Ұлы іс отбасынан басталады
Толық емес отбасы дегеніміз не? Толық емес отбасы – бір немесе бірнеше кәмелетке толмаған балалары бар бір ғана ата-анадан тұратын жақын туысқандар тобы.
Бүкіл дүние жүзінде толық емес отбасылар санының көбею үрдісі байқалады. Мысалы, Францияда бұл көрсеткіш 13 %, Канадада – 18 %, Ұлыбританияда – 19 %, АҚШ-та 25 % құрап отыр. Америка халқының төрттен бір бөлігі толық емес отбасыларында тұрады. Ал енді біздің статистикаға жүгінсек, Қазақстанда бір ғана ата-анасының қамқорлығында өмір сүріп жатқан отбасылар жетіп артылады. Деректерге сәйкес, 1999 жылы Қазақстанда бір ғана ата-аналы отбасылар саны 487100-ді құрады. Бұл отбасылардың көпшілігінде (444800 отбасыда) балалардың тәрбиесімен аналары айналысады. 2009 жылғы соңғы халық санағының нәтижесі бойынша Қазақстанда 3,5 млн. отбасы тіркелген, оның 445 мыңы толық емес отбасы. 2010 жылы балалардың 20 % некеден тыс туылған, және жылдан жылға олардың санының көбею үрдісі байқалады.
Толық емес отбасылар түрлі себептер салдарынан пайда болады: некеден тыс баланың туылуы, ата-анасының біреуінің қайтыс болуы, некені бұзу немесе ата-аналардың бөлек тұруы; сәйкесінше толық емес отбасылардың негізгі түрлері көрініс табады: некесіз, жетім қалған, ажырасқан, тарап кеткен.
Сондай-ақ, әкелік және аналық отбасыларын да бөліп қарап жатады. Соңғылары толық емес отбасылардың басым бөлігін құрайды. Аналық отбасылардың көп болғандығына қарамастан, қазірде жалғыз басты әкелердің саны да артып келеді. Мысалыға, Петропавл қаласында жалғыз басты әкелер клубы жұмыс жасайды. Сонымен қатар, қамқоршылардың біреуінің балаларды асырап алу үрдісі байқалады.
Толық емес отбасылардың өзгешелігі неде? Біріншіден, бұл жалғыз басты ата-ананың қолы бос болмауы салдарынан, өз балаларын құнды тәрбиемен және материалдық жағдаймен толық мөлшерде қамтамасыз ете алмауынан туындайтын материалдық қиындықтар. Тіпті қамтамасыз етілген жалғыз ата-анаға педагогикалық мәселелермен айналысу да оңай емес, себебі ата-анасының біреуінің жоқтығынан бала өз жынысының мінез-құлық стереотипін толық қалыптастыру мүмкіндігінен айырылады. Психиатрияда «әкесі/анасы болмаған жағдайда» деген термин де бар. Осылайша, әкесі жоқ ер бала еркекке тән мінез-құлық, жүріс-тұрыс ерекшеліктерінен үлгі алу мүмкіндігінен шектеледі, соған байланысты еріксіз әйел сипатынан үлгі алады. Мұндай жағдайда, қыз бала үшін де, анасы өзінің аналық және әкелік рөлін қатар алып жүруге мәжбүр.
«Статистикаға сүйенетін болсақ, бүгінгі таңда Қазақстанда бір баласы бар отбасылардың саны шамамен 600 мың, екі баласы бар – шамамен 452 мың, үш баласы бар – шамамен 300 мыңнан астам. Сонымен қатар 72 мың бала некеден тыс туылған, жалғызбасты аналардың саны 400 мыңнан астам, ал жалғызбасты әкелердің саны 68 мыңнан астам. Тек бір анасымен 350 (15,1%) мың бала, тек әкесімен 150 (6,4%) мыңға жуық бала тұрып жатыр».
Толық емес отбасылардың пайда болу себептерін жан-жақты қарауға көшейік. Жетім қалған отбасы – отбасы мүшелерінің бірінің қайтыс болуына байланысты орын алған жағдай. Жарынан айрылғаннан кейін, екінші рет некелесу өте сирек кездеседі. Некелескеннің өзінде ажырасу ықтималдығының жиілігі әлемдік статистика нәтижелері бойынша, 60 %-ды құрайды.
