Ұлы іс отбасынан басталады
Біздің отандастарымыз кеңес дәуірінде дипломатиялық қызметте өздерін жақсы жағынан көрсете білді. Сыртқы саясат ведомствосының тарихында Балжан Бөлтірікова, Қазақ КСР Сыртқы істер министрі (1966-1971 жылдар) тұңғыш әйел азаматы ғана емес, сондай-ақ БҰҰ трибунасына көтерілген алғашқы қазақ қызы болып, өшпес із қалдырды. Ол дүниежүзілік ұйымның Бас Ассамблеясының XXI және XXV сессияларында кеңес делегациясының құрамына қатысты. Біздің әріптесіміз, дипломатия ардагері Төлеутай Сүлейменовтың естелігіне сүйенсек, кеңес дипломатиясындағы Б. Бөлтірікованың рөлін АҚШ-тың бұрынғы Мемлекеттік хатшысы Генри Киссинджер атап өткен. Америкалық саясаткер айтқандай, «ер адамдарды айла-тәсілмен айналып өтуге болғанмен, дипломат әйелдерді қулықпен арбау мүмкін емес еді».
Тәуелсіздік алған кезеңде Қазақстанның сыртқы саясат ведомствосын Акмарал Арыстанбекова басқарды. Мемлекет басшысының серіктесі А. Арыстанбекова көп жағдайда қазақстандық дипломатияның айтулы тұлғасы және мақтанышы болып табылады. Тұңғыш әйел-елші және Қазақстанның БҰҰ жанындағы Тұрақты өкілі еліміздің тәуелсіздігіне халықаралық мойындауды қамтамасыз ету, Халықаралық ұйымдарға мүше болу, әлем елдерімен дипломатиялық қатынастар орнату бойынша үлкен жұмыс атқарды. Кейін ол Қазақстанның Франциядағы елшісі, ЮНЕСКО жанындағы Тұрақты өкілі, сондай-ақ СІМ Ерекше тапсырмалар жөніндегі елшісі қызметін атқарды. Сонау жылдарды еске алған Ақмарал Хайдарқызының айтуы бойынша, «өз тәуелсіз еліңнің, жаңа тәуелсіз мемлекеттің, өз халқыңның атынан әлемнің ең биік мінберіне шығу ең жоғары бақыт сәттер болды. Бұл ел үшін ең үлкен мақтаныш болды».
Әйел дипломаттар олардың әріптестеріне-ер адамдарға лайықты бәсекелестікті құрайды. «Бір жағынан, бұл нәзік жандардың бірқатар артықшылықтарының болуымен байланысты»,-дейді Қазақстанның мүдделерін ілгерілету үшін үлкен үлес қосып, Израиль, Италия, Кубада Елші және БҰҰ жанындағы тұрақты өкіл болған Бірғаным Әйтімова. Бірғаным Сарықызының дипломат әйелдерге кедергілер мен түсініспеушілікті жеңу және ортақ тілді тез табу оңайлау деген ойымен келіспеуге болмайды. Бүгінде сенатор және СІМ жанындағы Қоғамдық кеңестің мүшесі ретінде Б. Әйтімова парламентаралық байланыстарды нығайту және еліміздің халықаралық мүдделерін ілгерілету бойынша белсенді қызмет атқаруда.
«Көп нәрсеге қол жеткізе алған әйел» атты дүниежүзілік естелік белгісінің иегері Мәдина Жарбосынова Қазақстанның халықаралық ұйымдары мен дипломатиялық қызметі ортасында айтарлықтай беделге ие. Оның қызметі мен өмір жолы қазіргі заманғы қазақстандық әйелдің үлкен мүмкіндіктерінің айқын көрсеткіші болып табылады. М.Жарбосынова СІМ басшысының орынбасары болған тұңғыш әйел азаматы, БҰҰ жанындағы Қазақстанның Тұрақты өкілі, ерекше тапсырмалар жөніндегі елшісі, Украинадағы ЕҚЫҰ жобаларының үйлестірушісі, ЕҚЫҰ-ның адам саудасына қарсы күрес жөніндегі арнайы өкілі мен үйлестірушісі.
Еліміздің Дүниежүзілік сауда ұйымына кіруі үшін жетекші рөл атқарғандардың бірі – Қазақстанның қазіргі саяси элитасының басқа жарқын өкілі Жанар Айтжанова. БҰҰ Даму бағдарламасы жүйесінде жауапты лауазымдарда жұмыс істеген соң, ол ДСҰ-ға кіру жөніндегі келіссөздерде ҚР-ның арнайы өкілі болды, Экономикалық даму және сауда министрі, Экономикалық интеграция істері министрі қызметтерін атқарды.
Бүгінгі таңда Ж.Айтжанова Қазақстан Республикасының Швейцария Конфедерациясындағы Төтенше және Өкілетті Елшісі, Женевадағы БҰҰ бөлімшесі мен басқа да халықаралық ұйымдар жанындағы тұрақты өкіліл ауазымын атқарады. Сонымен қатар, еліміздің Лихтенштейндегі және Ватикандағы елшісі қызметін қоса атқарушы болып табылады.
