KZ RU

ЖАҢА НӨМІР

ОҚУ

×
×
Выделенный текст:
×

Ұлы іс отбасынан басталады

«Дөңгелекті емханалар» ел игілігіне еңбек етуде

Елбасы Қазақстан халқына жолдаған жолдауларында ұлт денсаулығы мемлекеттің басым бағыттарының бірі екенін айтып келеді. Тіпті Қазақстан Республикасының денсаулық сақтау саласын дамытудың 2016-2019 жылдарға арналған «Денсаулық» мемлекеттік бағдарламасы да бекітіліп, ол бүгінде іске асырылуда.
Денсаулық
2018-09-28

Оның жарқын бір көрінісін, шалғай елді мекендерді аралап, кәсіби білікті мамандармен халыққа тегін медициналық қызмет көрсетуге биыл да жолға шыққан «Денсаулық» пойызынан көреміз. Қыркүйек айының ортасында жолға шыққан «дөңгелек үстіндегі емхана» бастапқы бір айда Маңғыстау облысының 12 станциясы мен Атырау өңірінің 5 станциясын аралап, барлығы 7 мыңға жуық адамға қызмет көрсетті. Дәрігерлер қызметіне жүгінгендердің 1300-і бала екен.  «Самұрық-Қазына» АҚ атынан «Samruk-Kazyna Trust» АҚ әлеуметтік жобаларды дамыту қорының ҚР Денсаулық сақтау министрлігі, сонымен бірге «ҚТЖ» ҰК» АҚ «Әлеуметтік жобалар қоры» корпоративтік қорымен бірге жүзеге асырып жатқан жобасы аясында пойыз әлі екі ай рельс үстінде жүріп, халыққа қызмет көрсетеді. 6 қыркүйекте Маңғыстау облысының Тұрыш станциясынан басталған пойыздың медициналық қызметін Маңғыстау және Атырау облыстары бойынша Атыраудағы теміржол ауруханасы мамандарынан құралған медициналық топ көрсетіп, оған білікті бас дәрігер Әлия Абдышева жетекшілік етті. 

Аталған екі облыстан кейін пойыз Қызылорда облысына өтеді, сол кезде медициналық топ құрамы да өзгеріп, сол өңірдің дәрігерлері халыққа қызмет ететін болады. Маңғыстау облысындағы сапарымыз 25 қыркүйекте Толтыр станциясында аяқталып, бұл өңірде 5017 адамды қамтыдық.  Тұрғындар көбіне УЗИ, рентген, кардиолог, көз дәрігері, терапевт, невропатолог, гинеколог, педиатр, лор мамандарының қызметіне жүгінді. Ал Атырау облысындағы жұмысымызды 26 қыркүйекте Мақат станциясынан бастадық. Мұнда әзірге 5 станцияны қамтып үлгердік.  Жалпы осы өңір бойынша соңғы станциямыз Сағызда 13 қазанда біздің топтың қызметі аяқталады. Мақсатымыз – еліміздің шалғай аймақтарында орналасқан тұрғындарға медицинаның соңғы жетістіктерін көрсетіп, диагнозы қиын науқастарға сапалы кеңес беру. Мұнда мамандар таңғы 9.00-ден кешкі 18.00-ге дейін жұмыс жасайды. Ал түскі үзіліс 13.00-ден 14-00-ге дейін. Дәрігердің тегін көмегіне жүгіну үшін жеке төлқұжатыңыз болу керек. Мұндай пойыздың бір тиімділігі сырқатты әрі-бері сабылтпай, бір жерден тексерістен өткізетіндігінде, – дейді  бас дәрігер. 

Мамандар пікірінен бөлек, олардың көмегін алған халықтың пойыз туралы бағасы да өте жоғары.

