KZ RU

ЖАҢА НӨМІР

ОҚУ

×
×
Выделенный текст:
×

Ұлы іс отбасынан басталады

Қыз тәрбиесі – ұлт болмысының тірегі

Рухани тарихымыздың тарғыл беттерін парақтасақ, қазақ қыздары мен қазақ әйелдері, жалпы аналар әлемі туралы толғанбаған тұлғалар сирек. «Қыз – өріс, ұл-қоныс» деп білгендіктен, қазақ халқы өрісін кеңейтер қыз балаға айрықша көңіл бөлген. «Қыз мінезді келсін, ұл өнерлі келсін» дей отырып, «қызға қырық үйден тыйым» жасайды.
Мәдениет
2018-05-10

Халқымыз «қыз-қонақ» деп, төрінен орын беріп, қыздарды алтынның сынығына балап өсірген. Жалпы бала тәрбиесіне, соның ішінде қыз бала тәрбиесіне өте көп көңіл бөлген. Яғни қыз бала тәрбиесіне тек анасы жауапты емес, бүкіл ел жауапты болып отырған.

Қазақ қыздарының болмысына қарапайымдылық, сыпайылық, инабаттылық, үлкенді сыйлау, кішіге ізет көрсету, ақылдылық, имандылық сияқты қасиеттер кіреді. Тарихқа көз жүгіртсек, Айман, Құртқа, Назым сияқты аруларымыз, Домалақ ана, Айша Бибі сияқты аналарымыз нағыз қазақ әйелдерінің үлгісі болды. Аналарымыз «баланы жастан» деп, бала тәрбиесін құрсақтан бастаған. Ұлжан ана данышпан Абайды ғұсыл-дәретсіз емізбегені – адамзаттың баласын тәрбиелегені болып табылады.

Бүгінде батыстан бел түзеген түрлі жағдайлар біздің салт-санамызға да өз әсерін тигізіп отыр. Мәліметтерге сүйенсек, еліміз бойынша жылына 200 мыңдай жасанды түсік жасалып, мыңнан аса бала ата-ана қамқорынсыз қалады екен. Әрбір елдің өміріндегі шешуші кілт – қыздарға берілетін тәлім-тәрбие арқылы өлшенеді. Біздің халқымызда «қыз» деген сөздің өзі әдеміліктің, әдептіліктің, сұлулықтың символы ретінде қолданылады.

Отбасы қоғамның бір бөлшегі, ал отбасының алтын қазығы – әйел адам. Бұл бағыттағы жұмыстардың көпшілігі ата аналармен қоян-қолтық араласуды тікелей қажет етеді. «Анасын көріп қызын ал» дейтін халық мақалы текке айтылмаса керек. Ана тәрбиесін көрген қыз әрдайым көрегенділік танытады. Жаңа ғасыр, тек жаңалықты қабылдау керек деп, шетелге еліктеп немесе интернет арқылы керексіз дүниелерді қабылдаудың қажеті жоқ. Заман ағымынан қалмай, орынды киініп, орынсыз нәрселерден аулақ болып, өзге тілде емес, өз тілінде сөйлеп, дәстүрді сыйлап, ибалығын сақтау қажет. Тілін қадірлемеген адам, ол ұлттың салтынан да, дәстүрінен де хабарсыз болары айқын. Қай қоғамда, қай заманда өмір сүрмесін, ол қазақ қызы деген атқа лайық болуы қажет.

Ақыл да анадан дариды, дана да әйелден туады. Қыз бала тәрбиесін ұрпақ тәрбиесі деп қарау керек. Бүгінгі қазақ бойжеткендері ертеңгі еріне адал жар, балаларының анасы. Бүгін ол қыздар өнегелі тәрбие алса, ертең ұрпақ тәрбиелейтін қазақтың дана аналарына айналары сөзсіз.

Біз сіздермен «Otbasym.kz» порталындағы басты жаңалықтармен бөлісіп отырамыз