Ұлы іс отбасынан басталады
«Цифрландыру», «электрондық үкімет», «электрондық коммерция», және т.б. сөз тіркестерінің сөздік қорымызға енгеніне көп уақыт бола қоймаса да, қалтамыздағы смартфон арқылы электрондық қызметтерді алу, онлайн төлем жүргізу – қазақстандықтардың үйреншікті тірлігіне айналды. Бұған бірден бір себеп – елімізде «Цифрлық Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасының қабылдануы. Цифрлық технологияларды қолдану есебінен ел тұрғындарының тұрмыс деңгейін арттыруды көздейтін бағдарламаның бір бағыты – адами капиталды дамыту. Күн тәртібінен ешқашан түспейтін адами капиталды дамытуға қоғам өмірінің барлық салаларында гендерлік теңдік қағидаттарын іске асыру мақсатында қабылданған «Қазақстан Республикасындағы 2030 жылға дейінгі отбасылық және гендерлік саясат тұжырымдамасында мән берілген болатын. Сонымен, аталған бағытта қандай жұмыстар атқарылып жатқаны туралы ҚР Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі вице-министрі Абылайхан Оспанов мырзамен сұхбаттасқан едік.
- Абылайхан Есенұлы, мемлекет басшылығы тарапынан цифрландыруға аса мән беріліп, ел экономикасының барлық саласы цифрлануда. Бұл орайда, осы цифрландырумен, инновациялық технологияларды жасаумен айналысатын білікті мамандар елімізде жеткілікті ме?- деген заңды сұрақ туындайды.
- Адами капиталдың сапасын арттыру – мемлекет дамуын қамтамасыз етудің негізгі алғышарты екенін білесіз, сондықтан қай салада болсын білікті маманға сұраныс әрқашан болады. Ал, ІТ маманына, әсіресе бағдарламашыларға тек Қазақстанда емес, бүкіл әлемде сұраныс жоғары. Шетелдік зерттеу компаниялары қазіргі таңда технология саласында 4 миллиондай маман тапшы деген дерек келтіреді. Әлемдік трендтерді ескерсек, алдағы уақытта білікті бағдарламашыларға деген сұраныс артпаса, кеми қоймас. Өйткені, кез-келген трансформация адаммен байланысты. Цифрлық технологияларды пайдалану мен дамыту арқылы мемлекет экономикасының бәсекелестігін және халық өмірінің сапасын арттыруды көздейтін «Цифрлық Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасы 5 бағыт бойынша іске асырылуда. Соның төртінші бағыты-адами капиталды дамыту.
Бұл орайда, Үкімет кадрлық қажеттілікті болжау негізінде сұранысқа ие сервистік және индустриялық 100 кәсіптің тізбесін әзірлегенін, оның ішінде IT-мамандар, 3D модельдеу, өндірісті автоматтандыру кезеңінде талап етілетін «ақылды» қала құрылысы мамандықтарының бар екенін айтып өткім келеді.
Сондай-ақ, ақпараттық-коммуникациялық технологиялар саласында маман даярлауға бөлінетін мемлекеттік гранттардың саны да артуда.
Бұдан өзге, ақпараттық-коммуникациялық технологиялар пәні бастауыш сыныптан бастап енгізіліп, көптеген ұл-қыздарымыз бағдарламалаудың жалпы негіздерін үйрететін робототехника үйірмелеріне қатысуда. Жоғары сынып оқушыларына арналған информатика пәнінің мазмұны жаңартылуда. Бұл маман тапшылығын болдырмау үшін атқарылып жатқан шаралардың бірі ғана.
- Абылайхан Есенұлы, елімізді цифрландыруға жауапты министрліктің цифрландыру саласына жетекшілік ететін басшысы ретінде еліміздің ЖОО-да ІТ саласы бойынша берілетін білім заман талабына сай деп айта аласыз ба?
- Әрине, жоғары оқу орындарына инфокоммуникациялық технологиялар саласы мамандарын нарық талабына сай етіп даярлау оңай емес. Себебі, біз ақпараттық технологиялар қарыштап дамып жатқан заманда өмір сүрудеміз. Бүгін шыққан технология ертең-ақ ескіріп қалады. Бұл әлемде болып жатқан үрдіс. Мысалы, жоғары оқу орны бекіткен бағдарлама бойынша 4 жыл білім алған студент университетті бітіріп шыққан кезде, оның алған білімі жарамсыз болып қалуы әбден мүмкін. Сондықтан, бірінші кезекте, мамандарды жаңашылдыққа тез бейімделуге үйрету маңызды деп ойлаймын.
