Ұлы іс отбасынан басталады
- Ләззат Еркенқызы, осы бағытта қандай жұмыстар жүргізіліп жатыр, қандай көрсеткіштер бар, жоспар бойынша 2018 жылы қанша отбасы баспаналы болмақ?
«7-20-25» бағдарламасының іске қосылуы – Мемлекет басшысының дер кезінде қабылданған маңызды шешімі. Бұл бағдарламаның аясында жұмыс істеп жүрген әр азаматтың жылдық мөлшерлемесі 7 пайыздан, ал бастапқы жарнасы 20 пайыздан аспайтын, мерзімі 25 жылды құрайтын қолжетімді шарттары бар тұрғын үй займын ала алатыны қарастырылған.
Жарияланған ақпаратқа сәйкес, жаңа бағдарламаның операторы ҚР Ұлттық банкінің еншілес ұйымы «Баспана» ипотекалық ұйымы» АҚ болмақ. Бағдарламаға еңбек және (немесе) кәсіпкерлік қызметтен алатын табысы бар, сондай-ақ меншік құқығында тұрғын үйі жоқ Қазақстан Республикасының кез келген азаматы қатыса алады.
Бағдарламада Қазақстан Республикасының кез келген өңірінде бастапқы нарықта тұрғын үй сатып алу үшін мынадай құн шегінде ипотекалық тұрғын үй қарызын алу мүмкіндігі қаралады:
25 млн теңге – Астана, Алматы, Ақтау және Атырау қалаларында;
15 млн теңге – басқа өңірлерде.
«7-20-25» бағдарламасы осы жылдың екінші жартысында іске қосылады деп күтіліп отыр.
Ал Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі жүзеге асырып отырған тұрғын үй құрылыс жинақ жүйесіне сәйкес, азаматтарға жылдық мөлшерлемесі 3,5-5% аралығындағы тұрғын үй займын алу үшін алдымен шотқа ақша жинау керек. Пәтер, үй немесе жер телімін сатып алуға қолжетімді несие ресімдеу керек болса, сол мүлік бағасының 50%-на тең қаражаттың басын құрау қажет. Жылжымайтын мүлікті бастапқы нарықтан да, қайталама нарықтан да, елдің кез келген жерінен алуға болады.
Сонымен қатар Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі ұзақ жылдар бойы мемлекеттік тұрғын үй бағдарламаларының операторы болып келеді. Қазіргі уақытта банк «Нұрлы жер» бағдарламасын жүзеге асырып жатыр. «Нұрлы жер» аясында қолында үй құнының 30%-на тең қаражаты бар салымшыларымыз жылдық мөлшерлемесі 5% заем ресімдей алады.
Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі «7-20-25» бағдарламасын қолдай отырып, «Нұрлы жер» мемлекеттік бағдарламасына бастапқы жарнаны 50%-дан 30%-ға төмендету туралы өзгерістер енгізу бастамасын көтерді. Жаңа ереже жақын арада қолданысқа енеді деп күтіліп отыр.
Жалпы, «Нұрлы жер» бағдарламасы аясында 2017 жылдың басынан бері Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі желісі бойынша барлығы 7 577 пәтер сатылды. Сондай-ақ бүкіл Қазақстан бойынша тағы 5702 пәтер пайдалануға берілді, қазір олар банк салымшылары арасында бөлістіру рәсімінен өтіп жатыр. Мұның сыртында 2018 жылдың соңына дейін, жергілікті атқарушы органдармен келісімге сәйкес, «Нұрлы жер» аясында 14 251 пәтер пайдалануға беріледі деп жоспарланып отыр.
- Осы жоғарыда айтылған «7 – 20 – 25» бағдарламасы бойынша бүгінгі таңда құжат тапсырушы саны қанша, бұрынғыдан қарағанда бұл бағдарламаның тиімді екенін халық сезіне білді ме, жеке шоттарын ашқан халық саны көбейді ме, жоқ әлі де болса хабарсыз жатқандар баршылық па? Олай болған жағдайда Банк тарапынан жұмыс жүргізілуде ме ?
