KZ RU

ЖАҢА НӨМІР

ОҚУ

×
×
Выделенный текст:
×

Ұлы іс отбасынан басталады

Көрісу - көргенділіктің белгісі

«Дәстүрдің озығы бар, тозығы бар» - дейді дана халқымыз. Біз бүгін тозығы жеткен емес, озығы асып тұрған, салмағымен біраз жоралғыны басып тұрған «Көрісу» салты туралы білгенімізбен бөлісеміз. Көпшілікке соңғы жылдары «Амал мейрамы» деген атпен таныс бола бастаған, бірақ әлі де таңсық көрінетін ерекше күн жыл сайын 14 наурызда тойланады. Бұл мереке өзінің бастауын еліміздің Батыс аймақтарынан алған. Олай болса, сол аймақтарда туып өскен елімізге белгілі, қоғамда белсенді азаматтардың ойын ұсынамыз.
Жаңалықтар
2019-03-14
Талант Арғынғали - ақын, журналист, Батыс Қазақстан облысының тумасы:

«Көрісу айты», «Көрісу күні», «Айттық мерекесі» деп Қазақстанның Батыс өңірлері  ерекше тойлайды. Бұрын алыс ауылдарда тұрған ағайындар қыстың қатал қаhарынан аман есен шыққаннаy кейін ағайындар бір біріне барып, аман саулығын  білген. Жыл басталды, жаңа жыл келді, амандасайық, көрісейік деген ниеттен басталған мереке  біздің бала кезімізден ауылдан кеткенге дейін 14 наурызда  аталып, әлі де «көрісу айты» ретінде тойланады. «Көрісу» тек батыс жақта ғана емес, бүкіл Қазақстан бойынша тойланса, құбақұп дер едім.

Ғазиза Бахтияқызы - журналист, радиожүргізуші, Маңғыстау облысының тумасы:

Маңғыстауда  әз Наурыз 14-наурызда Амал мерекесімен басталады. Бұл Көрісу салты. Біз бұл күнді асыға күтеміз. Себебі жасы  кішілер үлкендердің үйіне барып, қол алысып, құшақтасып, «жыл құтты болсын», «бір жасыңмен» деп көрісіп жатамыз. Әр үйдің қазанында қыс бойы сақталған ет, қазы-қарта асылып, үлкен той болады. «Амал» мерекесі бұл бүкіл қазақ халқының төл мерекесі дер едім. Бірақ еліміздің батыс аймақтарында жақсы сақталған. Енді басқа өңірлерде де осы  дәстүр жаңғырып жатса, бұл да бір рухани жаңғыру болар еді деп ойлаймын.

Оңаш Мажитова - ақын, блогер,  Атырау облысының тумасы:

Еліміздің Батыс аймақтарында жақсы сақталған  «Көрісу» салты «Амал»  мейрамында жасалады. Бұл күні үйдің үлкендеріне жан жақтан жастар келіп, сәлем береді. Әсіресе жастар үшін бұл мерекенің тәрбиелік маңызы зор. Үлкенді сыйлау, қарияларға құрмет көрсету, ағайындардың татулығын нығайту осы «Көрісу» салтында ерекше көрініс тапқан. Бірін бірі ренжіткен жандар кешірім сұрасып, татуласып жатады. Көптен бері кездеспеген адамдар қауышып көзайым болып жатады. Осындай ізгілікке толы мереке елімізде кеңінен тойлану керек деп есептеймін.

 

14 наурыз бұл ресми бекітілген саяси маңызды күн емес,бірақ әлеумет үшін ерек мейрам.  «Амал» мерекесінен кейін  Әз Наурыз өзінің күшіне ене бастайды. Кейінгі жылдары Наурызды  тойлау дәл осы «Көрісу» салтының салтанатымен басталып жүр. Бір жерлерде «көрісу» деген қазаға қатысты қаралы ұғым саналатын болғасын, еліміздің көп өңірлерін мекен еткен жұртқа ерсі естілуі мүмкін. Әрине диалектикаға келгенде даулы мәселелер көп. Ол біздің жеріміздің аумақтық ерекшелігінен туындаған мәселелер екенін этнограф ғалымдарымыз айтып жүргені қай заман. Бірақ мәселе атында емес, затында деп түсінетін халқымыз «Көрісу» деген сөзге біртіндеп үйрене бастаған сияқты. Оған дәлел «Амал» мерекесін ақ дастарханымен  қарсы алып, «Көрісу» салтын жасап жатқан Астананың қырық рудан құралған жұртшылығы. Батыстан ауған «Хеллуин», «Әулие Валентин күні» сияқты ұлтымызға жат мейрамдардан  өз еліміздің Батыс аймағынан бастау алған  мереке біздің ділімізге әлде қайда жақын екені сөзсіз. Себебі, дәл осындай  күнде біз бір бірімізге мейірім, ізетімізді, кісілігіміз бен кішілігімізді, мәрттігімізді білдіріп жатамыз. Ендеше, «Амал» мерекесі  құтты болсын!

 

 

Сымбат Талғатқызы

 

 

Біз сіздермен «Otbasym.kz» порталындағы басты жаңалықтармен бөлісіп отырамыз