Егер жесірлікті баланың некесіз туылуымен салыстыратын болсақ, екінші жағдайда ата-ананың екеуі де тірі, демек, материалдық-тұрмыстық және педагогикалық мәселелерді шешуге көмектесетін жағдайлары бар.
Қоғамдағы тағы бір кездесетін жәйт, ата-ананың біреуінің биологиялық балалары бола алмай, баланы асырап алатын отбасы да толық емес болып есептеледі. Негізінен, мұндай әрекетті ауқатты адам жасайды, алайда, бұл жерде бір ата-ана толыққанды тәрбие бере алмайды деген мәселе туындайды.
Ажырасқан немесе ата-аналарының бөлек тұруына байланысты толық емес отбасы пайда болады, бірақ жауапкершілік жартылай бөлінген болса да, ол толыққанды орындала бермейді, сондықтан алименттер төлеу проблемасы туындайды. Алимент жылдар бойы төленбейтін жағдайлар көптеп орын алуда. Бұл толық емес отбасы «ата-анасыз» диагнозын құрайды, себебі баланың өмірінде жалғыз ғана ата-ана отбасының иесі болып қалады.
Қазақстанда 2009 жылы ресми түрде 39257 ажырасу, ал 2010 жылы 41617 тіркелген, шамамен әрбір үшінші жаңадан құрылған отбасы бұзылады. Отбасының бұзылуы қазіргі заманғы қоғамның проблемасы болып табылады. Жүргізілген бірнеше зерттеулердің нәтижесінде кішкентай бүлдіршін үшін, ата-анасының ажырасуы салдарынан психологиялық зардап шегетіні анықталды. Зерттеу көрсетіп отырғандай, ерлі-зайыптылардың арасындағы туындаған кикілжіңдердің салдарынан балалар депрессияға ұшырайды және дамуының артта қалуына бейімді болып келеді. Осылайша, ажырасу фактісі баланы ауыр психологиялық салдарларға душар етеді.
Нәтижесінде, отбасында шиеленіс пайда болады, себебі үйлесімді отбасын құру үшін ұжымдық міндетті бір ғана адамның орындауы қиынға соғады. Толық емес отбасының психологиялық ахуалы көбінесе ата-анасының біреуін жоғалту салдарынан туындайтын күйзелістермен анықталады. Толық емес отбасылардың көбісі әкенің кетуі себебінен пайда болады. Анасы көбінесе күйеуіне деген ашуын жасыра алмайды; оның ашуы мен наразылығы көбіне олардың ортақ баласына еріксіз проекцияланады. Сонымен қатар, анасы жесірлігімді білдірмеймін деп, ата-ананың қамқорлығын асыра орындауға тырысып, балаға шексіз махаббат пен қамқорлық жасауға ұмтылады. Осындай жағдайлардың барлығында отбасының тәрбиелік атмосферасы бұзылып, баланың тұлға болып қалыптасуына теріс әсерін тигізеді.
Осылайша, балаларда ғана емес, ажырасқан отбасылардың ата-аналарында да психологиялық проблемалар пайда болады.
Біріншіден, бұл ата-анасы ажырасқаннан кейін балада пайда болатын қысымшылық пен өзін өзгеден кем сезінуінің нәтижесінде пайда болатын ашу-ыза. Олар осының бәріне өздерін кінәлі деп сезінеді.
Екіншіден, көбінесе әйел адамдарда аса қамқорлықтан туындайтын, балалардың алдында өздерін кінәлі сезінуі (өйткені, көбіне толық емес отбасыларда балаларды жалғыз тәрбиелейтін аналар). Жағдайы жақсы отбасылардың балаларымен салыстырғанда өз балаларының өмірлік стандарттарының төмендеуіне жол бермеуге тырысып, анасы өзіне үлкен жүк артады, алайда уақыттың тым тапшылығына орай, оларға жеткілікті уақыт пен көңіл бөле алмайды. Жанұяның бұзылуына кінәлі бұрынғы жұбайына деген ашуы тарқамай, әйел адам өз балаларына мейірімсіздік көрсететін жағдайлар да аз емес. Қалай болғанда да, отбасында психологиялық жағымды ахуал қалыптаспайды.