«7-20-25» бағдарламасы шынымен қазақстандықтардың үлкен қызығушылығын туғызып отыр және оның іске қосылуы еліміздегі тұрғын үймен қамтамасыз ету көрсеткіштерін айтарлықтай көтеруге мүмкіндік береді. «7-20-25» осы жылдың екінші жартысында іске қосылады деп жоспарланып отыр.
Тұрғын үй құрылыс жинақ банкін алып қарайтын болсақ, салымшыларымыз қатарының жылдан-жылға артып келе жатқанын айта кету керек. Бұл – тұрғын үй құрылыс жинақ жүйесі тиімділігінің және оған сенім артқан қазақстандықтар санының тұрақты өсіп отыруының белгісі.
Дәлел ретінде соңғы төрт жыл ішіндегі статистиканы келтіруге болады:
- 2018 жылдың алғашқы 5 айы нәтижесіне сәйкес, банкте 175 787 депозит ашылған.
- 2017 жылдың алғашқы 5 айында 166 894 депозит ашылған.
- 2016 жылдың алғашқы 5 айында 86 900 депозит ашылған
- 2015 жылдың алғашқы 5 айында 86 185 депозит ашылған.
2018 жылдың 1 маусымындағы дерекке сәйкес, қазір Тұрғын үй құрылыс жинақ банкінде 1 172 011 шот бар, олардың жалпы сомасы 546,4 млрд теңгеге тең.
2018 жылы тұрғын үй жағдайын жақсарту үшін 12 912 адам несие алды.
- Жалпы, енді қолжетімді баспана дейміз ғой. Осы баспананы кімдер ала алады? Халықтың әлеуметтік тұрғыдан әлсіз топтары, көпбалалы отбасылар, мүгедек жандар бар, әскер қызметіндегілер тағы басқа топтарға бөлінетін осы кісілерге баспаналы болу үшін қандай құжат не болмаса қандай шара қолдануы керек?
Жоғарыда айтылғандай, Тұрғын үй құрылыс жинақ банкінен жылдық мөлшерлемесі 3,5-5% аралығындағы қолжетімді заем алу үшін банк салымшысы атану керек.
Ол үшін банк бөлімшелерінің біріне баруға немесе үйге, жұмысқа кеңесші шақыруға болады. Кеңесшілер депозит ашуға қатысты операцияларды 21.00-ге дейін немесе демалыс күндері орындай алуға құқылы. Кеңесшілер туралы ақпаратты банктің www.hcsbk.kz сайтынан білуге болады.
Осыдан кейін салымшыға қажет соманың 50%-ын жинау керек. Мысалы, алғыңыз келетін үйдің бағасы 10 млн теңге болса, шотыңызда 3 жылдан аз емес уақыт ішінде кемінде 5 млн теңгенің басын құрау керек. Сондай-ақ қаржылық тәртіптің коэффициенті деп аталатын бағалау көрсеткішіне қатысты минималды талапты орындау қажет. Ол үшін ай сайын тұрақты түрде ұсынылған соманы депозитіңізге салып тұрсаңыз жеткілікті.
Ақша жинау барысында банк салым бойынша 13,3%-ға дейін баратын ең жоғары тиімді мөлшерлемені ұсынады. Бұл 2% көлеміндегі банктің базалық мөлшерлемесі мен 20%-дық мемлекеттік сыйлықақының арқасында мүмкін болып отыр. Мемлекеттік сыйлықақы депозиттегі жиналған ақшаның 200 айлық есептік көрсеткіштен (481 000 теңге) аспайтын көлеміне беріледі. Осы жылы ең жоғарғы мемлекеттік сыйлықақы 96 200 теңгені құрайды. Депозиттегі ақша 200 АЕК-тен көп болса, жинақтың мемлекеттік сыйлықақы берілмеген бөлігі келесі жылы ескерілетін болады.
