KZ RU

ЖАҢА НӨМІР

ОҚУ

×
×
Выделенный текст:
×

Ұлы іс отбасынан басталады

Асылгүл Рахымжанқызы: Біздің «ерекше туған күндеріміз!»

«Ерекше туған күндер» деп атауымыздың себебі, шынымен отбасымыздың мүшелері: отағасы Орынбай қарашаның 15-інде дүниеге келіпті. Бұл қазір Тәуелсіз қазақ елі қаржыгерлерінің кәсіби мерекесі және «ұлттық валютамыз – теңгенің дүниеге келген» күні. Мен өзім, 22 желтоқсанда, өтіп бара жатқан ескі жылдың қарбалас, жаңа жыл алдындағы уақытта туылғанмын. Бұл бізге жарық беруші энергетиктердің кәсіби төл мерекесі.
Мерейлі отбасы
2018-03-07

Ал, балаларымыз: тұңғыш ұлым Ержан Жаңа жыл – 1 қаңтарда дүниеге келсе, қызым Гүлжан – 2 қаңтарда, ал кіші ұлым Ердос ұлтымыздың Жаңа жылы – 20 наурызда дүниеге келеді. Ержанымның үлкен ұлы, яғни немерем Әбіш 31 желтоқсанда әкесіне сыйлық болып туылды.

Жаңа жылды әр отбасы қуанып қарсы алып, атап өтеді емес пе?

Біздің отбасымыз үшін Жаңа жыл ерекше туған күндермен ерекшеленіп, қатарынан 3 күн тойланатын нағыз мерекеге айналып кетті.

Қазіргі таңда, үлкен Қара шаңыраққа айналған отбасымыздың құрылғанына биыл – 42 жыл. Балаларымыздың әрқайсысы жеке отбасын құрып, жеке отау болып кеткен. Жеке отау болып бөлінгенге дейін, Ержан мен Гүлжан екеуі бір мектепте бірінші сыныптан бастап бірге оқып, университетте де бір курс, бір топта егіз қозыдай, егіз баладай бірге жүріп, бірге оқыды. Сөйтіп, жыл сайын біздің шаңырақта шырша құрып, Жаңа жылды қарсы алумен қатар, 1, 2 қаңтар Ержан мен Гүлжанның туған күндерін сыныптас, курстас достарымен бірге тойлау әдетке айналған кез болды. Ал, Ердосымның туған күні Наурыз мерекесі басталып, Наурыз дастарханы жайылып, Наурыз көже ішіліп, ұлтымыздың Жаңа жылы басталып, көктем мерекесімен қуанып бірге тойлаймыз.

 Есімде, Ержан мен Гүлжан бала кездерінде Ердосқа: «біздің туған күніміз, шырша құрып, Аяз ата, Ақшақармен қызық болады» деп мақтанса, ол «мен қазақша Жаңа жылда, Наурыз мерекесінде, табиғат құлпырып, көк шығып, жаңарып, қазақы үйлер тігіліп, бәрі молшылық, наурыз көже ішілетін уақытта туылғам» деп мақтанатын.

 Бір қызық жәйтті айтсам, Зинат деген әпкемнің жары, Наштай жездем кіші ұлым Ердостың бесік тойына келгенде, «биыл Орынбай мен Асылгүл қателесіп қалыпты, 1-ші баласы 1 қаңтар, 2-ші баласы 2 қаңтарда болса, 3-ші баласы 3 қаңтар болмай қалыпты» деп бәрімізді ду күлкіге қалдырған еді.

Тағы да еске түсіп, ұмытуға болмайтын бір ерекше оқиғаны айту керек. Перзентханадан 1 қаңтарда туылған Ержанмен 10 қаңтарда шықтық. Ол Кеңес Одағы кезінде, тұңғыш баласын туған әйелді нәрестесімен тек 10 күннен кейін ғана шығаратын қатал тәртіп болушы еді. Бұл ана мен баланың қамы үшін жасалатын қамқорлық еді. «Кесерово сечение»,УЗИ дегенді ол кезде естіп те көрмегенбіз. Сол кезде, естен кетпестей болған бір қызық жәйт: тұңғышым Ержанды босанып перзентханадан алып шығып үйге бірге келген әпкем мен жездеме шампан атып тұрып отағасы Орынбай: «келесі жылы дәл осы уақытта Гүлжан есімді қызымыз дүниеге келетін болады, соны құттықтап келетін боласыздар» деп күлмесі бар емес пе!? Айтқанындай, дәл солай болды да. Тұңғышым Ержанның 1 қаңтарда 1 жасқа толғанын атап өтіп, 2 қаңтарда перзентханаға түсіп, қызым Гүлжанды аман-есен дүниеге тағы да Жаңа жылда алып келдім. Аяғым ауыр болғаннан, отағасы Гүлжанды аман-есен босануымды күтіп жүрді. Расында, 2 қаңтар күні, әкесіне ұқсаған қызымды босандым. Бұл да бір айтып отыруға лайықты ерекше оқиғаға айналды.

