Ұлы іс отбасынан басталады
Қазақта «Отан отбасынан басталады» деген тәмсіл бар. Иа, бүгінгі ұрпақ - ертеңгі мемлекеттің болашағы. Келешекте ел тізгінін ұстар ұрпаққа берілер тағылымды тәрбие алтын ұясы – отбасынан бастау алатыны белгілі. Жанұядағы өнегелі құндылықтарды, оның мәртебесін арттыру мақсатында жыл сайын елімізде «Мерейлі отбасы» байқауы оздырылып келеді.
Биыл өтіп отырған бұл шарадан Батыс Қазақстан облысы да қалыс қалмады. 5 шілде күні облыстық қазақ драма театрында өткізілген байқауға қала мен әр ауданнан озық шыққан 113 отбасы қатысып, бақтарын сынады. Байқау қорытындысында Қаратөбе ауданынан келген Қауеновтер отбасы үшінші орынды, Орал қаласынан Жұбаниязовтар отбасы екінші орынды иеленді. Ал бірінші орын қазталовтық Биғалиевтарға бұйырды. Жеңімпаз атанған жанұя таяуда Астана қаласында өткен «Мерейлі отбасы» байқауына қатысып, «Дипломант» атанып келді. Өңір атынан бақ сынаған жанұя жөнінде кеңінен өрбітсек.
Марат Қалиұлы орта мектепті бітіріп, Ақтөбе қаласындағы техникумда электрбайланысшы мамандығын оқыды. Өнерге бейім жас жігіт алатын степендиясын баян үйренуге жұмсайды. Ол кезде бұл аспапты студентке кім үйрете қойсын. Марат баянды жалға алып, «Дос-Мұқасан» әуендерін алдымен күйтабақта тыңдап, кейін аспапта ойнауды өз бетінше үйренеді. Жоғары білімді ойдағыдай аяқтап, әскери борышын өтеген Мәкеңнің ендігі мақсаты ары қарай тағы да оқу болатын. Ол осы арманмен 1976 жылы ақ басты Алатау баурайындағы шаһар «Алматы қайдасың?» деп тартып отырады. Мәкең осы қалада жүріп екінші бір білімнің басын қайырмағанымен, өнер саласында еңбек етуді қолға алады. Бас қалада жүріп Нұржамалдай арумен танысып, кейін шаңырақ көтереді. Ол кезде Нұржамал медицина колледжінің студенті болатын.
- Біз отбасын құрғаннан кейін осы Алматы қаласында тұрақтап қалуды да жоспарладық. Шыны керек, үй кезегіне де тіркеліп қойғанбыз. Өзім сахнаға шығып, түрлі ансамбльдермен бірге өнер көрсетіп жүрдім. Алайда менен кейінгі інім Мұрат әскер қатарына шақырылып, ал қарындасым мектеп бітіріп, жоғары білім алатын болды. Сол кезде ауылда қалған жалғыз әкем «ауылға келіңдер» деді. Анам болса, ол кезде дүниеден өтіп кеткен еді. Әке сөзін жерге тастамай, біз де барымызды буып-түйіп туған жеріміз Қазталов ауданы, Қошанкөл ауылына кеп, тұрақтап қалдық, - дейді отағасы Марат Биғалиев.
«Жақсы жар – жарым бақыт» дейді халық даналығы. Алматыдай қалада бой жеткен қала қызы Нұржамал Марат Қалиұлының қияндағы Қошанкөлге барып-тұру туралы ұсынысынан бәлсініп, бас тартпады. Әрине, бас тартып, «қаладан кетпеймін» десе де болар еді, бірақ ата-ана берген тәлім-тәрбие оған жібермеді. Керісінше, қазақ қызына тән иба-инабаттылықпен бұл ұсынысты қабыл алды. Бүгінде олар елге үлгілі де береке-бірлігі жарасымын тапқан жанұялардың бірі де бірегейіне айналды.
- «Қыз – өріс» деген қазақта сөз бар. Сонымен қатар қыз бала барған жерін бақытты етемін деп барады. Бала өскен соң оның қызығын көргенді барлық ата-ана қалайды. «Әке айтса, орынды айтты» деп, мен туған жерге қайту жөніндегі ағаңыздың ұсынысын бірден қолдадым, - дейді отанасы Нұржамал Сұраншиева.
