Ұлы іс отбасынан басталады
Бұл кезде Астана қаласымен бірге Орал шаһары да думандатып жатыр еді. Ал қайсар жігіттің кіндік қаны тамған Қазталов ауданындағы Қайыңды ауылының тұрғындары бөркін аспанға атып жатты. Олимпиададан соң елге оралған Данияр Елеусінов аз-кем тыныққан соң туған жеріне тартып отырды. Келе сала, құшағы гүлге толды. Жерлестері айбынды ұлдың кекілін тарап, мауқын баса алмады. Батыс Қазақстан облысының әкімі Алтай Көлгіновтің қабылдауында болғанда Даниярдың жасаған мәрттігі қалың жұртты таң қалдырды. Қарапайым жандардың үш ұйықтаса түсіне кірмейтін 10 миллион теңге қаражат сертификатын сал ауруына ұшыраған балалардың «Бәйтерек» қорына бірден табыстады. Жүрегіне әзіз иман ұялаған жомарт жігіттің бойындағы асыл қасиеті мен ұшқан ұядан алған тәрбиесі мығым екенін көпшілік біледі. Себебі ұлдарына бокс әлемін айқара ашқан әкесі Марат Елеусінов оларды темірдей тәртіпке салып, намысын шарқайрақтай өткірлеп, өжет қылып өсірді. Олимп шыңына ортекедей ойнақтап шығып, бұлшық еті сом болып, бұла күшін ұтқыр техникамен сабақтастыра білуіне әкесінің айтқан әрбір кеңесі айнымас темірқазық, айқын бағыт, сенімді серпін болғаны рас. Бала күннен назағайдай шаншылып санаға сіңген қарапайым қағидалар рухты сілкілеп, бойдағы көк бұлшықетпен білемденіп, өзін тың да ширақ ұстауына себеп болды.
Данияр бала күннен зейінді, сабаққа алғыр боп өсті. Өзі айтқандайын, әкесі бокс үйірмесін ашып, ауылдың балаларын жаттықтырғанда, бірге ілесе баратын. Сол кезде-ақ үйірмеге қатысушылардың арасында белсенді жаттығып жүрген ағасы Дәуреннің сойынан соққысы сойқан серке болатыны анық аңғарылатын. Расында он екі жасынан бастап тынымсыз жаттыққан Дәурен Елеусінов 2000 жылы Тараз қаласында жасөспірімдер арасында өткен Қазақстан чемпионатында жүлдегер атанды. Кейін Қазақстан біріншіліктерінде топ жарып, 2006 жылы студенттер арасында әлем чемпионы атанды. Қазіргі кезде әуесқой бокста бағын сынауда.
Бокс сабағына бірден араласпаса да, сырттан бақылап, жаттығу залында емін-еркін ойнап, еркелеп, арасында қапты ұрып жүретін Данияр бір күні өзінен екі жас үлкен, дене тұрқы шамалас баламен рингте қолғап түйістіргісі келетінін айтады. Қатал бапкер әкесі алғашында келіскен рай танытқысы келмесе де, айтқанынан танбай тұрып алған кенже ұлын сынап көргісі кеп, айқасқа рұқсат етеді. Данияр сонда өзіне соққы дарытпай, қайсарлықпен қарымта жауап қайтарып, шымыр да ширақ қозғалып, ұпай санымен басым түсті. Сөйтіп, әке сынынан өткен жеті жасар ұл бокс өнерінің қыр-сырын үйрене бастайды. Тынымсыз төгілген тер мен спорт саласына құлай берілуі нәтижесінде оның да жеңісті жолдары басталады. 2006 жылы Кадеттер арасындағы Әлем чемпионы, 2010 жылы Гуанчжоудағы Азия ойындарының чемпионы, 2012 жылы Құрлықтық олимпиадалық біліктілік турнирінің және Қазақстан Республикасы Кубогының жеңімпазы атанды.
