KZ RU

ЖАҢА НӨМІР

ОҚУ

×
×
Выделенный текст:
×

Ұлы іс отбасынан басталады

Отбасы құндылықтары және ұлттық тәрбие

Елбасы «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласында «Егер жаңғыру елдің ұлттық-рухани тамырынан нәр ала алмаса, ол адасуға бастайды» деп ұлттық жаңғырудың негізгі алғышарттарын айқындап берді. Демек, көне дәуірлерден бастау алатын, өзінің тарихи тәжірибесінен, игі салт, ізгі дәстүрлерінен мүлдем қол үзген қоғамда жаңғыру немесе жаңару мүмкін емес. Халқымыздың осындай тамыры терең кеткен, тарихымен бірге жалғасып келе жатқан рухани байлықтарының бірі – отбасы құндылықтары. Тіпті біздің рухани құндылықтарымыздың негізі де осы отбасылық дәстүрімізде жатыр десек қателеспеген болар едік.
Мәдениет
2018-04-19

Халқымызда «Отан отбасынан басталады» деген қарапайым қағи­­дат қай дәуірде болсын өзгер­ген емес, өзгермек те емес. Елбасы «От­басы – Қазақстан қоғамы­ның дің­гегі, экономикадағы, мәдениет­тегі, әлеуметтік саясаттағы барлық жаңа жетістіктерінің негізі» деп бұл мәсе­ленің біздің қоғам үшін маңы­зын көрсетіп берді. 

Тәуелсіздік жылдарында отбасы құндылықтарын нығайту бағы­тында қыруар шаруа атқа­рыл­ды. Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаевтың бәсекеге қабілетті ұлт, бақытты отбасы, саналы да білім­ді ұрпақ қалыптастыруға бағыт­талған сындарлы саясатының нәти­ж­есінде ана мен баланы қолдау бойын­ша бағдарламалық құжаттар, гендер­лік теңдікті сақтау стратегиясы қабылданып, мемлекеттік деңгейдегі отбасылық саясатта тұтастай жүйе қалыптасты. Басқасын айтпағанда, көп балалы отбасыларды әлеуметтік қорғау бағытындағы мемлекеттік жәрдемақы түрлерінің әр жыл са­йын артып, көптараптанып келе жатқанын аңғару қиын емес.  Бұл мақсаттарға тек 2017 жылғы республикалық бюджеттен 149,7 млрд теңге қаржы қарастырылған және ол жыл сайын кемінде 15%-ға артып келе жатыр. Әр жылы өтетін «Мерейлі отбасы» бай­қауын­да еліміздегі ең үлгілі отбасы­лар­дың өмірі насихатталып, түрлі айтулы марапатқа ие болуы да елі­мізде дәс­түрге айналған.

Әрине, отба­сы­­лық саясаттан бөлек, отбасы­лық құн­дылықтар деген бар. Ол хал­қы­мыздың тарихымен бірге қай­нап, пісіп шыққан отбасылық дәстүр­лер, отбасы мәдениеті мен этикасы. Отбасының қалыптасуына, қоғам­ның қалыптасуы тікелей байланыс­ты. «Әке – асқар тау, ана – мөлдір бұлақ, бала – жағасындағы құрақ», деген даналық сөз, ұлттық тәрбиенің отбасылық өмірде атқарар рөлін айқындап тұрғандай.  Қазақтың тарихында киелі отба­сының қасиетті ұрпақтары туралы, олардың ел өміріндегі алатын орны, сіңірген еңбегі, қалдырған рухани байлығы, өнегелі өмірлері туралы мысалдар көп.

Бүгінгі қыз – ертеңгі ана. Бала­ның тағдыры анаға тікелей байланысты. Соңғы кезде жаңа ғана туған баласын сәбилер үйінің алдында қалдырыпты, күл-қоқыстың арасына тастап кетіпті деген ақпараттарды көп естиміз. Көңіліміз құлазиды. Өзі туған сәбиін керексіз бір зат сияқты лақтырып кету үшін қандай адам болу керек? Баласын тастап кеткен әйелді де, сондай жағдайға душар еткен еркекті де ақтап алу мүмкін емес. Статистикаға сүйенсек, бүгінде балалар үйіндегі 7200-ден астам сәбилердің 696-сының ата-аналары құқығынан бас тартқандар, 436-сы тастанды балалар екен. Ал 3400-інің ата-аналары құқықтарынан айырылғандар. Яғни балалар үйін­дегі бар баланың 63%-ның әке-шеше­сі тірі деген сөз. Бұл адам тау­қы­­меті ғана емес, нағыз қоғам тау­қы­­меті деп айтуға болады.  Отбасылық саясатты қалып­тас­тыруда атқарылатын шаруалар әлі көп. Отбасылық құндылықтарды насихаттау және көп балалы отбасыларды ынталандыру бағытындағы жәрдемақы түрлерін әр кезеңнің талабына сай жетілдіріп отыру –маңыз­ды мәселе. Мысалы, бес бала немесе бес баладан көп баланы дүниеге әкелген аналарға айлық еңбекақы тағайындау арқылы олардың ең­бек өтілін сақтап қалу мүмкіндігін қарастыру маңызды шаралардың бірі болар еді. Бұл өз кезегінде қоғам­да көп балалы отбасы болудың беде­лін бекемдеп, абыройын арттырары хақ. Аталмыш жәрдемақы түрінің әлеуметтік маңызын да ешкім жоққа шығара қоймас.

Елбасымыз Н.Ә.Назарбаев «Бо­ла­шаққа бағдар: рухани жаң­­ғы­ру» мақаласында «Жаңғыру атау­лы бұрынғыдай тарихи тәжірибе мен ұлттық дәстүрлерге шекеден қарамауға тиіс. Керісінше, замана сынынан сүрінбей өткен озық дәстүрлерді табысты жаңғыртудың маңызды алғышарттарына айналдыра білу қажет», - деп атап көрсет­ті. Ұрпақ тәрбиесі – ұлт болашағы­­ның кепілі. Әр бала атаның қаны­­мен, ананың сүтімен келетін туабітті қа­сиеттер сияқты ұлттық рухани құн­дылықтарды да ең алдымен, отбасында, ата-ананың тәрбиесімен бойына сіңіретіні анық. Ендеше ұлттық тәрбие – ұлт болып ұйысудың, ел болып ертеңге нық қадам басудың негізі болмақ. 

Egemen.kz

Біз сіздермен «Otbasym.kz» порталындағы басты жаңалықтармен бөлісіп отырамыз