Жағдайдың ең қиыны – балалардың болашақтағы жыныстық рөлдерінің дұрыс дамуы, өмірге деген көзқарасының бұрмаланбауы. Бала өзінің мінез-құлқын ең алдымен ата-аналарына қарап, яғни үлкендерге қарап қалыптастырады. Әкесі балаларын жалғыз тәрбиелейтін отбасылар, аналар балаларын жалғыз тәрбиелейтін отбасылардан тым аз болса да, жыныстық-рөлдік көзқарас проблемалары оларға да тән. Бұдан басқа, балалы әкенің, балалы анамен салыстырғанда жаңа жанұя құру мүмкіндігі көбірек. Осылайша, осындай жанұялардағы проблемалардың бірі – бала (балалар) мен әкесінің жаңа жұбайының (мүмкін оның балаларымен) арасындағы қарым-қатынасты қалыптастыру.
Статистикалық зерттеулер көрсетіп отырғандай, аталған себептерге байланысты толық отбасы балаларымен салыстырғанда, толық емес отбасы балалары мектепте үлгерімі төменірек, невротикалық күйзелістер мен тәртіп бұзушылыққа бейім.
Отбасы – баланың әлеуметтенуінің алғашқы факторы. Толық емес отбасында, бұл процесс отбасының қалыпты құрылымының жоқтығынан өзгереді. Толық емес отбасының проблемасы – бұл баланың әлеуметтенуінің бұзылуы проблемасы. Осы орайда, ата-ананың біреуінің болмауы, баланы тәрбиелеу процесіне қандай да бір ерекшеліктер енгізетінін қарау маңызды.
Толық емес отбасылардың тағы бір мәселесі балалар денсаулығының төмен болуы. Ғалымдар толық емес отбасының балалары толық отбасы балаларына қарағанда көбіне өткір формада өтетін созылмалы ауруларға анағұрлым көп шалдыққыш деген қорытындыға келді. Балалардың денсаулығының нашар болу көрсеткіштері бірінші кезекте ананың (әкенің) төмен медициналық белсенділігімен байланысты. Толық емес отбасыларындағы денсаулыққа қатерін тигізетін негізгі факторлар: зиянды әдеттердің болуы, әлеуметтік-тұрмыстық және баспаналық жағдайсыздық, өмірдің гигиеналық нормаларының сақталмауы, балалар ауырған жағдайда дәрігерге жүгінбеу, өз бетінше емделу және т.б. болып табылады.
Көпбалалы отбасылардан басқа, мүмкіндігі шектеулі (мүгедектігі бар) отбасылар, мүгедек балалар тәрбиелеп отырған отбасылар, қиын өмірлік жағдайға душар болған отбасылар (босқындар), толық емес отбасылар әлеуметтік сүйемелдеуді қажет ететін отбасылар санатына жатады.
Расында, толық емес анасы ғана бар отбасыларда пайда болатын мәселелер тізіміне көз жүгіртсек, мұнда әлеуметтік көмек өте қажет екендігіне көз жеткізуге болады.
Жоғарыда айтылғанды қорытындылай келе, қазақстандық қоғамдағы толық емес отбасылардағы ең өткір мәселелер қатарын атап өтуге болады:
Осылайша, толық емес отбасыларды ілтипат пен қолдауды қажет ететін әлеуметтік тұрғыдан әлсіз топтарға жатқызуға болады. Балаларды қорғау және отбасыларды қолдау бойынша орталықтың директоры Зульфия Байсақова әлсіз отбасылар үшін жәрдемақыны арттыру қажет деп есептейді. Біз бұл ұсыныспен келісеміз және барлық – материалдық-тұрмыстық, баспаналық, еңбектік, моральдік, құқықтық, психологиялық, педагогикалық деңгейлерде қауіпсіздікті қамтамасыз ету үшін, оны біздің қоғамға енгізуіміз керек. Бірақ толық емес отбасылардың пайда болуының ең басты мәселесі – қоғамдағы адамгершіліктің төмендеуі. Сондықтан, біз қазірде ең алдымен жастардың адамгершілік тәрбиесіне күш салуымыз қажет. Бала мен ана институтын қолдамасақ, біз оған қол жеткізе алмаймыз. Болашақта толық отбасылардың саны артып, толық емес отбасылар азаюы үшін, толық және толық емес отбасыларындағы балалардың материалдық қамтамасыз етілуі бір деңгейде болуы, және дамуы үшін тең мүмкіндіктері болуы қажет.
Динар Нүкетаева
Қазақ мемлекеттік қыздар педагогикалық университетінің ректоры
Біз сіздермен «Otbasym.kz» порталындағы басты жаңалықтармен бөлісіп отырамыз