Марат Елеусінов ұлдарына әркез сүйеу болып, ақыл-кеңесін айтып отырды. Отбасында болаттай берік тәртіпті бұлжытпай ұстады. Бос жүріске, арзан күлкіге, ойын-сауық іздеп, салғырттыққа бой алдырмауларын ескертті. Жастық жалынын пайдалы іске, жаттығуға жұмсауға үгіттеді. Сыныптастары арасында белсенді болған Данияр мектептегі спорттық шаралардан қалмады. Ол басқа спорт түрлеріне де қабілетті еді. Әсіресе, футболды жақсы ойнады. Бірақ әкесі таңдау еркін жасау қажеттігін айтқан соң, біржолата боксқа ауысты. Дәурен Елеусінов жаттығу залында денесін шынықтырып, қарым-қабілетін жетілдіріп отыруды жаны сүйді. Ерінбеді. Оған әркез ағасы да сүйеу болды. «Дәурен де олимпиада жеңімпазы болуды армандады. Соған жету үшін бар күш-жігерін жұмсады. Талай қиындықты бастан кешірді. Талай мәрте әділетсіздіктен де жапа шекті. Бірақ, тағдырдың жазуымен, ол армандаған бақ маған қонды. Ағам – мен үшін зор үлгі. Оны өте мықты боксшы деп есептеймін әрі ерекше сыйлаймын. Ол осы даңққа лайық еді. Ағамнан үйренгенім көп. Олимпиада алдында Америкаға барып, кәсіпқой боксшылармен былғары қолғап түйістірдім. Сонда Дәурен бірқатар техникалардың сырын ашты. Кейін Рио олимпиадасына қатысқан кезімде, Америкадан хабарласып, ақыл-кеңесін беріп тұрды», – дейді Данияр Елеусінов. Міне, бауырмалдық деген осындай болса керек-ті. Аға мен іні арасындағы сыйластық тіні, біріне-бірі жанашыр тілегі түпкі арманға жұдырықтай жұмылып жетуге зор әсерін тигізді.
Айта кету керек, қос арланның анасы Ғалия Елеусінова – жүрегі ізгі, жан сарайы мейірімге толы жан. Марат ағамен отасқандарына отыз жылдан асып отыр. Тоқсаныншы жылдары аумалы-төкпелі кезеңде жұбайлар біріне-бірі сүйеу болды. Тату-тәтті, береке ұйыған шаңырақта алдымен дүние есігін ашқан қыздары Динара тал шыбықтай солқылдап, әсем бойжеткен боп өсті. М.Өтемісұлы атындағы БҚМУ-дың хореграфия факультетін бітірді. Кейін Астана қаласындағы мемлекеттік «Наз» би ансамблінде қызмет етті.
Негізі Марат Елеусінов – он екі ата Байұлының Алаша қауымынан тараған, ХVІІІ ғасырда өмір сүрген Құдайқұлұлы Байбарақ батырдың ұрпағы. Даниярлардың атасы Тәліп ауыл-аймаққа танымал күйші әрі бастауыш сынып мұғалімі болған. Марат ағамыздың домбыра, гитара тартып, ән салатын өнері, даңқты боксшы-бапкер болып танылуы тегін емес.
Даниярды кезінде анасы боксқа жібергісі келмейді. Отағасыға Дәуренді ғана жаттықтыруын өтінеді. Бірақ кенже ұл қиылып сұрап, мектептегі оқу үлгерімін төмендетпеуге уәде береді. Мейірім шуағы мен аялы алақан жылуын аямай төгетін отанасы әке ізіне ерген балалардың бар жағдайын жасады.