Кемінде үш жыл бойы ақша жинау – жылдық мөлшерлемесі 5% болатын несие алудың кепілі. Әрине, қаласа, банк салымшысы бұдан ұзақ уақыт та жинай алады. Мұндай жағдайда несие мөлшерлемесі төменірек болады. Мәселен, ол депозитке 4 жыл бойы ақша салып отырса, кейін тұрғын үй займын ресімдеген кезде, мөлшерлеме 4,8%-ды құрайды. Яғни неғұрлым ұзақ ақша жинасаңыз, несие бойынша мөлшерлемеңіз де соғұрлым төмен болады. Біз ұсынатын тұрғын үй займы бойынша ең төменгі жылдық несие мөлшерлемесі 3,5%-ға тең.
Алайда кей салымшыларымыз үш жылға жеткізбей-ақ несие алғысы келеді. Немесе шот ашып, бірден қажет соманың 50%-ын құйып тастауы мүмкін. Бұл жағдайда несие бойынша сыйақы мөлшерлемесі 7,5-8,5% аралығында болады. Ол тек депозит мерзімі 3 жыл болғанда барып төмендейді. Аталған талап «Қазақстан Республикасының тұрғын үй құрылыс жинақ ақшасы туралы» заңында көрсетілген. Сол себепті жинақ мерзімін сақтаған жөн, сол кезде барып салымшы елдегі ең төмен пайызбен несие ресімдей алатын болады.
Тұрғын үй құрылыс жинақ жүйесі ұсынатын мүмкіндіктерді еліміздің кез келген азаматы пайдалана алады. Тіпті, шағын табыспен де аз-аздан ақша жинап отырып, бірнеше жылдың ішінде баспаналы болуға болады.
Ал халықтың әлеуметтік тұрғыдан осал топтары Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі желісі арқылы «Нұрлы жер» бағдарламасына қатыса алады. Бұл бағдарламаға негізінен жергілікті атқарушы органдарда кезекте тұрған азаматтар қатысып жатады. Әкімдіктер оларға арнап қымбат емес үйлер салады, ал Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі баспана сатып алуға көмектеседі. «Нұрлы жер» бағдарламасына қатысушыларға шоттарына үй бағасының 30%-на тең сома жинау жеткілікті. Сонда жылдық мөлшерлемесі 5% несие алуға болады. Қаражатты банктен салым ашып біртіндеп жинауға да, бірден әкеліп салып тастауға да болады.
Тұрғын үйден үміткерлер келесі талаптарға сай болуы керек:
«Нұрлы жер» бағдарламасының аясында салынып жатқан нысандар туралы ақпаратты baspana.kz сайтынан білуге болады. Бұл портал тұрғын үйлерді таңдау ыңғайлы, ал бөлістіру ашық, айқын болсын деп арнайы жасалған. Мұнда қолжетімді үйден үміткер азамат өзі пәтер алғысы келетін қаланы таңдап, аймақта қандай нысандар салынып жатқанын біліп, өтініп қабылданып жатқан-жатпағанын анықтап, ұнаған пәтерді таңдап, тұрғын үй сатып алушылар пулына қатысу үшін өтінім бере алады. Нысан бойынша өтінімдер қабылдау құрылыс аяқталғанға дейін бірнеше ай қалғанда басталады. Пулға барлық ҚТҚЖБ клиенттері қатыса алады, алайда мемлекеттік бағдарлама талаптарына толық сай келетін және ең көп ұпай жинаған салымшылар ғана баспаналы болу мүмкіндігіне ие. Ұпай саны депозиттің қаншалықты тұрақты толықтырылып отырғандығы және шоттың әрекет ету мерзіміне байланысты. Осылайша депозит неғұрлым ерте ашылса және оған дер кезінде ақша салынып отырса, ұпай да соғұрлым жоғары болмақ. Ұпайларды арнайы бағдарлама есептейді, адам араласа алмайды, яғни процесс ашық автоматты түрде жүреді.