Елге келген соң Марат ағамыз алдымен ауыл балаларының бастарын қосып, мәдениет үйінде түрлі кештер ұйымдастыруды қолға алады. Елгезек, қағілез, ұйымдастырушылық қабілеті жоғары жас жігіт осы кезден ел көзіне түседі. Ол тек жастарды ғана емес, жұбайы Нұржамалды да сахнаға алып шықты. Олардың бірі баянда ойнап, тамылжыта ән салғанда, көпшілік сілтідей тынып, тамсана, таңданыса тыңдайтын. Әлі де сол қалыптарынан танбай келеді. Қазір ерлі-зайыпты екеуінің қатарына балалары да қосылды. Қайда жүрсе де, ел алдында беделі биік Марат Қалиұлы алдымен автоклуб меңгерушісі сонан соң мәдениет үйінің меңгерушісі сынды қызметтер атқарады.
- 1986 жылы біз Биғалиевтар отбасылық ансамблін құрдық. Ол кезде ансамбльдің мүшесі тұңғышымыз Арман сегіз жаста болатын. Осы жылдар ішінде елімізде ғана емес, Ресейдің Самара және Саратов облыстарынының аудан-ауылдарында болып концерттер бердік. Бұдан бөлек, ауыл-аудан мен қаладан той және туған күн кештеріне шақыртулар да түсіп жатады. Қайда барсақ та, бізге жылы шырай білдіріп, құрмет көрсетіледі. Бұл халықтың өнерімізге деген ерекше құрметі деп білемін, - дейді Марат Қалиұлы.
Марат ағамыздың әкесі, Ұлы Отан соғысының ардагері, ұзақ жыл аудандық ішкі істер саласында жемісті еңбек еткен Қали ақсақалдың да қоңыр дауысты, ептеп ән айтатын өнері болған. Ал анасы Кәкима түрлі аспаптарда еркін ойнай білді. Өнерлі жанұяда өмірге келген Марат ағамыз бен оның ұрпақтарына бұл қасиет Жаратқанның қалауымен ата-анадан дарыса керек-ті.
Ағымдағы жылы тек Қазақстанның батыс аймағында өтетін 14 наурыз «Көрісу айт» мерекесі күні Биғалиевтар отбасылық ансамблінің құрылғанына отыз жыл толуына орай өздерінің есептік концертін берді. Өнерлі жанұяның кешін тамашалауға халық көп жиналды.
Тағы бір айта кетерлігі, биыл қаңтар айында аталмыш ансамбль халықтық Биғалиевтар жанұялық ансамблі деген атқа ие болды.
Биғалиевтар талай байқауларға қатысып, бақ сынап, жүлделі орындардан көрініп жүр. Мәселен, 2002 жылы ауданда өткен отбасылық ансамбльдер арасында жүлделі 1-орынды иеленді. Өткен жылы Қошанкөлде «Бірлігі жарасқан отбасы» атанды. Қыздары Айнұрдың сазгерлік өнері де бар. Осыдан үш-төрт жыл бұрын ол «Менің арманымдағы қала» облыстық жас сазгерлер байқауында топ жарып, жүлделі 1-орынды жеңіп алды.
Марат ағамыз бен батыр ана Нұржамал апамыз үш ұл және үш қыз тәрбиелеп өсірді. Бүгінде олар жоғары білім алып, ел дамуына өз үлестерін қосуда. Бір қызығы, олардың ішіндегі үлкен ұлдары Арманнан басқасының мамандықтары заңгер және бухгалтерлік салада білім алған. Арман Маратұлының музыка және заңгерлік мамандықтары бойынша екі жоғары білімі бар. Қазір Орал газ, мұнай және салалық технологиялар колледжінде еңбек етеді. Сондай-ақ, «Батыс Трэйд Сервис» ЖШС-на басшылық жасайды. Руслан мамандығы бойынша заңгер, қазіргі таңда жеке кәсіпкерлікпен айналысуда. Қыздары Айгүл «SKY» сұлулық салонына басшысы, сонымен қатар Батыс Қазақстан инженерлік-технологиялық университетінде ұстаз. Айнұр мен Марина да - өз кәсіптерін дөңгелентіп отырған жандар. Олардың «SKY» атауын еншілеген тойхана, кафелері бар.
- Заңгер болу менің бір кездегі арманым болатын. Арманым орындалмаса да, балаларым сол салада білім алды. Ал өнер олардың қанында бар. Олар өнерден еш алыс кеткен емес, - дейді Марат ағамыз.
