Ұлы іс отбасынан басталады
Жалпыадамзаттық құндылықтар – бұл әртүрлi халықтардың, әртүрлi дiндердiң, әртүрлi кезеңдердiң рухани мақсатын жақындастырып, туыстырады. Олар сол себептi де жалпыадамзаттық деп аталып ХХ ғасырдың аяғында адам құқығы жайлы Бiрiккен ұлттар ұйымының ООН құжатында өз көрiнiсiн тапты. Жалпыадамзаттық – бұл әрбiр адам, оның еркiндiгi мен адамшылық деген ажырамас та пәк кiршiксiз құқығы. Тұлға құндылығы – жалпыадамзаттың рухани негiзi. Адам – ең басты құндылық. Дәстүрлi жалпы бiлiм беретiн мектепте бiлiм мазмұны кеңес өкiметi кезiнде, қазiргi күнде де (елдi индустриализациялау мiндеттерi, техникасы дамыған елдер бiлiмiнiң деңгейiне қарап, үлгi алумен, ғылыми-техникалық прогресстiң жалпы рөлiнiң артуымен айқындалатын) технократтық бағытта болды. Бiлiм негiзiнен оқушылардың рухани жан дүниесiне, адамгершiлiгiне, инабаттылығына емес, тұлғаның бастапқы түсiнiгiне бағдарланды.
Рухани-өнегелік тәрбие негізі отбасынан туындап, отбасынан әрі қарай дамиды. Отбасы өзінің күшімен, педагогикалық қолдаумен баланың қалыптасуына жетекшілік етеді. Бұл – отбасын рухани-өнегелі тәрбие факторы ретінде сипаттайды. Яғни, отбасылық құндылықтар қандай болса, өнегелі тәрбие деңгейі де сондай болмақ. Осы орайда «ұяда не көрсе, ұшқанда соны іледі» деген халық даналығының мән-мазмұны айқын ашылғандай.
Руханият ұғымының көптеген анықтамаларының ішінен биік рухани шынайылыққа ие болу, қайырымды, мейірімді, мәдениетті адам бола білу сияқты сөздерді теріп алдық. Руханилық – бұл адам өмірінің барлық кезеңіндегі ерекше қасиеттері, бізді кешегі жеткен жетістіктеріміздің үстінен биікке самғататын нәрселердің баршасы руханият болып табылады. Руханият адамның өзінің қоршаған орта әлемімен жарасымдылық негізінде құруға ұмтылысында пайда болады. Рухани-өнегелі тәрбие жайлы бүгінгі таңда сөз қозғау – демек заманауи қазақ елі қоғамының дағдарысымен байланысты мәселелерді айту болып табылады.
Қоғам отбасында қаланатын, отбасында қалыптасатын адам жанының өнегелі негізінде тыныштыққа бөленуі тиіс. Олай болса,қоғамдағы дағдарыс отбасы дағдарысынан туындаған деуге негіз бар. Ең басты себеп – рухани заңдылықтарды елеп-ескермеу болып табылады.
Абай жастарды адамгершілік рухында тәрбиелеп, оларға ғылым мен білімге бастар жолды көрсете отырып, бұл мәселелердің шешімі еңбекте деп білді. Абай шығармалары олардың әр түрлі кәсіпті еркін меңгеруіне ықпал етіп, еңбекті тиімді ұйымдастыру жолдарына баулыды, жастарды бойындағы күш-қуатын пайдалы еңбекке жұмсауға шақырды. Жастардың айналысар кәсібінің аясы тарлығына тоқталып, өзімен көршілес халықтардың егіншілік пен қолөнерін, сауда жасауды, түрлі кәсіпті үйренуге үндеді. Жастарға жеке басыңның қамын күйттеп кетпей, халқыңның жарқын болашағы үшін еңбек ет: «Өзің үшін еңбек қылсаң, өзі үшін оттаған хайуанның бірі боласың; адамшылықтың қарызы үшін еңбек қылсаң, Алланың сүйген құлының бірі боласың», - деген өсиет қалдырды. Абай қалың бұқараны адал еңбекке үндеді, қулық-сұмдықпен, алдау-арбаумен, ұрлық-зорлықпен, еңбексіз тапқан мал мен мүліктің: «Еңбек қылмай тапқан мал дәулет болмас, Қардың суы сықылды тез суалар...»- деп, ондай арзан дүниенің жұғымсыз екенін ұқтырды. Жастардың әрбірінің айналысар кәсібі болуын, ол кәсіпке дағдылану машығының неғұрлым ертерек басталуын, жастық шақта еңбекке деген ұмтылыстық, икемділіктің тұрақты қасиетке ұласуын құптады. Еңбек етуге де өзіндік байлам, талаптылық пен берік табандылық сияқты қасиеттердің керектігін ескертті. Ақын әрбір жастың келешегінің нұрлы, болашағының жарқын болуы адал еңбегі арқылы жүзеге асатыны туралы терең педагогикалық тұжырым жасады.