Осы орайда, еңбек жөніндегі уәкілетті органмен бірлесіп, ақпараттық-коммуникация саласы бойынша Салалық біліктілік шеңберлерін әзірлеп бекіткенімізді айтып өту қажет. Соның негізінде 49 кәсіби стандарт әзірленіп бекітілді. Аталған стандарттар жоғары оқу орындарында жүзеге асырылып, білікті ІТ мамандарын даярлауға септігін тигізеді деп ойлаймын.
Осы жылы ақпараттық-коммуникациялық технологиялар саласына қажетті жаңа мамандықтардың атласын әзірлеу бойынша зерттеу жұмыстарын жүргізу жоспарланған. Еңбек жөніндегі уәкілетті органмен бірлесе жүргізілетін зерттеу бізге ақпараттық технологиялар саласына қандай мамандықтар қажет, сұранысқа ие емес мамандықтар қайсы, қандай алдағы 10 жылда қандай жаңа мамандықтар пайда болады деген сұрақтарға жауап береді. Зерттеу жұмыстары аяқталған соң, нәтижесін міндетті түрде жариялайтын боламыз.
Қазірдің өзінде жоғары оқу орындары заманауи және инновациялық трендтерді ескере отырып, білім беру бағдарламаларын жаңартып, IT-өнімдерді басқару, Интернет заттар әзірлемесі, деректерді визуализациялау, робототехника және IT жүйелері пәндерін енгізуде. Бұдан өзге, жоғары оқу орындары кәсіпорындармен келіссөздер жүргізіп, өздерінің АКТ кафедраларының филиалдарын ашуды көздеп отыр.
Әрине, елімізде заман талабына сай келетін жаңа оқу орнының ашылғанын да айтып өту керек. Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы Н.Ә. Назарбаевтың тапсырмасына сәйкес 2019 жылдың 9 қыркүйегінде Нұр-Сұлтан қаласында инновациялық «Astana IT University» өз жұмысын бастады. «Astana IT University» нарыққа қажетті Big Data, жасанды интеллект, кибер қауіпсіздік, IТ-менеджер және т.б. мамандарды даярлайды. Сондай-ақ, оның ерекшелігі бәсекеге қабілетті мамандарды даярлау және қайта даярлау үшін білім беру мен индустрия арасындағы өзара іс-қимылды күшейте отырып, ағылшын тілінде жедел түрде оқытады.
Сондай-ақ, 2019 жылы «Astana Hub» базасында alem бағдарламалау мектебі ашылғанын айтып өткім келеді. alem мектебі оқытудың инновациялық әдісі бойынша студенттерді жасанды интеллект басқаратын қоғамда жұмыс істеуге даярлайды. Стандартты техникалық дағдылардан бөлек студенттер сыни ойлау, жауапкершілік алу, шешім қабылдау және топпен жұмыс істеу дағдыларын дамытады. Студенттердің тәуліктің кез-келген уақытында, демалыс және мереке күндері де білімдерін жетілдіруіне мүмкіндіктері бар.
Бұл жерде айтып өтетін жайт, аталған мектепте білім тегін беріледі және 18-35 жас аралығындағы барлық тілек білдіруші қабылданады. Бүгінгі күні мектепте бағдарламалау дағдыларынсыз бәсекеге қабілетті бола алмайтынын түсінген жастар білім алуда. Сондай-ақ, қыз балалардың аталған салаға қызығушылығы арта түскені мені қуантады. Мысалы, alem мектебі студенттерінің шамамен 20% - ы қыздар. Мектеп алдағы бес жылда 1000-нан астам кәсіби маманды даярлауды жоспарлап отыр.
- Абылайхан Есенұлы, осы жоғары оқу орындарын тәмамдап, инновациялық жобаларын жүзеге асырғысы келетін жастарға қандай қолдау көрсетілуде.