«Ауыл тұрғындарына көмек көрсетіп қана қоймай, қамқорлық танытып отырған дәрігерлердің қызметіне дән ризамыз. Емханаға барсақ, көп уақытымыз кезек күтумен өтетін. Ал мұнда кардиолог, терапевт және хирург дәрігерлерге бір жерден және тегін қараласың. Өз басым, пойыз дәргерлеріне қаралып, облыстық ауруханаға жолдама алдым. Шалғай ауылдарды аралап, халықты қабылдап, ем-дом көрсетіп, кеңес беріп жатқан ақ халатты абзал жандарға айтар алығысызы шексіз», – дейді Жәния Есімова есімді емделуші.          

Пойыздар заманауи диагностикалық жабдықтармен, соның ішінде компьютерлік спирометрлік жүйемен, эхоэнцефалографпен, кардиологиялық мониторлық жүйемен жабдықталған. Пойыз құрамындағы медициналық құрамда терапевт, педиатр, невропатолог, окулист, ЛОР, гинеколог, хирург, уролог, маммолог, стоматолог сынды білікті дәрігерлер бар.

Маңғыстаудан кейін бүгінде Атырау облысының халқына қызмет көрсетіп жүрген аталған пойыз алда Қызылорда, Түркістан және Алматы облыстарын да аралайды, жалпы алғанда биылдыққа 71 станцияға тоқтап, дәрігерлік көмек беруде. Аталған станциялар тұрғындарына жоғары кәсіби білікті мамандардан кіші хирургиялық ота, сапалы стоматологиялық ем-шаралар қызметтері көрсетілуде.

Тағы бір медициналық пойыз «Саламатты Қазақстан» ел шығысына  екінші мәрте барып, шалғай станциялар мен желі бойындағы елді мекендер тұрғындарын қабылдап, диагностикалық тексерулер өткізді.

Осыған дейін ол қазан айының алғашқы онкүндігінде Дегелең–Жаңа-Семей және Локоть–Семей тармағында орналасқан бірқатар станцияларда қабылдау жүргізген болатын. Бұл жолы Шығыс Қазақстанның жол айрықтарынан келе жатқан аталмыш кешенді пойыз Шар–Ақтоғай телімі аралығында бірнеше күн аялдап, теміржолшылар мен өзге де тұрғындарды қабылдады. Әуелгі кезекте  Жаңғызтөбе станциясына тоқтап, екі күн қатарынан жұмыс жүргізді. Барша тұрғындар алдын ала хабарландырылғандықтан тегін тексеруге келушілер қатары мол болды.

Жергілікті теміржолшылар арасында, әсіресе стоматолог, дерматолог, уролог, невропатолог, кардиолог, терапевт, педиатр, окулист сынды дәрігерлерге кезекке тұрғандар көп болды. Сондай-ақ, УДЗ арқылы диагностикалау және ем-шаралық  кабинеттердің тиімділігі анық байқалды. Цифрлы флюорографиялық аппаратпен рентген түсіріліміннің жылдам алынуы қамтамасыз етіліпті. Бұл талдама нәтижесін көп күттіртпейді екен. Мұнымен қатар, тіс дәрігеріне қаралушылар саны көп болды, – дейді Жаңғызтөбе станциясының бастығы Азамат Нұрғалиев.

Сонымен қатар, «Саламатты Қазақстан» пойызы теміржолшылардың мол шоғыры орналасқан Жарма станциясында екі күн, Үшбиік станциясында бір тәулік, ал Таңсық станциясында екі күн қатарынан тоқтап, «тайлы-тұяғын» қалдырмай тұрғындарға толықтай дерлік қабылдау жүргізді. Осыдан соң дәрігерлер қауымы Алматы өңіріне аттанып кетті.

Жалпы мұндай медициналық пойыздар жобасы 2010 жылы бастау алған болатын. Осы аралықта консультативтік-диагностикалық пойыздар еліміздің 1326 станциясына барып, тұрғындарды қабылдаған. Мамандар 379 мыңнан астам қазақстандықтарды қарап, ем-дом жасаған, оның ішінде 83806 балалар бар. Ал «дөңгелек үстіндегі емхана» дәрігерлеріне қаралғандардың жалпы саны 2,5 млн адамды құраған.  

 

Жібек Жайық

 

 

Біз сіздермен «Otbasym.kz» порталындағы басты жаңалықтармен бөлісіп отырамыз