KZ RU

ЖАҢА НӨМІР

ОҚУ

×
×
Выделенный текст:
×

Ұлы іс отбасынан басталады

Асыл жар – ердің сәулеті

Ертеректе қазақ ұлына «Әйел алма, адал жар ал» деп нақылдаған екен. Сонда «әйел», «жар» екеуі де бір ұғым емес пе, айырмашылығы неде деп ойланасың. Ал негізінде «әйел» деген бүкіл ұрғашы дегенді ,ал «жар» деген өмірлік жолдас бола білетін, адал әйелді білдіреді екен
Мәдениет
2019-08-27

Әрине, жар таңдау, өмір жолында кездесетін қиын қиылыстардан бірге өтетін адалын әрі төзімдісін табу –әркімнің арманы екені сөзсіз. Қазір сол арманға жетудің көзін таба алмай, бір арнадан екінші басқасына ауысып, өмір жолын шатастырып, мына әлемге не үшін еркек болып жаратылғанын ұмытатындар  қаншама... Өйткені, әдемілікті жаны сүйетін еркек заты, алдында хас сұлуды көргенде  өмірімнің мәні осы деп  астарына үңілмейді. Сосын «Әйелдің айлакері ерді алдайды» дегендей, не елге, не өзіне пайдасы тимей, болашақ ұрпағының сенімсіз, намыссыз, арсыз болып өсуіне дән егеді. Неге болашақ ұрпақ әлсіз болады? Өйткені «Еркек- үйдің егесі, әйел-үйдің шегесі». Алған әйелің көркіне ақылы сай болмаса, еркекті жат қылады да, ол отбасының босағасы әлсіз болып, сол жерде туылған ұрпақтың да өмірлік ұстанымы тұманды болары анық. Міне, қазіргі көпшілік жастың басына қаншама білім, ілім құйсақ та көптің бірі болып, «ер» мінезді болмауы, «Елім» дейтін көкірегінде намысының жоқтығы, осыдан. Бұл –ұрпақтың майдалануы. Даналардың «Ер- анадан» дегені рас-ау сірә?!

Қазір екі жастың қарым-қатынасын екі жақтың тең болмауы деп қарап, әйелдер үйде отырып, бала тәрбиесімен айналысу, ерінің қызметін жасауды зорлық-зомбылық деп түсініп, жеке өмірін қалыпқа келтіріп, ерімен таласып, карьераның соңында жүр. Сосын үйдің тірлігі бітпесе, «мен сенімен бірдей жұмыс жасаудамын, маған не дейсіің ?» деп ердің аузын жабады. Ал еркек қайдан жаңылысқанын білмей мазасыз күй кешеді. Мұндай еркекке елдің қамын ойла деудің өзі қиын шығар. Мәселенің түбі әйел баласының не үшін тұрмысқа шыққанын ұмытуында. Үйді сақтайтын әйел, түзді сақтайтын еркегімен жарысып жүрсе, үйдің ажарын кім ойламақ?!

«Ер – Ел үшін туады» дегендей, ер егер де Елі үшін қызмет етіп, тер төкпесе, ішкі күш қуатын толық көрсете алмайды екен. Ұлылардың айтқанына сүйенсек, ер адамға  жақсы жар таңдаумен қатар,  жүктелген міндеттердің бірі  – Жаны мен Тәніне қиянат жасамау. Ал «жанның азығы – ұждан, ынсап, әділдік» деп көрсетілген. Яғни, ынсапты ер тірлігіне әділ және ұжданы мықты болса,  жар таңдауда да адаспасы кәміл. Ал «жақсы жар жаман еркекті төрге сүйрейді» деген мақалға жүгінсек, еркек адамның ер болып, еліне адал қызмет етуінде әйел адамның рөлі биік. Сондықтан да қазіргі жас қыздарымыз карьераның ең биігі – ерінің қызметін жасап, адал жар бола білуінде екенін түсінсе екен.

Отбасының берекесін ойлап, адал жар, аяулы ана болса, одан тәрбие алған ұлдың ер мінезді, адал болары сөзсіз. Яғни, болашақта ұлыңыз ел алдында қалаулы болып, абыройға жетсе, ананың ең биік жеткен шыңы сол емес пе?!

Әйелдер қауымы, сіздің өміріңіз үшін жауапты ер азаматтарыңыздың рухын биік ұстасаңыз екен!..    

 

Азиза Ахметова

Біз сіздермен «Otbasym.kz» порталындағы басты жаңалықтармен бөлісіп отырамыз