- Өзіңіз білесіз, технологиялық инновацияларды дамытпай, төртінші өнеркәсіптік революцияға қадам басу мүмкін емес. Ал, өндірістің дамуына ықпал ететін технологиялық бастамаларды кімдерден күтеміз, әрине, бірінші кезекте, жастардан күтеміз, соларға үміт артамыз. «Astana Hub» IT стартаптардың халықаралық технопаркін стартапшыларға мемлекет тарапынан көрсетіліп жатқан қолдаулардың жарқын бір көрінісі деуге болады. Бұдан өзге аймақтарда технологиялық парктер мен инновациялық орталықтар, зертханалар да жұмыс істейді.
Astana Hub туралы айтатын болсам,технопаркте IT-стартаптарды дамытудың тегін бағдарламалары: стартап мектебі, инкубация және акселерация бағдарламалары жұмыс істейді. Бүгінгі күні 300-ден астам стартап - жоба Astana Hub-тың барлық бағдарламалары бойынша оқыту және қайта даярлау, дамыту кезеңдерінен өтті, әрине тегін. Оларға арнайы кеңесшілер тағайындалады. Кеңесшілер жобаларды дамытуға, қателіктерді түзетіп, жобаның жаңа кезеңге өтуіне көмектеседі. Бүгінгі күні технопарк толық қуатында жұмыс істейді. 2019 жылы IT-нарық өкілдері 18,8 млрд. теңге инвестиция тартты, оның ішінде, стартаптар мен Технопарк қатысушыларының үлесі - 6,6 млрд теңге.
- Абылайхан Есенұлы, білікті маман даярлау, жас ұрпаққа ақпараттық технологияларды тиімді қолданудың базалық білімін бастауыш сыныптан бастап үйрету мәселелері көтеріліп, қолға алынғаны туралы айттық. Бұл жерде аға буын өкілдеріне, «Цифрлық Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасында 2022 жылға қарай халықтың цифрлық сауаттылық деңгейін 83%-ға жеткізу көзделген. Осы орайда, қандай іс-шаралар атқарылуда?
- Ең алдымен, "цифрлық сауаттылық" дегеніміз не? Қарапайым тілмен айтқанда, бұл – адамның күнделікті өмірде ақпараттық технологияларды қолдана білуі. Мысалы, мемлекеттік қызметтерді онлайн алуы, онлайн төлем жасау және т.б. Бұл тұрғыда Министрлік жергілікті атқарушы органдармен бірлесіп, цифрлық сауаттылықты арттыру курстарын өткізуде. Ол бес бағыт бойынша әзірленген арнайы оқу-әдістемелік бағдарламаға сәйкес оқытылуда. Атап айтсам, дербес компьютер мен мобильді құрылғыларды қолданудан бастап, интернет желісін пайдалану арқылы электрондық қызметтерді онлайн алу, электрондық үкімет порталымен жұмыс істеу, тауарлар мен қызметтерді онлайн сатып алу, түрлі ақпараттық шабуылдардан қорғанудың қарапайым жолдары мен тәсілдерін үйрену.
Бүгінгі күні өңірлерде сауаттылық курстарын жүргізетін 2000-нан астам тренерді даярладық. Өткен жылы 532 000 адам цифрлық сауаттылығын арттырды, оның ішінде, атап айтқанда көп балалы аналар, мүмкіндігі шектеулі бала күтімімен үйде отырған аналар, барлығы 78,3 мың адам оқытылды. Әсіресе, соңғылар үшін цифрлық сауаттылықты арттыру өте қажет деп есептеймін. Себебі, автоматтандырылған мемлекеттік қызметтердің қатары жыл сайын артып келеді. Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, биыл автоматтандырылған мемлекеттік қызметтердің көрсеткіші 90%-ды құрамақ. 2019 жылы Қазақстанда мемлекеттік қызметтерді көрсету тәртібіне өзгертулер енгізіліп, ол заңды түрде бекітілген болатын. Жаңа заңға сәйкес бірқатар мемлекеттік қызметтер жаңаша көрсетіле бастады. Яғни, бірнеше ілеспе қызметтер кешенді түрде ұсынылады және ол үшін азаматқа тек бір рет өтініш беру жеткілікті. Мысалы, мүмкіндігі шектеулі балалардың ата-аналары оларды дәрігерлік тексеруден өткізу, оқыту және оңалту бойынша 6 түрлі қызмет түрін алады. Бұрын осы қызметтерді алу үшін 6 бума құжат жинайтын болса, ендігі жерде оларға бір рет өтініш беру арқылы бірнеше қызметті алу мүмкіндігі ұсынылады. Сондай-ақ, композитті тәсіл арқылы көрсетілетін қызметтердің да саны артуда. Әрине, бұлардың барлығы азаматтардың мемлекеттік қызметтерді ашық әрі жеңіл алуы мақсатында іске асырылуда. Бұл жерде аталған оқу курстарының тұрақты және тегін өткізілетінін айтып өткен жөн.
