

Жұбайлар туыстай болып кетеді дегенге кейде келісемін. Әрине, ең жақын адамың ол жарың болғасын, солай болуы тиіс деп ойлаймын. Жалпы тұрмыс кез келген жұптың романтикасын билеп кететіні рас. Солай болмас үшін, көбінесе мен жолдасыма "киноға барайық", "мейрамханаға барайық", "өзімізге уақыт бөлейік" деп еркелеп айтсам, ол да қолдай кетеді. Осылай екеуміз бір жадырап, жасап қаламыз.

– Азық-түлікке кім барады?

Азық түлікке мен барамын. Ер азаматтың дорбасын толтырып, саудаласып базарда жүргенін қаламаймын. Ер жігіт болғасын одан да сол уақытын пайдалы жұмысқа жұмсап, ақшасын тапсын. Базарға балаларды ертіп, көлікке мініп, өзім-ақ бара беремін. Оның үстіне үйге не керек екенін әйел адам өзі жақсы біледі. Сондықтан, базар, дүкен мәселесі менің мойнымда.

– Үй шаруасында, бала баптауда көмекшіңіз бар ма?

"Қариясы бар үйдің қазынасы бар" дейді ғой. Бізбен бірге менің анам тұрады. Балаларымыз нағашы әжесінің тәрбиесімен өсіп келеді. Біздің өнер мен отбасын қатар алып жүргеніміз де осы кісінің арқасы деп білемін. Тылымыз мықты болғасын да, алаңдамай жұмысқа беріліп кеттік деуге болады. Сол үшін анама басымды иемін.

– Балаларыңыз ата-анасының танымалдығын пайдаланады ма?

Әдетте, ата-аналар жиналысына мен ғана баратынмын. Сондықтан мектепте Нұркенді ешкім көрмейтін. Бірде үлкен ұлымыздың сынып жетекшісі бір жиналыстан соң маған: "Сіздер осындай танымал актердің, әншінің отбасы екенсіздер ғой, неге айтпағансыздар?" деп ағынан жарылды. Оны білгенде не өзгеретінін өз басым түсінбедім. Біз балаларымызға дайын даңғыл салмаймыз. Таныстықпен өтіп кетсін деп әр тесікке тықпалай бермейміз. Керісінше, өз еңбегімен алға ұмтылса екен деп ойлаймыз. Біздің балалар басқа құрдастары сияқты кастингтерге қатысады. Бірінен өтеді, бірінен өтпейді. Ол актерлер үшін қалыпты жағдай. Олар қазақша өте сауатты сөйлейді, әнді жақсы айтады, актерлік қабілеттері жақсы. Біріншіден, қабілет тегінде бар, екіншіден, көздерін ашқаннан көргені осы өнер ғой. Сондықтан олар басқа құрдастарына қарағанда актерлікті алып кете білді деп есептеймін.

– Салтты сақтайтын отбасысыз ба?

Әрине. Қазақ болғасын, салт-дәстүрге берік болуға, ұлттық мерекелерімізді атауға дағдыланып жатырмыз. Жаңа жыл шыршасынан гөрі наурыз, көрісу, айт мейрамдарын тойлағанды жақсы көреміз. Жыл сайын ораза ұстаймыз.

– Балаларыңыз өздеріңіз сияқты өнер даңғылымен жүргенін қалайсыз ба?

Өздері шешсін деп ойлаймын. Мен оларға өз ойымды байлағым келмейді. Егер олардың бойында тұнып тұрған талант болса, неге қолдамасқа? Ал егер өнерді сүйіп тұрғанымен, бойында қабілеті болмаса, мен актриса, ұстаз, ана ретінде оларға соны жеткізуім керек деп санаймын.

– Балаларыңызбен бірге мультфильмдер көресіздер ме? Олар сіздерді қандай кейіпкерге ұқсатады?

Әрине, көремін. Әсіресе, балалардың өздері дыбыстаған мультфильмдерді жиі көреміз. Кинотеатрлардағы мультфильмдерге барып тұрамыз. Балаларым қазір өсіп қалғасын, ерекше бір кейіпкер туралы айта бермейді, бірақ әкесін үнемі арыстанға ұқсатып, өз мекенінің иесі ретінде көреді.

– Шаңырақты шаттыққа бөлейтін не деп ойлайсыз?

Балаларымыздың дені сау болса, ұйқысы алаңсыз болса, олар өз еңбегімен жетістіктерге жетіп жатса, өзіміздің еңбегіміз еленіп жатса, шаңырағымыздың шаттығы сол болар.

Біз сіздермен «Otbasym.kz» порталындағы басты жаңалықтармен бөлісіп отырамыз