Ұлы іс отбасынан басталады
Ұлы Отан соғысы сол уақыттағы кеңес халқының басына төнген ең бір зұлмат қырғын еді. «Бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығарып» қарсы алдындағы жауға алмас қамал болып жұмылған кеңес халқының 1418 күн мен түн бойы өз жері мен елі, Отаны үшін, келешек ұрпақтың жарқын болашағы үшін жауға қарсы атой салып, кеуделерін оққа төсеп, жандарын пида еткенінің арқасында келді бұл жеңіс бізге.
Қазақ ел басына күн туғанда етігімен су кешкен, жалғыз жанын қу шүберекке түйген жауынгер халық болған. Тіпті арыға бармай-ақ кешегі Ұлы Отан соғысының әлі сарғайып үлгермеген қатпарлы парақтарына үңіліп қарасақ, қазақтардың қанды қырғында қаймықпай соғысқанына анық көзіміз жетеді. Оған мысал, айқас алаңдарында өшпес ерлік жасаған жүз қазақтың (ең соңғысын арада 50 жыл өткен соң Бауыржан Момышұлы алды) Кеңестер Одағының батыры атағын алғанын айтсақ та жетеді. Бұны сол кездегі 2,5-3 млн. қазаққа шаққанда басқа халықтардың алдына шығып кетеді екен. Ердің ері шыдайтын жаңбырша жауған оқ пен қарша бораған бомбаның арасында олардың нәзік жүректері тасқа айналып, гүл ғұмырлары ажалдың қанды тырнағына ілікті.
Сол бір сұрапыл жылдары қазақ халқы өзінің Отанына, жеріне деген патриоттық сезімін, ұлттық мақтанышын дәлелдеді. Соғысқа қатысқан біздің бабаларымыз бен әжелеріміз қазақтың қайсар, рухы биік, батыр халық екенін дүние жүзіне дәлелдеп берді. Екінші дүниежүзілік соғыста біздің ержүрек жауынгер ата-бабаларының жолын лайықты жалғастыра білді. Олардың көбісі арамызда өкінішке орай жоқ, бірақ есімдері мен ерліктері мәңгілікке ұмытылмасы хақ.
Отан отқа оранғанда кеудесін оққа төсеп, жауға қарсы аттанған батыр бабаларымыздың бірі Ақажанов Мұқажан ақсақал – бүгінде Қарағанды облысы Шет ауданы Ақсу-Аюлы ауылының тұрғыны. Бүгінде осы ауылдағы көзі тірі жалғыз соғыс ардагері.
Қасиетті Ақсу-Аюлының абыз ақсақалдарының бірегейі, Ұлы Отан соғысының ардагері Мұқажан Ақажанов 1914 жылдың 15 тамызында Қызылту болысында дүниеге келген. Әкесі Ақажан – ескіше оқыған сауатты адам. Баласының хат танып, білім алуына бар жағдайды жасайды. Өңірде ешқандай білім алу ошақтары болмағандықтан, Мұқаңды 1922 жылы алғашқы білім алуға, ал, 1924 жылдан бастап 1927 жылға дейін төте жазуға әкесі өзі үйреткен екен. Алайда, 1928 жылы кәмпеске (конфискация) науқаны басталып, Ақажан молланың отбасы соған іліккен...
Еңбек жолын Мұқажан Ақажанов 1929 жылы Ақтөбе ұйымында (қазіргі Ақтөбе ауылы) жаяу пошташы болып бастайды. Ашаршылық жылдары (1931-1932) Мұқаң Ақтөбе ұжымының халқын қажетті азық-түлік, киім-кешек және басқа да тұрмыстық құрал-жабдықтармен қамтамасыз ететін қызметті басқарды. Қарамағында сегіздей ат шана мен ат арба және он алты адам болған. 1932 жылы Мұқаңның басшылығымен Ақтөбе ұжымына қарасты жерде тек қол күшімен біршама егін салынды. Жалғыз ат соқамен және күрекпен жер өңделіп, қол тырмамен сол жылдың күзінде бұрын-соңды болмаған астық алынды. Осы астықтың арқасында өңірдегі ашаршылықтың беті едәуір қайта бастайды және келешекке біршама тұқым қоры қалды.
Мұқаң 1939 жылдың қазан айында әскер қатарына шақырылып, әскери борышын өтеу уақыты екінші дүниежүзілік соғысына тұспа-тұс болғандықтан, еліне тек 1946 жылдың мамыр айында оралған-ды. Сұрапыл соғыс жылдары Кеңес Одағының Қиыр Шығыс әскери округі Комсомольск қаласының іргесіндегі арнайы бөлімде (спецотдел) шекарадағы әскери барлау бағытындағы жауапты қызметте болған.