- Қазақстан Республикасының 2000 жылғы 7 желтоқсандағы «Қазақстан Республикасындағы тұрғын үй құрылыс жинақтары туралы» Заңы Қазақстанда тұрғын үй құрылыс жинақ жүйесін енгізудің негізін қалады. Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2003 жылғы 16 сәуірдегі №364 Қаулысының негізінде тұрғын үй құрылысын ұзақ мерзімді қаржыландыру мен тұрғын үй құрылыс жинақ жүйесін дамыту тиімділігін көтеру және жетілдіру мақсатында жарғылық капиталына мемлекет 100% қатысқан «Қазақстанның тұрғын үй құрылыс жинақ банкі» акционерлік қоғамы құрылды. Содан бері аз уақыт өткен жоқ, осы уақыт ішіндегі жасалған жұмыстар қортындысын, яғни, әр жылдың көрсеткіші ретінде сандық деректер берсеңіз.
15 жыл бойы банк тұрақты түрде дамып, жетіліп келеді. Осы уақыт ішінде 144 171 қазақстандық отбасы Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі арқылы баспана жағдайын жақсарта алды. Қазір 1 172 011 салымшы үй аламыз деп банктен шот ашып, ақша жинап жатыр.
Банк жұмысының тиімді екенін соңғы үш жыл ішіндегі статистикадан көруге болады.
Мысалы, 2017 жылдың нәтижесінде, 352 301 жаңа депозит ашылған. Ал тұрғын үй жағдайын жақсарту үшін 28 673 адам заем алған.
2016 жылдың қорытындысы бойынша, 292 116 депозит ашылыпты. 15 851 адам заем ресімдеген.
2015 жылдың нәтижесінде, 224 703 жаңа депозит ашылып, 18 762 клиент несие алған.
Өткен жылы Тұрғын үй құрылыс жинақ банкінің 27,2% үлеспен ұзақмерзімді салымдар нарығында бірінші орын алғанын айта кету керек.
Тұрғын үй құрылыс жинақ жүйесіне қатысушылардың елдегі экономикалық тұрғыдан белсенді халық арасындағы үлесі 12,1%-ға тең. Бұл – қазақстандықтарда қаражат жинау мәдениетінің дамып келе жатқанының көрсеткіші.
Сондай-ақ банк тұрғын үй құрылысы және үй сатып алуға бөлінген несиелер нарығында да 33,1% үлеспен бірінші орында тұр. 2017 жылы қазақстандық ипотеканың төрттен үш бөлігін Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі берген. Осы ретте банктің несие қоржынының сапасы жоғары екенін, ал проблемалық займдар (NPL – өтеу мерзімі кешіктірілген, 90 күннен асып кеткен) үлесі 0,3% ғана екенін айта кету керек. Бұл – елдегі барлық екінші деңгейлі банктер арасында ең жоғары көрсеткіш.
Қазіргі уақытта банктің несие қоржыны келесідей түзілген:
Несиелердің 86,5%-ы үй сатып алуға
6,7%-ы жөндеу жұмыстарына
1,8%-ы үй құрылысына
0,9%-ы жер телімін сатып алуға берілді.
Мемлекеттік бағдарламалар аясында берілген займдардың жалпы несие қоржынындағы үлесі 15-20% екенін атай кету керек.
Негізінен банк салымшылары займды коммерциялық нарықтан үй сатып алу үшін ресімдейді. Тұрғын үй құрылыс жинақ жүйесі мұны барынша оңтайлы жолмен жасауға мүмкіндік береді.
Орта есеппен біздің банк арқылы берілген займның мерзімі 6,4 жылды құрайды. Ал орташа сомасы 6 млн теңгеге тең. Тұрғын үй займы бойынша айлық орташа төлем көлемі – 54 000 теңге.