Халықаралық ұйымдарда жұмыс істейтін отандастарымыздың қатарында БҰҰ жүйесінде өзін жақсы таныта білген Жұлдыз Ақышеваны атап өту қажет. Соңғы екі онжылдықта ол БҰҰ-ның Есірткі және қылмыс жөніндегі басқармасы (ЮНОДК) Венада, Ташкентте, Ханойда жауапты лауазымдарда қызмет атқарды. Қазіргі уақытта ол Оңтүстік Африкадағы БҰҰ-ның Есірткі және қылмыс жөніндегі басқармасына жетекшілік етеді.
2007-2016 жылдары Қазақстан Республикасының Нидерланд және Норвегиядағы Төтенше және Өкілетті Елші қызметін қоса атқарушы лауазымында Майнура Мұрзамадиева қызмет етті. Оның белсенді қатысуымен Елбасы Н.Назарбаевтың Гаагаға ресми сапарлары, сондай-ақ Нидерланд Премьер-Министрі Марк Рюттенің Астанаға сапары ұйымдастырылды. Нидерланд Қазақстанның ірі инвестициялық және сауда-экономикалық әріптестерінің бірі болып табылады. Бүгінгі күні М.Мұрзамадиева Мәдениет және спорт министрлігінің Туризм индустриясы комитетін басқарады.
Тәжірибелі дипломат Раушан Есболатова 2017 жылғы маусымынан бастап Қазақстан Республикасының Таиланд Корольдігіндегі Төтенше және Өкілетті Елшісі қызметін атқарады. Сонымен қатар, ол еліміздің Біріккен Ұлттар Ұйымының Азия және Тынық мұхиты өңіріне арналған экономикалық және әлеуметтік комиссиясы жанындағы Тұрақты өкілі болып табылады (ЭСКАТО). Раушан Есболатова бірнеше жыл бойы Нью-Йорктегі Қазақстан Республикасының Бас консулдығын басқарды.
2018 жылғы 12 тамызда Ақтауда 20 жылға созылған күрделі келіссөздерден кейін бес Каспий жағалауы мемлекеттерінің басшылары Каспий теңізінің құқықтық мәртебесі туралы конвенцияға қол қойды.
Осы құжатқа қол жеткізудегі үлкен жетістік Каспий теңізі бойынша келіссөздерде Қазақстан делегациясының жетекшісі, Сыртқы істер министрлігінің Ерекші тапсырмалар бойынша Елшісі Зульфия Аманжоловаға тиесілі. Каспий мәселесімен қатар, көп жылдар бойы мемлекеттік шекараны делимитациялау және демаркациялау мәселелері бойынша жұмыс істеді және СІМ-нің халықаралық-құқықтық бөлімін басқарды.
Қазақстанның сыртқы саясатының негізгі бағыттарының бірі-Еуропалық Одақпен ынтымақтастық бүгінде тәжірибелі дипломат айтулы тіл маманы Айгүл Құспанға сеніп тапсырылған. Ол Қазақстанның Бельгиядағы Елшісі, сондай-ақ Еуропалық Одақ пен НАТО жанындағы өкілдіктерінің басшысы және Люксембургтегі Елші қызметін қоса атқарушы болып табылады. Бірнеше жыл бойы А.Құспан сыртқы саяси ведомствода Еуропа департаментінің директоры қызметін атқарды. Оның күш-жігері мен мұқият пысықтығының арқасында соңғы жылдары Мемлекет басшысының Франция, Германия, Ұлыбритания, Италия, Нидерланды және басқа да еуропалық мемлекеттер басшыларымен бірқатар маңызды кездесулері өтті.
Бүгін Қазақстан жай ғана мойындалған емес, біздің еліміз әлемдік қауымдастықта құрметке ие. Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың БҰҰ мінберінен және басқа да халықаралық форумдардан ұсынылған бастамалары әлемдік қолдауға кеңінен ие болды және дәйекті түрде жүзеге асырылуда. Қазақстан ЕҚЫҰ-ға, ИЫҰ-ға, АӨСШК-ға және басқа да көптеген ұйымдарға төрағалық етті, сондай-ақ БҰҰ Қауіпсіздік кеңесінде екі жыл мүше болды. Осының барлығы дипломатиядағы әйел азаматтардың қомақты үлесінің арқасында мүмкін болды.
Қазақстанның сыртқы саяси ведомствосы жүйесінде әйелдер барған сайын үлкен рөл атқаруда. СІМ орталық аппаратында 24 әйел басшылық қызмет атқарады. Орталықта және шетелде әйелдер мемлекеттік мүдделерді қорғау бойынша миссияны жан-жақты орындауда. Біздің халқымыз оларды мақтан тұта алады-деді министр.
8 наурыз мерекесі қарсаңында Қазақстанның барлық әйелдеріне өздерінің таңдаған кәсіби қызметінде үлкен биіктерге жетуді, бақыт және игілік пен гүлдену тілеймін!
Біз сіздермен «Otbasym.kz» порталындағы басты жаңалықтармен бөлісіп отырамыз