Сол соғыс жылдарындағы оқиғалардың бірін Мұқаң есіне түсіріп, былай дейді:
«Екі ай карантин біткеннен кейін барлық жауынгерлер жалпы сапқа тұрғызылып, полк командирі Мұхамбетжан Айтжанов деген полковник келді. Ол бірден сапқа қарап тұрып: «Қазақстаннан Қарағанды облысынан жауынгерлер бар ма?» деді. Рота командирі: «Бар, Мұқажан Ақажанов» деді. Мен саптан шықтым, ал, полк командирі жаныма келіп Қарағандының қай жерінен екенімді, әке-шешем, туған-туысқандарымның арасында саяси сотталғандар бар-жоқтығын білді. Одан кейін ол өзі Теміртаудан екенін айтып, маған құпия бөлімшесіне қарасты арнайы бөлімде боласың деді. Осыдан кейін мен бірінші арнайы бөлімде орынбасар, кейіннен бөлімше командирі болдым.
1945 жылы Жапониямен соғыс алдында біз Амур өзенінің жағалауында шекара күзетінде болдық. Қарамағымда қатардағы 9 жауынгер және бір орынбасарым бар. Ұзындығы бір шақырымдай траншея қаздық. Басқа әскери бөлімшелер тылдан біздің траншеяға дейін жер астымен байланыс жасады. Тамақ, киім-кешектер осы жер астымен бізге жеткізіліп тұрды. Шекарада талай жапон әскері тыңшыларын кейін қайтарып отырдық. Осы кезде жапон әскерлері жарылғыш заттармен өз өздерін жарып жібергенін талай көрдік. Оларды бірден шекараға тақалтпай, снайперлермен атып отырдық. Күніне кезектесіп, 2-3 сағат қана ұйықтаған кездер болды.
Бір күні таң ата дүрбімен Амур өзенінің жағасында қозғалған жанды байқап қалдым. Күзеттегі бес адамның үшеуін алып, үстімізге маскировка киімдерді киіп, өзенге қарай барлауға кеттік. Өзенге жарты шақырым қалған кезде жапон барлаушысы бізді байқамай, бірден қолға түсті. Кенеттен ұсталғандықтан өз-өзін жаруға үлгермеді. Оны байлап, бөлімшеге әкеліп, офицерлерге тапсырдық. Ұстағанымыз Жапон әскерінің барлаушысы болғанын және одан құпия ақпараттар алынғанын рота командирімізден естідік. Соғыстың соңына дейін осы шекараны күзетуде болдық.
Қиыр шығыстағы соғыста жеңіске жеткеннен кейін Мәскеуден арнайы бір офицер келіп маған Генералисмус И.Сталиннің қолы қойылған арнайы грамота және 15000 сом ақшалай сыйлық, орынбасарыма 10000 сом тапсырды. Қарамағымдағы жауынгерлеріме ресми алғыс айтылды».
Соғыстан кейін 1947 жылдың қаңтар айынан бастап 1949 жылдың қазанына дейін Мұқаң аудандық тұтыну одағы (Райпотребсоюз) мекемесінде ревизор болып азаматтық қызметін қайта жалғастырды. Одан кейін сол мекемеде қойма меңгерушісі, ал, 1950-1956 жылдар аралығында Шет аудандық тұтыну одағы төрағасының орынбасары қызметінде болды.
1956-1960 жылдар аралығында «Орталық аудандық аурухана», 1960-1974 жылдары «Аудандық коммуналдық шаруашылығы» мекемелерінде шаруашылық меңгерушісі (завхоз) болып қызмет атқарды.
1974-1977 жылдар аралығында Кеншоқы кеңшарында бас шопан болып жұмыс атқарды, соңынан 1977 жылы зейнеткерлікке шыққан болатын. Бірақ «Орталық аудандық аурухана» мекемесінің басшылығы Мұқаңның мол тәжірибесін және жауапкершілігін бағалап, 1977 жылы бұрынғы шаруашылық меңгерушісі қызметіне қайта шақырады. Зейнеткерлікте бола тұра, Мұқаң осы қызметті он жыл, яғни, 1987 жылға дейін абыроймен атқарды. Өндірістегі жоғарғы көрсеткіштері үшін Мұқаң ауданның, облыстың бірнеше дүркін кәсіподақ ұйымының жеңімпазы аталып, мақтау грамоталары және бағалы сыйлықтармен марапатталған.
Ұлы Отан соғысындағы ерліктері лайықты бағаланып, ол «Отан соғысы» орденімен, «Георгий Жуков», «Ұлы Отан соғысы жеңісі үшін», «Соғыс ардагері» медальдарымен және Ұлы Отан соғысынаң жеңісіне арналған мерейтойлық медальдарымен, Украина мемлекетінің арнайы медалімен, «Астана қаласына – 10 жыл» медалімен, көптеген Құрмет грамоталарымен марапатталған.
Бүгінде Мұқаң екі қызынан төрт немере, үш шөбере көріп, еліміздің Құрметті hәм сыйлы ақсақалы және қазыналы қарты болып өмір кешуде.
Біз сіздермен «Otbasym.kz» порталындағы басты жаңалықтармен бөлісіп отырамыз