Жастарымыз оңай, жеңіл жолмен жетістікке жету үшін моралдық ұстанымдардан аттап кетуге дайын екендігін қазіргі кезде, күнделікті бастан кешіріп жатқан көріністер айқындай түседі. Көпшілік жастар үшін, өкінішке орай, қандай жолмен болсын ақша табу, шектен тыс емін-еркін және сәнді де салтанатты өмір кешу мақсат-мұрат болып қалды.
Кез-келген жолмен рақатқа бөленіп, көңіл көтеру, үздіксіз ойын-сауыққа кенелу - өмір сүрудің мәні болып табылатын гедонизм философиясын телу мақсаты жүріп жатыр. Гедонизм грек сөзінен рахатқа бөлену өмірдің ең биік игілігі мен мақсаты болып табылатын «рахаттану», «ләззат алу» деген этикалық оқу дегенді білдіреді. Табиғат адамды үстемдік етуші екі тәуелсіз, әміршілік етуші биліктің астында ұстайды: қайғы-қасырет пен қуаныш. Олар бізге бүгін не жасау керектігін көрсетеді, сондай-ақ ертең не істеу керектігін айқындайды. Шындық пен өтіріктің өлшемі сияқты, себеп пен салдар тізбегі де осылайша солардың тағында жайғасқан.
Компьютердің өмірге енуі адамдардың бір-бірімен тілдесу қарым-қатынасын кәдімгідей алмастырды. Көпшілік ақпарат құралдары зорлық-зомбылық идеясын, психологиялық террорды, мінез-құлықтың жүгенсіздігін көрсетіп жатыр. Мұның барлығы тұлғаны оның отбасында қалыптасып келе жатқан игі жақсы қасиеттерін әлбетте бұзады.
Қоғам мектеп алдына қандай міндеттер қоймасын, ата-ананың көмегінсіз, олардық терең қызығушылығынсыз, олардың педагогикалық және психологиялық білімінсіз тәрбиелеу мен оқыту үрдісі қажетті нәтижелер бермейді. Мектеп пен отбасының өзара педагогикалық әрекеттестігі, педагогтың дұрыс таңдап, ұстанған ұстанымымен, стилімен, әдісімен байланысты. Шетелдердің отбасы тәрбиесіне байланысты кейбір ережелеріне жүгінсек, мынадай пайдалы кеңестер мен ережелерді ескеруге болады:
Отбасы тәрбиесінің рухани-өнегелі негіздерін сақтап, әрі қарай дамыту үшін мынадай педагогикалық тәжірибелерге жүгіну абзал болмақ. Біріншіден, отбасының ынтымағы, отбасы үшін отқа түсу және бір-біріне деген сүйіспеншілікті арттыру. Екіншіден, отбасының рухани өсуі үшін ұмтылыс жасау, өзін-өзі жетілдіру. Үшіншіден, бала еркіндігіне көңіл бөлу және оның абыройына құрметпен қарау. Төртіншіден, жұбайлардың бір-біріне деген кіршіксіз тазалығын сақтау. Бесіншіден, қоғам өміріндегі қайырымдылық көрсету бағдарламаларына қатысу. Алтыншыдан, отбасылық дәстүрді сақтау.
