KZ RU

ЖАҢА НӨМІР

ОҚУ

×
×
Выделенный текст:
×

Ұлы іс отбасынан басталады

Жұмыста басшы болғаныммен, үйде қосшымын...

Баршамызға белгілі, Елбасының Жарлығымен 2005 жылдың 29 қарашасында «2006-2016 жылдарға арналған Гендерлік теңдік стратегиясы бекітілді.
Мерейлі отбасы
2018-03-07

Осы  стратегияны жүзеге асыру нәтижесінде бүгінде елімізде көптеген әйел отбасы тіршілігімен шектеліп қана қоймай, саясат пен экономикада ер азаматтармен қатар жүр. Солардың бірі – Батыс Қазақстан облысы әкімінің орынбасары Бибігүл Қонысбаева. Қиын да күрделі жұмысты бір кісідей атқарып жүрген ханыммен кездесіп, сұхбаттасудың сәті түсті.

- Бибігүл Тишанқызы, әйел адамның облыс әкімінің орынбасары қызметіне дейін көтерілуі өте сирек кездесетін жағдай. Мұндай аса жауапты жұмысты атқару әйел адам үшін қиын емес пе?

- Жалпы, мен жұмысты ауыр немесе жеңіл деп бөлмеймін. Қандай жұмыс берілсе де, барымды салып, мұқият орындап шығуға тырысамын. Адам баласының өміріне қоршаған ортасы көп әсер етеді ғой. Бақытыма қарай, өмір жолымда ылғи жақсы адамдар кездесті. Жұмыста да, тұрмыста да ниеттері таза, жақсы адамдардың ортасына түстім. Қандай жетістікке қол жеткізсем де, қоршаған ортамның ықпалы мол болды.

Бұл қызметке келуімнің еш құпиясы жоқ. Мені қызмет баспалдақтарына көтерген жұмысыма деген адалдығым шығар. Қай жұмысты да үлкен жауапкершілікпен орындауға мені қызметтестерім, басшыларым үйретті. Осы облыстың Шыңғырлау ауданына қарасты Лубен совхозындағы орта мектептің 9-сыныбын бітірген соң нағашы ағамның ықпалымен Ақмола қаласындағы қаржы–экономикалық колледжіне оқуға түстім. Сол жылы нағашым аталған оқу орнын бітіріп келіп жатқан болатын, жаспын ғой, оның осы оқу орны, болашақ қызметі жайлы айтқан әңгімелеріне елтіген болуым керек. Негізі, мен журналист немесе тарихшы боламын деп ойлағам. Бірақ, бұған менің ата-анам қарсы болды. Осы оқу орнын 1994 жылы бітіріп, Шыңғырлау аудандық қаржы бөліміне жұмысқа кірдім. Сол жерде 1996 жылға дейін жұмыс істеп, тәжірибе жинақтадым. Содан кейін облыстық қаржы басқармасына қызметке ауыстым. Осы жерде жұмыс істеп жүріп, жергілікті жоғары оқу орындарының бірінде білімімді толықтырдым. Облыстық қаржы басқармасында 2011 жылға дейін жұмыс істеп, бөлім басшылығына дейін көтерілдім. 2011 жылы облыстық экономика және бюджетті жоспарлау басқармасына келдім. Бұл мекемеде әуелі бөлім басшысы, сосын басқарма басшысы қызметін атқардым. Облыс әкімінің орынбасары қызметін биылғы сәуір айынан бастап атқарудамын. Бұл жұмыс та бұрынғы атқарып жүрген қызметімнің жалғасы іспетті, қаржыға, экономикаға байланысты. Өзіме жақсы таныс болғандықтан, әзірге бұл жұмыс маған аса қиынға соғып жүрген жоқ.

- Басшылық қызметте жүрген лауазымды тұлғалардың жұмысы қауырт, іссапарларға жиі шығатын кездер де болады. Бұл жағдайлар сіздің отбасылық өміріңізге кері әсерін тигізбей ме?

- Түсіндім. «Екі қайықтың басын ұстаған суға кетпей ме?» дегіңіз келіп отыр ғой.  Жалпы, уақытты тиімді пайдаланған адам барлығын да үлгере алады. Басшылық қызметте жүргеніммен, менің өмірімнің өзгелерден көп айырмашылығы жоқ. Мен де өзгелер секілді, бос уақыт тауып, бала-шағаммен бірге болғанды ұнатамын. Кешке жұмыстан келіп, барлық басқа әйелдер сияқты мен де ас үйге кіріп, бала-шағама ас дайындаймын, содан кейін балаларымның қасына отырып, олардың ертеңгі сабаққа дайындығын тексеремін. Демалыс күндерін бала-шағамның ортасында өткізгенді жақсы көремін. Мен үшін ана болу өмірдегі ең үлкен бақыт.  