Халықтың цифрлық сауаттылығын арттыру шаралары өз жалғасын тауып қана қоймай, одан әрі күшейтілетін болады. Қазіргі күні халықтың цифрлық сауаттылық деңгейінің көрсеткіші 79,6%.
- Расымен де, қазір цифрландыру ел экономикасының барлық саласында жүргізілуде. Онлайн алуға болатын электрондық қызметтердің де саны артып келеді. Ал, осы қызметті ұсынушы мемлекеттік органдардың қызметкерлері, жалпы кәсіби мамандардың цифрлық сауаттылығын арттыру мәселесі, әсіресе әйел азаматтардың үлес саны көп салаларда қалай шешілуде?
- Аталған бағытта құзырлы мемлекеттік органдармен бірлесіп тиісті жұмыстар атқарылуда. Мысалы, адамдар күнделікті тұрмыста денсаулық, білім беру, еңбек, ауыл шаруашылығы салалары мамандарымен жиі кездеседі. Сондықтан, кәсіби мамандардың да цифрлық сауаттылығын арттыру өте маңызды.
2019 жылы кәсіптік кадрларды цифрлық сауаттылықтың базалық құзыреттеріне және бейінді ақпараттық жүйелерді пайдалануға үйрету аясында 669 мың кәсіби маман оқытылды. Олар денсаулық сақтау, білім беру, еңбек және халықты әлеуметтік қорғау салалары бойынша түрлі ақпараттық жүйелерді пайдалануды тегін үйренді. Аталған салаларда еңбек етушілердің басым көпшілігі әйел азаматтар екені белгілі.
Бұған қоса Министрлік Қазақстан Республикасының Президенті жанындағы Мемлекеттік басқару Академиясы базасында мемлекеттік қызметшілерді оқыту үшін «Мемлекеттік қызметшінің цифрлық дағдылары» оқу бағдарламасын әзірледі. Академия 2020 жылы аталған оқу бағдарламасы бойынша Қазақстанның барлық өңірлерінде мемлекеттік қызметшілерді оқытады.
- Әңгімемізді одан әрі жалғастырсақ, еліміз гендерлік теңдік стратегиясын ұстанып, әйелдер мен ерлердің құқықтары мен мүмкіндіктеріне тең қарайды. Осы ІТ саласына нәзік жандылар қаншалықты қызығушылық танытуда?
- IТ саласы, бірінші кезекте мамандардан біліміділік пен біліктілікті, креативтілікті, зерделікті талап ететін сала. Ең бастысы, өз кәсібіңді жақсы көрсең болғаны. Қазіргі күні «Astana Hub» IT стартаптардың халықаралық технопаркінде акселерациядан өткен стартапшылардың қатарында білім беру, денсаулық сақтау, туризм салаларында өз жобаларын ұсынушылардың көбі әйел азаматтар. Мысалы, мұғалімдердің біліктілігін арттыру және жұмысқа орналасу үшін көмек құралы «EduTech» онлайн платформасының, стоматологтарға көмекші құрал «MacDent» стоматологиялық бағдарламасының, сондай-ақ, аз уақыттың ішінде кәсіби бала күтушісін табуға мүмкіндік беретін «Sitters.kz» стартап-жобаларының авторлары нәзік жандылар екенін айтып өту керек. Мұндай табысты стартап-жобалар аз емес. Сондықтан, ЕАЭО елдерінің үкімет басшыларының қатысуымен өтетін «Digital Almaty» халықаралық форумында алғаш рет «ІТ саласындағы әйел» аталымы бойынша премияны тағайындадық.
Біз сіздермен «Otbasym.kz» порталындағы басты жаңалықтармен бөлісіп отырамыз