Жоғары сынып оқушыларының ата-аналары кейде мектеп жиналысынан кейін «Біз қай жерден қателік жібердік? Баламыз неге өзгерді?» деген сұрақтарға тап болады. Әрине, бұл тәрбиенің ең күрделі кезеңі. Алдымен бала ата-ананың айтуымен өмір сүреді, сосын ол оқытушының пікіріне құлақ асады, сосын құрбы-құрдастарының, қоғамның айтуы бойынша әрекет жасап көреді. Осыдан кейін ол мұның бәрін жоққа шығарады. Бұл дағдарысты жасөспірімдердің бәрі де басынын кешіреді: дұрыс таңдау жасау үшін адам өзіне өзгелердің ұсынған, айтқандардың бәрін өзінен ысырып тастауы керек. Бұл жерде оны жақсы көру, оған қамқорлық жасау және көңіл бөлу жеткіліксіз. Әңгімелесу және ақыл айту, олай емес, былай жаса деу – балада ашу-ыза тудырады, тиым салу – кертартпалық пен араздықты тудырады.
Не істеу керек? Біздің, педагогтардың пікірі бойынша: бұл жағдайда шыдамдылық керек, сабырлық көрсетіп, араға уақыт салып күту қажет. Егер отбасылық құндылықтың негізі дұрыс та берік қаланса, бала міндетті түрде дұрыс таңдау жасайды, әдеттегі, қалыпты, үйреншікті өмірге қайта оралады. Отбасылық дәстүр, оның өнегелі тамаша үлгісі, балаға ой салып, тынышталу күйін, сабырлылық пен бірқалыптылық және жарасымдылық береді. Нәтижесінде, бала ата-анасының көрсеткен отбасылық үлгісіндей, бір-бірін жанындай жақсы көріп өмір сүрген ата-анасы сияқты, өзінің сүіспеншілікке толы отбасын құрады.
Қазақ халқының зиялы ақыны, педагог, қоғам қайраткері М.Жұмабаевтың: «Тәрбиедегі мақсат баланы тәрбиешінің дәл өзіндей етіп шығару емес, келешек өз заманына лайық қылып шығару» деп айтуы бала тәрбиесіндегі ата-ана, мектеп, қоғам алдында үлкен жауапкершіліктің тұрғандығын дәлелдейді. Отбасы мен мектептің өзара ынтымақтастығын нығайтудың өте маңызды екендігін айтады. Ал, тәрбие қоғамдық құбылыс болғандықтан, оны қоғам талаптарынан тыс ұйымдастыру мүмкін емес. Бұл тұста үштік одақ: отбасы, мектеп және қоғамдық мекемелер жұмысындағы өзара сабақтастық және ынтымақтастық өз үйлесімін табуы тиіс.
Арнайы белгіленген 15 мамыр – халықаралық отбасы күні екндігін көпшілігіміз біле бермейміз. Атаулы күн 1993 жылы БҰҰ-ның Бас Ассамблеясымен бекітілген. Бұл күнді белгілеу түрлі мемлекеттерде қоғамның назарын отбасына аудару қажеттігінен туындаған. Мереке болған соң, міндетті түрде тарту етілетін сыйлықтар да болады. Сіздің де дәл осы күні жарыңызға, ата-анаңызға, перзентіңізге, бауырларыңызға көңіл бөліп, сыйлық жасап, қуанышқа кенелтуге мүмкіндігіңіз бар.
Отағасына кеңес: Мереке күні өмірлік серігіңізге гүл шоқтарын тарту етуді ұмтытпаңыз. Жарыңызды дүкенге ертіп барып, қалағанын сатып алып берсеңіз де, артық етпейді. Ал, отбасының өзге мүшелеріне театрға немесе киноға билет алып, әсерлі кеш сыйлаңыз.
Отанасына кеңес: Отбасының ұйытқысы, берекесі, мейір-шапағаты – әйел. Сондықтан, отбасы ұйытқысы өзіңіз болғандықтан, тосын сый ретінде барлық отбасы мүшелерін жинап, мерекелік дастархан жасап, қызықты кеш ұйымдастырыңыз.
Егер сіздің атаңыз не әжеңіз болса, оларға ескі суреттері жинақталып салынған фотоальбом сыйлаңыз. Көне көзді адамдар ескі суреттерге қарап, өткенді еске алғанды ұнатады. Немесе ол кісілердің заманынан көрініс беретін ескі әндер жазылған үнтаспа сыйлаңыз. Бұл жерде сіздің ойыңыздың ұшқырлығы мен шығармашылық тапқырлығыңыз басты орында болмақ.
