Ұлы іс отбасынан басталады
Елбасы: «Қазіргі таңда жеке адам ғана емес, тұтас халықтың өзі бәсекелік қабілетін арттырса ғана табысқа жетуге мүмкіндік алады», – деп атап өтіп, өзгермелі дүниенің алдыңғы сапында жүру үшін бәсекеге қабілеттіліктің бірінші кезектегі мәселе болатынын қадап айтты. Ал бәсекеге қабілеттілікті қалыптастырып, оны ұдайы арттырып отыруда білімнің атқаратын рөлі айрықша зор екені белгілі. Сондықтан да Президент елімізде білімнің салтанат құруы жайына да айрықша мән беруде. Дана қазақта: «Білімдінің жүзі жарық» деген қанатты сөз бар. Егемендіктің елең-алаң кезінен бастап Елбасы білім беру саласына ұдайы назар аударып келеді.
Мемлекет басшысы биылғы жылғы Жолдауында да білім берудің сапасын жаңа деңгейге көтеру талабын алға қойды. Бүгінгі заманда білімнің адами капиталды арттырудың алғышарты екеніне басымдық берген Мемлекет басшысы білім беру жүйесін жаңа индустрияландыру талаптарына бейімдеу қажеттігіне назар аударды. Осыған орай барлық жастағы азаматтарды қамтитын білім беру ісінде өзіміздің озық жүйемізді құруды жеделдету талап етілді.
«Білім беру бағдарламаларының негізгі басымдығы өзгерістерге үнемі бейім болу және жаңа білімді меңгеру қабілетін дамыту болуы тиіс», – деді Нұрсұлтан Әбішұлы. Бұл үшін 2019 жылдың 1 қыркүйегіне қарай мектепке дейінгі білім беру саласында балалардың ерте дамуы мен қалыптасуы үшін өз бетінше оқу машығы мен әлеуметтік дағдысын дамытатын бағдарламалардың бірыңғай стандарттарын енгізу қажеттігі айтылды. Сонымен қатар, елімізде қазір орта білім беру саласында жаңартылған мазмұнға көшу басталды. Шын мәнінде бұл – мүлде жаңа бағдарламалар, оқулықтар, стандарттар және мамандар деген сөз. Оларды жүзеге асыру үшін, Президент атап көрсеткендей, педагогтарды оқыту және олардың біліктілігін арттыру жолдарын қайта қарау қажет. Сол себепті Мемлекет басшысының университеттердегі педагогикалық кафедралар мен факультеттерді дамыту жөніндегі талабы дер кезінде қабылданған шешім екенін бағамдаймыз.
Елбасы Жолдауымен сабақтас «Президенттің бес әлеуметтік бастамасы» атты халыққа үндеуі ұлттың рухани жаңғыру жолында алға қойылған міндеттер мен мақсаттарды жүзеге асыруға бағытталған тағы бір құнды құжат болды. «Бес әлеуметтік бастама» – біздің ұлттық және әлеуметтік бірлігіміздің бір мақсатқа ұйыстырған діңгегі, мықты платформамыз. Үндеудегі бес бастаманың бірі жоғары білім алудың қолжетімділігі мен сапасын арттырып, студент жастардың жатақханадағы жағдайын жақсарту мәселесіне арналды. Біз мұны өскелең ұрпақтың болашағы үшін жасалып отырған қамқорлық деп қабылдадық. Мемлекет басшысы Үндеуде: «Біз әлемдік стандарттарға сай білім беру жүйесін қалыптастыра отырып, студенттердің білім алуына және тұратын жеріне жағдай жасауға тиісті назар аударуымыз қажет», – деп атап көрсетті.
Сөз соңында Мемлекет басшысының үндеуінде атап көрсетілген бастамалар елімізде азаматтардың болашағына деген қамқорлықтың нақты іс жүзінде орындалатындығының нақты нышаны. Әрбір отандасымыз осыны саналы түрде ұғынса ғана белгілі бір нәтижеге жетуге болады. Ауызбірлік қашқан, алауыздық тасқан жерде ешқашанда игілікті істер жүзеге асқан емес.
Гаухар АЛДАМБЕРГЕНОВА,
Қазақ мемлекеттік қыздар педагогикалық университетінің ректоры,
педагогика ғылымдарының докторы, профессор
Біз сіздермен «Otbasym.kz» порталындағы басты жаңалықтармен бөлісіп отырамыз