- Жоғарыда айтылған «7–20-25» бағдарламасы бойынша алдымыздағы жылға қандай қорытындымен барамыз деп отырсыздар? Келер жылға жоспарларыңыз қандай?
Банк Президенттің «7-20-25» бастамасына қолдау білдіре отырып, аталған жаңа мемлекеттік бағдарламаны жүзеге асыруға үлес қосуға әзір. Алдағы уақытта банкте баспана иесі атанған қазақстандықтардың санын арттыруға мүмкіндік беретін қосымша өнімдер пайда болуы мүмкін.
Осы жылы Тұрғын үй құрылыс жинақ банкінде 2023 жылға дейінгі даму стратегиясы бекітілді. Бұл құжаттың мақсаты – қазақстандық отбасыларды баспанамен қамтамасыз ету. Яғни Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі тұрғын үй құрылыс жинақ жүйесін жүзеге асыруды жалғастыра беретін болады.
Сандарға келетін болсақ, 2018 жылдың қорытындысы бойынша депозит қоржынының көлемі 598,8 млрд теңге, ал несие қоржыны көлемі 542,6 млрд теңге болады деп күтілуде. Ал тұрғын үй құрылыс жинақ жүйесі қатысушыларының елдегі экономикалық тұрғыдан белсенді халық арасындағы үлесі 12,4%-ға дейін өседі деп отырмыз.
Сондай-ақ біз клиенттерге қызмет көрсетуге қатысты операциялардың 70%-ын банк қызметіне алдыңғы қатарлы технологиялар мен автоматтандыру енгізу арқылы online-режимге ауыстыруды жоспарлап отырмыз.
Қазірдің өзінде онлайн-табыстау атты жаңа сервис іске қосылды, бейне-қоңырау қызметі әзірленіп жатыр, baspana.kz порталы жетілдірілуде, бірқатар аймақтарда өз тұрғын үй бағдарламалары пайда болады, IТ-инфрақұрылымды жаңғырту жалғасады.
Мұның бәрі отандастарымызға тиімді жолмен үйге деп ақша жинауға, баспаналы болу үшін қолжетімді заем алуға мүмкіндік береді.
- Ләззат Еркенқызы, Қазақстан Республикасы Президентiнiң жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөнiндегi ұлттық комиссияның мүшесі ретінде Сізді 20 жылдық мерейтойларыңызбен құттықтаймыз! Комиссия мүшесі ретінде Сіздің тарапыңыздан қандай жұмыстар жүргізілді?
Жұмысымның ерекшелігіне сәйкес, мен, бірінші кезекте, әйел-құрылысшылар мен Тұрғын үй құрылыс жинақ банкінің әйел-салымшыларын қолдаймын.
Осы маусым айының басында ғана ҚР Президенті жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссия отырысында сөз сөйлеп, қызықты статистика келтірген болатынмын. Біздің банк салымшыларының 58%-ы – әйелдер. Баспаналы болсам деп ойлап, банкке келіп, депозит ашатын әйелдердің көпшілігі 25-35 жас аралығында екен. Банктің әйел-клиенттері үнемшіл болу және болашақты алдын-ала ойластыруды балаларына да үйретеді. Мұны Тұрғын үй құрылыс жинақ банкінен ашылған 140 000-дай балалар депозитінен көруге болады.
Әйелдер саны банк займшылары қатарында да жоғарырақ. Пәтер немесе үй сатып алу үшін несие ресімдеген әйел-клиенттердің негізгі жасы 36 мен 45 аралығында. Оларға берілген займдардың орташа мерзімі – 6,5 жыл.
Ең жауапты займшылар деп те әйел-клиенттерді атауға болады. Несие бойынша өтеу мерзімін 90 күннен жоғары кешіктіріп алған займшылар арасындағы әйелдер үлесі бар болғаны 35%-ға тең.