Отбасыңыздың барлық мүшелері түскен әдемі суретті үлкен рамаға салып сыйласаңыз, барлығы да дән риза болмақ. Және жанұяңыздың барлық мүшелерінің суреті бейнеленген шыныаяқтар немесе тарелкалар ұсынуға да болады.
Ең бастысы мереке күні бір-біріңізге әдемі де әсерлі сөздер арнап, ерекше сыйластық көресете біліңіздер. Тек қана осы аталған күні ғана емес, жылдың әрбір минутында, әрбір сағатында, жанұяңызды ыстық ықыласыңыз бен шексіз махаббатыңызға бөлей жүріңіз!
Береке-бірлігі мол үлгілі отбасында тәрбиеленген баланың таным жүйесі мейлінше ауқымды, болашақ өркениетке қосар үлесі де зор болмақ. Тәрбиенің бастауы болған отбасы мүшелері тәрбие мен оқу жоспарын іске асыруда мектептің ең басты одақтасы бола алады. Мектеп пен отбасы мүшелері өзара бірлесіп жұмыс істегенде ғана ынтымақтастықпен қарым-қатынас орнап, арада түсіністік пен үйлесімділік нығая түседі. Себебі, баланың өмір сүруге құштарлығының оянуы тәлім-тәрбиедегі бір жүйелілікпен, өзін қоршаған ортамен, бірге оқыған құрбы-достарымен, олардың күнделікті іс-әрекетімен, сөйлеген сөзі, жүріп-тұруы тағы басқа қасиеттерімен тығыз байланысты. Орынды тәрбие беру арқылы адам баласының тағдыры шешіледі, оның білімді тұлға болып қалыптасатынын, елдің берік тірегі болатынын көрсетеді. Ұлтымыздың ұлағатты дәстүрлерін кеңінен пайдаланып, тәрбие ісіне арқау ету де өз пайдасын тигізеді. Отбасы – ұрпақтан-ұрпаққа жалғасып келе жатқан әдемі дәстүрлерді пайдалану арқылы, адамшылық жарқын бейнелерді үлгі ету арқылы, жақсы сөз, ұнамды мінез, ыстық ықылас, қуаныштарын білдіре отырып, ашық әңгімелесу арқылы да баланың көңілін тауып, ішкі сырын ашуына болады. Абай: «Адам ата-анадан туғанда есті болмайды: естіп, көріп, ұстап, татып ескерсе, дүниедегі жақсы, жаманды таниды дағы, сондайдан білгені, көргені көп болған адам білімді болады», – дейді.
Көптеген ата-аналардың проблемасы өздерінің бойында жоқ қасиеттерді баласының бойында тәрбиелеуге ұмтылысында болып табылады. Темекі тартатын, ішімдікке құмар немесе жаман сөздермен балағаттайтын ата-аналар өз баласына сен олай жасамауға тиіссің деп сенімді де нық айта алмасы айқын. Бұл жерде ата-ана рухани және өнеге жағынан мүлтіксіз болсын деп кесіп айтуға болмайды, бірақ,олар өздерін үнемі дұрыс ұстап, үнемі өздігімен жұмыс жасауы керек. Рухани өмірде сенің қаншалықты жетілгендігің емес, қаншалықты өзіңнің өзіңмен жұмыс жасағаның маңызды.
Сол себепті де ата-ананың ең бірінші де негізгі міндеті бала ата-анасының өзін жақсы көретіндігі, оны аялап қамқорлық көрсететіндігіне сенімі мықты болуы керек. Ешқашанда, қандай жағдай болмасын балада ата-ананың өзіне деген сүйіспеншілігіне күдік тумауы тиіс. Ата-ананың ең табиғи ең қажетті міндеттерінің бірі – бұл бала қай жасқа келмесін оған сүйіспеншілікпен және ықтияттылықпен қарау болып табылады.
Айдарова З.Ш.,
п.ғ.к., ҚР ББЖКБАРИ педагогика
және инклюзивті білім беру кафедрасының
аға оқытушысы, Алматы қаласы
Біз сіздермен «Otbasym.kz» порталындағы басты жаңалықтармен бөлісіп отырамыз