Бүгінде отағасы шаруа қожалығына жетекшілік етеді. Кенже ұлдарының есімімен «Рустам» деп аталатын шаруашылық жылқы және ірі қара малдарын өсірумен айналысады. Қазіргі таңда малды асылдандыруды қолға алуда. Бие байлап, жылқы саууды да жолға қойған Мәкең қайырымдылық жасауды жадынан шығарған емес. Ол қаламыздағы қарттар үйіне тегін қымыз беріп, қамкөңіл қариялардың алғысына бөленіп келеді. Сонымен қатар түрлі іс-шараларда демеушілік танытатыны тағы бар. Рустам қазір ауылда, осы шаруашылықтың басы-қасында, әкесінің қолға алған ісін ары қарай жалғастырмақ ниетте. Үйленген, мамыр айында тұңғышы дүниеге келді. Бизнестерін дөңгелентіп отырған өзге ұл-қыздары да қайырымдылық іс жасаудан көпке үлгі.
Марат ағамыз бен Нұржамал апамыздың немересі Ринат та өнерден құр алақан емес. Ол өткен жылы «Таң» телеарнасы түсірген «Үшінші тоқсан» балалар телехикаясында басты ролдердің бірін сомдаған.
- Ұлым Ринат самбо күресімен және мәнерлеп сырғанаумен айналысады. Румия есімді қызымыз бар. Ол әлі кішкентай. Сондай-ақ осы күні кеше Құрбан айт мерекесімен тұспа-тұс Альмира есімді кенже қызымыз өмірге келді, - деді Арман.
Жоғарыда бұл отбасының Астана қаласында өткен «Мерейлі отбасы» байқауына қатысып, дипломант атанғаны жөнінде атап өттік. Маңызы зор шарадан соң «Хабар» агенттігінің «Біздің үй» бағдарламасына шақырту алады. Бұл да «Мерейлі отбасының» мерейін өсірді. Сол көтеріңкі көңіл күйді Оралдан жеткен «Сүйінші» ақжолтай хабар одан әрмен тасытты. Ол Арманның жары Баянның қыз баланы өмірге әкелуі еді. Дүние есігін ашқан сәбиге атасы Марат Альмира деп есім беріпті. Атасының бұл есімді беруі бекер болмаса керек-ті. Өйткені Альмира – «қайырымды», «танымал» және «адал» деген мағынаға ие екен. Ендеше ансамбль құрамы тағы бір өнерлі жанмен толықты деген сөз.
Көпшілік көзайымына айналған халықтық Биғалиевтар жанұялық ансамблінің репертуарында қазақ халқының және өзге ұлт пен ұлыс әуендері, жергілікті сазгерлердің шығармалары, сондай-ақ қыздары Айнұр Маратқызының да жазған әндері де бар.
Данышпан Абайдың «Болмасаң да ұқсап бақ» деген қанатты сөзі бар. Биғалиевтар жанұясына еліктеп, олардан үлгі алуға тырысатындар жоқ емес екен. Таяуда Астанада өткен шарада бір жас жігіт Маратты көптен көрмеген ескі танысын көрген жандай қауқылдаса көріседі. Әрі-сәрі болған Мәкең «бұл жігіт кім болды екен?» деген ойға қалады. Жаңағы жас жігіт Моңғолиядан Солтүстік өңірлердің біріне көшіп келген қандасымыз болып шықты. Ол Марат ағамызды алғаш телеарнадан көріпті. Жігіт ағасына Мәкеңнің сөз саптауы, ән салуы және өзін-өзі ұстауы ұнаса керек. Сөз арасында оған еліктейтінін жасырмапты.
Міне, биік белестерді бағындырып, ел алдында зор беделге ие болып жүрген Биғалиевтар бүгінде өнер, бизнес және шаруашылықты қатар өркендетіп келеді. Бұл отбасының осы алған асулармен тоқмейілсіп, тоқталып қалу ойларында жоқ, керісінше, алда әлі талай жетістіктерге жетіп, ел абыройын одан әрі асқақтату ойларында.
Нұрлыбек Қыдырғалиұлы,
Батыс Қазақстан облысы
Біз сіздермен «Otbasym.kz» порталындағы басты жаңалықтармен бөлісіп отырамыз