Банк статистикасына сәйкес, соңғы үш жылдың ішінде 28 552 әйел Тұрғын үй құрылыс жинақ банкінің көмегімен қажет ақшаны жинап, жаңа немесе қайталама нарықтан үй сатып алыпты. Осы мақсатта олардың біздің банк арқылы ресімдеген несиелерінің орташа сомасы 6 млн теңгені құрайды.
«Нұрлы жер» мемлекеттік бағдарламасының аясында (2017 жылдың басынан бері) 4 105 әйел пәтер сатып алушылар пулына өтіп, баспаналы болған. Аталған бағдарлама бойынша ҚТҚЖБ желісі арқылы барлығы 7 577 пәтер сатылған еді. Берілген займдардың орташа сомасы – 4,3 млн теңге.
Әйелдерді үйдің берекесі деп бекер айтпайды. Баспана мәселесін ертерек қолға алып, жауапкершілікпен қарайтын – осы әйелдер, сондықтан мен оларға қолдау білдіруге, кеңесімді ұсынып, тиімді жолмен қаражат жинау әдістерімен бөлісуге әрдайым әзірмін.
- Оқырмандарымызға баспаналы болу үшін қаражат жинаудың қандай тиімді әдісі туралы айтып берер едіңіз?
Ақша жинаудың ең тиімді және жылдам жолы – отбасы болып қаражаттың басын құрау. Бұл мақсатта біздің банк ұсынатын «Отбасылық пакет» арнайы опциясын қолданып көруге болады. «Отбасылық пакет» аясында әр отбасы мүшесіне депозит ашылып, әрқайсысына қаражат салынып отырады. Жыл соңында мемлекет сыйлықақысы әр депозитке беріледі, яғни мұндай әдіс әлдеқайда тиімді – қажет соманы жинауда үлкен көмек болады.
Ал депозит бір ғана отбасы мүшесінің атына ашылса, жыл соңында мемлекет сыйлықақысы да бір-ақ рет беріледі, сәйкесінше, үйдің ақшасын да ұзағырақ жинайтын боласыз.
Болашақта «Отбасылық пакет» аясында депозиттерді бір салым ретінде біріктіріп, тиімді тұрғын үй займын алуға болады.
Әдетте, салымшыларымыз алдымен үлкен балаға, кейінірек кішілеріне депозит ашып жатады. Бірақ, мұндай шотты бәріне бір уақытта ашуға да болады. Айына 5-10 мың теңгеге де толықтырып отыра аласыз. Үлкендеріне көбірек, кішілеріне азырақ салыңыз. Әр отбасының табысы әртүрлі, дегенмен балалар депозиті аз-аздан ақшаның басын құрап отыруға мүмкіндік береді. 10-15 жылдың ішінде үй сатып алуға керек бастапқы соманы жинап аласыз. Есесіне бұл – нақты нәтиже беретін әдіс.Балаларды үймен қамтамасыз етудің тағы бір тиімді әдісі – Тұрғын үй құрылыс жинақ банкінен балаға депозит ашу. Мұны неғұрлым ертерек жасасаңыз, кәмелеттік жасқа жеткен соң ұлыңызға немесе қызыңызға пәтер алып беру мүмкіндігі де соғұрлым артады.
Мемлекет сыйлықақысы басқа шоттармен қатар балалар депозиттеріне де беріледі.
Қазіргі уақытта банкте 140 000 балалар депозиті бар. Ең біріншісі 2005 жылдың 1 ақпанында ашылған болатын. Ең көп қаражат жиналған балалар депозитінде 8 млн 650 мың жатыр. Қазірдің өзінде бұл сома жаңа үйден жайлы пәтер алуға мүмкіндік береді.
Сұхбатыңызға көп рахмет, еліміздегі әр отбасы «Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі» салымшысы атанып, баспаналы болсын деп тілейміз!
Біз сіздермен «Otbasym.kz» порталындағы басты жаңалықтармен бөлісіп отырамыз