KZ RU

ЖАҢА НӨМІР

ОҚУ

×
×
Выделенный текст:
×

Ұлы іс отбасынан басталады

Жүктілік кезінде ескеретін дүниелер

Жүктілік кезінде әйелдердің психикасында көптеген өзгерістер орын алады. Қорқыныш, уайым, өкпе-реніш пен күйзеліс жатырдағы кішкентай өмір иесіне көп күш салады. Сондай-ақ жүкті әйелдің психикасына да әсер етеді. Жақында ғалымдар жүктілік кезіндегі күйзелістің ұмытшақтыққа да ұшырататынын мәлімдеді. Қатты күйзеліс әйелдің жадына да кері әсерін тигізеді екен.
Мәдениет
2018-09-10

Ресми деректерге сүйенсек, елімізде жыл басынан бері босану үстінде 40 әйел қайтыс болған. Денсаулық сақтау министрі Елжан Біртановтың айтуынша, мұндай оқиғаларға әсер ететін бірден-бір фактор - әйелдердің денсаулығының нашар болуы және олардың жүктілік кезінде ауырып қалуға бейімділігі.

Гинеколог маман Лаура Парпиеваның айтуынша, бірінші кезекте жүктіліктің 12-аптасына дейін есепке тұру керек. 

«Міндетті түрде есепке тұру керек. Содан кейін прегравидарлық дайындыққа кірісу қажет. Ол дегеніміз - жүктіліктің ең бастапқы және маңызды кезеңі. Яғни, осы кезде болашақ ананың денсаулығы тексеріледі. Әйел толықтай жан-жақты сараптамалар өткізіп, мұқият тексерістен өтеді. Себебі бастапқы кезеңде әйелдің ағзасында баланың даму процестері басталып кетіп, анасының организміндегі қандай да бір инфекциялар немесе созылмалы аурулары балаға қатты әсерін береді», - дейді маман.

Сондай-ақ, дәрігер әйелдердің көбі жүктілік кезеңі бастала сала көбіне йогаға баруды жөн санайтынын айтады. Алайда, оның айтуынша, бұл кезеңде, керісінше, жүкті әйелдерге арналған арнайы курстар мен жүзуге бару қажет. Йогаға барудың керегі жоқ. Жүзуге барып жүрген әйел басқаларына қарағанда жүктілікті жеңіл өткереді екен.

Сондықтан маман барынша көбірек қозғалуға кеңес береді. 

«Күнделікті бірнеше рет физикалық жаттығулар жасап тұрған жөн. Таңғы уақытта жеңіл жаттығулар жасап, біраз жүгіруге болады. Оның барлығы жамбас бұлшықеттерін нығайтуға септігін тигізеді. Жүктілік пен босану кезінде ағзаға түсетін салмақтың нәтижесінде жамбас түбінің бұлшықеттері әлсіреп, зәрдің еріксіз шығуына себеп болуы мүмкін. Осы қарапайым жаттығулар бұлшықетті нығайтуға көмектеседі. Ең бастысы - көбірек қозғалу және жақсы көңіл-күй. Бұдан бөлек, темекі мен спирттік ішімдіктерден біржола бас тарту», - дейді Парпиева.

Соңғы кездері медицинада босану кезінде эпидуралдық анестезияны қолдану әдетке айналған. Бірақ маман жүкті әйелдерге ондай анестезияны қолданбауға кеңес береді. Дәрігердің айтуынша, ол әдістен кейін әйелдер ауа райы өзгере қалса, белі ауыратынына шағымданып жатады. Эпидуралдық анестезия омыртқа мен белге жіңішке тұтқа енгізу арқылы жүргізіледі. Бұл босану мерзімінде анестезиолог жасайтын ең ауыр әдіс. Ол толғақ кезіндегі ауырсынуларды басады. Оның әсері шамамен 30 минуттан кейін пайда болады екен.

Дәрігер әйелдердің жүктілік кезінде назар аударуы қажет деген қауіпті 10 белгіні атады. Оның  айтуынша, осы симптомдар қайталаған жағдайда міндетті түрде дәрігерге қаралу керек:

 - Күніне кем дегенде 5 рет немесе одан көп лоқсу;

- Жыныс мүшелерінен қан кету;

- Бастың, іш пен белдің жиі ауыруы;

- Көз астының күлдіреуі;

- Ісіну;

- Нәрестенің қозғалмауы;

 - Қағанақ суының ағуы;

 - Күретамыр қысымының қатты көтерілуі;

- Дене қызуының көтерілуі;

- Кез келген қозғалыс кезінде дененің ауыруы.

Сонымен қатар, маман босанатын әйелдерде жатыр мойны аурулары болуы қауіпті екенін айтып өтті. Ал ең бастысы, дәрігердің айтуынша, жүктілік кезінде қорқыныштарға бой алдырмау керек.

 

 

tengrinews.kz

Біз сіздермен «Otbasym.kz» порталындағы басты жаңалықтармен бөлісіп отырамыз