Ал, немерем Әбішті, келінім Жұлдыз 31 желтоқсан күні, Ержанның туған күніне сыйлық ретінде алып келгендей болды. Осылай, біздің отбасымызда Жаңа жыл, Наурыз мерекелеріне отағасымызға сыйлық жасап отыру әдетке айналғандай болды десем болады. Әсіресе, келінім Жұлдыздың маған ұқсағанын айтамын. Атам қазақ «келін ененің топырағынан жаратылған» деп бекер айтпаған сияқты.

 Міне, осылай біздің отбасымыз әр Жаңа жыл, Наурызды қарсы алумен қатар, туған күндерді қосып тойлап, үлкен мерекеге айналдырдық. Балаларым, ылғи өз туған күндерін әлі күнге дейін, міндетті түрде бірінші болып, мені «Анашым, біз Сізді туған күніңізбен, бізге өмір сыйлаған күніңізбен құттықтаймыз, бұл біздің туылған күніміз ғой» деп жатады. Әрине, балалар өздері жеке отау болып кеткенге дейін, Жаңа жылды үйде, туған күндерін қара шаңырақта қарсы алып жүрдік. Әсіресе өзім, 3 күн қатарынан ас бөлмеден, түрлі дәмді тағамдар дайындау қамымен шыға алмайтынмын, одан соң дастархан басына жиналып, жақсы ақ тілектер айтатынбыз.

Жалпы, Жаңа жылды шырша қойып қарсы алу, Аяз атаның келуі, егіз ұғым ғой. Биыл 2018, қазақ ұлты «жеті қазынаға» жатқызатын тіршілік иесі – Ит жылы келді. Ит – адамның досы, атам қазақ: «Ит қожайынымның отбасында балалары көп болса екен, маған сүйек лақтырып тұрады, мен оларды жақсы көремін» деп тек жақсы ойлар ойлайды екен дейді. Өзім Жаңа жылдың алдында туылғаннан соң ба, маған қыс мезгілі, әсіресе Арқа жерінде, Астанада қатты ұнайды. Айнала аппақ қар, аяз, қандай керемет!

Өзімнің бала кезім есіме түссе, әкем Рахымжан мен анам Шәйім біздің тәрбиемізге қатты көңіл бөлуші еді. Ол кезде, иісі бұрқыраған табиғи шырша ағашын Жаңа жыл алдында ойыншықтарды мектепте болсын, үйде болсын, мәре-сәре болып, бәрін қолдан дайындап, қағаздан қиып, ойып, бояп жасап, безендіруші едік қой. Сол бала кездегі алған қызық әсерімізді әлі күнге дейін ұмыту мүмкін емес. Анамыз, бәрімізге Жаңа жыл алдында костюмдерін қолдан өзі тігіп беретін, конкурс, жарыстарға қатысып, шанаға мініп сырғанап, шаңғы, коньки теуіп, рахатқа батып ойнаушы едік. Әкеміз сыйлыққа кітап, музыкалық аспаптар – домбыра, баян, пластинкалар сыйлаушы еді. Осылай, мерекелер туған күндермен қатар келіп, астасып, барған сайын құлпырып, көңілді, қызық, салтанатқа айналып кетті. Қазіргі уақытта, қара домалақ, сары домалақ он шақты періште немерелеріміз өсіп келеді. Осы қошақандарымыздың бала-бақша, мектептегі шырша, Наурыз мерекесіне қатысып, олардың жайнаған жүздерін көріп, керемет әсер алып, өзімізді бақытты сезінеміз. Әлі күнге дейін осы отбасылық мерекелерде бәрі Қара шаңырақ аясында жиналып, сыр сандықты ашып, сым пернені басып, яғни ойын-күлкімен, домбыра тартылып, ән айтылып, би биленіп, көңілді, қызықты өткізуге тырысамыз. Қарты бар үйдің қазынасы бар екендігін жақсы тәлім-тәрбие көріп өске балаларымыз қатты бағалап, сезінгендіктен болар, мереке, демалыс күндері немерелерімізді жетектеп келіп, ата-әжесіне иіскетіп, мауқымызды бастыртып кетеді.

Қыс мезгілінің қазақ отбасы үшін тағы бір ерекшелігі, соғым уақыты ғой. Қара шаңырақта міндетті түрде, соғымға жылқы сойылып, ақ дастархан басында алып бәйтеректен өрбіген үрім-бұтағымызбен түгел жиналып, береке-бірлігіміз одан сайын нығая түсу жолында, ескі жылымыз есіркесе, жаңа жылымыз жарылқасын деп, Әз- Наурызымызды қарсы алып, тойлауға ақ тілектерімізді айтып, ақ баталарымызды береміз.

Біз сіздермен «Otbasym.kz» порталындағы басты жаңалықтармен бөлісіп отырамыз