Ғалия Елеусінова ұлдары шаршы алаңға шыққанда, қатты қобалжиды екен. Бразилияда өткен Олимпиадада қабағы жырылған ұлының айқасын көруге дәті бармады. Әрине, лүп-лүп етіп, нәзік сәуле шашып тұратың ана жүрегінің қандай хал кешкенін баршасы жете түсінген болар. Дегенмен Ғалия апа ұлдарының жорықты жолдарына әрдайым тілеулес болып, спорт саласындағы жаңалықтарды назарынан қағыс қалдырмайды.
Марат Елеусінов – қос құлынының тағдыр-талайына зор әсер еткен әке. Оларды табандылыққа, орнықтылыққа, әділетті болуға баулыды. Жеңілістің ащы дәмін татқан кезде ұлдарына қабақ шытып, еш зекімейтін. Керісінше, қателіктен сабақ алып, ұдайы талқылап отыруға баулитын. Оның пайымдауынша, Дәурен – бокста бетпе-бет қарсыласып, жойқын соққы жасағанды жақсы көретін қара күш иесі. Ал Данияр бала күндегі әдетіндей, ылғи да ылдым-жылдым қалпында денесіне соққы дарытпайды. Қорғанысқа мән бере жүріп, ұрымтал сәтті күтеді. Сондықтан бапкер ұлдарын болмысына сай баулуды жөн көріпті. Соның нәтижесінде Данияр дарабоздай жұлқынып, жасындай жарқылдап, ұршықша үйіріліп, шаршы алаңда қарсыластарын шақ келтірмеді. Қазақтың бағына біткен аймаңдай ұл бокстан 69 келі салмақ дәрежесінде жеңімпаз даңқ сабақтастығының үзілмеуін қамтамасыз етті. Оның бокс алаңында өзіндік өрнегінің қалыптасуына әке тәлімі мен аға тілеулестігі зор себеп болғаны мәлім. Тіпті Дәурен інісіне жол ашып кетті десе де болады. Себебі үлкен ұлын жаттықтырған кезінде ескерілмеген жайттарды жадына түйген Марат Тәліпұлы Даниярдың бойына бокс өнеріндегі бай тәжірибесінің бар сәулесін сіңіруге тырысты. «Бапкер шәкірттеріне дем беріп, жігерін жанып отыруы тиіс. Оның жан-дүниесіне бойлап, қандай күй кешіп жүргенін сезіне білуі керек. Барлық жағдайда жанашырлық танытып, қолдау білдіргені жөн. Ал менің әкем – дәл осындай жан», – деп бағалады Данияр Елеусінов. Марат Тәліпұлы – Елеусіновтер әулетінің асқақ бәйтерегі, бүгінде қамқор ата. Сом білекті, арыстан жүректі Дәуреннен бір ұл, бір қыз, Динарадан жиен сүйіп отыр. Ал Даниярдың Даниэл атты ұлы бар. Рио-де-Жанейрода 17 тамызда даңқты финал өткеннен кейін тура он күннен соң бір жасқа толған ұлына алтын медалін сыйға тартты. Алина есімді асыл жары қосағына әрдайым қолдау білдіреді. Данияр жартылай финалдағы жеңісін жарына арнағаны белгілі. Бұл отбасының тамылжыған мейірім-махаббат нұрына бөлінгенін дәлелдейді.
«Егер ұлдарымның жанарындағы отты немерелерімнен көрсем, бокс өнеріне баулимын», – деді Марат Тәліпұлы. Елеусіновтер әулетінен әлі талай дарабоз шығарына біз де кәміл сенеміз.
Рио-де-Жанейродағы XXXI Жазғы Олимпиада ойынында Тәуелсіздіктің төл перзенті Қазақстанның көк Туын биік тұғырда желбіретіп, еліміздің даңқын күллі әлемге паш етті. Қазақтың марқасқа ұлы Данияр Елеусіновтің әл талай шыңды бағындыратыны анық.
Нұркен ӘБДІҒАППАР,
Орал қаласы
Біз сіздермен «Otbasym.kz» порталындағы басты жаңалықтармен бөлісіп отырамыз