- Сіз гендерлік саясатты қалай түсінесіз?

- Гендерлiк саясат дегеніміз – бұл қоғамдық өмiрдiң барлық салаларында ерлер мен әйелдердiң теңдiгiне қол жеткiзуге бағытталған мемлекеттiк және қоғамдық қызмет. Гендерлiк саясаттың негiзгi қағидаттары Қазақстан Республикасының Конституциясымен кепiлдiк берiлген әйелдер мен ерлердiң тең құқығы мен еркiндiгiн белгiлейдi. Ерте заманның өзінде біздің ата-бабамыз әйелдің ақылын, қабілетін жоғары бағалап, оларды ер азаматтардан кем қабылдамаған. Мысалы, ханға әдiлдiгiн айтқан Қарашаштан бастап, ел тұтқасы болған Айғаным мен Фатима ханшалар, Әбілқайыр ханның зайыбы, ел басқару ісіне араласқан Бопай ханым және ағасымен бірге жауға қарсы шапқан ержүрек Бопайдың  ерлік істері халықтың  мәңгі жадында. Қазақ әйелдерінің рухы қашан да мықты болған. Ұлы Отан соғысы жылдарында Жеңіске жетіп, одан кейін күйреген шаруашылықтың тез қалпына келуіне себепкер болған осы әйел-аналардың өлшеусіз еңбегі. Күні кешегі тоқсаныншы жылдардың қиындығы кезінде де әйел адамдар тез ес жиып, ақылдылық көрсетті. Сондықтан, қазақ әйелдері қашан да жақсы істің басында жүрген дер едім. Бүгінгі таңда тек мемлекеттік қызмет қана емес, кәсіпорын басқарып, үлкен бизнеспен айналысып жүрген іскер қазақ әйелдері өте көп.

- Сіздерді жұрт «Жұптары жарасқан жанұя» дейді. Құпия болмаса, бұл жарасымдылықтың сыры неде?  

- Жоғарыда айтқанымдай, «Менің өмір жолымда ылғи жақсы жандар кездесті» деп. Солардың қатарында өзімнің Құдай қосқан қосағым да бар. Ол кісі балаларымның тек әкесі ғана емес, менің нағыз жанашыр досыма айналды. Күйеуім мені барлық жағынан қолдап, көмектесіп отырады. Ол да мен секілді  қарапайым отбасыдан шыққан, өте еңбекқор жан. Үйде менің-бар-жоғымды білдірмей, бәрін өзі реттеп отырады. Оның да, менің де ата-аналарымыз қарапайым еңбек адамдары болды, қазіргі кезде олар зейнеткер, ауылда тұрады. Еңбекте үлкен табыстарға жетуім біріншіден, маған ақыл-кеңесін беріп, жауапкершілікке тәрбиелеген тәлімгерлерімнің арқасы, екіншіден, үйде мені қолдап отырған осы өмірлік серігімнің ықпалы. Өзімнің осындай салауатты, парасаты мол жанға кездестіргенімді өлшеусіз бақыт деп санаймын. Әйтпесе, қаншама әйел парықсыз еркектердің кесірінен бақытсыз болып жүр?!

Меніңше, отбасындағы береке-бірлік  әйел адамға байланысты болады. Үйде береке болу үшін әйел адам ер-азаматпен еш уақытта «тақ» таластырмауы керек. Берекелі тіршіліктің, жұрт айтатын жұп жарасымдылығының барлық сыры осында! Мысалы мен жұмыста басшы болғаныммен, үйде қосшымын.

- Қазіргі таңда бүкіл әлем қаржылық дағдарыста. Бұл жағдай біздің елімізді де айналып өтпей тұр. Осыған орай, жұмыс орындары жабылып қалып, кейбір адамдар уақытша болса да қиыншылық жағдайда қалуда. Жұмысын жоғалтып, қиналып қалған адамдарға қандай кеңес берер едіңіз?

- Бұл бағытта Елбасының тапсырмасымен бірқатар бағдарламалар жасақталып, олар табысты жүзеге асырылуда. Ол үшін осындай  бағдарламаларды түсіндіретін арнайы мекемелер бар, соларға барып, кеңес алу керек.  «Жұмыспен қамту-2020» бағдарламасының өзі қаншама адамға өз көмегін тигізді. Қазіргі уақытта қала адамдарына да, ауыл адамдарына да жеке кәсіппен айналысуға мүмкіндік  мол. Осы мүмкіндікті пайдаланып, жеке кәсібін дамытып келе жатқан адамдар көп.

- Әңгімеңізге көп-көп рахмет. Жұмысыңыз жемісті болсын!

Айша ӨТЕБӘЛІ,
Батыс Қазақстан облысы

Біз сіздермен «Otbasym.kz» порталындағы басты жаңалықтармен бөлісіп отырамыз